Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
14.05.2014 ж. "Айқын" газетінде "Асыл болмысын сақтаған абыз" мақала жарияланды.

http://static.nmn.kz/images/w264/media/upload/319/2014/05/13/85ea89f159651298baea592b117e3d8c.jpg

Асыл болмысын сақтаған абыз

13.05.2014 20:04 Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы

0 16

Мен ол кісімен үш рет кездестім.

Ең алғаш рет барған кездегі мақсат – абыз-ақсақал, ардагер Зайролла Нығма­тулин­ді, ұрпақ тәрбиесіне қосқан ұшан-теңіз еңбегін бағалап, Ауған соғысы ар­­да­герлері қауымдастығының шешімімен Бауыржан Момышұлының «Өр рух, Ер жүрек, Батырлығы үшін» орденімен мара­паттау және тиісті төсбелгісін табыстау болды. 

Зайролла аға жасы 90-нан асса да, қа­жы­ған қария емес, керісінше, бетінен нұр тө­гілген ақсақал екен. Әңгімесі де керемет, әсерлі. Жақсы адамның қасында жан тыны­ғады.

Асыл болмысын сақтаған абызбен әрбір әңгіме бұлақтың бастауынан сусындаумен тең болатын. Ол кісі жылы шыраймен қар­сы алып, әңгімеге тартты. Мән-жайды сұра­ды. Өзінің зайыбымен өте қиын кездерді бастан өткізіп, енді соның барлық бейне­тінің зейнетін көріп отырған айдынды ақсақал екендігі байқалды. 

Апамыз ақжарқын, әзілі бар кісі екен, бір сөзінде сонау жылдарды еске алды: «Соғыстан ауыр тағдыр кештік. Аштықты да бастан өткердік. «Тар жол, тайғақ кешті» замандар өтті. Қан майданнан қайтқандар­дың барлығы мүгедектер, дені сау адам жоқтың қасы. Соғыста талай ер-азаматтар жоғалды емес пе?! Сосын қарасам, әйтеуір аяқ-қолы бар көрінді. Сөйтіп, үйлендік, шырағым» дейді Зейнеп апай. 

Расында, асыл ағаның жарқырап елге танылуына жақсы жарының жан шуағы, мөлдір махаббаты, кісілік келбеті игі әсерін тигізгені аңғарылды. Қан кешіп, жаралы қайтқан жарының жарақаты сыр бергенде, сол бір ауыр күндердің зілмауыр жүгін нәзік иығымен көтеріп, ағаның айығып кетуін бар болмысымен тілеп, сол күндердің ыс­ты­ғы мен суығын сезінген Зейнеп апамыз­дың өнегелі ісін ерекше сүйсініп түсіндім. 

Зайролла ақсақалдың сол сәт ерекше бір ризашылыққа бөленіп, күлімдеген жүзінен асыл жарының асыл жанының жылуына бөленген азаматтың бойына қуат, ойына қанат бітетіндігі сезілді.

Зайролла ақсақал мен Зейнеп апай жеке тұрмысында да, сыртқы ортада да, қоғамдық орындарда да сол ұлы қасиет – қарапайым­дылық ұғымның шеңберінен шықпастан, сол арқылы елдің де, халықтың да құрметіне ие болған асыл жандар екеніне араласа келе көзім жетті.

Мына жайт осы байламның дұрыстығын куәландыра түседі. Күркіреп өткен қаһарлы жылдардан кейін ел өзіне-өзі келіп, жесірді де жылатпай, жетімді де жетектеп, қоғам­дағы өмірдің барлығын қайтадан қалпына келтіріп жатқан кез. Бір күні жолдастары жиылады, әскерден келген адамдар ғой, соғыста көрген тірліктерді, қолмен жасаған ерліктерін сөз етеді. Зайролла аға болса, өзі жайлы көп айтпайды.

Рас, Зейнеп апай зайыбы Зекеңнің тегін адам еместігін, Ленинград, Балтық жаға­лауын­дағы майдандарда жүрек жұтқан барлаушы болғанын, ерге ғана тән істері үшін талай салмақты да ардақты орден-медальдармен марапатталған жауынгер екендігін біледі. Бірақ бірде оның «генерал Александровпен бірге соғыстым, оны танимын» деп айтып жатқанын естиді.

Сосын кейін жұбайына айтыпты: «Айна­лайын, отағасы-ау, біреулер мұндайды араққа сылқия тойып алып айтады. Ондай енді шындыққа жанаспайтын сияқты ғой. Сен болсаң, ішпейсің, денің сау, санаң айқын. Қойсаңшы, біреу сенбес, мұныңды менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын!» дейді Зейнеп апай. Ол кезде генералдар жай адамдар емес деуге болады, адамзат тари­хындағы ең бір зұлмат соғыста жеңіске жет­кізген ірі тұлғалар.

Содан Зайролла аға да үгіттеп жатпаған, жымиған да қойған. 

Бір күні теледидардан беріп жатыр дей­ді. Содан Зайролла ақсақал: «Әй кемпір, бері кел!» деп шақырыпты. Ол кезде көгілдір жәшікте тек екі арна ғана бар.

Содан Зейнеп апа жүгіріп жетсе, экран­нан әлгі генерал сөйлеп жатыр екен: «Зай­ролла Нығматулин деген Қазақстанның мақтанышы, халқымыздың мақтанышы, сол барлауға жетекшілік етіп, бөлім ко­ман­дирі болып жүргенде, көптеген мынадай-мынадай жетістіктерге жеттік. Оның білікті басшылығының арқасында адамның шығы­ны аз болатын. Бірақ өкінішке қарай, жа­рылған снарядтың астында көміліп, ерлік­пен қаза тапты» деп еске алыпты. 

Зейнеп апамыз сонда ғана: «Ойпырмау, мынау бір керемет қой!» деп, болған оқиға екендігіне көз жеткізіпті. 

Осыдан кейін өзінің балалары, басқа­лары бар, ақша жинап, Ресейге аттанды­рады. Көрші ел Зайролла ақсақалды «Чайка­мен» күтіп алады. Оның Ленинград майданында ерлік көрсеткенін ескеріп, «Ленинградтың құрметті азаматы» атағын береді. Кеудесіне орден тағады. Сөйтіп, үлкен даңқпен елге оралады. 

Осылайша, марапат адаспай, араға уа­қыт салып, өз иесін тапқан көрінеді.

Зайролла ағаның жасаған ерліктерін ел генерал П.Александровтың 1976 жылы шыққан «Славная победа под  Ленин­гра­дом» деген кітабынан оқып, кеңінен та­ныды. Кейін қаныққанымыздай, Зайролла Нығ­ма­тулин сол сұм соғыста, Ленинград қаласы жау қоршауында қалған сындарлы кезеңде алдыңғы шепте, барлаушылар қатарында шайқас жүргізген, бірде дәл алдынан снаряд жарылып, жерге тірідей көміліп қалған екен. Осы себепті оны «қаза таптыға» санап, өз бөлімшесі алыстап кеткен. Бірақ ол ауыр контузия алғандығына қарамастан, қолдан қаруын шығармай, басқа бөлім­шелермен бірге ары қарай айқасады. Жауынгер жорығы соғыстың аяғына дейін жалғасыпты. Сөйтіп, ол Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосты.

Зайролла Нығматулинді көптеген абы­ройлы азаматтар «ұлы ұстаз еді» деп құрмет тұтады. 

Өзінің алты баласы да қатарларынан қара үзіп, дара шықты.

Ол қандай жағдайда да адамдық, азамат­тық келбетін жоғалтпаған, тоқтықта да, аш­тықта да, жастықта да, зейнетке шық­қаннан кейін де бір мінезінен айнымаған, табиғат берген өз қалпынан бір шегінбеген жан еді. Бүкіл саналы өмірін қоғамға, халыққа қызмет етуге арнады. Ол өмірде адалдықты, кісіге қиянат жасамауды өзіне мұрат тұтты, әрі сол ұстанымына сай өмір сүрді.

Зайролла Нығматулин өмірден саф таза қалпын сақтаған күйі өтті. Артында тарих шаңы баспас, жадыдан өшпес естелік, есті ойлар қалды, қалтқысыз қадірлейтін ұрпақ қалды. Сондықтан халқымен бірге жасай берері сөзсіз.