Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
2014 жылғы 24 қыркүйекте жарияланды К.Қ. Мәсімовке
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Жақында Алматы өңірінде іссапармен болып қайттым. Сайлаушылармен кездесу аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі мүшелерімен жүздестім. Аналар кеңесінің мақсаты: заманауи отбасындағы тәрбиеге байланысты мәселелерді көтеру, балаларды отаншылдыққа баулу бағытындағы этностық дәстүрді насихаттау болып табылады. Кездесу барысында қатысушылар ана жүрегін мазалаған мәселелерді қаузады. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты екендігін қадап айтты. «Азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ете отырып, мемлекет, қоғамымызға біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады» деп нақты жазылған Стратегияда.
Осы орайда Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері қазіргі күрделі заманда дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтап, нығайту қажеттігіне назар аудартты. Олардың байламынша, өкінішке қарай, періште пейіл ұл-қыздарымыз өзгенің озық емес, тозық мәдениетінің шабуылына ұшырауда.
Ол кеше ғана бірін-бірі қызғаныштан балталап өлтірген қыздардың 15-16 жыл жаза арқалап кеткендігі жүрегімізге шаншудай қадалды,- дейді.
Аналар рухты жұтатып, көңілді жүдететін жаратылысқа жара түсірер, табиғи болмысымызға нұқсан келтірер жат қылықтарды телеарналардан жұртшылыққа кең жаюға, қатысты үгіт-насихатты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізуге заң жүзінде тиым салынуды сұрайды.
Оның орнына Елбасымыздың Мерейлі Отбасы бастамасын дамытып, ҚХА Аналар кеңесіне кіретін, жасы 80-нен асқан тәжірибелі, тағылымды апаларымызды тарта отырып, дәстүрлі отбасылық тәрбиені дамытқанымыз маңызды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде гүлденуіне қызмет ететін төл құндылықтарымыз ғана сырттан ықпал етуші мүдделердің қазақстандықтардың сана-сезімін экспансиялауына мүмкіндік бермейді.
Адам құқығының бұзылмауымен бірге, ұрпақ құлқының бұзылмауын да назардан шығармағанымыз жөн. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ал, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау, ал, әрбір некенің берік болуына барлық жағдайды жасай беруіміз керек.
Біздің Отанымыз бір ойсыздың- бір ойсызға, құдайсыздың- құдайсызға қосылып алып, ойындағысын жасайтын, өзгенің ойран ошағына айналмасын десек, ойланғанымыз абзал.
Осы депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-ші бабына сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.
Құрметпен,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаттары Б. Смағұл
М.Ахмадиев Ж.Алиев
Е.Каппель Р.Ким
А.Мурадов Н.Нестерова
З.Саяпова Ю.Тимощенко
Р.Халмурадов
Орын. Г.Мукашева
Тел. 74-63-94