Елі батырын ұмытпайды
25.12.2013 Жаңалықтар 0 пікір
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл бастаған топ кеше Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күніне орай батырдың Астана көшелері бірінің бойында орын тепкен ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл бастаған топ кеше Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күніне орай батырдың Астана көшелері бірінің бойында орын тепкен ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
Елорданың
аязды өкпек желі бет-қолды қарыса да, келушілер
қатары аз болған жоқ. Аталған іс-шараға
депутаттар, Ауған соғысының ардагерлері, Ардагерлер
кеңесінің мүшелері, «Жас Отан» жастар қанатының
өкілдері, Олимпия резервінің спортшылары және
бұқаралық ақпарат құралдарының
өкілдері қатысты.
Ортаға шығып сөз алған Б.Смағұл өз ойын былайша өрбітті: «Мемлекетіміз үшін де үлкеніміз бен кішімізге сана еркіндігін қалыптастыруда тәуелсіз тұлға керек. Ондай тұлға – Бауыржан Момышұлы. Бүгінгі таңда патриотизмнің іргесін қалаған, өмірі өнегелі, артында өшпес мұрасы бар аға буынның үлгісін ұрпаққа дарыта әрі тарата білуіміз керек».
Бұдан кейін сөзді Сайын Назарбекұлы алды. «Кезінде дана болған халқымыз өз қасиетінен айырылып бара жатқан уақытта Жаратушы бізге А.Байтұрсынов бастаған зиялы қауымды берді, ойды ұмыттырмау үшін Абайды өмірге алып келді, ерлікті есте қалдыру үшін Баукеңді сыйлады. …Осындай ұлы тұлғалармен мақтана әрі оларды мойындай отырып, қазақ халқының ұлылықпен ұштасқандығы әрдайым есімізде жүруі тиіс», деді Сайын ағамыз ағынан жарылып.
Республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, генерал Бекболат Мұқышев та даңқты батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою үшін және ерлік рухына тағзым ету үшін арнайы келіпті. «Кезінде ол кісінің еңбегі бағаланбады. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демекші, Бауыржан Момышұлының ерлігі мен еңбегін қазіргі таңда әлем танып жатыр. Түсіріліп жатқан кино және басқа да іс-шаралар тарихта қалады. Жастарға деген үлкен өнеге, үлгі», дей келіп, ақсақал жастарға қаратып: «Бауыржан аталарың секілді батыр әрі батыл болыңдар», деген ағалық тілегін жеткізді.
Ал Қазақстан Республикасының Ауғанстан және оқшау соғыстар ардагерлерi одағы төрағасының бiрiншi орынбасары Қайрат Тұлғаев өз ойын былайша сабақтады: «Ауған соғысына 22 мың 169 қазақстандық қатысты. Оның ішінде 924-і ерлікпен қаза тауып, 18-і хабар-ошарсыз кетті. Және де 1115-і мүгедек болып қалды. Сол жігіттердің соғыста көрсеткен ерлігінде, қайсарлығы мен қаһармандығында Бауыржан Момышұлының да үлесі бар». Ауғандық ардагер жастарды еліміздің біртұтастығы мен бірлігін сақтауға шақыра отырып, ол үшін тек білек күші ғана емес, білім алулары қажеттігіне назар аудартты.
«Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Салтанат Әли: «Алаш ұрпағының жастары бүгінгі таңда Елбасымызды, соның ішінде тәуелсіздік туын желбіреткен Бауыржан сынды ағаларымызды әрқашан мақтан тұтады. Және де тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы үшін ерінбей еңбектеніп, білікті де білімді маман атануымыз керек. Ескерткіштер ескерусіз қалып қоймасын, қайта жастардың тәрбиесі үшін іс-шараларды өткізіп тұрайық», деген жалынды жолдауын жеткізді.
Жиналғандар алдында Бақытбек Смағұл даңқты батырға арнаған:
Біз қазақпыз досқа құшақ ашатын,
Біз емеспіз жауды көрсе қашатын.
Бауыржандай батыры бар біртуар,
Қазақстан Республикасы жасасын!
– деген бір шумақ өлеңін жігерлі дауыспен оқып берді.
Бұдан кейін келген қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».