Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
21.05.2014 ж. "Айқын" газетінде "Еуразиялық экономикалық одақ-озық идея" мақала жарияланды.

http://static.nmn.kz/images/w400/media/upload/319/2014/05/20/0b180850292185ed709c58d8306d1cfc.jpg

Еуразиялық экономикалық одақ – озық идея

20.05.2014 14:10 Дайындаған – Айхан ШӘРІП, Советбек МАҒЗҰМОВ (фото)

0 42

Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында экономикалық ықпалдастық мәселелеріне баса көңіл бөлгені мәлім. Осы айдың соңында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері «Еуразиялық экономикалық одақ» (ЕАЭО) туралы келісімге қол қояды.

Бұл үш ел интеграциясының жаңа тарихының бастауы болмақ. Оның үстіне осы оқиға Президент Н.Назарбаевтың «Еуразиялық одақ» идеясын жариялауының 20 жылдығымен тұспа-тұс келгелі тұр. 

Осы орайда Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында, «Нұр Отан» партия­сы­ның бастамасымен, саяси партия­лардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары, ғылыми және бизнес ортаның өкілдері алда өмірге жол­дама алғалы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты мәселелерді ашық талқыға салды. 

– 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік уни­верситеті қабырғасында Еуразия кеңістігінде интеграциялық бір­лестік құру жөнінде бірегей бастама көтерді, – деді отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бай­бек. – Сол уақыттан бергі аралықта Мемлекет басшысының стратегия­лық идеясы кезең-кезеңмен, баршамыз­дың көз алдымызда нәтижелі түрде жүзеге асырылды. 

Б.Байбектің айтуынша, қазіргі таңда, Еуразиялық интеграция идеясының 20 жылдығы қарсаңын­да ел алдында Еуразиялық экономи­калық одақ құру жөніндегі тарихи шартқа қол қою мақсаты тұр.

http://static.nmn.kz/images/w500-m500/media/upload/319/2014/05/20/fdd49c901f2f0528b8184ac571de86f1.jpg

«Интеграцияның түпкі мәні – еліміздің бұдан әрі де серпінді да­муы және әлеуметтік-экономика­лық қарқынды жаңғыруы үшін Елба­сы айтқан «мүмкіндіктер терезесін» айқара ашу. Мұндағы басты мүмкін­дік ЕАЭО-ға мүшеліктің Қазақстан үшін ең алдымен, өз нарығынан 9 есе үл­кен, көлемі 153 миллион адамға шаға­тын алып нарыққа қол жеткізуге жол ашатындығында. Сол сияқты Ре­сей мен Беларусь елдерінің бірлес­кен импортының көлемі 360 миллиард долларды құраса, дәл осы екі елдің мем­лекеттік сатып алулар нарығы 198 миллиард долларға жетеді. Осылай­ша экономикалық интеграция арқа­сында отандық кәсіпкерлер үшін орасан зор өткізу нарығы пайда болады» деді ол. 

Еуразиялық даму банкіне қарас­ты Интеграциялық зерттеулер орта­лығының есебінше, 2030 жылға дейін­гі аралықта үш мемлекеттің ықпалда­суы жалпы құны 1 триллион доллар­ға жетерлік өсім беруі мүмкін. «Ал Қазақстан үшін бұл экономика­ның жыл сайын қосымша 3,5 пайызға өсуі деген сөз. Сондықтан да Елба­сы «Қазақстан – 2050» стратегиясында қойған айрықша мақсатқа қол жет­кізіп, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуіміз, қазіргі таңда, ел кәсіпкерлері үшін етене таныс зор нарықпен тізе қоса отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке мейлінше шыңдалуымызға тікелей байланысты» деп нықтады Бауыр­жан Қыдырғалиұлы.

Оның байламынша, әлемдік «ТОР-30»-ға кіретін елдердің қайсысы­ның болсын, бүгінгі деңгейіне же­туіне себепкер негізгі факторлардың ішінде «түрлі интеграциялық ұйым­дар мен келісімдерге мүшелігі» айрық­ша орын алады. 

«Мемлекет басшысы Н.Назар­баевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан экономика­сы жаңа деңгейдегі интеграциялық 

ұйым құруға жоғары дайындықпен келіп отыр! – деп атап көрсетті Б.Бай­бек. – Тәуелсіздікке қол жеткен­нен бергі уақытта елімізге барлық Орталық Азия елдеріне келген ин­вестициялардың 70 пайызы, ақшалай айтсақ, 160 миллиард доллар тар­тылып, алтын-валюталық қорымыз 100 миллиард долларға барды. Жал­пы ішкі өнім 2 есеге ұлғайып, ел эко­номикасы барлық ортаазиялық ел­дерді тұтас алғандағы көлемнен екі есе артық деңгейге жетіп отыр. Қа­зақстан Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында «бастапқы даму мүмкін­діктері шектеулі елден» қазір ТМД ке­ңістігіндегі 2-экономикаға айналды».

ЕАЭО құру қарсаңында Елбасы Жарлығына сәйкес, отандық кәсіп­керлікке қолдау білдіру жұмыстары да «бұрын-соңды болмаған қарқын­мен жүруде». Ең алдымен, шағын және орта бизнеске баса назар ауда­рылуда. «Нұр Отан» төрағасының бірінші орынбасарының байламын­ша, «тең терезелі экономикалық интеграция одағынан айрықша ке­дендік, транзиттік жеңілдіктерге, қаржы нарығына, қомақты тауар сұранысына» ие болу арқасында отан­дық бизнестің өнімдерінің әр­түрлілігі, сапасы артады, әділ бә­се­келік баға орнайды. Сөйтіп, түптеп келгенде, бұдан «әл-ауқатының өсуі­­не қол жеткізетін қарапайым тұты­ну­шы, яғни халық ұтады».

– Бұл Елбасының 2050 жылға дейін межелеген стратегиясы­ның басты мақсаты! Сондықтан да бұл еліміздің конструктивтік қоғамдық ұйымдарының басшылары ретіндегі қайсымыздың болсын, тарихи жауап­кершілігімізді айқындайды, – деп түйді Бауыржан Байбек. 

Экономикалық тұрғыдан қызықты

Отырысқа қатысқан Үкімет бас­шысының бірінші орынбасары, Еуразиялық экономикалық комис­сия кеңесінің мүшесі, интегра­ция мәселесі бойынша үйлестіру кеңесі­нің төрағасы Бақытжан Сағынтаев та Еуразиялық экономикалық одақтан еліміздің ұтар тұстарының көп екендігін нақты мысалдармен дәйектеді.

– Еуразиялық экономикалық интеграция үдерісі ендігі Қазақстан экономикасындағы оң ілге­рілеуші­ліктерге ықпал етті, – деді ол. Атап айтқанда, Кеден одағы құрылған­нан бері өңдеу өнеркә­сі­бі­не құйыл­ған шетелдік инвестиция­лар көле­мі 2 есеге жуық – 2009 жыл­ғы 1,8 мил­лиард доллардан 2012 жылғы 3,4 миллиардқа дейін өсті. Бұл Қа­зақстанның инвестициялық тартым­дылығының артқанын паш етеді. Бір мысал келтіре аламын. 2-3 апта бұ­рын Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов Қазақстандағы шетелдік елші­лермен және Америка сауда палата­сы мүшелерімен кездесті. Сон­да Алма­ты облысында ірі зауыт аш­қан «Da­no­ne» компаниясының бас­шы­сы Қазақстанға тек осы экономика­лық одақтың құрылуына байланыс­ты, мақсатты түрде келгендерін ашық айтты. 

Б.Сағынтаев шетелдік компания­лар үшін қазір Қазақстанда зауыт ашып, осы жерден Ресейге және басқа елдерге өнім жеткізу тиімді екенді­гіне назар аудартты. Өйткені елімізде салықтық жүктеме төмен, қолдау шаралары қомақты. 

Оның дерегінше, Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен сауда-саттығының көлемі 2013 жылы 24 миллиард доллардан асыпты: «Тұтас­тай алғанда, Кеден одағы жұмыс іс­теген мерзім ішінде, 2009 жылдан бастап, Кеден одағы бойынша әріп­тес елдермен өзара тауар айналымы 88,3 пайызға артты. 2010-2013 жыл­дар аралығында тауар айналымы­ның орташа жылдық өсімі 18,4 пайызды құрады. Бұл жерде сауда бәсекелестігінде біз ұтылып жатырмыз деген мәлімдемелерге сенбеген жөн! Бізде кондитерлік тағамдар мен шоколад экспорты – 3 есе, трансформаторлар экспорты – 11 есе, «одақтас» екі елге шағынтонналы ­жүк көліктерін жеткізу көлемі – 17 есе, цемент экспорты – 16 есе өсті» деген Бақытжан Әбдірұлы тұтастай алғанда, Кеден одағы құрылғалы бе­рі, оған кіретін қос елге экспортымыз 62,7 пайызға артқандығын қосты.

Жаңа Одақ, оның пікірінше, бұдан да мол мүмкіндіктер ашады. «Мысалға, Ресейдің газ тасымалдау инфрақұрылымына жол ашылады. Өз газымызбен Батыс Еуропа түгіл, Беларуське жетейін десек, біз Ресей арқылы өте алмаймыз. Бүгінде біз­де «Газпромның» газ тасымалдау жүйесіне шығуға мүмкіндігіміз жоқ» деді Бақытжан Сағынтаев. Оның айтуынша, бұған дейін «Газпром­ның» жүйесіне қол жеткізудің негіз­гі қағидаты ретінде елдің өз ішінде «теңтабысты нарықтық бағаға жету» талабы қойылыпты. 

«Бірақ егер нарықтық бағаға қа­расақ, ол Еуропада 400 долларға дейін барады, Ресейде – 200, ал біздің тұр­ғындар үшін тіпті 100-ден асса, қым­бат саналады. Сол себепті бұл жерде ортақ мәмілеге келдік, оған сәйкес, елдің өз ішінде қалыптасқан баға «нарықтық баға» болып саналады. Егер Қазақстанда «көгілдір отын» құны 85 доллар болса, Қазақстан үшін нарықтық баға – 85 доллар. Ресейде басқаша. Бірақ бұл енді газ тасымал­дау жүйесіне қол жеткізуге кедергі бола алмайды» деді Үкімет басшы­сының бірінші орынбасары. 

Ол Одақты саясиландырудан бас тартылғандығын нықтады. Тиісін­ше, «ортақ Еуразиялық Парламент» деген болмайды.

Сол сияқты бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесі де әзірге жұмыс жасамайды. Өйткені Қазақстанда бұл жүйе толық электронды формат­қа көшкен. Яғни қашықтықтан-ақ, кез келген жерден ғаламтордың кө­мегімен құжаттарды жолдай салып, қатыса беруге болады. Ал Ресейдегі тендерге қатысу үшін бума-бума құжаттар толтырып, оны әрлі-берлі тасып, әбігерге түсуге тура келеді. Бұл жағдайда отандық өндірушілер ұтылатын еді. «Қағаз нұсқасынан бас тартпайынша, біз сендерді жі­бермейміз дедік оларға» дейді Ба­қытжан Әбдірұлы. 

 – Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан үшін тек экономи­калық мүдде тұрғысынан қызықты, – деп қадап айтты І вице-премьер. – Біз бір нәрсені түсініп алуымыз қажет: ары қарай даму үшін еліміз өткізу нарығын кеңейтуі керек. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ – озық нұсқа! 

Б.Сағынтаев ЕАЭО туралы ке­лісім жобасы бойынша жұмыс ке­зінде Ұлттық кәсіпкерлер палата­сымен белсенді ынтымақтаса қи­мыл­дағандарын айтады: «Құжаттың барлық баптарын бизнес қауым­дастықпен бірлесе қарадық. Егер Ұлттық палата қандай да бір норма­ға өзінің келіспеушілігін білдірсе, келіссөзшілеріміз Ресей және Бе­ларусьтегі әріптестерімен бірге оны пысықтап, ортақ уағдаластыққа келмейінше, біз оны жоғары дең­гей­де талқылаудан да бас тарттық. Мұн­дай мәселелер көп болды». Көбісі бойын­ша біздің позициялар қабылданды.

– Мемлекет басшысы экономи­калық ықпалдастықтың ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, эконо­миканы дамыту арқылы Қазақстан­ды тіптен қуатты ете түсуге мүмкін­дік беретіндігін нақты айқында­ды. Үкімет белгіленген осы бағдар­ды қатаң ұстанатын болады! – деп сен­дірді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев.

Одақ қазақстандық басқарушыларды күтеді

Жалпыұлттық коалиция отыры­сында жаңа құрылымға қатысты жан-жақты, әрі ашық пікірталас жүр­ді. Қатысушылар қайшы ұстаным­дарын, кереғар келер тұжырымда­рын, көңілдерін мазалаған ойларын іркіп қалмады.

Мәселен, «Қазақстан патриот­тар партиясының» төрағасы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сенатта­ғы өкілі Ғани Қасымов ЕАЭО-да КО-ның кейбір мәселелерін қайтала­мау керектігін айтты:

 – Біз жаңа одақта ресейлік тарап­тың сүйікті тақырыбы болып табы­латын үлесті-пропорционалдылық формуласынан бойымызды аулақ салуға тиіспіз! – деп нықтады ол. – Егер үлеске салсақ, біз барлық жер­де дауыс бергенде жеңілеміз. Кеден одағында «Қазақстан – 21,5 пайыз, Беларусь – 21,5 пайыз, Ресей – 57 пайыз» үлесімен дауыс берілді. Тіп­ті Қазақстан мен Белоруссия біріккен­нің өзінде, дауысы жартысынан аса алмайды. Мұндайда тең әріптестік туралы қайдан сөз қозғауға бола­ды? Мені қуантқаны сол, Келісімді талқылаудың соңғы кезеңінде, ел Үкіметі, Ұлттық палатамен бірлесіп, осы мәселелерді көтеріп, табанды талап қойды.

Нәтижесінде, дегеніне де жетті. Келісім жобасына «1 ел – 1 дауыс» қа­ғидаты енгізілді. Бұл – БҰҰ да қа­был­данған ереже. Алайда Ғани Қа­сымовтың мәліметінше, тағы бір алаңдатарлық жайт бой көте­руде. «Енді осыны жұмысшы дең­гей­де, яғни Еуразиялық экономи­калық комиссияның барлық құры­лымдарында ендірудің қажеттілі­гі туып отыр. Бірақ ол жерде басқа нұсқа ұсынылуда: жаңа ұйымның 22 департаментінің екеуін – Бела­русь, үшеуін – Қазақстан, қалған 17-сін Ресей басқарады екен. Бұл әділетті ме? Мен осы мәселенің байыбына баруға шақырамын, ол негізгі Ке­лісімде көрініс таппаған, тек оған Қо­сымшада жазылады. Ескі кетпен­ді қайта басудың қажеті не?»

Тағы да Ғани Есенгелдіұлының ақпарынша, ЕАЭО аппаратында жұмыс жасайды деп күтіліп отыр­ған 1200 қызметкердің шамамен 70-і – Қазақстаннан, 50-і – Белоруссия­дан, ал қалғанының барлығы ресей­лік мамандар болатын көрінеді. «Яғни біздің үш елдің ұлтүстілік органы өкіметінің қызметкерлері ресей­лік­тер болады. Бұл да әділетсіздік! 

Теңдестіру керек. Әрине, шешім­дерді тосқауылдау тетігі көзделуде. Президенттер, Үкіметтер басшылық­тары вето қоя алады. Алайда олардың қарауына бір-екі мәселе ғана шы­ғарылуы мүмкін, себебі жылына 1-2 рет кездеседі. Ал Еуразкомиссия күн сайын бас қоспақ! Яғни ондаған шешімдер қабылданады» деген ол осы күнделікті жұмыс тірлігінде ұтылмаудың жайын қазірден қа­растыруды ұсынды.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев ЕАЭО органындағы департамент дирек­торларының бұдан былай «қай мемлекеттен» екендігіне байла­ныс­ты емес, тек біліктілігіне қа­рай таңдалатындығын, тағайын­далатындығын түсіндірді. 

– Мемлекеттердің Одақ орган­дарында ұсынушылығына қатысты айтылған әлгі мәліметтер қазір тарихқа кетті! – деп шарт түйді Ба­қытжан Әбдірұлы. – Екеуі – Беларусьтен, үшеуі – Қазақстаннан, қалғаны – Ресейден деген ескі ақ­парат. Енді жаңа нұсқа бойынша бәрі басқаша болады. Бұрын квота алынған. Қазіргі қағидаға сәйкес, әрбір ел 22 департаменттің басшы­лық лауазымына өз кандидатура­сын әкеледі. Егер қандай да бір мүше ел кем әкелгісі келсе, өз еркі. Ал біз барлық 22 департаменттің бас­шылығында директор есебінде қатысуға ниеттіміз!

І вице-премьер Қазақстан та­рапының келіссөздер арқасында қол жеткізген тағы бір өзгерісті жариялады: «Бұрын комиссия ап­параты қызметкерлерге қатысты өзі шешім қабылдайтын. Жоғарыдан қарайтын көзқарас болмауы үшін енді олар бойынша шешімді Алқа мүшелері қабылдайды. Ол Алқада біздің үш өкіліміз отыр. Барлық үш мемлекеттен онда үш өкілден ұсынылған. Олар мемлекет ұстаны­мын қорғайды».

Егер тарата айтсақ, ЕАЭО-ның тұрақты жұмыс жасайтын органы – Еуразиялық экономикалық ко­миссияның Алқасында Қазақстаннан бұрынғы премьер-министр Да­ниал Ахметов, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төраға­сы Нұрлан Алдабергенов және Эко­номикалық даму және сауда бұрын­ғы вице-министрі Тимур Сүлейме­нов жұмыс жасауда. 

Дәл сол секілді Одақтың екінші тұрақты органы – ЕАЭО сотында да теңдік болады: онда әр тараптан екі судьядан қызмет жасайды. 

Тағы бір жайт: бұған дейін егер қандай да бір департамент бас­шылығын қандай да бір мүше ел қолға алса, ол соны басыбайлы мең­геретін. «Енді біз талап қойдық: егер директоры Ресейден болса, орынбасарлары Қазақстаннан жә­не Беларусьтен болуы керек. Жә­не керісінше. Яғни тең ұсынылуы қа­жет. Ал қатардағы қызметкерлерге келсек, квота сақталады. Бірақ Қазақстан өзінің квотасын және тиісінше, қаржылай жарнасын кө­теруге дайын. Әрине, басқа мәселе бар: біз ең төменгі қызметтерге тұру үшін Мәскеуге баруға әзір 200-300 сарапшыны, маманды таба аламыз ба?» деп сауал тастады Б.Сағынтаев. 

Еркін елдер одағы

Айтқандай, Қазақстанның ұсы­нысымен ЕАЭО туралы Келісімде Одақ мүшелерінің одан шығу құқы­ғы нақты жазылды! «Қоғамдық ұйым­дар және депутаттар Келісімде 

Одақтан еркін шығу қағидаты бо­луын табанды түрде талап етті. Мен ел Үкіметіне және біздің делега­ция­ға алғысымды білдіргім келеді: соң­ғы кезеңде осы мәселе шешілді. Сөйтіп, басты құжатқа 180-ші бап енгізілді. Бұл – халықтың сұрауы еді. Өйтке­ні егер бір жерге бас сұғып, кірсең, онда ол жерден шығар есігіңді де қамдауға тиіссің!» деді «Патриоттар партиясының» төрағасы.

Бір айта кетер жайт, Қазақстан және Беларусьтен бәсекеде жеңіліп қалудан үрейлену Ресей қоғамында да бар. Ол ресейлік ақпарат құрал­дарынан жарияланып та жүр. 

Мәжіліс депутаты, Қазақстан­ның әйел кәсіпкерлері одағының төр­айы­мы Меруерт Қазбекова өз сөзінде «кез келген бірлестіктің, қоғамдас­тықтың сенімге құрылуға тиістігі­не» назар аудартты. Одақтасушы үш ел ұйымды саясиландырмау үшін бірыңғай ақпараттық саясат секіл­ді мәселелерді кейінге қалдырып отыр. Дегенмен ең болмағанда, әлемге тарайтын ресейлік арналардың Қазақстанды кемсітетін, абыройын түсіретін теріс ақпарат таратпауы­на қол жеткізген жөн.

Бизнестің бағын ашады

– Кезінде Атамекен одағы эко­номикалық палатасы да, қазіргі ҰКП да бұл Одақтың экономика­лық интеграция болып табылатынды­ғын түсінді, – дейді Ұлттық кәсіпкер­лер палатасының басқарма төраға­сы Абылай Мырзахметов. – Біз осы позицияда табандап тұрамыз. Жаһандану заманында осындай ірі нарыққа қол жеткізу сөзсіз, бизнес­ке қажетті артықшылық. Әрине, бас­қа мәселелер де бар: осы ықпалдасу кезінде ойын ережелері айқын бо­луға тиіс. Қазір қол қоюға әзірленген ЕАЭО туралы келісімнің жобасы мейлінше пысықталған, жақсартыл­ған деп санаймыз. Ол бойынша Үкі­мет, бизнеспен бірлесіп, сындарлы жұмыс жүргізді. Бұл бізді қуантады.

А.Мырзахметов бір мысал келтір­ді: Қазақстанмен шекаралас ресейлік 12 өңірде 27 миллион тұтынушы тұрады.

 – Бұл біздің үлкен нарығымыз! Оны тыңғылықты игеруге тиіспіз. 4 жыл ішінде бұл бағытта біраз тәжі­рибе жинадық. ҰКП ешқандай эмо­циясыз, байбалам, шу, популизмге 

салынбай, кәсіпкерлердің маң­дай соққан барлық қиыншылықта­рының реестрін жүргізуде. Әрине, екі елдің салық қызметтері арасын­да мәліметтерді электронды алма­суда проблема бар. Содан қайта-қайта растап отыруға тура келеді. Мұндай мәселелер кездеседі, бұл – эволюциялық үдеріс. Ең бастысы, біз үлкен нарыққа қол жеткізіп, соған дендей енудеміз. Ал қатерлер, қатал бәсекелестік жайына келсек, қазіргі әлемде бизнес «жылыжай­лық жағдайда» өмір сүре алмайды! Біз әйтпесе ешқашан не элитаны, не бизнесті тәрбиелеп шыға алмаймыз! – деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы­ның жетекшісі.

Ол тағы бір қызықты тұжырым айтты: ықпалдастық процесі ұлттық бюрократияны тәрбиелеуге де үлес қосады. «Бұл бюрократия үшін де «қыр көрсету» болып табылады. Біз­дің шенеуніктер соның арқасында етек-жеңін жиып, мобилизациялан­ды. Тек қорқа бермеу керек. Өйтке­ні бізде артықшылықтар да жетерлік. Көптеген ресейлік және шетелдік компаниялар Қазақстанға келгенде, біздегі заңнаманың әлдеқайда жақ­сы екендігін түсінеді. Біле білсеңіз­дер, Ресейге қатысты санкциялар жағдайында, бұл қайта олар үшін Қазақстанға келуге түрткі болуы ықтимал. Олар Қазақстанда тірке­ліп, біздің еліміз арқылы қайтадан Ре­сей нарығына қол жеткізе алады» деді Абылай Мырзахметов.

Сөзінің қорытындысында қа­зақстандық кәсіпкерлердің бас ұйымының жетекшісі Үкімет мү­ше­леріне қайырылды: «Одақ құрыл­ғанымен де, жергілікті биліктерге қатысты мәселе болады. Бұл тәжіри­беде бар жайт, біз оны түсінуіміз керек. Тіпті сонау Мәскеуден тіке­лей нұсқау түскенімен, жергілікті губернатор өз нарығын бірден біз­ге ашпайды. Бірақ онымен ынты­мақтастықты бірте-бірте түзе беру керек. Әрбір өңірге «десант» түсіруі­міз қажет. Қазақстанның экспорт­ты ілгерілету агенттігімен бірге сол жердегі нарықты талдап, жергілікті ойын ережелерін түсінуге тиіспіз. Сөйтіп, өз өнімдерімізді ақырын-ақырын жылжыта берген жөн» де­ген А.Мырзахметов өздерінің дәл осы тәсілмен жұмыс жүргізуге ниетті екендіктерін білдірді. 

«Қазақстан кәсіпкерлері фору­мының» басқарма төрағасы Райым­бек Баталов та ықпалдастықтың бизнесмендерге берер игіліктеріне тоқталды: 

– Мен Қазақстанда да, Ресейде де, тіпті Қытайда да жұмыс жүргізе­тін бизнесмен ретінде айтқым ке­леді. Біз бизнес үшін көзге көрімді артықшылықтарды байқаудамыз. Кеден одағына дейін Ресейдің азық-түлік нарығына көп шыға ал­майтынбыз, мен бұл ретте шырын мен сүт өндірісі бойынша нақты мысалдар келтіре аламын. Ал бүгін­де біз солтүстік көршіміздің 8 өңірін­де қанат жаюдамыз. Бұған интегра­ция аясындағы әкімшілік кедергілер­дің қысқаруы көмектесті. 

Отандық бизнесмен, РФ-да өз ісін жүргізе жүріп, Одаққа мүше үш елдің ішінде дәл Қазақстанда кәсіпкерлерге ең қолайлы жағдай жасалғандығын аңғарыпты: «Қа­зақстанда бизнес жүргізу шын мә­нін­де, жеңілірек. Бұл расында, өте ма­ңызды артықшылық, біз оны жоғал­тып алмауымыз, қайта күшейтуіміз қажет. Өйткені Ресей тарапы мұны ендігі сезінді және өз іштерінде биз­нес жүргізу процестерін оңтай­­­ланды­руға, оңайлатуға кірісу­де».

Сөзінің қорытындысында, кә­сіпкер Еуразиялық экономикалық одақтың бизнесмендер үшін пайда­лы екендігін айтты. «Бұл жерде тек мейлінше кәсіби көзқарастар ба­сым болуға тиіс. Біздің алдымызда тұр­ған ұзақ және күрделі жолда осы ұста­ным тек күшейе береді деген үмітте­мін. Қалай болғанда, Еуразиялық бірлескен қауымдастық еш даусыз, Қазақстан үшін тиімді» деді Р.Баталов.

Бұл жаңару зиялы қауымды жұмылдырады

Мәжіліс депутаты, «Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері» Ауғанстандағы соғыс ардагерлері­нің ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Еура­зиялық экономикалық одақты қолдайтынын айтты:

– Аймақтық экономикалық альянс негізінде құрылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ уақтылы әрі халықаралық қауіп­терге жауап ретінде құрылып отыр­ғаны анық, – деді қалаулы. – Себебі 250 жыл бойы әуелі Ресей империя­сы, одан кейін Кеңес Одағының құрамында болып, сол мемлекеттің мұрагері Ресеймен бірге жұмыс істеу бізге ыңғайлы шығар. Бірақ қазір­гі кезде геосаясат тек экономикалық мүдделерге негізделетінін тағы айту керек. Ал басқа алпауыт мем­ле­кеттердің біздің елімізде стра­тегиялық мүдделерінің бар екенін ескерсек, Қазақстанның жайдан-жай бір мемлекеттің ықпалына кетіп қалуы екіталай. 

Бақытбек Смағұл әрбір баста­маның идеологиялық қыры болатын­дығына назар аударды: «Жаңа Одақ­қа енуіміз бизнес пен экономика­лық секторларды дамытуға ғана емес, со­нымен қатар ұлттық идеологиямыз бен бәсекелі ортада өзіндік мәде­ниетіміздің дамуына серпін берері анық. Себебі бәсекелестік ортада ға­на біз бәріміз ысыламыз, сол себепті Еуразиялық одаққа кіру біз үшін тек үлкен кеңістікті қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар ішкі мемлекеттік идеологиялық күшті мобилизациялауға негіз болады» деді депутат. 

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Ермек Мақа­шев «болашақтықтардың» ЕАЭО ұйымының құрылуын қуаттай, қош­тай қарсы алатындығын мәлімдеді:

– Президенттің «Болашақ» сти­пендиясы түлектерінің көпшілігі Еуропа мен Азияның дамыған ел­дерінде және АҚШ-та білім алды, сондықтан экономикалық ықпал­дас­тықтың пайдасын біледі. Қауым­дастықта біз, «болашақтықтар» алдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Келісімге қол қою жайын белсенді талқылаудамыз. Біз Елбасының «Еуразиялық одақ» туралы идеясының 1994 жылы, яғни «болашақтықтардың» тұңғыш тобы шетелге оқуға аттанған жылы жариялануының символдық мәні бар деп санаймыз! 20 жыл ішінде Қазақстан Көшбасшысының қос бастамасы да өмірлік маңыздылығын және тиімділігін дәлелдеді. Біздің, «болашақтықтардың» қатары қа­зір он мыңға жетті, біз «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудағы және елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосудағы өз жауапкершілігімізді жақсы түсіне­міз. Бұл үшін бізге қазір өзіміздің стратегиялық әріптестерімізбен бірге экономикалық интеграциялану керек. Бұл заңды және прагматика­лық қадам болып табылады. Сондық­тан біз ЕАЭО-ның – Қазақстанды «әлемдегі ең дамыған отыздыққа» жақындататын қуатты экономика­лық институт екендігіне сенімдіміз. 

Е.Мақашев жастардың «өз бо­лашағын тек көршілерімен ықпал­дасқан, әлемдік «отыздыққа» кірген Қазақстанмен байланыс­тыратындығын» нықтай келе, «осы бағытта бар күш-жігерін салуға дайын және міндетті» екендігін мәлім етті. 

Отырыстың қорытындысы бойынша ДКЖК мүшелері Үндеу қабылдады.


Ғалым БАЙНАЗАРОВ, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты директорының кеңесшісі:

 – Еуразиялық экономика­лық одақ туралы Келісімге қол қойылып, ұйым өз жұмысын бастап кеткеннен кейін көп­теген мәселелер бойынша жұ­мыс ары қарай жалғасады. Қалай болғанда, қоғамды, биз­несмендерді алаңдатқан мәселелер шешіледі. Ең басты­сы, ұйымның идеологиясы қабылданады, қалғаны кезең-кезеңмен шешіледі. 

Қазақстан мұнайға тәуел­ділік­тен кету керек. Бұл үшін кәсіпкер­лік қанат жаюы қа­жет. Кәсіпкерлікті өркендету арқылы біз әлем­дік ең дамыған 30 елдің қатарына қосыла аламыз. Әзірге, шағын жә­не орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17-18 пайыздан аспай тұр. Елбасы стратегияда жуық арада екі еселеу туралы міндет қой­ды. Жалпы, өркениетті елдерде ол көрсеткіш 50-60 пайыздан кем емес. Біз осы бағытта қозғалуға тиіспіз.

Бұрынғы бас банкир ретінде маған Еуразиялық экономика­лық одақ маған ұнайды. Мен жан-жақты зер сала келе, осы үде­ріс­тің белсенді жақтаушысына айналдым. 

Жанат ЕРТІЛЕСОВА, Қазақстан Салық төлеушілері қауымдастығының басқарушы кеңесінің төрайымы:

 – Азамат ретінде де, эко­номист ретінде де мен әрдайым ықпалдас­тық мүддесін қор­ғаймын және Еуразиялық экономикалық одақ­тың құры­луын жақтаймын. Инте­грация бізге, барша қазақстан­дық­тарға қазіргіден де қуатты бо­ла 

түсуге мүмкіндік береді. Бір мы­сал келтірейін. 1995 жылы Гер­ма­ния өз тұрғындарының саны жөнінен Австриядан 10,4 есе, ал ЖІӨ-нің көлемі бойынша 10,6 есе басым түс­кен. Ал былтырғы жылы екі елдің халық саны бойынша айырмашылық – 9,5 есені, ЖІӨ-нің кө­лемі бойынша – 8,8 есені құрады. Бүгінде жан басына шаққан­дағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша Австрия 2,2 пайызға Германиядан 

алда. Яғни кішкентай Австрия жоғарғы қарқынмен Герма­ния­ны қуып жетуге бет алды. Бұл – Еуропадағы ықпалдастық­тың нәтижесі. 

Дәл осындай мүмкіндік Қазақстанда да бар. Біз, қазіргі бар артықшылықтарымыз арқасында ілгері серпіліп, көршілерімізді елеулі басып оза аламыз. Бұл жерде бәрі өзімізге байланысты. Біздің елімізде бизнесті дамыту үшін көп нәрсе жасалуда. Мемлекет басшысы қолдау көрсетіп отыр. 

Зарема ШАУКЕНОВА, Білім және ғылым министрлігінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры:

 – Қазақстанның Страте­гиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама бойынша халықтың 60 пайызынан ас­тамы ЕАЭО-ның мемлекет үшін пайдасы жоғары екен­дігін айтады. Сондықтан интегра­циялық бастамаларды ілгері­лету салмақты идеологиялық жұмыспен қатар жүруге тиіс. Халыққа тек мемлекеттің ға­на емес, сондай-ақ әрбір қазақ­стандықтың қандай пайда табатындығын түсіндіру ке­рек. Бұл ретте «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясы маңызды рөл атқарады.

Айдан КАРИБЖАНОВ, Сарапшы, «Visor Holding» компаниясының жетекшісі:

 – Жалпыұлттық коа­ли­ция арқасында Үкімет елге ашы­лып, біраз нәрсені ұғынды­рып отыр. Еуразиялық ықпал­дасу үдерісінің ақылға сыйым­ды сипатқа ие бол­ғанын көрудеміз. Қалай бол­ған­да, бұл – ұзақ әрі үлкен еңбекті талап ететін жұмыстың бастауы ғана. Келісімге қол қойылған күні және одан кейін ештеңе де бірден өзгеріп кетпейді. Ықпалдасу үде­рісі жылдарға созылмақ. Интеграция­ны жақтаушылар да, қарсылар да – ешкім де жеңілмейді. Жеңістердің барлығы қазіргі айты­лып жатқан жақсы сөздердің, байламдардың, ниеттердің жүзеге асуы­на байланысты болады.  

Сұлтан ӘКІМБЕКОВ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры:

 – Одақ туралы Келісімнің бастапқы нұсқасына қатысты қо­ғамда да, кәсіпкерлер ара­сында да көптеген сұрақтар туды. Деген­мен талқылаудың соңғы кезеңінде ел Үкіметі «қа­те бойынша жұмыс» жүргізіп, ұлттық мүдделерді қорғады. 

Бүгінде мемлекеттің тиісті қо­рытындылар шығарғаны көрініп тұр. Біз ұлттық бюро­кратияның за­ман талабына сай қайта ұйым­даса алатындығы­на куә болдық. 

Көптеген күрделі, маңызды мәселелер бойынша алдағы онжылдыққа дейін созылатын жеңілдік мерзіміне қол жеткі­зіппіз. Яғни ЕАЭО туралы Ке­лісімге қол қою «нүкте қою» болып табылмайды, ол жал­ғасатын, «көш жүре, түзелетін» процесс, динамика. Оның үс­тіне Келісімнен саяси мәселелер алынып тасталыпты. Осылай­ша мәселе шешіліпті.