«Егемен Қазақстан» газеті
№136-138, 17 сәуір 2009 ж.
ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНАДЫ
Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Сыбайлас жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күресті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заңының жобасы талқыланған дөңгелек үстел өтті.
Оған билік партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Әділет министрліктерінің, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік өкілдері қатысты.
Жиында аталған мәселеге байланысты сөз алған “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков заң жобасының 2008 жылғы 6 қарашада өткен партияның Саяси кеңес отырысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қоғамның көлеңкелі құбылысына қатысты көтерген мәселелерінің негізінде әзірленгендігін атап өтті.
Басқосуға қатысқан азаматтардың айтуынша, бұл заң жобасының мақсаты – жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күресті күшейтуге бағытталған заңнамалық жүйені жетілдіру, жемқорлық құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін қатаңдату, қаржы саласында орын алатын жемқорлықтың жолын кесу, жемқорлықты әшкерелеу және оған қарсы күрес жүйесін дамыту.
Жиын барысында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, т.б. күн тәртібіндегі мәселе бойынша ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстелде күн тәртібіне қойылған тағы бір мәселе – ол Парламент қабырғасында жатқан заң жобасында қаржы полициясы органдарына елдегі бұқаралық ақпарат құралдарын жемқорлықпен күресудің құралы ретінде пайдалану мәселесі. Сонымен қатар, басқосуда шенеуніктерді өздеріне мәлім болған жемқорлық сипатқа ие үдерістер туралы құзырлы органдарға хабарлап отыруға мәжбүрлеу мәселесі де жаңа заң жобасында қарастырылғандығы айтылды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ