«Хабар» агенттігі
14 сәуір 2009 жыл
Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтетін заң жобасы
Былтыр күзде жемқорлықты ауыздықтауға арналған Форумда Президент берген тапсырмаларды орындау мақсатында кейбір заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізетін заң жобасы дайындалды. Бүгін «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында өзге де саяси партиялар мен ұйымдардың және Парламент депутаттарының қатысумен аталған жоба талқыланды. Заң жобасын Қаржы полициясы дайындаған. 13 заң мен 4 кодексті өзгертіп, толықтыратын құжат, аталған агенттік жетекшісінің орынбасары Андрей Лукиннің хабарлауынша, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін қатайтады. Қаржы салаларындағы жемқорлықтың жолын кесуге, жалпы, жемқорлыққа баруға мүмкіндік беретін нормаларды алып тастауға бағытталған. Тек, бүгінгі талқылауда айтылған ұсыныстарға қарағанда, жетілдіретін тұсы әлі көп екені көрініп тұр.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ақпаратты толық жеткізбегеннен кейін заң бұзушылық болады. Бірде бір осы уақытқа дейін, жаңа жылдан бастап, жарияланған тендер қазақ тілінде ақпарат жоқ. Енді үш айдың ішінде ол ақпаратты бермегеннен кейін бұл тек ғана кішкентай ғана тіл заңын бұзғаны, бұзушылық деп есептеуге болмайды. Бұл нағыз коррупциялық заң бұзушылық.
Бұл, ел аузында «майшелпек рәсім» дейтін мемлекеттік сатып алуға қатысты пікір. Сонымен қатар, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындарына қатысты да қатаң талап қоймаса, болмайтын уақыт туды.
Андрей Лукин, ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес кәсіпорындарының жетекшілері, мемлекеттің 35 пайыз үлесі бар ұйымдардың басшылары жемқорлықпен ұсталса, оның субъектісі болып танылмақ. Яғни, олар да қатаң жауапкершілікке тартылады.
«Нұротандықтар» мүлік жөнінде жалпыұлттық декларация толтыру, тоймайтындардың айылын жиюына септеседі деп сенеді. Заң жобасында мұны 2010 жылдан бастау көзделген.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттегі қызметтегі адам ол туысқанының атына жазып қоюы мүмкін, мүлікті. Басқаның атына жазып қоюы мүмкін. Бірақ уақыт өтті. Екі рет бізде заңдастыру туралы екі рет заң қабылданды. Енді біз осылардың барлығының жариялылығын анықтап, халыққа толық жеткізуіміз керек.
Лукиннің айтуынша, заң жобасының тағы бір жаңалығы – жемқорлыққа қатысты қолданатын жазадан бұлтара алмайтын норма енгізілген. Әйтпесе, пара беруші мен парақордың әрекеті сотқа барғанда алаяқтық ретінде қаралатын кез аз емес.