Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері, қарулас достар!
Бұл күн – біз үшін тарихи күн
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Басқолбасшысы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді.
Күш-жігері мен әл-қуаты мол, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды.
Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды.
Қаза тапқандардың ата-аналары, жақын туыстары мен таныстарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ауған соғысының ардагерлері ұрыста қаза тапқан қаруластарын жүректерінде мәңгі сақтайды.
Тәуелсіз Қазақстан әлемдегі барлық елмен бейбітшілікті және өзара тату көршілік ынтымақтастық қатынасты сақтау жолын ұстанған ел болып саналады. Еліміздің жасампаз саясаты Қазақстанда және бүкіл әлемде тыныштық пен өзара татулықты сақтауға бағытталған.
Иә, өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз» – деген болатын.
Бүгініңді бүлдіріп қана қоймай, болашағыңа да балта шабатын 10 жылға созылған бұл соғыстың аяқталғанына 24 жыл болыпты. Дәл осы күні, яғни 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққан күні.
Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен өткелегі мол өткенді естелік қылып және оны көңілге кесте қылып тоқу ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кеппеген түбіт иек бауырларымызды еске алар күн!
Әрине, базбіреулер үшін бұл күн қатардағы күннің бірі ғана шығар, ал біз үшін – тарихи күн! Тағдырлы күн!
Бұл күн – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні! Бұл күн – жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың жалғыз ұлын жоқтаған күні! Бұл күн – бақи болған қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн! «Интернационализм...» деген саяси науқанның құрбандығына айналып, оған имандай сеніп, бүгінгі күні күл-талқан болған тағдырының өтеуі мен бодауын кімнен сұрарын білмей кемсеңдеумен еріндерін тістелеп, өзегіне өкінішін жасырған күн!
Бұл күн біздер үшін қайғы болып қатталып, қасірет болып жатталып қалса да тәуелсіз Қазақстанның әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербетіліп әрбір үйдің түтінінің түзу шыққанын тілейтін біздер үшін, санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек!
Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, біз Ауған соғысы ардагерлері II дүниежүзілік соғысын көрген ақсақалдарымыздың лайықты ізбасары ретінде жастарымызды Жаңа Қазақстанның болашағы үшін Мәңгі Ел болуды Қазақ Елі үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Соғыстағы әрбір командирдің арманы тек қана жеңіс десек, ол үшін аздап қан төгу керек, ал бүгінгі еңбек майданында Тәуелсіз Қазақстан үшін тер төгіп, арымызды аяқасты етпей, мемлекет мүддесі үшін өмір сүруіміз керек. Бастарыңызға байлық, жанұяларыңызға амандық тілеймін. Сіздерден төгілген шапағатты шуаққа барша қазақстандықтар бөленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Ізгі ниетпен,
Бақытбек СМАҒҰЛ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі,
Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының
«ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ»
қауымдастығының төрағасы
Өмірді қайта жалғаңдар
Ауғанның қанды даласы,
Адамизаттың наласы.
Бүк түсіп жатыр қан құсып,
Қаралы таулар қарашы.
Адасып барып армандар,
Ауғанда күл боп қалғандар.
Гүл болып өніп көгеріп,
Өмірді қайта жалғаңдар.
Арманда кеткен ар үшін
Ұмытпас елім арысын.
Ту етіп ұстар қашанда,
Тәуелсіз елдің намысын.
Азаттық орнап арман ел
Құлпырды мәңгі жайнап ел.
Байрағың басын имесін,
Ауғанда болған ардагер.
Баласын аңсап аналар,
Анасын аңсап балалар.
Жүрекке түскен бомбадай,
Жазылар қашан жаралар.
Есімде ол күн қаралы,
Зуылдап жылдар барады.
Сарбаздар бәрін біледі,
Ауғаннан қайтқан жаралы.
Ар үшін туған арысым,
Егемен елдің бағы үшін.
Биіктен туың түспесін,
Естімей оқтың дауысын.
Азаттық орнап арман ел,
Құлпырды мәңгі жайнап ел.
Байрағың басын имесін,
Ауғанда болған ардагер!
Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер
Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер?
Жырым бар жараланған жаныңды емдер.
Өлгендердің жәннатта болсын жаны,
Тірілерің мың жаса, дәуірлеңдер.
Ерлік қылған аталарым аспан асты, ер үсті,
Біз сәндікке кимейміз деп,- шалбар менен бөрікті.
Отан-ана алдындағы өтеймін деп,- борышты,
Аттандыңдар, атқардыңдар соғысты.
Жастығыңмен жауға атылдың оқ болып,
Әндететін кездеріңде ауылыңда төс керіп.
Жаудың оғы сом мүшеңді төрт бөліп,
Кейбіреуің кеттің мүлде жоқ болып.
Жау дейміз-ау қолдан жасап жауыңды,
Саясаттың сайқалдығы-ай уландырған тамырды.
Бауырыңа бауыздатып балдай ішкен қаныңды,
Заманы еді кеңестің ол сұрапылды дауылды.
Құдай өзі бере жатар жауыздықтың жазасын,
Қыран ерлер, ардагерлер сендер түгел тазасың.
Қасқыр мінез, қайсар жандар жалап жазған жарасын,
Жандарыңның жараларын қай мықты бар жазатын.
Сендер бірақ Отан үшін оққа тостың кеудеңді,
Ерлігіңді, өрлігіңді ел көрді.
Бірге аттанған бауырларың жер жастанды, жерленді,
Жебейді олар аруағымен сендерді.
Аналардың көл боп ақты көз жасы,
Жетімдер мен жесірлерді ойлашы.
Сол күндерді көрмесін бұл халқымыз,
Елі үшін құрбандық тек ер басы.
Бүгін біздер солдатымыз Егеменді қазақтың,
Туды міне жас ұрпаққа ғажап күн.
Біздер көрген азап пенен тозақтың,
Енді құдай бетін әрі қаратсын,
Енді атса, тек бейбітшілік таңы атсын.
Еске алайық құрметтейік, құрбандардың рухын,
Қабірлері нұрға толсын суық көр де жылысын.
Есіл ерлер ескерткішке айналсаң да біз үшін,
Мәңгі-бақи тірісіңдер, тірісің.