Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Аралдың балығына араша керек
«Айқын» газеті

«Айқын» газеті

31 қазан 2008 жыл

 

Аралдың балығына араша керек

 

Адам қолынан ажал құшқан Арал теңізі туралы толғана сөйлемеу мүмкін емес. Күні кеше ғана дүниедегі ең үлкен тұйық айдындардың бірі – 66 мың 458 шаршы шақырымды алып жатқан теңіздің тамшыдай бөлігін көздің қарашығындай қорғап қалуға тырысқан Қазақстан ғана. «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы негізінде Кіші Арал көздің жасындай боп қайта жылт етісімен, ел есі шыға қуанды.

Жаһандық жоба негізінде теңіздің теріскей бетінен осыдан үш жыл бұрын бой көтерген Көкарал бөгеті расында елге ризық әкелді. Кіші теңіз суға толып, балық базары қыза түскен еді. Алайда айдынның оралуымен жасанды көлдің олқылықтары да менмұндалап, әлі күнге дабыл қағарлық экологиялық проблемаларды туындатып отыр. Қиыншылықты көзбен көрдік, ақиқатын айтайық, жоба жасаушылардың ескермей кетуі себепті, су тоспасынан теңізге ағып кеткен балықтар кері жүзіп өтетін саңылау таба алмай, өрге шоршып қырылуда.

Жалпы, облыстағы балықтың 70 пайызынан астамы Арал теңізі мен оның маңындағы көлдерден ауланады. Бірақ «ауланады» дегеніміз – әдемілегеніміз, «алысқа арбаланады, талан-таражға» салынады» деу – шындық. Теңіздегі бригадалардан балықты тонналап тонап, тікелей сатып алып жатқан сырт саудагерлер, тіпті өзге елдер бизнесмендерін бақылап отырған бір жан таба алмайсыз. Қабырғаңды қайыстыратын жайт, үш жылдан бері тек Кіші Аралдан ауланған балықтың есебін шығарып, мемлекет қазынасын қорғаштап отырған мекемені көрмедік, суда саны жоқ «малға» кімнің жаны ашысын?! Бір жұбанарлығы, Арал ауданының прокуратурасы ғана етітірілік жасап, байлықты бақылауға тиісті Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік басқармасына қарасты инспекциядағы «қой баққан қасқырларды» қақпанға түсіріпті. Сөйтсе, инспекторлар бейкүнә жандардың сыртынан жалған хаттама толтырып, қағаз жүзіндегі «жұмыспен» айналысып келіпті. Жедел қимылдаған аудан прокуроры Әбдікәрім Абдуллаев:

– Заң бұзып, мемлекеттің материалдық мүдделеріне зиян келтірген екі қызметкер өткен жылы сотталып, биыл бастығының үстінен қылмыстық іс қозғалды, – деді. – Бір жыл ішінде қызметкерлердің басым бөлігі әртүрлі себептермен жұмыстан шығып, штат бойынша балықты қорғаумен айналысуға тиісті 13 мемлекеттік инспектордың бүгінде 5-еуі ғана жұмыс істеп жүр.

Сенген «серкелеріміз» сотталып жатқанда, тыйым салынған жерлерге қарамастан көзі ұсақ ау-құралдармен балық аулап жатқандар қарасы көбейе түсті. Аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаевқа назар салдық. «Менің ойымша, балықшыларға лимит, лицензия беретін аталған инспекцияның бақылау құзіретін де пайдаланып отырғаны дұрыс емес. Және су айдындарының дені біздің ауданда бола тұра инспекция басқармасының облыс орталығында орналасуы жағдайды күрделендіре түсуде. Соның кесірінен аудан аумағынан қаншама тонна балық тасылып жатыр» деді қынжыла.

«Үш ай қауыным, үш ай сауыным, үш ай қабағым, үш ай шабағым» деп, заманында қарақалпақ ағайын әпсана арнаған байғұс тайыз Аралдың дау-шарын арқалап, енді депутатқа сұрау салдық. Сыр бойынан Мәжіліске депутат болып сайланған Мұрат Әбенов балықтың тынысы тарыла бастағанын ғылыми тұрғыдан мәлімдеген-ді.

– Ғылымға жүгінсек, адам жылына 14 келі балық жеу керек болса, біздің мемлекетте бар болғаны 3-4 келі балықтан келеді, – деді ол. Бұл норманы орындау үшін еліміз бір жылда 300 мың тонна балық өнімдерін өңдеуі қажет. Жоғарыда айтып өткен келеңсіздіктің бір ұшы сала заңының сапасының төмендігінде жатыр. Осы олқылықты жою үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылап жатырмыз. Арал өңірінде бірнеше рет болып, халықпен пікірлесіп, он ұсынысты жобаға енгіздім. Мәселен, толықтыру бойынша уәкілетті орган енді балық аулау ережелерінің нормативтерін, лимиттерін өзі әзірлеп, өзі бекіте алмайды.

Әбеновтің әңгімесінше, балығымызды шикілей сатып, өзгенің өнімін сырттан тасуды доғару керек. «Баста «Кіші Аралдан 13 мың тонна балық ауланады» деп едік, нақты дерек бірнеше есе төмен екенін көрсетіп отыр. Мәселен, дария маңындағы көлдер жүйесіне бюджеттен қаржы бөліп, шабақ өсіреміз. Қынжыларлығы, өзен деңгейі түскенде майда балықтар теңізге ағып кетеді. Бұл да – проблема! Қысқасы, өзімізде өндірмей, өзегіміз талғаны – талған. Балықты аулау, өндіру, бизнесін дамытуға кешенді түрде мүмкіншілік жасауымыз керек. Дәлел ретінде айтайын, теңіз маңындағы Қызылорда қаласында балықтың келісі – 400 теңге болса, Астанада бұдан арзан» деді алақанын жая.

Бір балықтың өзінен бірнеше тағам түрін шығарып, инновациялық жолмен өңдегенде дәрі-дәрмекке дейін ыдыратуға болады. Жүрек-қан тамыр ауруларына үлкен ем, тіпті жуырда ғалымдар құрсақтағы шарананың миы дұрыс жетілуіне де балықтың пайдасы зор екенін дәлелдеді. Экзотикалык тағам теңіз балығы басқаларына қарағанда белок, В1, В2, В6, D12 дәрумендері, йод, фосфор, калий, магний, натрий, күкіртке байлығымен айрықшаланады. Ал біз Елбасының балық кластерін жасау тапсырмасын орындамақ түгілі, қолдағы барды қорғауға жарамай отырмыз.



Нұрбек ӘМИША
Қызылорда облысы