Заң талаптары неге ескерілмеген?
Сенбі, 27 сәуір 2013 2:11
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз», деген болатын.
Осыған байланысты, Қызылорда облысы экологиялық апат аймағы болып саналатындықтан, бұл аймақ тұрғындарының денсаулығын сақтау мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Экологиялық қолайсыздық халықтың денсаулығына және бiрiншi кезекте ана мен бала денсаулығына кері әсер етуде.
Республикадағы сәби өлімінің көрсеткіші 2009 жылы 1000 тірі туғанға – 18,23 болса, ең жоғары көрсеткіш (24,96) Қызылорда облысында тіркелген. Республика бойынша орташа есеппен 100 мың тірі туғанға 36,9 жағдай ана өлімі тіркелсе, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш – 42,6. Жалпы, облыста халық ауруының көрсеткіші жоғары. Ауру өмірде алғаш рет тіркелген 100 мың адамға республикалық орташа деңгейде 60 249,8 болса, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш – 66 971. Соңғы 2011 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес Қызылорда облысында қан аурулары республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары, ас қорыту аурулары 1,9 есе жоғары, туберкулезбен сырқаттанушылық 12 пайызға жоғары.
Осы ретте, 1992 жылы қабылданған «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңда экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, халықты медицина құралдарымен жабдықталуын қарастыру, Арал өңірі Қазақстан бөлігін экологиялық сауықтыру мен әлеуметтік-экономикалық дамыту мемлекеттік бағдарламалар негізінде осы заңның талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады делінген. Алайда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында жоғарыдағы заңның талаптары, яғни қолдаулар ескерілмей қалған. Осының салдарынан жоғарыдағы заң талаптары орындалмай отыр.
Сонда біз Арал экологиялық проблемасын түбегейлі шешіп тастадық па? Халықтың денсаулығы жақсарды ма? Себебі, жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтер әлі де болса проблемалар бар екенін көрсетуде.
Сонымен қатар, Сыр өңірінде онкологиялық аурулар өршіп тұр. Көптеген азаматтарымыз «аты жаман» аурудан көз жұмуда. Олардың денсаулықтарын сақтап қалуға да болар еді. Бірақ облыстық онкология диспансері облыстық медицина орталығының ғимаратында орналасқан, өзінің жеке ғимараты жоқ. Бір палатада 12 емделушіге дейін жатады, ауруларға тиісті медициналық көмек көрсетуге қиындық туғызады. Осының салдарынан Республикалық онкология орталығына жыл сайын 200-ден астам ауру емделуге жіберілуде. Мұның онсыз да жағдайы нашар науқастарға қосымша қаншама қиындықтар мен шығын әкелетіні айтпаса да түсінікті.
Облыстың 7 ауданының төртеуінде – Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарында аудандық емханалар ғимараттары апаттық жағдайда тұр. Бұл аудандарда жаңа медициналық нысандар салу кезек күттірмейтін мәселе.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, Қызылорда облысы тұрғындарының денсаулығын жақсарту үшін келесі шараларды қабылдау қажет деп есептейміз. Олар:
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында заң талаптарына сәйкес экологиялық апат аймақтарында тұрып жатқан азаматтарға қарастырылған медициналық жеңілдіктерді ескеру; экологиялық қасірет аймағы халқына медициналық мекемелерді ұстауға қаржы бөлу нормаларын бір тұрғынға шаққанда экологиялық апат аймағында 1,15 – 1,5 есе ұлғайту; медицина техникасын, дәрі-дәрмектерді нысаналы бөлуді қамтамасыз ету; 2012-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының онкология қызметін дамыту бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласында 175 төсекке арналған облыстық онкология орталығын жеделдетіп салуға қаржы бөлу; амбулаторлық-емханалық ұйымдар санын арттыру және апатты жағдайда тұрған аудандық емханалардың орнына жаңаларын салу; медициналық ұйымдардың дәрігерлермен қамтылуын арттыру.
Осындай кешенді шараларды іске асыру арқылы экологиялық апат аймағында тұрып жатқан Қызылорда облысы тұрғындарының жағдайын жақсартуға болады. Ал осы мақсатқа бағытталған жұмыстардың жүзеге асырылуын Денсаулық сақтау министрі өз бақылауына алуы қажет деп санаймыз.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты.