«Айқын» газеті
2009 жылғы 4 сәуір
Ақ сөйле
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы: Болашағын ойлаған өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ мектебіне беріп жатыр
ЗАҢ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАБЫЛДАНЫП ОТЫР
– Мұрат Абдуамитұлы, бүгінгі таңда Парламентте талқыланып, қабылданып жатқан заңдар көп. Дегенмен сіз қандай заң жобасына баса назар аударып жүрсіз? Қай саланы тереңірек зерттедіңіз?
– Ең бастысы, қоғамда қажет болғанда ғана заң шығарылуы керек. Өмірде шешілмей жатқан өзекті мәселелер болса, басқа нұсқаулармен шешудің жолы болмаса, заңдарға өзгеріс енгізілуі тиіс. Немесе жаңа заңдар әзірленеді. Қордаланған проблемаларды шешетін сапалы заң қабылданса, оны орындауға халық та мүдделі болады. Ал егер заңды уақытынан кештеу қабылдасақ, қоғамға тигізер пайдасы да көп болмайды. Саяси партиялар, Үкімет, Парламент – бұлардың қайсысы болса да, саяси мықтылығын дәлелдеу үшін қоғамдағы кейбір өзгерістерді алдын ала болжай біліп, алдын ала заңдар шығару қажеттігін анықтай білсе, сол кезде сапалы билік деп есептеледі. Байқап қарасақ, кейбір заңды ертерек қабылдап, енді бірін кештеу енгізіп жатырмыз. Алдын ала қабылдасақ, ол ешкім түсінбейтін заң болады. Кешіккен заңдарда бұған дейін қордаланып қалған мәселелерге байланысты кемшіліктер көп жіберіледі.
– Өз уақытында қабылданған заң деп қайсысын айтар едіңіз?
– «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңды ертерек қабылдаған болсақ, сапасыз шығар еді, қажетті деңгейде жұмыс істеп кетпес еді. Енді бір адамдар қаржы дағдарысынан шығып алайық, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізуді экономикамыз жақсарған кезге дейін қоя тұрсақ қалай болады деген пікір айтады. Мен, керісінше, ең қажетті кезі қазір деп ойлаймын. Елбасының Жолдауындағы қаржы дағдарысына байланысты берген тапсырмаларының басым бөлігі жергілікті өңірді дамытуға арналып отыр. Яғни жаңа жұмыс орындарын ашу, адамдардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін жаңа мамандыққа оқыту, шағын кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, жастармен жұмыс жүргізу, әлеуметтік көмек көрсету, денсаулық сақтау саласының қордаланған мәселелерін шешу – барлығы жергілікті жерде атқарылуы тиіс маңызды іс-шаралар. Елбасының Жолдауында әр ауылға 50-100 млн теңгеге дейін қаржы бөлу қажеттілігі айтылды. Президент бұл қаражатты мәслихаттар бақылауға алатынын мәлім етті. Осы қаржының талан-таражға түспеуі тиіс екендігі қатаң ескертілді.
Сондықтан заң биыл ақпан айында дер кезінде қабылданып отыр. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның концепциясы еліміздің Конституциясына сүйенген. Ата заңымызда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі тәуелсіз екені, өз мәселелерін өздері шешетіні, өз құрылымдарын өздері жасайтыны жазылған.
– Өткен жылы Парламент Бюджет кодексін қабылдады. Онда жергілікті жерлердің өз бюджеті болатыны анықталды. Сіз айтып отырған заң да сол кодекспен тығыз байланысты емес пе?
– Иә, жалпы, бір заң жеке өзі жұмыс істемейді. Біз Салық кодексінің жаңа редакциясын қабылдадық. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындарға жеңілдіктер қарастырылды. Бюджет кодексі жаңадан қолданысқа енді. Бюджет қаражатының жергілікті жерде қалай бөлінетіндігі айқын көрсетілді. Сол секілді «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң да жетілдірілді. Осы төрт заң бір-бірімен тікелей байланысты. Қоғам тарапынан әр ауылда әкімдердің жұмсайтын қаражаты болса екен деген талап қойылып келді. Бюджет кодексі осы сұрағымызға жауап берді. Қаржыны жұмсаудың негіздері жасалып, 15 бағыты анықталды. Оның ішінде көше тазалығын сақтау, жарық орнату, балалардың мектепке дейін баратын қатынасын реттеу, ауызсу мәселесін шешу және басқа қызметтер қамтылған.
Екінші мәселе туындап отыр. Егер әр ауылдың өз бюджеті болса, қаражатты әкім жұмсайтынын ескерсек, оның жанында мәслихат сияқты тағы бір орган болуы керек. Ауылда салық жинайтын салық инспекциясы болуы қажет. Бірнеше ғимарат керек болады. Қосымша қызметкерлер алынуы қажет. Қазір Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің саны 100 мың болса, ал әлгіндей қосымша шығындарды жүзеге асырсақ, қызметкерлердің саны 200 мыңдай болары сөзсіз. Бюджет кодексіне сәйкес аудандық, қалалық мәслихат қаражаттың бөлінуін әкімдердің ұсынысымен реттеп отырады. Ауыл әкімдерінің ұсынған жобалары да аудандық мәслихаттың талқысынан өтеді. Егер Бюджет кодексін қабылдамаған болсақ, бүгінгі күні біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құра алмас едік. Қазіргі кезде республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бюджеттерді қосқанда барлығы 250 қаржы құжаты бар екені анық. Осының өзі аз емес. Егер әр ауылдың жеке бюджетін жасасақ, 2,5 мың бюджет құжаты қабылдануға тиіс болар еді. Бұл – игеруге өте қиын жүйе. Мемлекет қаражаты тиімсіз жұмсалар еді. Бар мәселені қаржы шешетіні белгілі ғой. Бюджет кодексі көптеген түйінді мәселелердің шешімін тауып берді.
– Заң қоғам қажеттілігінен туады. Сіз депутаттық қызметте жүріп, заң шығару ісінің қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
– Заң қоғамды реттеуші құрал болса, заң шығару қызметін бір жағынан ғылым, зерттеу жұмысы деп алар едім. Сапалы заң шығару үшін көптеген зерттеулерге арқа сүйейсің. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңды қолға алмас бұрын, шетелдің мықты тәжірибелерін қарап шықтық. Еуроодақтың мамандарымен кездесіп, жұмыс тобын құрып, олардың ғылыми-зерттеу тұрғысында көмегін алып, арнайы жобаның бағдарын жасадық. Шетел заңдарының тек қана жетістіктеріне емес, қандай кемшіліктері болған болса, соған да назар аудардық. Мысалы, Англия, Франция, Германия, Польша елдерінің заңдарына назар аудардық. Біз жақсы тәжірибе жинақтадық. Еуропада жергілікті өзін-өзі басқару хартиясы бар. Ол жақсы тәжірибелердің жинағы іспеттес. Заң жобасы Мәжіліске келіп түскенде жұмыс тобын құрып, ғалымдарды, заң жобасын дайындағандарды, министрлік өкілдерін және мәслихат депутаттарын отырысқа шақырдық. Оның бізге көп пайдасы тиді. Олардың әрқайсысының пікірін тыңдадық. Бастапқыда алуан пікірлер ортаға тасталды. Аталған заңның әрі қарай тиімді жұмыс істеп кететініне бар мүмкіндік жасалды.
– Осы аталмыш заңды қабылдау туралы сізге дейінгі бұрынғы шақырылымның депутаттары да бірнеше рет мәселе көтеріп жүрді.
– Бұған дейін қабылданбай келгендігінің негізгі себептерін жоғарыда айтып өттім. Атқарылған істер, мемлекеттегі өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында осы мәселені жақсы айтып өтіпті. Егемендік алғаннан кейін нарық экономикасын құруымыз керек болды. Саяси-демократиялық реформалар жасап, туындаған көптеген экономикалық проблемаларды шешуіміз қажет болғанын жақсы білесіздер.
Елбасы аталған кітабында еліміз дами келе облыстар, қалалар мен ауылдар өз экономикасын реттеп, салық жүйесі жолға түсетінін, шағын және орта кәсіпкерлік саласының алға басатынын жазған. Сол кезден бастап біз өзін-өзі басқару жүйесіне көшпесек болмайды.
Біз заң жобасын талқылау барысында Мәжілістің бұрынғы шақырылымы депутаттарының, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын қабылдап, тиянақты қарап шықтық. Баспасөзге жарияланған материалдарды да қалыс қалдырған жоқпыз. Соның нәтижесінде заң толыққанды болып шықты деп есептеймін.
– Ауыл адамдары бұл заңның игілігін қашан көреді?
– Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері болады. Оның бәрін жоғарыда отырған орган шеше алмайды. Әрі оның қандай жолдары бар екендігі жергілікті басқару органдарына жақсы таныс. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізудің қажеттігі енді туындады.
Ана бір жылдары ауылдық жерде ауыл шаруашылығы тиімсіз болды, автокөлік жолдары сын көтермейтін жағдайда, ақпараттық-коммуникациялық жүйе дұрыс дамымады. Ал енді қараңыз, ауылда экономикалық жағдай бірте-бірте дұрысталып келе жатыр. Бидай мен күріштің бағасы, мал өнімдерінің бағасы өсе түсті. Шаруа қожалықтары өз алдына дербес қызмет істей алатындай жағдайға жетті. Ауылға техника барды. Жақсы мамандар да тұрақтай бастады. 1990 жылдардағыдай қалаларға жаппай көшу тоқтады. Ауыл тұрғындары нарық экономикасының заңдылықтарымен жұмыс істеуді үйренді. Енді ауыл адамдары бұрынғыдай емес, билік бұтақтарын өздері қалыптастыруды талап ете алатындай жағдайға жетті. Бұл – өмірдің заңдылығы. «Қаладағы халыққа қалай қызмет көрсетілсе, бізге де сондай мүмкіндік жасалуы тиіс. Яғни қалада қандай жол, су, коммуналдық жүйе болса, қызмет көрсету орындары бар болса, соның бәрі ауылға жетуі қажет. Ауылда білім беру, денсаулық сақтау жүйесі де жоғары деңгейде болуы керек» деп бізден талап етеді.
– Өңірлерге барып кездесулер өткізген кездеріңізде тұрғындар тарапынан қандай пікірлер айтылды?
– Бір мысал келтірейін. Елбасының биылғы Жолдауын насихаттау мақсатында өңірлерге бардық. Қызылорда облысының Айдарлы ауылында болдым. Менің қабылдауыма бір топ ауыл әйелдері келді. Олар: «Ауылда шаруа жақсы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы дамып келеді. Күн көрісіміз бар. Бірақ ауыл шаруашылығындағы жұмыс науқандық болып келеді. Жаз бойы жұмыс болады да, күзде, қыста жұмыссыз отырамыз. Әсіресе, әйелдерге лайықты жұмыс аз. Бізге жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы бермей-ақ қойыңдар. Несие алуға көмектесіңдер. Біздер ұлттық бұйымдар жасар едік. Кілем тоқып, құрақ көрпе жасап, балалардың ұлттық киімдерін тігейік. Жұмыс орнының қажеті жоқ. Үйдің бір бөлмесінде отырып жасай береміз. Бухгалтердің де қажеті жоқ. Бізге көмек берілмесе де, осындай пайдалы іспен айналысуымызға тексеру органдары кедергі жасамаса екен» деген тілегін жеткізді. Бұл да ойланатын жайт.
Тұрғындар кездесуге көп жиналды. Шешімін тапқан бір мәселе бар екен. Ауылда Кеңес өкіметі дәуірінде де шешімін таппаған ауызсу мәселесі халықтың арманына айналған ғой. Тәуелсіздік алғаннан бері бірінші рет ауызсумен қамтуға 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ауыл ақсақалдары сол жерде бұрын болмаған жаңа бір ұсынысты алға тартты. «Ауызсуға қаржы бөлгені үшін Елбасынан бастап бәріне алғыс айтамыз. Су құбырын жүргізетін компанияны тендер арқылы анықтадыңыздар. Бізге енді осы су құбырын тарту жобасының көшірмесін беріңіздер. Себебі бұл ақша мемлекеттікі, яғни халықтың ақшасы. Балаларымыз жұмыс істеп, салықтарын төлеп жатыр. Құрылысты сапалы жасамай, су құбыры бір-екі жылдан кейін істен шығып жатса, оған кім жауап береді? Қаражаттың қалай жұмсалатынын өзіміз бақылаймыз» деді ауылдың белсенді ақсақалдары.
Бұрын мұндай батыл қадамдар болған жоқ. Соның нәтижесінде ақша талан-таражға түсті. Суға бөлінген қаржы құмға сіңгендей жоқ болды. Өткен жылы еліміз бойынша су жүйесін дамытуға бағытталған 80 млрд теңге тиімсіз жұмсалды. Немесе Аралдың аумағын ұлғайтамыз деп қаншама қаржы бөлінді? Ақлаққа су жеткізу жобасын бітірдік деп рапорт берілгелі қашан? Біріншіден, ол жобаны 1 млрд теңгеге қымбаттатып жіберді. Екіншіден, төрт-бес жыл болды әлі біткен жоқ. Сол өңірде 15-20 мың адам тұрады. 30 мың гектар көл бар, сусыз тұр қазір. 10 мың гектар шабындық бар, ол да сусыз, кеберсіп жатыр. Егер бастапқыда бөлінген қаржыны жергілікті тұрғындардың бақылауына берілген болса, Ресейден келген «ЗарубежВодстрой» деген компания ақшаны алып, қашып кетпес еді. Әрине, министрліктің Су комитеті алыстағы ауылдың су құбырын қазу үшін мына жақта отырып, тендер жариялайтыны ақылға қонбайтын іс екені анық. Сондықтан ендігі жерде жергілікті жердің өзі шешуіне баса мән беріледі. Сол кезде қолға алынған іс бақылауда болады, қаржы мақсатсыз жұмсалып кетпейді, жемқорлыққа да жол берілмейді. Мұндай тәсіл халыққа да, мемлекетке де тиімді.
– Жергілікті басқарудың басқа жолдары да қарастырылды ма?
– Тағы бір принципиалды мәселе бар. Оны айтпасақ болмайды. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құруда бірнеше көзқарастар бар. Біреулер әкімшілік, мәслихат емес, өзін-өзі басқару жүйесін жаңа түрде құруымыз керек деп есептейді. Кеңес, жамият деп құрамыз ба деген ұсыныстар айтты. Бұл жүйе әкім мен мәслихатқа бағынбайтын болуы керек дейді. Осы жерде сұрақ туындайды. Сонда мәслихаттар қайда кетеді? Мәслихаттардың бақылайтын жұмысын олар да қайталап істейтін болады. Сонда қаншама қосымша ғимараттар салуымыз керек болады? Қажеті жоқ жұмысты атқаратын қызметкерлер пайда болады. Бұл тиімді ме? Әрине, жоқ.
Әкімдіктер мен мәслихаттар жақсы жұмыс істеді. Әсіресе, соңғы жылдары мәслихаттың рөлі артып келеді. Ел ішіндегі ынтымақтың жарасып тұрғаны жергілікті жерде ұйымдастырып жүрген азаматтардың еңбегі. Ендеше, қалыптасқан жүйені бұзып, неге жаңаша бастауға ұмтылуымыз керек? Бар жүйені жетілдіре түсуіміз керек. Мәслихаттың құқықтары мен мүмкіншіліктерін ұлғайтайық. Әкімдердің шешімдерін мақұлдап қана отыратын ұйым ретінде қалыптастырмай, атқарушы билікке тәуелсіз қылайық. Әкімдердің жұмысына дұрыс бақылау жасайтын болсын. Бүгінгі таңда әкімдер мәслихаттың қолдауымен тағайындалатыны анық. Әкімдер мәслихат алдында есеп беріп отырсын. Ауданның, қаланың бюджетін бөліп қана қоймай, оның жұмсалуына бақылау жасайтын құзыры болуы тиіс. Осындай деңгейге жеткен мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару принциптеріне сәйкес келеді. Еуропалық хартияның ұсынымдары да сондай.
– Кейбір адамдар: «Арнайы заң шығарғанмен де көп өзгеріс бола қоймайды ғой. Бұрынғы мәслихат сол күйінде қала береді. Әкімнің жұмысында да өзгеріс болмайды» деген уәж айтады. Сіз қалай дейсіз?
– Мен бұған бір мысал келтірейін. Қызылорда облысында 2007 жылға дейінгі мәслихат сайлауларында депутаттардың 70 пайызын бюджеттік мекеме қызметкерлері құрады. Ал 2007 жылдан кейін өткен сайлауда мәслихаттың шамамен 70 пайызы жеке кәсіпте істейтін адамдардан немесе қоғамдық ұйым өкілдерінен құрылғаны айқындалды. Яғни бюджетке қатысы жоқ, әкімге тәуелді емес азаматтар сайланды. Өзге өңірлерде де осындай жағдай орын алды деп ойлаймын. Бұл да заңдылық. Егер экономиканың 70-80 пайызы жекенің қолында болса, олардың да шешілмеген мәселелері бар. Солардың мүддесін қорғайтын азаматтың мәслихатта отыруы заңдылық. Енді бұлар бұрынғы мәслихаттар секілді шешімдер шығара ма, әрине, жоқ.
Әр өңір бойынша жаңа бастамалар көтеріліп жатқанын біліп отырмыз. Мысалы, мәслихат төрағалығына әкім ұсынған кандидатураны депутаттар қолдамай, басқа адамды сайлағандығы жөнінде баспасөзден оқып жүрміз. Немесе бір өңірлерде мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөнінде ұсыныс жасалғаны, қажетті құжаттар дайындалып жатқаны да жазылды. Керек десеңіз, қазір мәслихаттар Сенат депутатын қайтарып алуға мүмкіндігі бар.
Мәслихат депутаты бюджет қызметкері болса, ол қанша дегенмен де жұмыстан қысқарып қалмауын ойлайды да, әкімдікке тиімді шешімге қолдау білдіретіні жасырын емес. Ал жеке кәсіпкер не қоғамдық ұйым өкілі мәслихатқа келген соң, жаңаша леп ала келді деп ойлаймын. Өйткені жеке кәсіпкерлік иелері қаржы дағдарысының әсерін де көбірек сезініп отыр. Сондықтан жергілікті жерде олардың өміршең шешімдер қабылдайтынына сенуге болады.
– Заң жобасы қаралған кезде сіздердің ұстанымдарыңызға қайшы келетін ұсыныстар болды ма?
– Иә, әртүрлі ұсыныстар жасалды. Соның бірі республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті «Мәслихат депутаттарының ревизиялық комиссиясын Есеп комитеті басқарсын, оларды тағайындайтын болсын» деген ұсыныс енгізді. Бірақ бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тұжырымдамасына сәйкес келмейді. Мәслихат депутаттарынан құралған тексеру комиссиясы да, Есеп комитеті де бір-біріне бағынышты емес, өз алдына жеке болуы тиіс. Есеп комитеті мәслихаттарға хат жазып, өздері арқылы комиссия құрамы тағайындалатыны жөнінде ескертіпті. Соған орай, мен еліміздің Бас прокурорына және Есеп комитетіне ұсыныс бердім. Ұсынысым қабылданды.
Бұрын Конституцияның 5-бабында қоғамдық және мемлекеттік құрылымдар бір жүйеде болмауы керек деген талап бар еді және Ата заңымызда мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес ұйымдарға беруге болмайды деген тармақ болды. Егер мәслихатты жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі түрінде енгізетін болсақ, ол Конституцияға сәйкес келмейтін болды. 2007 жылы Елбасы бастамасымен конституциялық реформа жасалды. Осы мәселені шешу үшін Ата заңға өзгерістер енгізілді. Қоғамдық және мемлекеттік институттардың бір жүйеде болмайтындығы жөніндегі талап алынып тасталды. 2007 жылғы реформалар өтпей тұрып, біз осындай жүйені қалыптастыра алар ма едік? Әрине, жоқ. Біз Конституцияға қайшы келген болар едік.
– Конституцияға қайшы келсе, заң жоба да қабылданбайды ғой?
– Иә. Реформа жасалған соң, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ретке келтіретін заңды қабылдауға жол ашылды. Ендігі жерде облыс әкімі Президенттің, Үкіметтің өкілі ғана емес, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің атқарушы органы болып табылады. Ал мәслихат – жергілікті билік жүйесінің өкілетті органы. Аудандық деңгейде де осындай құрылым сақталады.
– Ал ауылда қалай болмақ?
– Ауылдық жерде мәслихат немесе кеңестер құрудың қажеттілігі жоқ деп табылды. Жаңадан штаттар ашу керек болады, көп қаржы қажет. Ауыл әкімдері де екі функцияны атқарады. Ал мәслихаттың орнында жергілікті тұрғындардың жиыны шақырылатыны қарастырылды. Қажеттілік туындаған кезде ауыл әкімі тұрғындарды жинап, барлық өзекті мәселелер жөнінде ақылдасады. Ауыл бюджетін қалыптастырған кезде тұрғындармен ақылдасуы жөнінде талап қойылған. Ауыл әкімінің үстінен аудан әкімі мен мәслихат қарап отырады. Ауыл әкімі аудандық мәслихатқа барып есеп береді, ауыл бюджетін қорғайды. Аудандық мәслихатта тексеру комиссиясы да бар. Ендігі жерде осы тексеру комиссияларының құзыры күшейтілетін болды. Өз аппараты құрылады. Мәслихаттың рөлі күшеюімен қатар, оның депутаттарының жауапкершілігі де арттырылды. Енді мәслихат депутаттары жылына кемінде бір рет тұрғындардың алдына барып есеп беруге міндетті. Бұрын мұндай талап жоқ еді.
– «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңы өз деңгейінде жұмыс істеп кетсе, ауылдың жағдайын жақсартады, Қазақстанның өркениетке бастауына жол ашады деуімізге бола ма?
– Дәл солай. Сондай нәтижеге жетеміз деген үміттеміз. Бірақ заң шығару бұл – жұмыстың он-ақ пайызы. Алғашқы кезеңде түсіндірме жұмыстарын жүргізу, ұйымдастыру, істі бастап кету үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Мысалы, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданғаннан кейін реформа төрт-бес жыл бойы жүргізілді. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар, сауатты, білікті мамандар жұмыс істегеннің өзінде, байқау өткізу, аттестациялау шараларын бір жүйеге келтіргенше біраз уақыт қажет болды.
АР САҚТАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ
– Біраз адамдар «Мемлекеттік қызметте неге мемлекеттік тілді білмейтіндер отырады» деген заңды сұрақ қояды. Сіз не дейсіз?
– Кейбір басшылар мемлекеттік тілді білмегендіктен, тіл білетіндерді қажет етпейтін шығар деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік тілді білу – міндет. Бүгінгі таңда екі тілді білген азамат жұмысты жақсы істейді. Себебі екі тілде де ақпарат ала алады. Қоғамның ауа райын айқын сезініп отырады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің мектептерінде қазақ тілінде білім алатындар 30 пайызды құрайтын-ды. Қазір мектептердегі оқушылардың 60 пайызы қазақша оқиды. Болашағын ойлаған өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ мектебіне беріп жатыр. Қазақ мектебінің түлектері үш тілді меңгеріп шығады. Бұл да үлкен байлық. Қазақ мектебін бітірген жастар енді бір бес-он жылда әр салаға, оның ішінде мемлекеттік қызметке келеді. Ол кезде қазақша білмейтіндер ойланатын болады.
– Жаңа бір сөзіңізде заңды түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын айттыңыз. Заңды халыққа жеткізуде, қоғамның тынысын көрсетуде БАҚ-тың алатын рөлі зор. Бүгінгі баспасөздің бағыты қалай?
– БАҚ-тың рөлі күшейіп келе жатыр. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметкер болсын, жеке кәсіпкер болсын баспасөздің көмегіне сүйенеді. Себебі қоғамдық пікірдің рөлі күшейді. Екі министр газет арқылы бір-бірімен айтысып жатады. Бұл да өмірдің жаңа көрінісі. БАҚ-қа қаражатты көбірек берсек, бізге сапалы түрде ақпарат беруді қамтамасыз етеді. Жақсы материалдарға көлемді қаламақылар қойылса, халық іздеп жүріп оқитын дүниелер жарық көретіні жасырын емес. Газеттер биліктің сөзін халыққа жеткізуші ғана емес, керісінше, халықтың сөзін де жеткілікті деңгейде жариялап отырса, биліктің сапалы шешімдер қабылдауына оң ықпал жасайтыны анық. Өйткені халықтың ой-пікірімен санаспаған елдің болашағы болмайды.
Сонымен қатар сын материалдар көбірек болуы керек. Бірақ «Сын шын болуы керек» деген қағида естен шықпағаны абзал. Дүдәмал деректермен асығыс материал жариялап жіберсе, жәбірленуші жақ баспасөзді де, журналисті де сотқа тартуы мүмкін. Сараптамалық, зерттеу материалдарына көбірек мән берілгені жөн. Жадағай, асығыс жазылған мақаладан гөрі, зерделі дүниелерді халық сүйсіне оқиды.
Қызметте жүрген әрбір азамат газет бетіне өзі жайлы сын материал шығып кетпеуі үшін әрбір қадамын ойланып басқаны жөн. Әкімшілік жауапқа тартылса, қылмыстық іс бойынша жауап берсе, ол санаулы жылдан кейін қалыпқа келіп, шығынын төлеп, айыбын өтеуі мүмкін. Ал БАҚ-та жарияланған бір материал оның ғұмыр бойына жетеді. Тіпті ұрпақтарының да бетіне шел болатыны анық. Көлеңкеде жүріп жан сақтайтын емес, абыройлы қызмет атқарып, ар сақтайтын кез келді! Мемлекеттік қызметшінің өз абыройына дақ түсірмеуіне баса мән беретін уақыт келе жатыр.
– «Айқын» газетінің ұжымына, оқырмандарына айтар тілегіңіз?
– «Айқын» газеті қазір ел тұрғындарының көңілінен шығып тұр. Бес жылдың ішінде биік белеске көтерілді. Сараптамалық материалдарды жиі береді. Бір тақырыптар бойынша журналистердің зерттеу мақалалары жарияланып жүр. Ондай кесек дүниелер жақсы оқылады. Ішкі мүмкіндіктерді пайдалану арқылы еліміздің барлық өңіріне таралса, өзінің көрнекті сайты арқылы әлемге тарап отыр. Ғаламтордан «www.аіkyn.kz» сайтын ашқанда, шетелдегі қандастарымыздың да жарияланған материалдарға жазған пікірлерін көріп жүрміз.
Журналистер тек қана шындықты жазсын деп тілеймін. Оқырмандар «Айқын» сияқты ұлтымыздың рухани байлығын дәріптеген басылымдарға қолдау көрсетіп, «Бұл менің газетім!» деп мақтанышпен алуы қажет. Өзекті тақырыптар бойынша жазатын оқырмандар көбейсе, басылымның да беделі арта түседі.
Сонымен қатар қазақ тілді басылымдар тек қазақша сөйлейтіндерді ғана емес, өзге тілде сөйлейтін, қаржы мен экономиканың қыр-сырын жетік білетін азаматтарды сөзге тартып, пікірлерін қазақшаға аударып берсе, одан да ұтарымыз көп болмақ. Өйткені бүгінгі таңда Қазақстанның қабылдап жатқан заңдарының 70 пайызы экономика саласына бағытталған. Саясат мәдениет, өнер немесе тарих емес. Қаржы дағдарысының қыспағынан елді алып шығу – басты мақсат. Қанша заң шығарып, экономикалық өзгеріс жасағанмен, ел тұрғындарына қаржы жүйесінің тетіктерін түсіндірмесек, несиені қалай алу керек, қаржы қоры қалай жұмыс істейді, үлескерлерге қандай мүмкіндіктер жасалып отыр, экономиканың ондаған даму жолдарын ұғындырмасақ, Ислам банкінің елімізге келуін, олардың ұсынысын халыққа жеткізбесек, заңдар қағаз күйінде қалады. Осы орайда БАҚ-тың алатын орны айрықша.
Айталық, ғаламтор желісінде қазақ тіліндегі ақпараттар өте аз. Мысалы, мемлекеттік сатып алу туралы қазақ тілінде ақпарат жоқ. www.goszakup.kz деген сайт бар. Оның өзі «Госзакуп» деп орысша алынған. Сол сайтты ашсаңыз, осы уақытқа дейін бүкіл тендердің барлығы тек қана орыс тілінде жарияланды. Қазақ тілінде білетіндер қатысуы керек пе? Бүгінгі күні бес мың адам электронды түрде конкурсқа қатысатыны жөнінде ұсыныс берген. Соның жартысы Алматы, Астана және Қарағанды тұрғындары. Қалғанын бүкіл Қазақстаннан түскен ұсыныстар құрайды. Атырау, Қызылорда облыстарынан бар болғаны 7075 адам қатысамын деп тіркелген. Қазақ тілділерге үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы тендерге қатысуыңа болады деген ақпараттар беруіміз қажет.
– Еліміздің өңірлерін дамытуға қатысты жан-жақты әңгімелеп бергеніңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Айбатыр СЕЙТАҚ, АСТАНА