«Ақмешіт ақшамы» газеті
16 мамыр 2008 жыл, № 28 (548)
Қоғамдық қабылдаудан:
ТҰРҒЫНДАР ӘДІЛДІКТІ, ТЕҢДІКТІ, ЖАРИЯЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ
Бүгiнде қоғамдық қабылдау көп. Мекеме басшылары, депутаттар бiр күн қарапайым халық тiлегiн тыңдау үшiн қабылдау өткiзудi жұмыс тәртiбiне енгiзiп жүр. Газет беттерiндегi «қоғамдық қабылдау өтедi» деген хабарландыруды оқып көпшiлiктiң арасында осы қабылдаулар не мәселе шешедi, пайдасы бар ма» деген сұрауы көп пiкiрлер де жоқ емес. Дегенмен, қоғамдық қабылдауға келетiндер көп. Қоғамдық қабылдаудың тұрғындар үшiн қаншалықты қажеттiлiгiн ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты М. Әбеновпен редакцияда өткен қоғамдық қабылдау барысында шын сезiне түстiк. Бiр мекеме iшiнде емес, көпшiлiк үшiн жариялылық орта болып саналатын редакцияда қоғамдық қабылдаудың өтетiндiгi көп көкейiне қона кетсе керек, бұл хабарды естiген ел сол күндерi редакция телефонына дамылсыз телефон шалып, тiптi редакцияға алдын-ала келiп тiзiлiп, қоғамдық қабылдаудан қалып қоймайын деп қобалжығандар да болды.
Сонымен, Жеңiс мерекесi қарсаңында «Ақмешiт ақшамы» газетiнiң редакциясында өткен Мәжiлiс депутаты М. Әбеновтың қоғамдық қабылдауына кезекке тұрғандар аз болған жоқ. Жасыратыны жоқ, сағат 11:00-де басталатын қабылдауға азаңғы 8:00-ден бастап келiп, тапжылмай күтiп отырған тұрғындар да болды. Мұның өзi ел үшiн қоғамдық қабылдаулардың қажет екенi дәлелдеулерсiз-ақ байқалып тұр. Сонымен, көпшiлiк асыға күткен қоғамдық қабылдау уақытында басталды. Бiз де өз мiндетiмiз бойынша, редакцияда депутат өткiзген қоғамдық қабылдаудың жариялы болуына мүмкiндiк жасап, депутат пен халық арасындағы қабылдауға келген тұрғындардың мұқтаж-тiлектерiн газет бетіне жариялағанды жөн көрдік.
Кезектен заңсыз шығып қалдым ...
Мәжiлiс депутатының қоғамдық қабылдауына бiрiншi болып жазылған ардагер, қала тұрғыны Нұрғалиев кезiнде коммуналдық үй кезегiнде тұрғанын, мұнан соң бұл кезектен заңсыз шығып қалғанын айтуға келiптi. Тұрғын үй кезегiндегi өз кезегiн қайтадан енгiзу үшiн талай есiкке барып, табанынан шаршаған қала тұрғыны заңды түрде өз кезегiн қалпына келтiруге Мәжiлiс депутатынан қолдау күтiп келiптi. Ардагердiң шағымын мұқият тыңдаған Мәжiлiс депутаты М. Әбенов мұндай жағдайлар бұған дейiнгi қоғамдық қабылдауында да кездескенiн, яғни, көп балалы ана өзiнiң тұрғын үй кезегiнен заңсыз шығып қалғанын айтқан шағымы бойынша депутат көмегiмен көп балалы ананың кезегi қайтадан қалпына келтiрiлгенiн айтты. Сондай-ақ шағым айта келген ардагердiң тұрғын үй кезегiнен шығып қалу жағдайын анықтайтынын және бұл мәселенi заңды түрде шешуге уәде бердi.
Жақсы маман қай салада да ауадай қажет ...
Қоғамдық қабылдауға келген келесi тұрғынды жастардың қатарына жатқызуға болады. Қала тұрғыны А. Бодыбаев өзiнiң мемлекеттiк қызметте өтiлi бар екенiн, басшы мен қызметкер арасындағы келiспеушiлiктiң әсерiнен жұмыстан шығып қалғанын, бүгiнде жұмыссыздардың қатарында екенiн байқатты. Қоғамдық қабылдауға Мәжiлiс депутаты жұмысқа тұрғызуға көмегi болады ма деген үмiтпен келiптi.
Мәжiлiс депутаты жас маманға басшылық тарапынан сын-ескертпе айтылса, жұмыстан шығып кетудi емес, өз жұмысының сапасын жақсартуға күш салу керектiгiн ескерттi. Себебi, бүгiнде жақсы маман қай салада да ауадай қажет. «Жеңiлдiк астымен, ауырдың үстiмен» жүрудi уақыт талабы көтермейдi. Бұл бiр ғана жас кадрға емес, бүгiнде ендi қызметке қабылданып жатқан жастарға сабақ болар деп түсiндiк.
Тағы да пәтер мәселесi ...
Қабылдауға келген келесi тұрғын Қ.Оралбаева 96 жастағы Ұлы Отан соғысына қатысқан атасы С.Сейтпенбетовтiң сәлемiн арқалай келiптi. Ұлы Отан соғысы ардагерiнiң шағымы да пәтер мәселесiне байланысты екен. Яғни, 1993 жылдан берi тұрғын үй кезегiнде тұрса да бүгiнгi күнге дейiн пәтер ала алмай келедi екен. Бiр қызығы, өзiнен кейiн кезекте тұрғандар пәтерге қол жеткiзген көрiнедi. Сол себептi осы мәселенi Мәжiлiс депутатының алдында айтқанды жөн көрiптi.
Бiр байқағанымыз, пәтер кезегi айналасында мәселе көп. Тiптi, қарапайым тұрғындардың ренiшi де аз емес. Бұл тиiстi мекемелердiң жариялы жұмыс атқармайтындығын байқатқандай. Ардагер атасының жайын айтқан тұрғынға Мәжiлiс депутаты бұл мәселелердi назардан тыс қалдырмайтынын айтты.
Ауыр еңбектiң адал ақшасы да болуы тиiс
Қала тұрғыны Д. Байсығұлов қоғамдық қабылдауға келелi мәселемен келiптi. Темiржол саласында 44 жыл жұмыс iстеген тұрғын заң бойынша ауыр жұмыс атқарғаны үшiн төленетiн тиiстi жәрдемақы тиiстi ережеге өзгертулер енгiзiлген себептi төленбей қалғандығын айта келiптi. Бұл бiр ғана өзiнiң жайы емес, талай темiржол саласында еңбек еткендердiң мәселесi екенi белгiлi. Сондықтан да мәжiлiс депутаты М. Әбенов бұл мәселеге бей-жай қарамайтындығын бiлдiрдi. Бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолдайтындығын айтты.
Саясат сайлауда ғана емес ...
Қоғамдық қабылдауға келген Ө. Асанов өзгелер секiлдi шағым ететiн жеке басының мәселесi болмаса да, мүмкiндiгi болса, депутатпен пiкiр бөлiсуге ынталылық танытып келiптi. Жалпы, Ө. Асанов жас та болса, көпшiлiкке белгiлi есiмдердiң бiрi. Саясатта онсыз да аз жастардың бiрегейi. Қоғамда қайсыбiр мәселеге батыл пiкiрлер айтатындығымен көпке таныс. Соңғы уақытта Ө.Асановтың саясаттан алыстап қалғаны да жасырын емес. Бұл осы олқылықтың орнын толтыру үшiн де әрi Мәжiлiс депутатымен ашық пiкiр алмасу ниетiмен қоғамдық қабылдауға келгенiн байқатқандай. Қазiргi уақытта саясат сахнасы бiраз тыныстап тұрғанға ұқсайды. Көпшiлiк көзқарасында саясат тек сайлауда ғана қызады деген пiкiр қалыптаспауы тиiс. Сондықтан да жастардың саяси белсендiлiгi төмендемеуi керек. Бұл тұрғыда Мәжiлiс депутаты белсендi жастарды әрдайым қолдайтындығын бiлдiрдi. Жеке бас мәселемен келген көп тұрғынның арасында қоғамдағы келелi мәселелерге бей-жай қарай алмайтынын байқатып, Мәжiлiс депутатымен ашық пiкiрлесуге келген белсендi жастардың келуi қоғамдық қабылдау мазмұнын аша түстi. Мұның өзi қоғамда жастардың белсендiлiгi жоғары екенiн байқатса керек. Ең бастысы, аға буын тарапынан қолдау болса, болғаны …
Тәуiр жұмысқа жақсы сыйлық керек?
Қабылдауға келген тағы бiр азамат жастардың қатарынан. Өзiн С.Базарбаев деп таныстырған ол жоғары бiлiмi болса да, өзiнiң жұмыс таба алмай жүргенiн айтады. Осы тұста айта кететiнi, жақсы жұмысқа тұру үшiн жақсы сыйлық керек» деген пiкiр қоғамда жоқ емес. Ата-анасының зейнеткер екендiгiн айтқан әлгi азаматтың ойында мұндай пiкiр де жоқ емес сияқты.
Бүгiнгi уақыт талабы қолында дипломыңның бар екендiгiмен емес, бiлiм деңгейiмен санасатынын жоққа шығара алмаймыз. Бiлiмдi, бiлiктi кадр қашан да сұранысқа ие. Бүгiнде қолындағы дипломыңа емес, бiлiмiңе сенетiн уақыт екенi де рас. Бiлiмдiлiктi қажет ететiн уақытта бiлiмдi жастарға мүмкiндiк көп. Әлгiндей, сыйлық арқылы жұмысқа қабылданғандар кездесiп жатса, бiлiмiне емес, ақшасына сенгендердiң алысқа бара алмайтыны белгiлi. Сол себептi дипломды қалтаға салып, жұмыс күтiп отырғаннан гөрi, қосымша бiлiм алып, кез-келген мекемеге барып, өз мүмкiндiгiн байқатып жұмыс iздегенi өзiне де пайдалы. Iздемесең, талпынбасаң жұмыс өзi iздеп келмейдi. Бәрi де ақшамен шешiледi деп жаңсақ пiкiрде қалуға да болмайды. Жұмыс iздеген жасқа осы мазмұнда өзiнiң ағалық ақылын айтқан депутат М. Әбенов «бiздiң күшiмiз байлық емес, бiлiм» дегендi айтты. Сондай-ақ жұмыс iздеген азаматқа бiлiмiн жетiлдiрiп, өз бiлiм деңгейiнiң мүмкiндiгiмен жұмыс iздеу нәтижесiн өзiне хабарлауды да тапсырды. Мәжiлiс депутатының пiкiрiнше, iзденiс нәтижесi босқа кетпеуi тиiс.
«Медикер» темiржолшылардың мазасын қашырды...
Ал, қала тұрғыны А. Мүбаракованың қоғамдық қабылдауға айтып келген мәселесi жеке бас қамы деуге келмейдi. Өзi темiржол саласында жұмыс iстейдi екен. Тұрғынның қоғамдық қабылдауға алып келген мәселесiнiң мәнi де осы темiржол саласына қатысты екен.
Сонымен, бүгiнгi күнге дейiн темiржол саласының өзiне қарасты темiржол емханасы бар болатын. Яғни, темiржол саласында қызмет ететiндердiң барлығы отбасымен осы емханаға қаралады екен. Емхана қызметкерлерi де темiржолшылардың денсаулық жағдайын жатқа бiлетiн жағдайға жеткен. Жаңа жылдан бастап «Медикер» ЖШС ашылыпты. Ендi темiржолшылар бұрынғы емханаға емес, үлгi жағадан ашылған «Медикер»-ге көрiнетiн болған. Темiржолшыларды қынжылтатыны «Медикер» ЖШС-нiң жұмыс сапасының сын көтермейтiндiгi. «Медикер» ЖШС темiржолшыларға қызмет көрсететiнi үшiн әрбiр қызметкерлердiң ай сайынғы айлығынан 300 теңге ұстап тұрады. Мұнан бұрын, ең қиыны, өзiнiң маманы да жоқ, материалдың базасы да жоқ, ғимаратты да жалға алып отырған аты бар да, заты жоққа ұқсайды. Бар көрсететiн көмегi диагностикаға жолдама бередi. «Ал, диагностикадан кезек күтiп жүргенiмiзде ауырғанымызды да ұмытып кетемiз» деген тұрғынның қынжылысы бүкiл темiржолшылардың проблемасы екенi түсiнiктi.
Бұл қоғамдық қабылдау темiржол саласында бiршама түйiнi шешiлмеген мәселелер бар екендiгiн байқатты. Мәжiлiс депутаты тұрғындардың темiржол саласы турасында айтқан мәселелерiн жинақтап, депутаттық сауал жолдайтынын айтты.
Шынында да бұл темiржолшылар үшiн көкейтестi проблеманың бiрi болып тұрғаны рас. Тым жақсы емханасы бола тұра, төтеннен келген «Медикер» ЖШС темiржолшыларға қызмет ете алмаса, сонда кiмге қызмет етiп отыр?
«Өтемұратов қызымды оқудан заңсыз шығарды»
Мәжiлiс депутатының қоғамдық қабылдауына қызын ерткен ананың айтқан мәселесi де бей-жай қарайтын жайт емес. Қала тұрғыны З. Исаханова қызы Қарлығаштың мәселесiмен келiптi. Ата-ананы да, студент Қарлығашты да
қапаландырған мәселе төмендегiдей екен:
Қарлығаштың анасының айтуынша сәуiр айының 30 күнi жолдасын агроколледжге шақырып, осында оқып жатқан қызы Қарлығашты оқудан шығаратынын айтқан. Бұған себеп, колледжде болған мына жағдай екен:
Осы колледждiң ерлер әжетханасынан жалаңаш қыздың суретiн колледж мұғалiмi тауып алады. Тексере келе «бұл суреттi тастаған сенсiң» деп Қарлығаштан көредi. «29-сәуiр күнi кешкi сағат 17:30 шамасында қызыма үйге ерiп келiп, еш рұқсатсыз үйдегi компьютердiң процессорын алып кеткен. Колледжге әкелiп, қызымның көзiнше, тексерiп түк таба алмайды да, ертең қалғанын тексеремiз деп үйге қайтарған. Қызым ертесiне сабаққа барса, колледж директоры шақырып алып, мына суреттi жасаған сенсiң, сенiң компьютерiңнен шықты, мойындасаң оқудан шықпайсың, мойындамасаң оқудан шығасың деген. Қызым «мен емес» деп мойнына алмаған. Сонымен 5-мамыр күнi қызыма «оқудан шықты» деп, менi шақырып, «қызыңызды үйiңiзге алып кете берiңiз» дедi. Осы жағдайдан соң қызым ауырып қалды. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарғанда «қызымның дәрi iшкенiн бiлдiм» дейдi анасы.
Қызының оқуға грант арқылы түскенiн, өз тобының старостасы екенiн айтқан анасы қызының оқудан шығып қалғанына күйiнiп, қоғамдық қабылдаудан әдiлдiгiн iздеп келгенiн айтты.
Мәжiлiс депутаты бұл мәселенi облыстың бiлiм департаментiне қарауға ұсынатынын айтты.
Шет аймақ орталықтан кем болмауға тиiс...
Өзiн қаланың патриотымын деп санайтын ардагер Ы. Жұмағұлов өзi тұратын қаланың қайсыбiр мәселесiне бей-жай қарай алмайтындығын бiлдiрдi. Өзi тұратын Шанхайда балабақша, жол мәселелерi шешiлмей келе жатқандығын айтады. Және бұл тек өзi үшiн ғана емес, 100 мың тұрғынның мәселесi. «Әркiм елдiң дамуын өзi тұрған жерге қарап баға бередi. Ал, бiздiң әсерiмiзде ел дамуында еш өзгерiс жоқ сияқты. Себебi, бiз тұратын аймақта баяғы жол, әлi сол жоқ нәрселер. Ең қиыны, мынадай көзқарас қалыптасқан секiлдi. Тек қаланың орталығы ғана жөнделуi керек, шет аймақ шетте қала бередi. Әйтпесе, қала орталығында бiр емес, үшiншi рет жөндеуден өтiп жатқан көшелер бар. Керiсiнше, өмiрi жөндеу көрмеген, тұрғындар қиындық көрiп жүрген жолдар көп. Менiңше, қаланың орталығы ғана әдемi болмауы тиiс. Мен қаланың патриотымын» деген қала тұрғынының өз қаласына деген жанашырлығы әңгiмесiнен-ақ байқалып тұр.
Қолғап тiгетiн қоғам қайда кеттi?
Қоғамдық қабылдау кезегiндегi келесi ардагер С. Темiрбаевтың да айтқан мәселесi тек өз жайы ғана емес. Өзi де соқырлар қоғамының мүшесi екендiгiн айтып, соқырлар қоғамының жайын алға тартты. Ардагердiң айтуынша, соқырлар қоғамы бұрын қолғап, т.б. тiгiн бұйымдарын тiгумен айналысса, қазiр мұндай мүмкiндiгi жоқ екен. Зағиптар үшiн мемлекеттiк жәрдемақының мардымсыз екендiгiн алға тартты. Жанарлары қараңғылыққа байланған жандардың жайынан хабардар ету үшiн қоғамдық қабылдауға келiптi.
Қоғамдық қабылдаудың кезегiнiң соңы бұйырған ақ жаулықты ана Мәжiлiс депутатына өз бұйымтайын айта келiптi. Өзi зейнеткер, баласы да, келiнi де жұмыссыз, немересi науқас екендiгiн айтқан ана, баласы мен келiнiне екi қолға бiр жұмыс табылса екен дейдi.
Қоғамдық қабылдауға кезекке тұрғандардан өзге сауалдарын хат арқылы және телефонмен жолдаған тұрғындар да аз болған жоқ. Олардың сауалдарын сараптағанымызда, тұрғындардың көпшiлiгi тұрғын үй мұқтаждығын, жұмыссыздық жайын сөз еткенiн байқадық.
Қоғамдық қабылдаудан соң:
ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты М. Әбенов: Қоғамдық қабылдауда байқалғандай, тұрғындардың басым бөлiгi әлi де өз құқықтарын жетiк бiлмейтiндiгi байқалды. Өз құқын бiлмеген соң, дұрыс талап ете де алмайды. Сондай-ақ, бұрынғыдай емес, тұрғындар жеке мәселелерiмен емес, қоғамға ортақ көкейтестi мәселелерiн де көбiрек қозғайтындығы бұл халықтың деңгейiнiң өскенiн, тiптi билiкке де талап қоя алатындығын байқатты. Тұрғындардың қоғамнан әдiлдiктi, теңдiктi, жариялылықты iздейтiндiгi байқалды.
Дайындаған Г. ДIЛДӘБЕКОВА