«Айқын» газеті
23 қаңтар 2009 жыл
«Салық кодексінен» ши
шықты
Алдыңғы күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бір шоғыр депутат қолданысқа күні кеше ғана берілген су жаңа «Салық кодексінің» кейбір бабының дүмбілез шикілігін айтып «дабыл» қақты. Сол күні Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына бір емес, екі дүркін депутаттық сауал жолданды. Олардың айтуынша, қолданысқа жаңа жылмен жарыса түскен құжаттың төрт құбыласы түгел емес. Су жаңа кодекстің ел мүддесіне жұмыс істеуден гөрі, алпауыттардың қалтасына барынша салмақ салмауға бейімделгені белгілі болып қалыпты.
Кеше Парламент Сенатының жалпы отырысында Төменгі палатадағы әріптестерінің «қиқуына» Сәрсенбай Еңсегенов, Қайрат Ищанов, Иран Әміров, Бақберген Доспанбетов, Жансейіт Сәрсенқұлов және Михаил Бортник сынды сенаторлар үн қосты. Заң шығарушылардың өздері қабылдануына себепкер болған «күшті» құжатқа бірталай уақыттан соң өздері қарсы болып шулап жататыны таңсық дүние емес... Бұл жолы да депутаттар «ештен кеш жақсы» дегенге ұқсайды.
Мұнай өндіру саласы Қазақ елінің қоршаған ортасын бұзып-ақ жатыр. Әсіресе, ілеспе газдарды жаққанда шығарылатын азот тотықтары мен күйе қалдықтары сынды ластағыш заттардың экологияға зардабы қатты тиюде. Сондай-ақ ауа арқылы жердегі өсімдіктерге де сіңетін улы заттар ісік аурулары мен орталық жүйке жүйелері ауруларының негізгі себепшісі болуда екен. Елімізде әртүрлі індеттерге шалдыққандардың мұнай өндіретін өңірлерде өзге аймақтарға қарағанда, салыстырмалы түрде көп болуы осыған айғақ. Тіпті ондай жерлерде ауру-сырқаулардың өсу қарқынының байқалуы бойға үрей кіргізеді. Алдыңғы күні осындай жаға ұстатарлық деректер келтірген мәжілісмен Марал Итеғұлов бастаған 13 депутат Салық кодексінің жаңа редакциясында мұнай өндіруші компаниялардың халықтың саулығы мен экологияға өлшеусіз шығын келтірсе де жауапкершіліктен мүлде босатылатынына айран-асыр... Мәселен, Ақтөбе облысында ауаны ластаушылар газ жағудың былтырғы көлемін сақтағанның өзінде, сол үшін мемлекетке былтырғыға қарағанда 50 есе аз сома төлейді. Мұндай сүреңсіздік мұнай шығаратын өзге облыстарда да көрініс тапқан. Мысалға, былтырғыға қарағанда, Ақтөбе облысының бюджеті 15 миллиард теңгеден астам, Атырау облысынікі 4.5 млрд, Батыс Қазақстандікі 4 млрд-тан астам, ал Маңғыстаудікі 4.6 млрд, Қызылорда облысының бюджеті 1.5 млрд-қа жақын қаржы түспей қалмақ.
Аталған Салық кодексін жасау кезінде құзырлы органдар мұнай саласындағы компаниялардың мүддесіне лобби жасады деген қауіпін бүгіп қалмаған Мәжіліс депутаттары Кәрім Қажымқанұлынан мемлекетке экономикалық орасан зардап әкелетін жайтқа қызметтік тексеру жүргізуді тапсыруды сұрады. Қазіргідей заманда қатені ушықтырмай дер кезінде түзеп жіберуді өтінді.
«Салық кодексінің» төрт аяғын тең баспай тұрғанын аңдаған қырағы көз депутаттардың бірі – Мұрат Әбеновтің сөзінше, мұндай олқылық әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында елдің әлеуметтік саласына салқынын тигізіп, әлеуметтік бағдарламалардың толық жүзеге асырылуына кері әсер етуі мүмкін. Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында ол былай деді:
– «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Салық кодексінің басты мақсаттарының бірі – жер қойнауын өндірушілерге салық жүктемесін ұлғайтып, басқа салаларға азайту болып табылады, – деді. Салық кодексінің 495-бабының 3-тармағына тек қана көмірсутектер, көміртотықтар және метан ластаушы заттардың төлем ставкалары ғана белгіленгеніне тоқталған Мұрат Абдулхамитұлының сөзінше, ілеспе газдарды жаққанда шығарылатын ластағыш заттар, азот тотықтары және күйе үшін төлем ставкалары мүлде белгіленбей қалған. Олардың қоршаған ортаны ластаушы және тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізетін зиянды заттар екені мәлім. «Ілеспе газдарды жаққанда шығарылатын Салық кодексіне енбей қалған азот тотықтары және күйе көлемін шартты тоннаға айналдырғанда, барлық ластаушы заттардың 92 пайызын құрайды» деген депутат жақында Бас прокуратураның жүргізген жұмыстары барысында Салық кодексіндегі қоршаған ортаны ластау үшін төлемдерді есептеудің осы аталған жаңа тәртібі жер қойнауын пайдаланушыларға салық жүктемесін 100 еседен аса азайтатыны анықталғанын айтып, әріптестерін таңғалдырды.
– Сол себептен, бұл мәселе мұнай өндіруші өңірлердің жергілікті бюджеттерінің орындалмауына алып келуі ықтимал, – деді алаңдаушылық білдірген М.Әбенов. – Мысалы, Қызылорда облысының бюджетінде қоршаған ортаны ластағыш заттардан түсетін төлем көлемі 1 млрд 500 млн теңге деп бекітілген. Дегенмен азот тотықтары және күйе үшін төлем ставкалары белгіленбегендіктен жергілікті бюджетке 1 млрд 220 млн теңге қаржы түспеуі және бюджеттік түсімдердің орындалмауы күтілуде. Бұл өз кезегінде әлеуметтік бюджеттік бағдарламалардың жүзеге асырылмауына алып келеді.
Мұның ақыры Қызылорда облысының онсыз да экологиялық ахуалын нашарлатып, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері әсерін тигізетініне шек келтірмеген Мұрат Әбенов Салық кодексінің 495-бабының 3-тармақшасына бірқатар нақты өзгерістер енгізуді қарастыруды сұрады. Ол ілеспе және табиғи газдарды алауларда жаққан үшін азот тотықтары және күйе шығарындыларына төлем ставкасын бекіту; метан көмірсутектерінің бір түрі болғандықтан, метан шығарындылары үшін төлем ставкасын алып тастауды ұсынған еді.
Ал кеше Сенаттың жалпы отырысында бұл тақырыпты жалғастырған Сәрсенбай Еңсегенов Үкіметбасы Кәрім Мәсімовке бағыттаған сауалында ел экологиясының мүшкіл халін осы жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі тіптен күрделендіріп жіберуі ықтимал деген қауіптің шетін шығарды.
– Егер де бұрын жер қойнауын пайдаланушылар қоршаған ортаға шығарған қалдықтары үшін эмиссияны 104 ингвид бойынша төлейтін болса, қазір олардың саны үшке дейін азайған. Сонымен бірге, әсіресе, еліміздің батыс өңірінде орналасқан облыстар үшін маңызды болып есептелетін мұнай саласындағы кәсіпорындардан төленетін төлемдердің ішінен меркаптан сияқты ингвидтер алынып тасталған.... Бұл ірі жер қойнауын пайдаланушылардың табиғатты қорғауға, оған қомақты қаржы салуға деген ықыласын тудырмайды. Керісінше, олар қоршаған ортаға неғұрлым көп эмиссия шығарып, аз ғана сома төлеуге мүмкіндік алып отыр, – деген сенатор, сондай-ақ қазіргі Салық кодексіне сай жергілікті атқарушы органдардың қоршаған ортаны өрескел түрде бұзатын жер қойнауын пайдаланушыларға мүлдем ықпалы жүрмей қалғанын айтады. «Ол бойынша, жергілікті атқарушы органдар тек қана заңмен белгіленген эмиссия мөлшерін екі есе ғана қоса алады. Ал шындығына келген кезде, ол қаржы жер қойнауын пайдаланушыларға қаржылық тұрғыдан ешқандай әсер ете алмайды. Сондықтан ол жерде де оның мөлшерін 20 есеге дейін көбейту қажет деген ойдамыз» деген Сәрсенбай Құрманұлы меркаптанның жоғарыдағыдай мөлшерде болмауына байланысты мемлекеттің миллиардтаған қаржыдан қағылып отырғанын жеткізді.
Премьер-министрге жолдаған сауалында С.Еңсегенов Атырау облысында дүниежүзіндегі ең көп күкірт, яғни 8 миллион тонна күкірт ашық аспан астында сақталып тұрғанын, бұл мәселенің соңғы 15 жыл бойы шешімін таппай келе жатқанын жазыпты. «Өкінішке қарай, жаңа Салық кодексінде аталған күкірттің статусы белгіленбеген. Мысалы, ол қалдық па, әлде пайдалы қазба ма? Міне, осыған байланысы бұл күкірттің өзін Салық кодексінде жасыл тізімде тұрса, қазіргі уақытта оны қызыл тізімге енгізуді қажет етеді. Себебі тек ғана осы жағдайда ғана біз бұл күкірт мәселесін шешуге мүмкіндік аламыз» деді сенатор өз сауалында.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ