ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ ЖҮРГЕНДЕР
11.12.2014 23:28 Айхан ШАРІП
0 34
Қазақстандағы барлық білім ордаларында «Зайырлылық және дінтану негіздері» сабағы оқытылатын болады.
Бұл туралы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен көшпелі отырысы барысында мәлім болды. Осы жиында хабарланғанындай, мемлекет қазіргі кезде тек телеарналар мен газеттерге ғана емес, ғаламторға да қадағалау жүргізуде екен. Мәселен, «әлеуметтік желілердегі» жастар арасындағы әңгімелер кезінде діни қақтығыстарға шақыруға жол бермейтін шаралар қолға алыныпты.
Жиынды ашқан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы «діни ахуал тұрақты» екендігін атап өтті: «Осы салада мемлекет тарапынан адамдар құқықтарын іске асыратын қажетті шаралар жасалуда. Сонымен бірге мемлекеттің міндеті халықаралық нормаларды ескере отырып, осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылады». Оның байламынша, бұл бағытта ел алдында тұрған негізгі мақсаттардың бірі – «конфессияаралық келісімді сақтап, діни төзбеушілік пен діни экстремизмнің алдын алу».
– Қазіргі заман әртүрлі үрдістерге толы, – деді Мәулен Сағатханұлы. – Таяу Шығыс, Ирак, Сирия секілді бізден сонша алыс жатпаған аумақтар қақтығыс ошақтарына айналды. Бүкіл әлемде діни ұйымдардың радикалдануының жаңа кезеңі басталды. Сондықтан оған тойтарыс беруге қазірден дайын болуға тиіспіз. Біз діни радикализмнің Қазақстанда қанат жаюын болдырмауға бағытталған шараларды жалғастыруға тиіспіз. Бұл ретте жастарымыздың діни сауаттылығын арттыру – мемлекет алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі.
Осыған орай парламентарийлер Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері агенттігінің осы салада жасап жатқан жұмыстарын, Парламент қабылдаған діни қызмет туралы заңның қаншалықты дәрежеде дұрыс орындалып отырғандығын білуге ұйғарыпты.
Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов мектептерде жас ұрпаққа дұрыс діни білім беру жайын көтерді. Қазіргі кезде орта мектептерде оқушыларға арналып, 1 оқу жылы ішінде жалпы алғанда, 36 сағат «Дінтану негіздері» дәрістері оқытылады. Депутаттар осыны жеке пән ретінде енгізуді ұсынған. Мәдениет министрлігі оған қарсы екен. Тек қолданыстағы дінтану негіздерінің мазмұнын өзгертуге бейіл. Өйткені оған «көңілі толмай отыр»:
«Сол себепті биылдан бастап, ол оқулықты қайтадан жазуға кірістік. Жаңа аты «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп аталады. Авторлық ұжымдар жұмыс жасап жатыр. Келесі жылы сынақтан өткізбекпіз. Ал 2016 жылы жаңа оқулық мектепке енгізіледі деген ойдамыз. Сондай-ақ дінтану дәрістерін жүргізетін мұғалімдерді де арнайы курстардан өткізудеміз» деді вице-министр.
Әйтсе де, ең үлкен алаңдаушылық – қазақстандықтардың, қазақтардың шетелге кетіп, дін атын жамылған террористік ұйымдардың қатарында соғысуы болып отыр.
– Сирияға барып, соғыс салып жатқан қазақтардың басым көпшілігі басқа елдерден, мысалы, Египеттен және Сауд Арабиясынан баруда, – деді вице-министр М.Әзілханов.
– Әрине, Қазақстаннан кетіп жатқандар да бар. Себептері әртүрлі әрі кешенді. Соның ішінде ол адамдардың әлеуметтік ахуалының төмендігі де, олардың бейбіт өмірде өз әлеуеттерін жүзеге асыра алмағаны да түрткі болуда. Сонымен бірге, дінді басқа түсінушілік те бар.
Депутат Юрий Тимощенконың мәліметінше, Астанада сондай «қасиетті» соғысқа шақырушы-вербовщиктер жұмыс жасауда. «Мен «вербовщиктер» жайын білмеймін, – деді мәдениет вице-министрі.
– Ол біздің мәселеміз емес. Бірақ сол елдерге шығуға итермелейтін тахфиршілік және жалған жиһадтық идеялармен қазақстандықтардың санасын улау жүріп жатқаны рас. Негізінен, ол интернет, скайп-байланыс арқылы жүруде. Біз биыл тұңғыш рет «Ақниет» реабилитациялық орталығын аштық».
Министрлік Сингапур, Малайзия, Сауд Арабиясында жұмыс жасайтын осындай орталықтар тәжірибесін зерттепті. Келесі жылы осы орталық аясы кеңейтілмек. Онда радикалды ұстанымдағылармен, олардың отбасы мүшелерімен, түрмедегі осы идеялар үшін сотталушылармен мақсатты жұмыс жүргізіледі.
– Біздің жастар рухани күйзеліске ұшырауда, – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. – Қазақстандықтар ғаламтор арқылы жат ағымдардың жетегінде кетуде, олардың ата-аналары зарлап, бізге хатпен жүгінуде. Кейбірінің кәмелетке толмаған, колледжде оқушы қыздарын ұрлап кетуде екен. Ата-аналары солардың аты-жөні, айғағын айтып, жергілікті ішкі істер департаменттеріне арызданса, олар шетелге қатысты қимылы шектеулі екендігін алдан тартады екен. Сергелдеңге түсіп, ашынған аналар өздеріне өздері қол жұмсауға жақын.
– Шынында, соңғы кездері жас қыздарды ұрлап кетуге қатысты мәліметтер бізге көп түсуде. Қауға сақалды адасқан жандармен астыртын неке қияды, ата-ана келісімінсіз, қашып кетеді. Соларға еріп, Сириядан бір-ақ шығады. Бұл жұмыс екі бағытта жүруі керек, біріншіден, алып қашу, зорлық жасау секілді әрекеттерге құқықтық жолмен баға берілуі керек. Біз барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаймыз. Екіншіден, ол қызы табылса, түсіндіру жұмыстары арқылы елге қайтаруымыз қажет. Біз реабилитациялық орталық арқылы осы жұмысты жасаудамыз, – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов. Алайда ол «осындай фактілер бойынша үлкен нәтиже бар деп айта алмайтынын» мойындады.