Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
17.04.2014 ж. "Ана тілі" газетінде "Ырыс алды- ынтымақ" мақала жарияланды.

Ырыс алды – ынтымақ

17-Сәуір, 2014   Бір бәйтерек бұтағымыз   44 рет оқылды   0 пікір

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

– Cіздің Наурыз мерекесіне қатысты пікі­ріңізді білсек деп едік. Өйткені Наурыз мейрамы бір күндік мереке емес. Елбасы мемлекетімізді Мәңгілік Ел деп айтқанындай, Наурыз да біздің мәңгілік мерекеміз. Ол кеше аталып өтіп, одан кейін ұмытыла қалатын іс-шара емес. Күні кеше ғана бүкіл Қазақ елі Наурызды жан-жақты тойлады. Дегенмен, оны өткізуге қатысты Сіздің де өз пікіріңіз, ұсынысыңыз бар шығар?
– Наурыз – жыр, Наурыз – айтыс, Наурыз – жұмбақ демекші, осы күндері араздасқан ағайындар достасады. Бұл күні жасаған қайырымның да сауабы мол, шапағаты зор. Наурыз сияқты тарих қойнауынан сүзіліп, халықпен бірге жасап келе жатқан, бабаларымыздан қалған асыл мұрамызға ие болу, адал болу – ұрпақ міндеті.
Біз кішкентай кезімізде 1-қаңтарды, яғ­ни Жаңа жылды ерекше асыға күтуші едік қой. Неге? Өйткені бұл күні бізге Аяз ата сый­лық береді, шырша орнатылып, ол әдемі ойын­шықтармен безендіріледі, мерекелік концерттер, түрлі ойын-сауықтар өткізіледі.
Біздің балаларымыз бен бөбектеріміз де енді өз Жаңа жылымызды, яғни Наурызымызды дәл солай асыға, жүректері лүпілдеп күтуі керек. Бұл үшін бізге көп еңбек етуге тура келеді.
Менде мынандай бір ой бар. 22-наурыз күні балаларға неге жаппай сыйлық тарту етпеске?! Арнайы жасалған қораптың не қалтаның сыртына ұлттық нақышпен «Наурыз – 2014» деп жазылса. Балаларға арналған бұл сыйлықтың ішінде әдеттегідей кәмпит, алма, мәмпәсимен бірге, құрт, ірімшік, сүзбе, бауырсақ және тағы басқа сол сияқты ұлттық тағамдарымыз да болса, қандай жақсы.
Мысалы, қытайлардың, жапондардың, өзге де халықтардың өз Жаңа жылдарын қа­лай қарсы алғанын көріп те жүрміз ғой. Айта­лық, қытайлар аспанға айдаһарлар ұшы­рады. Батпырауық секілденіп жасалған бұл айдаһарлардың кейбіреуінің ұзындығы 60-70 метрге дейін жетеді. Қытай аспанында ұшып жүрген осындай ойыншық-батпырауықтан (айдаһар, жылан, алып бүркіт, неше түрлі құстар) көз тұнады. Әрине, мұның артында қаржы тұр, ақша тұр. Сол сияқты 22-наурызды лайықты өткізу үшін бізде де мемлекеттен жеткілікті дәрежеде қаржы бөлінуі керек. Осы күні балаларға тегін концерт, тегін сейіл-серуен, тегін ойын-сауықтар, тегін мультфильмдер көрсетілуі керек. Ұлттық ойын-сауықтар, әрине, баса көрсетілсе.
22-наурыз, яғни Жаңа жыл күні біздің балаларымыз осы күннің ерекше екенін сезінуі қажет. Олар бұл күні шындап қуана білуі, шаттануы керек. Қазақтың Жаңа жылының өзге мереке-мейрамдардан гөрі салмағы да басым, салтанаты да артық екенін сезінсе. Сонда ғана әз-Наурызды, қазақтың Жаңа жылын асыға күтетін болады.
Шынында да, бүгінгідей алмағайып заман­да, әлемнің әр бұрышында неше түрлі қақ­тығыстар болып жатқан кезеңде, біздің бір ха­лықтың аясында елдің ынтымағын жа­рас­тыруымызға және ұлт болып ұйысуымызға Наурыздың ерекше мәні бар. Тонның ішкі астарындай болып, бізбен бірге өсіп-өніп жатқан тағдырлас ұлт пен ұлыстар бар. Тәуелсіздікке еңбек сіңірген жандар бар. Қазақ елінің қадірін түсініп жатқандар бар. Солардың бәрі осы Нау­рызды төл мерекесіндей қарсы алды.
– Ұлттық құндылықтарымызды қадірлеу турасындағы ойларыңызбен бөліссеңіз?
– Сан ғасырдың қойнауында жатқан асыл дүниелеріміз бар. Құм көшсін, заман өтсін, құнды дүние бәрібір шығады. Әр халықтың бақыт шекарасын айқындайтын сан түрлі өлшемдер бар дейтін болсақ, ата-бабалардың ежелден ұлт болып біріккен тұсы, бүкіл болмысы – қазақтың киіз үйінде. Жандарбек Мә­лібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың қа­зақ халқына сыйлаған Елтаңбасы бар, онда қасиетті шаңырақтың бейнесі бекерден-бекер салынған жоқ.
Қазақтың киіз үйі – қандай кезеңде де жи­налуға да оңай, жылдың қай мезгіліне де бейімделген, ғылыми тұрғыда зерттеліп, фи­лософиялық ойлармен және геометриялық өлшемдермен аса шеберлікпен жасалған ұлт­тық құндылығымыз! Мұнда сәулет өнері де бар, желге, дауылға төтеп беруі үшін барлық қауіпсіздік жағы да қарастырылған. Киіз үйді жасаудағы шеберлік қандай?! Кестелеу, басқұрларды тоқу, кілем мен алашалар, құрақ көрпелер – бір-бірімен сәнді үйле­сім тапқан. Оның әрқайсысында мән бар. Түндікті ашудың өзі тәрбие, әрбір атқан таң­ға шүкіршілік етудің бір жолы. Қазақтың киізінде қандай тазалық бар! Ешқандай жауын өтпейді, дауылға құламайды. Мыса­лы, брезенттерді күн жеп қояды, қазіргі киіз­дерден су өтіп кетеді.
Киіз үйдің қадір-қасиетін түгел баяндаған керемет жырлар бар. Оның әртүрлі бөліктеріне орай шығарылған мақалдар да көп. Бабаларымыз өсіп-өнген, талай ұрпақ дүниеге келген шаңырақты ұлықтауымыз керек, оған біздің барлық мүмкіндігіміз бар. Қазақтың киелі киіз үйінің қадірін арттыра білгеніміз жөн.
Кейбіреулер «жас отау құрғандар киіз үйдің ішінде ата-аналарымен бірге тұрды» деп жаңсақ пікір айтады. Жоқ, үлкен үйде бірге отырып, дәм татқан. Бірақ үйленген азаматты бөлек киіз үй құрып, жеке отауға шығарған. Мысалы, анасы ұзатылған қызының жасауын беру дәстүрі әлі күнге дейін сақталып келе жатыр. Үйдегі үлкен ұлдар еншісін алып, бірнеше шақырым жерге барып, жеке үй тігетін болса, ал кенже баласының өзі үйленгенде еншісін алмаса да, үйге жақын жерден, жүз не екі жүз метрдей жерден оған арнайы киіз үй тігілген. Оған ата-бабаларымыздың мәдениеті, қабілеті жеткен.
Қазір шетелден келген меймандарымызды сан қабат зәулім үйлерімізбен қызықтыра алмаймыз. Оларды ежелден келе жатқан дәстүрлі шаңырағымыз қызықтырады. Өйткені олар өздерінің көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып қалды.
– Осы орайда қандай ұсынысыңыз бар?
– Мәжіліс ғимаратының ішіндегі киіз үйдің жартылай құрылған бейнесін әлі де жетілдіріліп, оны тек Наурыз күндері ғана емес, тұрақты қойсақ, дұрыс болар еді деген ұсынысым бар. Мұны әріптестерім де қолдайды деп ойлаймын. Шетелден келген қонақтар тамашалауға, біздің қандай ел екенімізді көрсетуіне, оның сан ғасырлық тарихы бар екенін және бүгінгі күнге дейін тозбағанын, әлі де пайдалануға бо­латынын білуге, оның ішінде суретке тү­суі­не, жайылған көрпенің үстіне отырып кө­руіне мүмкіндігі бар, ат әбзелдерімен, күміс белдікпен безендіріп қойсақ, қасқыр ішікті іліп қойсақ, қандай тамаша!
Мәжіліс ғимаратына кіріп келгенде де, жа­нымызға шуақ сыйлап, көңілімізді көтеріп жібермей ме? Осындай киіз үй тек мұражайда ғана емес, Мәдениет министрлігінің фойесінде де тұрғаны жөн деп есептеймін. Өзге құзырлы мекемелер де бұл бастаманы қолдап жатса, оған ешкім қой демесі анық.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Менің хал­қым өзге ұлттың түсіне кірсе, шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырларды басынан кешті. Тіпті жер бетінен жойылып ке­тетіндей кезі де болды. Бірақ азаттыққа деген арпалыс, тәуелсіздікке деген талпыныс бүгінгі таңға жеткізді» деп айтады. Шынында да, ауыр кезеңдерден өткен халқымыз өз құндылықтарынан айы­рылып қалған жоқ! Ендеше, біз оны неге әлемге көрсетпейміз?! Сондықтан алпауыт елдердің ортасында тұрған шағымызда, ұлттық құндылығымыз сан ғасырлық тарихымыздан сыр шертіп тұруы керек.
– Биыл жылқы жылы, бұл жыл Сізге қандай ой салады?
– Жылқы – қашанда қазақтың жанына жақын төрт түліктің бірі. Біз тұлпар мініп, ту ұстаған халықпыз. Таға тұяқты, тұяқ тұлпарды, тұлпар ерді ұстаса, ер елді қорғаған. Он екі жыл мен айдың атауларына қазақ ерекше мән берген. Ол бүгінгі заманда да өзектілігін жойған жоқ.
Елбасымыз жерімізді – Тәуелсіз Қазақ елі­нің шекарасын межелеп белгілеп берді, ха­лықаралық шарттармен заңды түрде бекітті. Президент жас ұрпаққа: «Сендер Алтын ға­сырда өмір сүріп жатырсыңдар» деді. Елді әрі қарай дамыту өзімізге ғана түсіп отырған жауап­кершілік. Біз үшін біреу келіп жақсы нәти­жені жасап бермейді. Ел үшін біз жұмыс жасамағанда, кім жасайды?! Сондықтан бізге ел жетістігін арттыратын, иманмен нұрланған, біліммен шыңдалған ұрпақ керек!
Мәңгілік Елдің рухани байлығы да мәңгілік. Уақыт дөңгелегі тоқтаусыз айналып жатыр. Біз мәдениетіміз, салт-дәстүріміз арқылы әлем елдері алдында өркениет көшінен қалмауымыз керек.
Арды ту еткен азаматтарымыз болашақтың бақыты үшін бүкіл күш-жігерін жұмсаса екен деймін.
Ата-бабаларымыз осы азаттыққа жету жолында небір ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс қасіреттерін көрсе де, қасиетін жоғалтпады, келер ұрпаққа өнегелі өсиетін қалдырды.
Алдымызда Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның кезекті сессиясы. Бұл басқосуда да ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты одан әрі арт­тыру жолында келелі әңгіме қозғалары анық. Мемлекетімізде татулық, өзара құрмет, ауызбірлік мықтап орнықса, туған Отанымыз әрі қарай гүлденіп, көркейе бермек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Айбатыр СЕЙТАҚ