«Алтын орда» газеті
№24, 2009 жылғы 11-17 маусым
«Байқоңырдан» «Байтерекке» дейін
«Байқоңыр» қазақтың бағы ма, сор ма?» деген сауал, әсіресе, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қойылады. Алайда, шығып жатқан нәтиже, қазақылыққа қарай өзгеріп жатқан өркенді өріс жоқ. Неге?
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновпен бұл жолғы тілшіміз әңгімесінің алтын арқауы да осы салмақты сауал төңірегінде өрбіді.
– Мұрат Абдуламитұлы, «Байқоңырдың» аты ғана емес, заты да қазақтікі болатын күн туа ма, әлде пайдасын да, қызығын да Ресейге беріп қойып, отыра береміз бе?
– Сіздің бұл сұрағыңыз Елбасының «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде айтылған идустрияландыру-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру міндеттеріне келіп тіреледі. Неге? Бүгінгі күні еліміздің экономикалық болашағын қалыптастыру үшін біздің міндетті түрде инновациялық көзқараспен қарап, жаңа өндіріс, жаңа экономикалық салаларды дамытуымыз қажет. Яғни қай салада ұтымды өндіріс жасауға болса, соны жасауға тиіспіз. Сол тиімді саланың бірден бірі – ғарыш.
Мен өз сөзімді дәлелдеп көрейін. Біріншіден, ғарыш – дүниежүзіндегі аса тиімді де пайдасы көп сала. Рас, ғарышқа әлемде әртүрлі көзқарас бар. Біреулері мұны бір-бірінен қалыспай, бірі біріне көрсетіп, имиджін қалыптастырудың аса қымбат «ойыншығы» ретінде көреді. Егерде, басты мақсат тек осы болатын болса, қазірлі қаржылық-экономикалық дағдарыс кезінде ондай қымбат «ойыншықпен» ойнау үлкен қаржыға түсетіндіктен, ғарышты дамыту жалпы тоқтап қалатын еді. Бірақ қарап көрсек, олай емес. «Байқоңыр» ғарыш айлағы ашылғаннан бері одан 300 зымыран ұшырылса, оның 30-ы өткен жылы ұшырылыпты.
– Соңғы кезде Ресей ақшаға қызығып, коммерциялық ұшырылымдарды есепсіз көбейтіп жіберген жоқ па?
– Әңгіме онда ғана емес, экономикалық пайдасында болып отыр.
– Дұрыс. Ал, одан қазаққа келіп отырған пайда бар ма?
– Пайдасы болу үшін біздің өзіміздің жұмыс істеуіміз керек. Мысалы бүгінгі күні Америка жылына ғарышты дамытуға – 16,8, Жапония – 5, Қытай – 1,5, Ресей 1 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Өкінішке орай Қазақстан ондай молынан қаржы салуға дайын емес. Ал, қаржы салар болсақ, одан пайда тапқан болар едік. Өйткені Американың ғарышпен айналысатын компаниялары бір доллар 5-6 доллар пайда түсіретіндігін айтады. Ресейдің де жұмсаған қаржысы өз қайтарымын беріп отыр. Сондай-ақ, бүгін Ресей және басқа да мемлекеттер мұнайға қарағанда ғарыштан көбірек пайда табатындықтарын білдіруде. Неге десек, ғарыштың технологиялық тиімділігі жоғары. Сондықтан біздің ел де осындай пайда тапқысы келсе, қаржы салуына тура келеді. Ол үшін бұған мемлекеттік көзқарасты қалыптастыруымыз керек. Қазір, әйтеуірі, Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, жұмыс істеуде. Оған дейін Көлік және коммуникациялар министрлігінің, одан кейін Білім және ғылым министрлігінің құрамында комитет болып, саланы дамытуға дұрыс көзқарас болмаған еді. Оның бір себебі – ғарыштың экономиканың бір саласы ретінде емес, көбіне ғылымның бір буыны ретінде қаралуында.
Және ғылым өндіріске жұмыс істеуі тиіс болғанмен, дұрыс кадрлар және ғарыш саласын білетін басшы болмады, мұнымен қоса қаржы қарастырылмады, Осының бәрі айналып келгенде, ғарышты дамытуға бөлінген азды-көпті қаржының өзінің талан-таражға түсіп, кейбір идеялардың жүйелі болмауына әкеліп соқты. Әркім әр жаққа тартты. Мысалы, жоғалып кеткен «КаzCAT» жерсерігін алайық. Ресеймен келісім-шарт жасасып, өзіміздің жерсерігімізді ұшырғымыз келді, әрі оның пайдасын көретінімізге сендік. Ол сенім ақталмады. Бұл ретте жерсерігін жасаудан тәжірибесі жоқ Ресейдің М.В.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығымен келісім-шарт жасасуымыз қателік болды. Осылай ұрынып қалмас үшін зымыранды Ресейден алғанмен, жерсерігін басқа мемлекеттерден, мәселен, Франциядан да алуымызға болатын еді. Бірақ осыны мойындатып, өзіміздің көзқарасымызды табандылықпен қорғай алатын маман адам, басшы болмады. Мен сол кезде ғарыштық саланы жетік білетін Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев сияқты білгір азаматтар болғанда, «КаzCAT» жерсерігінің тағдыры басқаша болуы әбден мүмкін еді, деп ойлаймын. Сонымен қатар, өкінішке орай «КаzCAT-2» спутнигіне байланысты зымыранды да, жерсерігін де Ресейден алуға байланысты сол кезде келісім-шарт жасалып қойылыпты.
– Қазір оның күшін жою шаралары жасалып жатқан жоқ па?
– Бүгін келісім-шарт бойынша жұмыстар жүргізілу үстінде екені рас. Онда зымыран Ресейдікі болғанмен, жерсерігін басқа мемлекеттен алу мәселесі сөз болуда. Осыған орай Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабев Қазақстан, Ресей екі мемлекеттің де генералы, әрі батыры болғандықтан, сөзі жүріп тұр.
– Жерсерігін қандай мемлекеттерден алу қарастырылуда?
– Менің білуімше, Израильмен, Франциямен келіссөздер жүргізілуде.
– «КаzCAT» жерсерігіне жұмсалған 65 миллион доллар желге ұшып кеткен қалпында қала ма, әлде өтемақы төлене ме?
– Бұл жерде мәселені талдап алып қарайық. Осы жұмсалған 65 миллион доллардың жартысынан астам бөлігіне жерсерігін ұшырудың жердегі навигациялық құрал-жабдықтары сатып алынды. Астананың жанындағы Ақкөлде басқару орталығы ашылып, жабдықталды. Арнайы мамандар оқыттық. Жерсерігі жоғалып кеткенге дейін біраз пайдасын көрдік. Бұл – жұмсалған қаржының белгілі бір көлемі осыларға кетті деген сөз. Өтемақы мәселесін натылай түссек, жерсерігі үлкен жоба болғандықтан, оны бір емес, бірнеше сақтандыру компаниясы бірігіп сақтандырған екен. Осыған байланысты сақтандыру өтемақысын алу рәсіміне біраз уақыт кеткелі отыр.
– Сонда қаңғып кеткен жерсерігіне жұмсалған қаржының орны толады дейміз бе?
– Әрине. Дегенмен шығынның орны толады дегенмен, біздің мақсат бұл емес. Егерде, жерсерігі жұмысын тоқтатпағанда, біздің елге бірнеше миллиард доллар пайда әкелген болар еді. Бірақ бірінші жерсерігі үмітті ақтамады, аузымыз күйді, деп, ғарышты игеруден бас тартпауымыз қажет. Мүмкіндігінше бұл салаға молырақ қаржы салғанымыз дұрыс.
Ғарышты дамытудың тиімділігіне мен тағы бір мысал айтайын. Ғарышты игеру тиімді болмаса, өздерін ғарыштық мемлекет санайтын елдер өз қатарына жаңа ғарыштық мемлекеттердің қосылғанына қарсы болмас еді. Мәселен, биылғы жылдың сәуір айының басында Солтүстік Корея өзінің жерсерігін ұшыруға әрекет жасады. Оның әскери мәселеге қатысты екеніне ешқандай дәлелі жоқ. Сөйте тұра мықты ғарыштық мемлекеттер: «Бұл әскери мақсаттағы ұшырылым. Соңы жақсы болмайды. Зияны тиеді», – деген секілді уәждер айтып, оған қарсылық білдіріп, байбалам салды. Ақиқатына келгенде, мұндай байбалам салуға негіз жоқ болатын.
– Бұл ненін көрсетеді?
– Өйткені бүгін ғарыштық салада нарықты бөліп алған белгілі мықты компаниялар бар. Олар қатарына бәсекелес болып, жаңа есімдердің қосылғанын қаламайды. Ғарыштық саланы игеруді бөліскісі жоқ.
Ал, ғарыш не үшін керек? Барлық сала үшін керек. Бүгін мысалы, экологияны, ауыл шаруашылығын зерттеу қажет пе? Өте қажет. Ауа райының құбылыстары, мал жайылымы, судың жайы, жалпы жердегінің бәрі ғарыш арқылы бақыланып, зерттеледі. Біздер ғарышты игерген мемлекеттер секілді қаржы шығарып, осының бәрін зерттеп, дұрыс мәліметтер алмасақ, ертең ұтыламыз. Осыған мынандай бір мысал айтайын. Жақында мен іссапармен Чехияда болдым. Чехтардың бос жатқан жерін көріп, оны неге пайдаланбайтындарын сұрадым. Сонда олар: «Біздер, Еуропа елдері бәріміз өзара келісім-шартқа тұрдық. Еуроодақта болған соң, ол келісім-шарт бойынша белгілі бір дақыл түрлерін ғана отырғызуымызға болады. Ал, біздің екпегеніміз үшін ақы төлейді», – деді. Келісім-шартты бұзуға болмайтындығын түсінемін ғой, сонда да мен қызық көріп: «Сіздердің не еккендеріңізді қайдан біледі? Берген ақшаны алып, қосымша неге пайда таппасқа», – деп, тағы да сұрақ қойғанымда, олар бәрін ғарыштан бақыланатындығын айтты. Бұл – не деген сөз? Біріншіден, Еурооадақ елдері бір-біріне бәсекелес болып, артық өнім өндіруге шектеу қойған. Екіншіден, қаржы шығарып егін еккенмен, ертең оны өткізе алмай, еңбекпен өсірілген өнімнің шіріп кетуі мүмкін. Сұраныстан артық, өтпейтін өнім қажет емес. Сондықтан қаржыны басқадай тиімді іске жұмсағанды дұрыс көреді. Бір жағынан бұл да дұрыс. Мұндай келісім-шарттар, бір жағынан, ғарыштық зерттеулер негізінде жасалады десек, екінші жағынан, оның орындалуы да ғарыш арқылы бақыланады. Анықтап айтқанда, бұл жерде ғарыштың орасан зор мүмкіндіктерінің бар екенін көреміз. Біздер болсақ, басқадай барлық байланыс жүйесін пайдаланғанымыз үшін миллиондаған долларды сыртқа жіберіп отырмыз. Егерде, ғарышты игерсек, онда сыртқа кеткен қаржыны өзімізде қалдырып, экономикаға үлкен пайдасы тиер еді. Ал, көптеген елдер мұндай мүмкіндіктерге қолы жетпей отырса, біздер барды пайдалана алмаудамыз.
– Басқаны айтпағанда, ғарышқа ұшады деген жігіттердің ұшыру кейінге қалдырылды емес пе?
– Иә, биыл Қазақстанның екі азаматы ғарышқа ұшуы керек еді. Өкінішке орай бөлінген қаржы дағдарыстың салдарынан басқа салаға жұмсалды, сол себепті бұл мәселе тоқтап тұр. Қаншама уақыт дайындап, енді ұшыра алмауымыз өкінішті-ақ. Қаржы салып, тәжірибе алуды ойламасақ, кадр туралы қандай сөз болмақ?
Бұл жерсерігін ұшыруға қатысты мәселе. Екіншіден, біздің өз зымыранымызды ұшыруымыз қажет. 2004 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтерінің арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық жағынан жаңа әрі таза «Бәйтерек» ракеталық-ғарыштық кешенін құру туралы келісім бекітіліп, ол 2005 жылы Қазақстан Заңымен ратификацияланған болатын. Қазіргі кезде ғарыш айлағында кешенді құрудың жұмыстары басталды. Жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр дегенмен, алғашқы екі жылда Ресей «Бәйтерек» ракеталық-ғарыштық кешенін жүргізу мен құруда ештеңе жасаған жоқ. Мәселенің себебі не десек, 2004 жылғы екі ел арасындағы келісімде ракеталық-ғарыштық кешенін құруда Ресей Федерациясының жауапкершілігі туралы бір де бір норма жазылмаған. Бәрі Қазақстанның мойнына жүктелген. Енді Ұлттық ғарыш агенттігі басшысы батыл шаралар қабылдап, сең орнынан қозғалғандай. Қазіргі күні «Бәйтерек» кешенін салып жатырмыз. Мұнда екі мақсат бар.
Өзіміздің зымыранымызды ұшырмай, ғарыштық алпауыт мемлекет бола алмаймыз. Бір жерсерігін ұшырып едік, оның өзінің жолы болмады. Қазір мақтанатындай жайымыз көп емес. Ендігі жерде өз зымыранымызды жасап, ұшыруды ойлауға тиіспіз. Оны ұшыру үшін ғарыш айлағы қажет болса, ол бізде бар. Ең бастысы «Бәйтеректі» құруды асықтыруға тиіспіз десек, оған қаржы құймаса болмайды. «Бәйтеректің» біздің ел үшін бірінші пайдасы өз зымыранымызды ұшыру болса, екіншісі – экологиялық жағынан таза.
«Бәйтерек» 2012 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл баршаға белгілі гептил, амил сияқты улы ракеталық отынмен жұмыс істейтін ғарыштық аппараттар мен «Протон» зымыран-тасығышын пайдалануды біртіндеп қысқартуға мүмкіндік береді, әрі «Байқоңырда» ғарыштық қызметтің экологиялық қауіпсіздігін едәуір көтереді. Ал, 1996-2007 жылдар аралығында «Байқоңырдан» ұшырылған зымырандардың 7 апаты орын алды. Қаншама улы заттар таралып жатыр. Ол улы заттар ұзақ жылға дейін кетпей, зардабын тигізеді. Мәселен, гептил жерге сіңетін болса, 500 жылға дейін кетпейді екен.
– «Байқоңырды» жалға алғаны үшін Ресей жыл сайын 115 миллион доллар төлейді дегенмен, пайдасынан экологиялық зияны асып кетіп отырса, осыған айрықша көңіл бөлініп отырған жоқ қой.
– Қазір бақылау күшейтіліп, Ресей жағына талаптар қойылып, олар ұшырарда бізбен келіседі, экологиялық зерттеулер жүргізеді дегенмен, әлі проблема бар. Мәселен, 2006-2007 жылдары зымырандар ұшқан кезде, экологиялық зерттеулер болғанмен, Ресей жағының зиянды төмендетіп айтқысы келетінін, тіпті, зымыран құлаған жерден топырақты қазып алып, тексерген болып, гептил жоқ дейтінін де көріп жүрміз. Гептилдің болмау себебі түсінікті. Қызу аса жоғары болғандықтан, улы заттар жарылып жанып, ауаға ұшып кетеді. Топыраққа сіңеді. Төгілген жерінде қою май сияқты тұрып қалмайды.
– Өз зертханаларымыз жоқ. Ресейдің өзі тексерген соң, шындықты неге айтсын.
– Бірлі-жарым зертханалар соңғы жылдары ғана пайда бола бастады дегенмен, гептилді анықтайтын дұрыс зертхана болмай отыр. Сондықтан келіскіміз келмесе де, Ресейдің айтқанына тоқтауға тиіс болып келдік. Бір жаңалық, бізге сондай зертхана келді деген ақпарат алдық. Бірақ ол зертхана соңғы деңгейде жұмыс істей ме білмеймін. Себебі Ресей бізге соңғы технологиялармен жабдықталған зертхананы берді дегенге өз басым сене қоймаймын. Және олардан басқа бір елден сатып алатындай таңдау тағы жоқ.
– Байқоңырда әлеуметтік мәселеге қатысты проблемалар да шаш-етектен емес пе?
– Проблема жоқ емес, бар. Кезінде Байқоңырда Қазақстан азаматтары оншалықты көп болмаса, бүгін олардың үлес салмағы 53 пайыздан асады. «Байқоңырды» Ресейге жалға бергендіктен, Ресейдің заңдарына бағынатын территоия болып отыр. Рас, бүгін келісім-шарттарға өзгерістер енгізіп, Байқоңырда қазақстандық полицияны, сотты, прокуратураны, әлеуметтік қорғау мекемесін аштық. Қызылорда облысында қызмет істегендіктен, мен бұл жағдайды жақсы білемін. Мұны зерттеп те көрдім. Әлеуметік сала бойынша төлемдер әртүрлі. Шыны керек, Ресей жағы бойынша бәрі мықты дегенді, мен айта алмаймын. Кейбір әлеуметтік төлемдерден Қазақстан жағы әлдеқайда жақсы. Онда тұрғын үйге қатысты проблема бар. Қазақстан егемен мемлекет болып, нарыққа көшкен соң, елдегі тұрғын үй негізінен жекешелендірілді. Байқоңырда мұндай жекешелендіру жүргізілген жоқ. Тұрғын үй қоры толығымен Ресейге беріліп кеткендіктен, бір де бір пәтерді қайтарып ала алмаймыз.
Жалақы туралы айтсақ, Ресей компанияларында жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың жалақысы төмен. Мұның негізі жоқ емес. Өйткені құпия, аса жоғары мамандарды қажет ететін жұмыстарды ресейліктер істейді. Қазақстандықтардың еншісіне тиетіні – қалған жұмыс. Әрі ресейліктер әртүрлі қосымша төлемдер алады. Мұндай жағдайда проблема туындайтыны рас, дей тұра, Ресей жағы құпияға бізді жақындатпаған күннің өзінде, білім деңгейімізді көтеру мәселесін оң шешуге болады, дер едім. Және бұл жұмыс басталып та кетті. Мәселен «Болашақ» бағдарламасы арқылы бірнеше жылдан бері ғарыш саласына, көбіне Ресей, Украина арқылы мамандар даярлана бастады.
Екіншіден, Қызылорда облысында орналасқанмен, облыс халқы «Байқоңырдың» пайдасын толық көрмей отыр. Осындай ғарыш кешеніне ие кез келген мемлекет оны бүкіл ғылымды, білімді, технологияны, айтар болсақ, нарықты алға алып шығатын локомотив ретінде қарар еді. Онда Кеңестер дәуірінде аса сапалы салынған зымырандар тұратын ерекше ғимараттар бар. Биіктігі 65-70 метр. Ұзындығы ат шаптырым. Ондай ғимараттар дүниежүзінде жоқ. Сондай бірнеше залдар бос тұр. Онда жоғары технологиядағы зауыттар, өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктері жетеді. Элетроника шығаруға болады. Өкініштісі сол пайдасы бар нәрсені кәдеге жаратпай отырғанымыз.
Жылына миллиардтаған ақшаға Ресейден байқоңырлықтарға азық-түлік сатып алады. Бұған да біздің араласуымызға болар еді. Өкініше орай оған да бет бұра алмаудамыз.
– Өзі би, өзі қожа болып отырған Ресей Қазақстан азаматына рұқсатсыз «Байқоңырдың» есігі түгілі тесігінен де қаратпайды емес пе?
– Мен айтып отырған ғимараттардың жартысы «Байқоңыр» кешеніне кіргенмен, жартысы өзімізде тұр. Өкінішке орай ол ғимараттарды тиімді пайдаланудың орнына ғимарттарды бұзып, құрылыс материалдарын сатып, содан пайда көргенді дұрыс көріп отырмыз. Немесе техникалық құрал-жабдықтарды кесіп алып, өткізіп, ақшалағанды қалаймыз. Ал, Ресей жалға алып, заңы жүріп тұрғандықтан, Байқоңырдың өзінен дүкен не басқадай сауда нүктесін ашу қиынға түсетіні рас. Бірақ Байқоңырдың өзінде болмағанмен, жанынан, шекаралас Ақай сияқты ауылдардан үлкен базар, ірі сауда нүктелерін неге ашпасқа. Байқоңырдың өзінен басқа, жанында Қорқыт ата кешені бар. Зымыран ұшырған кезде туристерді апарып, ұйымдастыруға болады. Жалпы, туризмді дамыту мүмкіндіктер бар. Ресейдің кіргізгісі келмейді, шектеулер бар дей тұра, мүлік біздің елдікі ғой. Сондықтан кейбір тетіктерді пайдалануға болады. Жалпы алғанда, екі елдің ең тиімді жақтарын алып, қазақстандықтарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ететін заңды жасай алмаймыз.
Коммуналдық қызметке байланысты бірер сөз айта кетейін. Бұл саланың төлемдері қымбаттау болғанмен, соған қарай коммуналдық қызметтің де сапасы өте жоғары. Қалай дегенмен де, ресейліктер тұрғын үй қорын жақсы ұстап отыр. Өткен жылы Парламент депутаттары болдық. Байқоңыр 50-60 мың халық тұратын шағын қала ғой. Сонда 18 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу кезінде ескінін орнына жаңа лифт салынғанын көрдік. Бізде, Астана мен Алматының өзінде тоғыз қабатты үйлердің лифтілері жаңартылып, салынды, дегенді айта аламыз ба?
– Мәселенің ең бір үлкені – қазақстадық балалардың Ресей бағдарламасымен оқуы болып отырған жоқ па?
– Келісім-шартта осындай ағаттық жіберілген. Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңның жобасы қаралуда. Біздер ол Заң жобасына қазіргі проблемаларды, соның бірі білім саласына қатысты мәселені қозғап, оның оң шешіміне қол жеткізуді көздеп отырмыз. Ресей ратификациялады. Оларға пайдалы екенін түсініп отырмыз. Енді бізге де пайдалы болуы үшін біздің де дұрыстап қарауымыз керек. Асығыстықтың қажеті жоқ. Сондай-ақ, «Ғарыш туралы» Заң жобасы келген еді, ол үкіметке кері қайтарылды.
– Себебі?
– Жобаны кезінде Білім және ғылым министрлігі дайындаған-ды. Ол кезде білгір мамандар болған жоқ. Біздер оны қарап, көптеген өзгерістер енгізген болып едік, бірақ оның өзі шикі болып шықты. Жобада ғарыш экономиканың бір саласы ретінде емес, ғылымның бір саласы ретінде ғана қаралған. Оны экономиканың саласы ретінде жан-жақты қарайтын болсақ, ол ғылымға да, әлеуметтік салаға да қызмет жасайды. Сондықтан бұл Заң жобасы қайтадан жасалатын болды. Мақсат заңды тез қабылдауда емес, мақсат – оның сапасында.
Біздер осы проблема туралы көп айтамыз. «Байқоңырдағы» біздің дамуымыздың мүмкіндіктерін де айтқан дұрыс болар. Мысалы, онда Мәскеу авиациялық институтының филиалы бар. Онда балаларымызды оқытуға болады.
– Ал, онда қазақстандық балалар оқып жүр ме?
– Өкінішк орай бұл мүмкіндікті де толық пайдаланбаудамыз.
– Неге?
– Біздің балалардың көбіне прокурор, сот, экономист болғысы келеді. Егерде, оқимын десе «Болашақ» арқылы да түсіп, оқуға болар еді.
– Сіз айтқан мүмкіндіктерді пайдалана білсек, «Байқоңырды» сорымыз емес, бағымыз болады демексіз бе?
– Иә. Әлгінде бір сөзімде «Байқоңырға» жақын жерде Қорқыт ата бабамыздың кешені бар дедім емес пе. Қорқыт бабамыз өз кезінде мәңгілік өмірді, екінші жағынан жер жәннатын іздеп, дүниенің төрт бұрышын аралап, өз топырағына қайтып келіп, дүниеден өткен екен. Сонда бабамыз бұл жер – жердің кіндігі, десе керек. Бабамыз тас алып, аспанға лақтырса, ол тастың жерге қайтып түсуі басқа жерлерге қарағанда ұзақ болады екен. Кейін ғалымдардың зерттеуі бойынша жердің тартылыс күші аздау болып, экваторға жақындығы, траекториясы ғарышты ұшыруға ең қолайлы болып шықты. Сонда бабамыз ол жерді жердің кіндігі, деп жайдан жай айтпағаны белгілі болып отыр. Өйткені нақ сол жерден адам тұңғыш рет ғарышқа ұшты. Егерде, біздің индустриаландыру-инновациялық жоспарларымыз да «Байқоңырдан» басталып кетсе, еш таңғалудың реті жоқ. Өйткені әлемдегі ең керемет жаңалықтарды бәрі сол жерден бастау алып отыр. Ғарыш кешеніне жарты ғасырдан асып кетті. Алғаш рет ғарышқа ұшудың өзіне жарты ғасыр болып қалды. Сөйте тұра кейінгі салынған ғарыш айлақтарының бір де бірі «Байқоңырға» парапар келмейді. Әлі де әлемдегі ең мықты ғарыш кешенінің бірі болып қала береді. Бұл жердің дарбазасын ғарышқа ашып, содан қарап отырғандаймыз.
Біз егемен мемлекет болған соң, Елбасының да алғашқы іс-сапары басқа емес, Байқоңырдан басталған екен. Бұл тарихта бар. Меніңше, бұл да «Байқоңыр» ғарыш кешенін даралап көрсетсе керек. Сол жылы «Байқоңыр» Қазақстанда қалатын болып шешіліп, Одақтан еншімізді бөліп алу «Байқоңырдан» басталған-ды.
– Ғарышқа кеше ел экономикасы қарыштап дамыды, деген кезде салынбаған қаржы бүгінгі дағдарыс жағдайында салына қойса...
– Рас, дағдарыс кезінде қаржы жетпей жатқандықтан, ғарышты қоя тұрсақ қайтеді, деушілер де бар. Адамзаттың тарихында осындай қысыл-таяң, таршылық кезде жаңа бір идея пайда болып, мемлекеттерді қиындықтан алып шығады екен. Кеменің, теміржолдың, авиацияның, тіпті, өзіміздің қарапайым үзеңгінің пайда болуының осындай тарихтары бар. Және олардың дамуына алысты ойлап, болжайтын адамдар, мемлекет билеушілерінің өздері де көмектескен екен. Ғарыш та нақ сондай. Бүгін ғарыштың дамуы үшін оны қолтықтан демеп жіберуіміз қажет. Қашан қаржы болады, деп ойланып отыра беруге болмайды. Қазір аспанда 30 мың жерсерігі бір уақытта ұшып жүр. Оның пайдасы болмаса, ұшырар ма еді? Оның жартысы әскери мақсатта деген күннің өзінде жартысының экономикалық пайдасы бар. Осы ретте мен Сізге мынаны айтайын. Биылғы жылдың ақпан айында бірінші рет ғарышта Ресей мен Американың жерсерігі бір-бірімен соғысып, апат болды. Кезінде екі машина бір-бірімен қақтығысып, автомобильді пайдаланғаннан елу жылдан кейін жол қатынасы ережелері жасалыпты. Біздер енді жерсерігі қатынасы ережелерін жасауға келіп отырмыз.
– Бұған не айтасыз?
– Ғарыштан болашағы бар дамитын саланы көріп, оған мемлекеттік көзқарас болуы керек. Күнделікті қазақшылықпен мұның зияны көп, деп, шеттете бермей, қолдау аса қажет. Мен биыл наурыз айында Талғат Мұсабаевпен бірге «Байқоңырда» болдым. Онда Қазақстан алғаш рет өзінің екі ғимаратын салыпты. Оның бірі – ғарыш кешенінде жұмыс істейтін қазақстандықтарға арналған тұрғын үй құрылысы. Екіншісі – кеңселік ғимарат. Ресейліктер: «Осы жылдары бір де бір құрылыс жүргізген жоқпыз, Қазақстан бізден озып кетті», – деп, қызыға қарап, қызғаныш білдіруде.
Менің тағы бір байқағаным, біздің Талғат Мұсабаевқа өте құрметпен қарайды екен. Мықты маман екенін мойындайды. Кей-кейде бір-бірімізді мақтағанды жаратпай да жатамыз. Меніңше, қолда бар алтынның қадірін білуіміз керек.
– Сіздің ойыңыз сонда ғарышты дамыту арқылы экономиканы көтеріп, дағдарысты да жеңеміз дегенге сая ма, қалай?
– Ғарышты дамытуды бастасақ, әйтеуірі, ұтылмаймыз. Ертең мұнайымыз бітіп, көміріміз азаятын кез келгенде, басқа өндірістік салалар дамиды дегенмен, мен осы ғарыш саласы көп пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Бостан босқа ештеңе болмайды. Қорқыт бабамыз жердің кіндігі екендігін жайдан жай айтпаған болар. Кезінде бабамыз ажалдан қашамын, деп қобыз жасаған ғой. Бірнеше жыл бұрын скрипканың шығуына байланысты Еуропада зерттеулер болыпты. Бәрін зерттей келе, қобыздан көне, скрипкаға ұқсас басқадай аспап табылмай, біздің қобызға тоқтапты. Дәл солай ғарыштық кеңістік Қорқыт бабамыздан басталып, бабамыздың кешені жанындағы ғарыш айлағы дүниежүзін мойындатып отыр. Егерде, оны пайдалана алмасақ, бізді болашақ ұрпақ кешірмейді ғой деп ойлаймын.
– Путиннің 2007 жылы Ресейдің Амур облысында «Восточный» ғарыш айлағын құру туралы қабылдаған шешімі орындалар болса, Ресейдің «Байқоңырдан» қол үзуі мүмкін бе?
– Ресей, біріншіден, келісім-шартты елу жылға ұзартты. Өйткені жеңіл және орта деңгейдегі зымыран-тасығыштар үшін «Плесецк» сияқты ғарыш айлағы табылғанмен, ғарыштық мақсаттағы ауыр зымырандардың ұшу, әсіресе, адамдарды ұшыру алаңдары жоқ. Айтып отырғандай, Байқоңырдың жері ерекше. Сондықтан «Байқоңырды» пайдалануға мәжбүр. Кетпейді. Біздің Ресейге әріптес ретінде қарап, бірге пайдаланумыз қажет. «Бұл жерде проблемаларды бірге шешу керек», деп айтар едім. Олар «Байқоңырды» пайдалануға мүдделі. Мүдделілік болмаса, жалға алмас еді және келісім-шартты ұзақ жылдарға ұзартуды қаламас еді. Қазақ «кілемді сатсаң, көршіне сат, шетіне өзін отырарсың» дейді ғой. Ауылдарымыз қарайлас, шаруамыз орайлас болған соң, ерегіскен ел болып, абыройда таппай, пайдадан да айырылып қалмауымыз керек. Өзі келіп тұрған соң, қасында жүріп үйреніп алуымыз қажет. «Қазаққа ірілік жарасады» дейтін болсақ, осындай ғарышты меңгеру сияқты ірі жобаларды жүзеге асырғанымыз өте дұрыс болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Рәзиға Әшеева,
«Алтын орда»,
Астана.