03.11.2010 ж. Қазақстан Республикасы
жарияланды Мәдениет министрі
М.Құл-Мұхаммедке
Депутаттық сауал
Құрметті Мұхтар Абрарұлы !
Маған Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округінің тұрғындарынан төмендегідей мазмұндағы хаты келді.
Хат иелері: «Шілікті ауылдық округінің аймағында Тасбастау, Жалшы, Қарасай, Кәкенталды, Кемпірбұлақ, Шілікті ауылдарында сонау сақ дәуірінен бері келе жатқан қаншама ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі таңда 400-ге жуық қорғандары бар. Қасиетті мекеннен 1967 жылы Кеңес заманында Ленинградтық профессор А.С.Черников Шілікті ауылынан 3500 метр жерде орналасқан қорғаннан алтын әшекейлі бұйымдары бар қорғанды ашқан болатын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 2003-2006 жж. Шілікті ауылынан 4000 метр жерде орналасқан аталарымыз атап кеткен Бәйге төбе қорғанынан археолог-профессор Ә.Төлебаев алтын адам тапқанын барша қазақ елі біледі. 2006 жылдан бері 2010 жылға дейін осы аймақтан археологтар үлкенді-кішілі 17 қорғандарды ашып, қорғандарымыз еш қараусыз, қоршаусыз, басында не белгі жоқ, ашық-шашық жатыр. 2009 жылы Шілікті ауылынан 3300 метр жерде үш қорғанды қазып кеткен болатын. 2010 жылы Тасбастау ауылынан аудан орталығына қарай 2500 метр жерде орналасқан екі қорғанды ашып, ауыл адамдары барып сұрағанда сол күні түнде қашып кеткен болатын.
Осылардың жұмысын қадағалап жатқан ешқандай құзырлы мекемелер жоқ. Бұл қорғандарда қай ғасырда қандай адамдар жерленгені, олардың қандай да бір ауру таратпайтынына ауыл тұрғындары алаңдаулымыз. Осы айтылған мәселелерді тиісті құзырлы мекемелерге тексертіп, анықтауларыңызды сұраймыз.», - деп жазған.
Осыған байланысты Сізден Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округі тұрғындарының хатында көрсетілген – археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған қорғандардың мәселесін қарастыруды сұраймын.
Қосымша 2 бет.
Депутат Н.Сабильянов
Қайырбек М.
74-62-84
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты
Н. Сабильяновқа
2010 ж. 03 қарашадағы
Д3-581-ге
Құрметті Нұртай Салихұлы !
Мәдениет министрлігі Сіздің Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округіндегі сақ қорғандарының қазіргі кездегі күй-жайы жөніндегі сауалыңызбен мұқият танысып, төмендегіні хабарлайды.
Атақты Шілікті қорғандарында археологиялық қазба жұмыстары өткен ғасырдың 50-ші жылдардан басталып, кейін 2004 жылдан бастап қазіргі күнге дейін «Мәдени мұра» бағдарлама аясында жалғасын тауып келеді. Зерттеу жұмыстарына белгілі ғалым, әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры А.Т. Төлеубаев жетекшілік жасауда.
Шіліктідегі зерттеу жұмыстары методикалық жағынан археологиялық қазбалар талабына сай және Білім және ғылым министрлігіне қарасты Археология институтының сұранысы бойынша Мәдениет министрлігі берген лицензия негізінде атқарылып келеді.
Атап өтетін жайт, Шілікті қорғандарын зерттеуге бөлінген қаражат тек қана археологиялық қазба және зерттеу жұмыстарына арналған. Аталған экспедиция шағын қорғандарды қазып зерттегеннен кейін оларды жауып, рекультивация жұмысын жүргізеді. Ал биіктігі 5-7 метр, диаметрі 60-110 метр болатын көне қорғандарды қазғанда сыртқа 50-60 мың кубометр топырақ, тас шығады. Оны қайта қалпына келтіру үшін қайта қазуға жұмсалған қаражат бюджетте жыл сайын қарастырылмай, тек қана аймақтағы барлық археология қазбалары аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті консервация жұмыстарына бөлінеді.
Соңғы кезде қазба жүргізілген үлкен қорғандардың ашық болуы да осыған байланысты. А.Т. Төлеубаевтың хабарлауынша келесі жылдың көктемінде аталған қорғандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады.
Ал, аталған аумақта белгісіз тұлғалармен заңсыз археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген деген шағымға келсек, ол шындыққа жатпайды.
Ол маңайда қазба жұмыстарын тек қана аталған экспедиция атқарғанын А.Т. Төлеубаев растап отыр.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Шілікті қорымдарының аймақтарын толық айқындау және қорғау бойынша жобалау құжаттамаларын әзірлеп, Министрлікке ұсынды. Министрлік бұл жобаны жүзеге асыруға қажетті шығындарды өзінің бюджеттік өтінімі арқылы келесі жылы Республикалық бюджеттік комисcияның қарауына ұсынатынын жеткізеді.
Қосымша: 3 парақ.
Министр М. Құл- Мұхаммед
Молдашев Б.
74-04-25