2013 ж. 2 қазанда жарияланды Қазақстан Республикасының
Премьер –Министріне
С.Н.АХМЕТОВ мырзаға
Депутаттық сауал
Құрметті Серік Нығметұлы!
Бұл депутаттық сауалды көтеруге себеп, Қызыл-Орда облысында өткен «Нұр Отан» ХДП-сы орталық филиалының конференциясында партия мүшелерімен көтерілген бір топ мұғалімдер мен зиялы қауымдардың өтініш тілектері болып отыр.
Халқымыздың даналығында көзге көрінетін жаудан емес, көзге көрінбейтін жаудан сескен деген сөз бар. Тәуелсіздігімізді алып, ұлттық мұрамызды жаңғыртып, ертеңгі күнге деген стратегиялық көзқарастарымызды қалыптастырып жатқан бүгінгі күні демократиялық құндылықтар, адам құқығын қорғау деген желеумен батыс елдерінің трендтерін жамылған құйтұрқы құбылыстар біздің елде де орын ала бастады. Оның анық мысалы: елімізде ер мен ердің, әйел мен әйелдің бір-біріне деген нәпсіден туған құштарлығы.
Өзіңіз білесіз, бүгінгі күні Еуропаның бірқатар елдері, оның ішінде өркениеттің орталығы болып саналатын Франция, Нидерланды, Бельгия секілді мемлекеттер «гомосексуалды» қатынастарды ресми түрде некелік қатынастар санатына қосып, заңмен бекітсе, жанұялық құндылықтарды мемлекеттің отбасы саясатында бәрінен жоғары қойып, өздерінің ұлттық менталитетіне байланысты мұндай қатынастарға тыйым салатын заңдарды Ауғанстан, Малайзия, Индонезия, ағайын Өзбекстан секілді елдер қабылдаған. Бүгінгі күні Ресей де аталмыш тақырыптағы қатаң заңды қабылдағалы жатыр. Осыған орай мына мәселелерге назар аударғым келеді.
- Қазақстанның ұлттық идеологиясын қалыптастырғанда, ұлттың болашағын жанұядан тыс қарастыра алмайтындығымыз анық. Отан отбасыдан басталады деп өзіміз анық тәрбие береміз. Бірақ бір сәт ойланып көрелік: елімізде отбасы институтының маңыздылығы осындай гомосексуалды қатынастар ашық насихатталып жатқан кезде қандай даму дәрежесінде болады? Отбасы институты мұндай сәтте көтерілмейді, отбасы институты мұндай сәтте құлдырайды. Оған қоса, анық білерім: Орталық Азия, көне өркениеттердің тоғысқан жерінде, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының белсенді мүше-мемлекеті ретінде бұл үрдіс біздің еліміздің имиджі мен оның ішкі саясатына орасан зиян әкеледі.
- Екіншіден, «гомосексуалды» қатынастардың кеңінен насихатталуы, адамның санасы түсінбейтін, нәпсінің жетегінде орындалатын жағдайлардың алдын алу – біздің еліміздің жаһандық әлем төндіріп отырған қауіптерден ұлттық құндылықтар жүйесінен құралған ұлттық болмысымызды қорғауға бағытталған нақты қадамдар. Осы тұста, еліміздің «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 11-бабын күшейту ғана емес, сонымен қатар «гомосексуалды қатынастарды» түбірімен тоқтататын заң жобасын әзірлеп, түнгі клубтарды түбегейлі жабу қажет.
- Үшіншіден, мұндай қатынастарға рұқсат беріп отырған мемлекеттерді алып қараңыздар. Көбісі үлкен бір елдің қолшатырының астында, қорғаныс, қауіпсіздік деген мәселелер қатты алаңдатпайтын территорияларда орналасқан. Ал біздің ел күнде де, түнде де көз ілмейтін стратегиялық аймақта орналасқан. Болашақта бір жынысты еркектер еліміздің шекарасын қалай қорғайды, қорғаныс жағын қалай қамтамасыз етеді, демографиялық өсімге қандай үлес қосады, ұрпаққа қандай тәрбие бере алады? Бұл сұраққа тереңнен көз жүгірткен абзал. Бүгінге дейін Батыс елдері ұсынып келген көптеген біздің дамуымызға серпін беретін демократиялық құндылықтарды қабылдағанымыз анық. Бірақ Батыс елдері экономикалық көрсеткіштер, ашық қоғам деген ұғымдары арқылы басып озса да, рухани жағынан үлкен емді қажет ететіндігін көріп отырмыз. Осы тұста рухани емді біз өзіміздің ұлттық байлығымыздан, бабалардың мұрасынан, іздегеніміз ізгілік.
Құрметті Серік Нығметұлы!
Бүгінгі күнгі істелініп жатқан бүкіл шаралар, қабылданып жатқан бүкіл заңдар – азаматтардың тек әлеуметтік жағдайын арттыру, оларды бай-қуатты қоғамда өмір сүргізу талаптарына ғана емес, оларды рухани кеселдерден қорғау арналарына бағытталуы қажет. Біздің ата-баба салтымыз бар, құдайдан қорқар халқымыз бар. «Қазақстан- 2050» даму стратегиясында Елбасы отбасы институтының өркендеуіне ел назарын салып отыр, сондықтан Қызыл-Орда халқының жанайқайы партияның доктринасымен де, елдің ұзақмерзімді даму стратегиясымен де үндес. Мәңгілік Ел жолындағы ынтымағы жарасқан Отанымызды бір ойсыздың бір ойсызға, құдайсыздың құдайсызға қосылып алып ойындағысын істейтін ойран ошағына айналдыруға жол бермеу біздің парызымыз. Жоғарыдағы ұсыныстарды ескере келе, қарап шығып, алдағы уақытта шаралар қабылдауды орынды деп ойлаймын.
БелгІленген тәртіппен және жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймын.
Құрметпен, Б.СМАҒҰЛ
орын. Г.Мукашева
тел. 746394