Билік,Парламент
Елді рухтандыратын – ерлік
Егемен Қазақстан газеті Сенбі, 22 маусым 2013 2:34
Парламент Мәжілісінің соңғы өткен жалпы отырыстарының бірінде депутат Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда былай делінген еді:
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді. Күш-жігері мен әл-қуаты мол, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды.
Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды. Қаза тапқандардың ата-аналары, жақын туыстары мен таныстарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ауған соғысының ардагерлері ұрыста қаза тапқан қаруластарын жүректерінде мәңгі сақтайды.
Тәуелсіз Қазақстан – әлемдегі барлық елмен бейбітшілікті және өзара тату көршілік ынтымақтастық қатынасты сақтау жолын ұстанған ел. Еліміздің жасампаз саясаты Қазақстанда және бүкіл әлемде тыныштық пен өзара татулықты сақтауға бағытталған. Иә, өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз», – деген болатын.
Бүгініңді бүлдіріп қана қоймай, болашағыңа да балта шабатын, аяқталғанына ширек ғасыр, яғни 25 жыл толғалы отырған 10 жылға созылған бұл соғысқа қатысқан 22 269 қазақстандықтың 924-і қаза тауып, мыңдаған жауынгеріміз мүгедек болып оралып, 21 жауынгер із-түзсіз жоғалып кетті. Бірақ, антына адал, патриоттық ісіне берік бірде-бір қазақстандық жауынгер соғысты тастап қашқан жоқ.
Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, қатары күннен күнге сиреп бара жатқан II дүниежүзілік соғысқа қатысқан ақсақалдарымыздың жауынгерлік ерлігін қайталаған лайықты ізбасары ретінде ауған соғысының ардагерлері де Жаңа Қазақстанның Мәңгі ел болуы жолында аянбай еңбек етуде. Және олар қандай құрмет пен мәртебеге де лайық.
Дейтұрғанмен, 2006 жылдан бері Парламентке «Ардагерлер туралы» заң жобасы ұсынылып, ол сол уақыттан бері оң шешімін таппай, бірнеше рет Үкіметке толықтырулар енгізуге қайтарылды. Бұл жәйт, ауған соғысына қатысқан ардагерлерді алаңдатып отыр. Сондықтан да елімізде ауған соғысына қатысқан азаматтардың әлеуметтік жағдайы ескеріле отырып, Үкімет тарапынан кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына орай ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін анықтайтын жеке заң қабылданса екен дейміз.
Тәуелсіздікті баянды ету үшін рух керек, ал елді рухтандыратын – ерлік!».