Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
10.01.2014 ж. "Айқын" газетінде "Заң жобалары бекітілді" мақала жарияланды.
Заң жобалары бекітілді

Заң жобалары бекітілді

09.01.2014 19:14 Айхан ШӘРІП

0 190

Жаңа жылдағы алғашқы заң жобалары ендігі құпталды. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен биылғы бірінші жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәселелер бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.
Тиісті заң жобасын қарау барысында қалаулылар бір ұсыныс енгізген екен, ол қатыгездік салдарынан «өмірлік қиын жағдайға» душар болған балаларды көмек көрсету ұйымдарына, дағдарыс орталықтарына қабылдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осы жобадағы өзгерістерге сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтан зардап шеккендер енді тиісті көмекті тұратын жеріне қарамай, ала алады. Бұған дейін олар тек тұрғылықты мекенжайы бойынша көмек көрсету ұйымдарына жүгінуге мәжбүр болатын.
Осы жиындарында Мәжіліс бекіткен халықаралық келісімге сәйкес, алда Қазақстан мен Швейцарияның салық органдарының ықпалдастығы артатын болады. Депутат Ерсұлтан Бектұр­ғановтың түсіндіруінше, бұл құжатпен табыс және капиталға «қосарланған салық салуды болдырмау туралы Кон­венцияның» 2 бабына түзетулер енгізу көзделген. «Бұл өзгерістер екі елдің салық қызметтері арасындағы ынты­мақтастықты кеңейтуге және салықтан жалтаруды болғызбау мақсатында салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді» деді ол.
Палата осы алғашқы отырысында Еуропа қайта құру және даму банкінің мүлкін тінтуге тыйым салатын келісімді ратификациялады. Бұл халықаралық құжат осы халықаралық банкке Қазақ­стан аумағында иммунитеттер мен ар­тықшылықтар береді. Мысалы, осы банктің мұрағаты мен барлық құжат­тарына ешкімге қол сұғуға рұқсат етіл­мейді. Сонымен қатар еуропалық банк Қазақстан аумағындағы кез келген сот­пен қудалаудан босатылады.
Банктің меншігі мен мүліктері тінтуден, реквизициялаудан, тәркі­леуден, экспроприациялаудан қорғай­тын иммунитетке ие болады. Бұған қоса, банк, оның активтері, мүліктері, кі­рістері, мәмілелері, операциялары және табыстары салық салудан, басқа да кез келген алымдар мен аудары­лым­дардан босатылады.
Ол ол ма, ЕҚДБ қызметкерлері зей­нетақылық қамсыздандыру, медици­налық сақтандыру жүйесінде артық­шылықтар иеленеді. Олар кез келген көлемде валютаны алып өте алады. «Бұл артықшылықтар банктің Қазақстан азаматы болып табылатын қызмет­керлеріне таратылмайды».
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы Серік Ахметов пен Бас прокурор Асхат Дауылбаевқа жүгінді. Қалаулы жақында аймақтарға барып, халықтың мұң-мұқтажын біліп қайт­қанын, сонда «айрандай ұйып отырған ауылдардың бірлігін діни ағымдардың бұзып отырғанына» қаныққанын жеткізді. Бұл мәселенің уақыт өткен сайын ушығып бара жатқанын ашық айтқан ол «ел қауіпсіздігіне үлкен қатер төніп тұрғанын» ескертеді.

– Бүгінде уаххабтік жолдағы мис­сионерлер қазақтың тарих бойы жинақ­талған, болмысына айналған мұсылман­дық түсінік-танымын жоққа шығарып бағуда. Бұл – зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру сая­сатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел сияқты көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жер­лерде Алла­ның атынан сөйлеп, халықты қалыпты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс жүргізуде. Демек олар қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжіри­бесін жоққа шығаруды мақсат еткен. Бұл нағыз револю­циялық тенденция, – деген Б.Смағұл Қазақстанда «еркін сұхбатқа емес, психологиялық қысымға негіз­дел­ген рухани экспанцияның жүргізіліп отырғандығын» мәлім етті.
Діни қатынастарды реттеуге жауапты шенеуніктер «Қазақстанның зайырлы мемлекет» екендігін қайталаудан жалық­пайды, бірақ мұның нені білдіретіндігін халыққа түсіндірмейді. Осыған орай депутат Премьерден «зайырлылық түсі­нігіне анықтама беруді, нормативтік құқықтық актілердегі зайырлылық функ­­цияларын қайта қарауды» ұсына­ды.
Қалаулының айтуынша, салафилер музыка, театр, өнер, туылған күн той­лауды харам, күнә деп есептейді. Бұл рет­те ұлтжанды депутатты олардың «бета­шар сияқты салт-дәстүрлерімізді жоққа шығарып, тыйым салып жатқан­дығы» алаңдатады.
 – Құдай бетін аулақ қылсын, олар ертең еліміз ішінде бүлік шығаруға негіз болатын идеологиялық кеңістік жасап, АҚШ әскерін Ауғанстаннан әкеткен жағдайда, еліміздің тұрақтылығына кері әсерін тигізбек деп білген жөн. Қысқасы, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сал­тымызды ревизиялап, шырқымызды бұзуда. Ұлттық қауіпсіздігімізге орасан зардаптарын тигізуде, – деген Бақытбек Смағұл Үкімет жетекшісі мен Бас про­ку­рордың алдына бірнеше мәселені қойды.
Біріншіден, оның айтуынша, «мем­лекет пен дін арасындағы қатынас нақты емес». «Яғни мемлекет тарапынан дін конституциялық шеңберде құбылыс ретінде қабылданбаған. Конституцияда «әр адамның дін таңдауынан» өзге нақты категория қалыптаспаған». Сондай-ақ депутат ЖОО мен мектептерде қазақ мәдениетінің ислам өркениетіндегі орны, дәстүрлі ислам діні туралы оқы­тылуға тиіс дейді. Сонымен бірге Дін істері агенттігіне, құқық қорғау орган­дарына дін істеріне қатысты жауапкер­шілік жүктеу туралы заң жобасын жазып, қабылдауды ұсынады.
Премьер Серік Ахметовке депутат Гүлжан Қарақұсова да депутаттық сауал бағыттады. Онда ол Үкіметтен бюджет қаржысына өмір сүретін қаптаған акцио­нерлік қоғамдардың қаншалықты керек­тігін түсіндіруді сұрайды.
 – Қарамағында ауқымды штат саны бола тұра, мемлекеттік органдар өз­дерінің бірқатар функцияларын ведомс­тво­лық бағыныстағы АҚ, ЖШС, РМК және тағы басқаларға аудара салуда. Және осы атқарылған жұмыс­тар мен көрсетілген қызметтер үшін олардың шоттарына бюджеттен ірі қаржы ау­дарады, – дейді Мәжілістің Қар­жы және бюджет комитетінің төрайымы. Бір күмәндісі, ел қазынасынан ақысы төлен­ген осы қызметтердің «елеулі бөлі­гін «қазақстандық қамтуға мониторинг жүр­гізу», «заманауи басқару технология­ларын ендіру», «талдамалы зерттеулер жүргізу» және басқалары, яғни сапасын, тиімділігін және орындылығын бағалау өте қиынға түсетін қызметтер алып отыр».
«Бұл қызметтерді ашық негізде сатып алуға немесе бұл жұмыс түрлерін ми­нис­трліктердің өздерінің күштері­мен атқаруға болады» деп ұсынады Гүлжан Жанпейісқызы. Оның тұжырымдауынша, «кезекті ведомстволық бағы­ныс­тағы ұйымды құра отырып», меморгандар қызметтер мен жұмыстарды, тиісінше, оларға жұмсалатын мол қаражаттарды «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң­ның аясынан алып шығады. Депутат Үкімет басшысынан осының бәрін жөнге келтіруді сұрайды.
Бұған қоса Г.Қарақұсова Премьерден мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысындағы ұйымдар мен олардың штатының саны, сондай-ақ солар атқар­ған жұмыстары мен қызметтері үшін бюджеттен бөлінген қаражаттардың жалпы көлемі, оларды 2011-2013 жыл­дарда жұмсаудың тиімділігі туралы ақпарат беруді өтінді. Әйтпесе, оның мәліметінше, қыруар қаржыға сатып алған сол қызметтердің айтарлықтай бөлігін меморгандар кейін мүлдем пайдаланбайды екен.