Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Ерлікке тағзым
Ерлікке тағзым

Ерлікке тағзым

Опубликовано 18.02.2013 06:33

1989 жылдың 15 ақпаны – Кеңес әскерінің шектеулі бөлігі Ауғанстан аумағынан шығарылған күн. Бұл күн жыл сайын Ауған жерінде интернационалдық борыштарын өтеу барысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күні ретінде аталып өтіледі.

Кеше облыстық қазақ драма театрында осы тарихи датаға 24 жыл толуына арналған дәстүрлі жиын өтті.

Ауған жеріндегі әскери қақты­ғысқа 22 мың қазақстандық қатысып, олардың 761-і жат жерде опат болды. Тек біздің облыстан бір мыңнан астам жауынгер қатысып, 27-сі ерлікпен қаза тапты.

Ауған соғысы құрбандарын еске алу­ға арналған жиынға қаза тапқан жауын­герлердің ата-аналары, Ұлы Отан соғы­сы ардагерлері және интернациона­лист-жауынгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкіл­­дері, студенттер мен оқушылар көп жинал­ды.

- Бүгінгі шараның мән-мазмұны тура­лы толғанбай айту мүмкін емес. Өткенге көз жібере отырып, мына отырған ақ шашты аналарды көріп тұрып, қазақша айтқанда, «он екіде бір гүлі ашылмаған» жас жігіттердің өмірін қиған соғыстың қажеті бар ма еді деп те ойлайсың. Бірақ сол кезде жер шарының саяси картасында от шарпыған бауырлас елде тыныштық орнату үшін интернационалдық көмек беру қажет болды. Өздерінің борыш­тарын өтеген біздің жауынгерлердің ерлі­гі ешқашан ұмытылмайды. Олар ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрін жал­ғас­тырып, өздерінің борыштарын адал атқарып, қанды шайқастарға қа­тысты. Интернационалист-жауынгерлер берген тапсырмаларды әскери ант­тарына сай орындады. Көптеген адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешірді. Көпшілігі мемлекеттің жоғары награда­­ларына ие болды. Бүгінгі бейбіт өмірде біздер Ауған соғысы жауынгерлері ар­дагерлеріне, ұлдары қаза тапқан ата-аналарға, олардың отбасына аса құрмет­пен қарап, қамқорлық көрсетіп келеміз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Сондықтан ардагерлердің тұрмыс-тіршілігін алдағы уақытта да үнемі назарымызда ұстаймыз. Ал олар өз кезегінде жас толқынға әскери-патриоттық тәрбие беруге лайықты үлес қосады деп сене­-мін, - деді аталмыш жиында сөйлеген сө­зінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Бұдан соң жиынға қатысушылар Ауған соғысы туралы фильмді көріп, бір минут үнсіз тұрып, боздақтардың рухына тағзым етті.

Қаза болған жауынгерлердің кешегі жиынға қатысқан ата-аналарына «Конденсат» АҚ атынан сый-сияпаттар мен гүл шоқтары ұсынылды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Ғайсин, Ресей Федерациясының Орал қаласындағы Бас консулы Саид Забитов, қарулы күштердің ардагері Николай Дег­тярев сөз алып, Ауған соғысында Кеңес әскерлері халықтар достығын әлемге және бір паш еткендігін, елге оралмаған жерлестерге арнап ескерткіш орнату, Ауған жерінен келген «200» жүкті (мырыш табытқа салынған жауынгер мүрдесі) қабылдау қаншалықты қиын болғанын тебірене әңгімеледі.

Кешегі жиынға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қа­зақ­стан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл өз сөзін Ауған соғысы құрбандарына арнаған өлеңімен бастап, жұртшылықты елең еткізді.

– Бұл күн – ұлынан айырылған аналар үшін, қандыкөйлек жолдасынан айырылған біздер үшін қастерлі күн. Өлгендер қайтып келмейді, бірақ Ауған соғысының құрбандары мәңгі есімізде. Әрдайым тәуелсіз еліміз аман, жұрт тыныш болсын, - деді Бақытбек Смағұл.

Бұдан соң Б.Смағұл «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының шешімімен «Бауыржан Момышұлы – Намыс» медалін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа және Ауған соғысы ардагерлерінің бір тобына табыс етті.

Мінбеге көтерілген Ауған соғысы мү­гедектері және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тахир Қосжанов бір топ интернационалист-жауынгерлерге орден-медальдар және «Балалар со­ғысқа қарсы» қалалық байқауының жеңім­паз­дарына бағалы сый­лықтар табыстады.

Кеше жиынға қатысушылар Жеңіс ала­ңындағы Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысында қаза болған жауын­­гер­­лердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Еламан ӘЙПІШЕВ