Қазақтың төлқұжатына қол салған кім?
18.03.2014 23:03 Молдахметұлы Жомарт
0 177
Осыдан бір күн бұрын Алматы халықаралық әуежайы арқылы «Алматы – Гонконг» бағытындағы ұшаққа отырғызу басталып, жолаушыларды тексеру кезінде қос қытай азаматының қол жүгінен 300-ге жуық Қазақстанның төлқұжаты табылды.
Сондай-ақ құжатты дайындауға қажетті арнайы бланкілер мен голограммалар тәркіленді. Төлқұжаттардың түпнұсқа немесе жалған екендігін кеденшілер де, шекарашылар да әзірге, ажырата алмай әлек. Бір назар аударарлығы, күдіктілерден тәркіленген Қазақстанның 291 дана төлқұжатының 250-нің мұқабасы көк түсті де, 40 құжаттың мұқабасы қою қызыл түсті екен. Әрине, негізгі мәселе – тәркіленген төлқұжаттардың түсінде емес, ең бастысы, тәуелсіз еліміздің соншама көп көлемдегі төлқұжаты қыр асып келген қытай азаматтарының қолына қалай түскендігінде болып отыр. Сонда, қалай?.. Еліміз азаматтары үшін бойтұмардай саналатын киелі де қасиетті ұлттық төлқұжатымызды кез келген көлденең көк атты қажетінше «арқалап» кете беретін болғаны ма?.. Бұл мәселенің бір жағы! Екінші мәселе, қытай азаматтары соншама төлқұжатты өз елдеріне жасырын алып барып, не істемек?.. Міне, ең үлкен гәп осында!.. Біз осы мәселеге қатысты қоғам қайраткерлерінің де пікірін білген едік.
Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:
– Бұл – еліміздегі құқық қорғау органдарының, оның ішінде құжат дайындаумен айналысатын мемлекеттік мекеме басшылары мен мамандарына үлкен сын. Сондай-ақ бұл – олардың немқұрайлығы, мемлекет, халық алдындағы жауапкершілікті сезінбеуінің салдары. Екіншіден, қытай азаматтарының ел аман, жұрт тынышта Қазақстанның азаматтық құжатын емін-еркін алып өтуге әрекеттенуі, бұл, сөз жоқ, өрескел заң бұзушылық. Бұған қоса, мұның ар жағынан төлқұжат беретін мекеме басшылары мен қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отыр. Демек, бұл – Әділет министрлігіне қарасты төлқұжат беру саласында әлі күнге «ақша көрсе жолдан таятын» қызметкерлердің бар екендігінің көрінісі. Себебі үш жүзге жуық төлқұжатты сырт елге алып шығуға әрекет жасау, бұл – барып тұрған масқаралық! Сондықтан Әділет министрлігінен бастап, осы салаға қарайтын, яғни мемлекеттік төлқұжат беретін барлық мекемелердегі бүкіл басшылар мен қосшыларды қатаң түрде бақылауға алып, оларға талапты барынша күшейту керек. Сондай-ақ осы қылмыстық істі тергеумен айналысатын тергеушілер оқиғаның ақ-қарасын толық анықтап, лауазымы мен қызметіне қарамастан күдіктілер мен кінәлі мемқызметкерлердің аты-жөндерін БАҚ арқылы халыққа жариялауы тиіс! Сбебі мұндай оқиғаны құр қоя салуға болмайды. Себебі ұлттық құжаттың ар жағында еліміздің қауіпсіздігі мен беріктігі тұр. Бұған қоса, төлқұжатымызды көлденең көк аттыларға қанша қажет болса, сонша беріп жіберу, яғни үлестіру, бұл – мырзалық емес! Керісінше, бұл – мемлекеттік қауіпсіздігімізге, елдігімізге төнуі мүмкін орасан зор қатер! Тергеушілеріміз, міне, осыны терең түсінуі тиіс!
Жанділдә ЖАҚЫПОВ, Халықаралық құқық қорғау орталығының басшысы:
– Сөз жоқ, бұл – еліміз тұрғындарын құжаттандыру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың нақты дәлелі. Тіпті мұның ар жағында үлкен қылмыстық топ тұр деуімізге болады. Әсілінде, қай елдің болмасын төлқұжатын сол елдің арнайы һәм ресми органдары жасайды. Жеке адамдардың түпнұсқадан аудырмай төлқұжат жасауы тіпті де мүмкін емес. Егер бір елден өзге елге ресми құжат, оның ішінде төлқұжат жіберілетін болса, оны «курьер» деп аталатын маман арнайы жәшікке салып, бірнеше мөр басып, ресми түрде жібереді. Демек, мұны жасап отырған ұйымдасқан қылмыстық топ. Қылмыстық топтың құрамында ресми орган өкілдері немесе ресми органдарға еркін кірушығу құқығы бар адам болуы әбден мүмкін. Үшіншіден, бұл оқиғаның орын алуы мемлекет қауіпсіздігінің толық қорғалмай тұрғанын аңғартады. Мұндай оқиға тәуелсіз қазақ елінің қауіпсіздігіне қатер төндіруі әбден мүмкін. Себебі 300-ге жуық төлқұжатты жалған жолмен Қытай асыру, бұл – ойыншық емес. Күні ертең қазақ елінің құжатын пайдаланып, 300-ге жуық Қытай азаматының арам пиғылмен елімізге келмесіне кім кепіл?!. Сондықтан бұл істі мұқият тексеріп, қылмыстық топты әшкерелеу қажет. Сондай-ақ төлқұжат беру мекемелерінде жұмыс жасайтын мамандарды міндетті түрде тізімге алып, қатаң түрде бақылауға алған жөн.
Тергеудің алғашқы күні анықталған бір ақиқат, 291 қазақстандық төлқұжаттың біреуіне әлдекімнің фотосуреті жапсырылып, мәліметтер жазылыпты. Сондай-ақ төлқұжаттарды тәркілеу барысында күдіктілерден төлқұжатты түпкілікті дайындап, пайдалануға қажетті бір орам голографикалық лента да табылды. Осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, қос қытайлық пен барлық материалдар Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жөнелтілді.