Олимпиадада озсаң – үйің дайын
18.06.2014 14:10 Айхан ШӘРІП
0 130
Қазақстанда судьяларға өз пікірін айтуды шектейтін заң нормасына депутаттар тыйым салды!
Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қалаулылар «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Осы құжат арқылы Қазақстанда судьяларға көпшілік алдында «саясат соғып», мемлекеттің ұстанымына қайшы келетін пікір айтуға заңмен тыйым салынбақ болған. Бұл ретте судьяларға егер онысы «мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін болса», мемлекеттік саясат, қызмет бабы мәселелері бойынша әйгілі түрде өз пікірін айтуына рұқсат бермейтін бап қарастырылған-тын.
Ол ол ма, егер парламентарийлер араласпағанда, бұдан былай судьялар әлі үкімі заңды күшіне енбеген істер бойынша да журналистерге түсініктеме бере алмай, тілдері байланатын еді. «Жұртшылыққа жария түрде мәлімдемелер немесе ескертпелер жасаудан бас тарту – енді судьялардың міндеті, өйткені ол сот төрелігі мүдделеріне, оның тәуелсіздігіне және турашылдығына нұқсан келтіруі мүмкін» деп түсіндірді Жоғарғы сот өкілі. Алайда жылдамдығы зымыраннан басып озар қазіргі заманда ақпарат құралдары ендігі аяқталған сот ісі бойынша кәсіби түсініктемені ұзақ күтіп отыра алмайтыны анық.
– Депутаттар заң жобасынан судьялардың өз пікірлерін айтуына және жұртшылық алдында мәлімдеме жасауына шектеу қоюға қатысты нормаларды алып тастауды ұсынды, – деп мәлім етті кеше депутат Светлана Бычкова. – Ұсыныс қабылданды.
– Оның айтуынша, соттар туралы жаңа заң жоба күшіне енгеннен кейін, Жоғарғы сот пен облыстық соттар құрылымында жаңа құрылымдар пайда болады. «Пленарлық отырыс президиумы» деп аталатын бұл органдар соттар жұмысын тексеру қорытындыларына, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіруге, тәлімгерлікті ұйымдастыруға, білім беру бағдарламаларын орындауға қатысты және басқа да шұғыл ұйымдастырушылық шешімді талап ететін оперативті мәселелерді қарау үшін құрылады» деді депутат С.Бычкова.
Бір қызығы, осы заң арқылы «судья отставкасы» ұғымы өзгертіледі: яғни бұдан былай «отставка» деп «судьяның қызметінен құрметті түрде кетуі формасында өкілеттігін тоқтатуы» танылады.
Депутаттар судьяларға қамқорлық жасап, олардың әлеуметтік және материалдық қамсыздандырылуын арттыруға бағытталған баптарды қосты. Атап айтқанда, «сот қайта ұйымдастырылса, не жабылса, болмаса ондағы судьялар саны азайтылса, 4 орташа айлық жалақы мөлшерінде жәрдемақы төленеді». Сондай-ақ судьяларға енді қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге рұқсат етіледі.
Судьялық корпустың кадрлық құрамының сапасын арттыру мақсатында «облыстық сот төрағалары мен сот алқасы төрағалары лауазымдарына кандидаттардан» бұрынғыдай 5 емес, енді 10 жыл судьялық өтілінің болуы талап етілмек.
Кеше тағы бірқатар елең еткізерлік жаңалықтар мәлім болды. Мәжіліс осы күні «Қазақстанның кейбір конституциялық заңдарына қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» жаңа заң жобасына Сенат енгізген толықтыруға келісім берді де, құжатты Елбасының қол қоюына жіберді. Депутат Р.Сәрпековтың түсіндіруінше, осы заң жобасы арқылы «Прокуратура туралы» қолданыстағы заң өзгертіледі: «жасырын тергеу әрекеттері институтының енгізілуіне байланысты, прокурордың өкілеттіктері нақтыланады».
Сондай-ақ Сенат «қызметке қабылданудан бұрын үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан ақтамайтын негіздер бойынша босатылған адамдарды арнаулы меморгандарға қызметке қабылдауға тыйым салатын» түзету енгізіпті. Мәжіліс оған келісті.
Кеше қалаулылар еліміздің «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заңнамасын мақұлдады. Тиісті заң жобасы екінші оқылымда құпталып, Сенатқа жолданды. Оған сәйкес, бұдан былай Олимпиадада жеңімпаз атанған спортшы мен оның жаттықтырушысы басқа қаржы-құрметтермен қоса, «өмір бойғы зейнетақыға» ие болады. Және олардың зейнетақысы аса қомақты болмақ. Бұған қоса, Олимпиада чемпионы мен жаттықтырушысына бұдан былай әкімнің сыйы ретінде емес, заң жүзінде міндетті түрде баспана беріледі.
Осы жалпы отырыста бірқатар парламентарийлер Үкіметке жүгініп, маңызды проблемаларға биліктің назарын аудартты. Мәселен, депутат Бақытбек Смағұл Премьер Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, Семейдегі атом сынақ полигонында әскери қызметін өтеген жауынгерлердің көкейкесті мәселесін көтерді.
– Бүгінде көпшілік азаматтар әлеуметтік көмек және ай сайын сынақ алаңында болғаны үшін тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ала алмай жүр, – дейді қалаулы. – Ол үшін қажетті анықтаманы Ресейден, Подольскі қаласындағы Орталық архивтен алуға болатын еді. Алайда 2008 жылдан кейін бұл тоқтап қалды. Осы анықтаманы алып үлгермеген азаматтар баршылық.
Ресей жағы мұрағаттық құжаттарды Қазақстан жағына табыстапты, сондықтан анықтама беруді де өзімізге ұсынған. Бір қарағанда, қуанарлық жайт. «Алайда Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің «Семей сынақ алаңында болды» деген анықтамасын әлеуметтік қолдау мекемелері қабылдамайды. Бұл ақылға сыймайтын түсініксіз жағдай. Сонда қалай? Біз қазір әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетпіз, енді Қазақстан аумағындағы сынақ полигонында қызметін өтегені жөніндегі анықтаманы неге жауынгерлер басқа мемлекеттен алуы керек?» деп нықтаған Б.Смағұл Премьерден «1949 – 89 жылдары Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызметін өткерген азаматтар» деген ұсынысты заңнамада қарастыруды сұрады. Үкімет жетекшісіне бағытталатын хат соңына Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне кіретін барлық депутаттар қол қойған.