Басты бетМемлекетЖемқорлықпен күрес
03.11.2014 31 рет оқылды |
Б.Смағұл: Жемқорлар шені мен шекпеніне, лауазымына қарамастан жазалануда
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл businessnews.kz порталына «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасының қазіргі Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жаңа бағдарламаға негіз болып жатқанын әңгімеледі.
«Біз әлеуметтік саладағы серпілісті қамтамасыз ете алдық. Бүкіл дүниежүзін дағдарыстық жағдай жайлап жатқандығына қарамастан, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық ауқымда орындап жатыр. Әлеуметтік көрсеткіштер қарқынды өсуде. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз жұмысындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде қарайды. Бұл ретте оның салдарларымен күресіп қана қоймай, сондай-ақ, мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы оны тудыратын жағдайларды және себептерді азайту бағытында жұмыс жүргізуде», — деді Фракция мүшесі.
Сондай ақ, ол, сыбайлас жемқорлық қылмысына барғандардың шені мен шекпеніне, лауазымына қарамастан жазаланып жатқанын атап өтті.
«Парламент қабылдаған жаңа Қылмыстық кодексте жемқорлығы үшін жазаланғандарды өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластату бекітілді. Қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкін тәркілеу жөніндегі талап та енгізілген. Мұның сыртында барлық заңнамалық актілер міндетті түрде жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтеді. Атқарылып жатқан ауқымды істер бұдан былай да тиімді әрі нәтижелі болуы үшін күреске бүкіл қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар жұмылуы қажет. Бұл міндетті «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы өз мойнына алып отыр», — деп ойын жалғады депутат.
«Жақында «Нұр Отан» партиясы қоғамның кең талқысынан өткізіп алып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жобасын көпшілік назарына ұсынды. Ол ел арасында коррупцияға қарсы сана мен осы кесір құбылысты қабылдамайтын мәдениет қалыптастырмақ», — деп түйіндеді Б.Смағұл.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасы 5 жылға арналған «қадамдық» жоспар болатын. Жақын аралықта бұл құжаттың соңғы 2,5 жылдағы орындалу қорытындыларына арналған партиялық Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы өтеді.