«Алаш айнасы» газеті
2010 жылғы 12 ақпан
Келесі қаржылық дағдарысқа Қытай себепкер болуы мүмкін бе?
Дәл қазіргі күні Қытай экономикасының жылдам дамуы көптеген елдердің мазасын алып отырғаны анық. Әрине, ол мазасыздықтың астарында алдымен экономикалық экспансияның үрейі жатуы да түсінікті жайт. Америка әлемді бір дағдартқан соң, оның баяғы арыны басылып, бұрынғы қаржылық қуатын азайтып алды. Ал осыны пайдаланған Қытай үстем орынға орнықпақшы. Бірақ сарапшылар Қытайдың бұл даму динамикасына да күдікпен қарайды. Ол елді ұлттық валютасының құнын қолдан көтеріп, ипотекалық жүйемен несие беруді үдетіп отыр деп қорқады. Түптің түбінде бұл тәуекелшілдік келесі қаржылық дағдарыстың Азиядан басталуы мүмкін екенін де еске салады. Олай болса, тағы бір экономикалық тығырықтың себепшісі Қытай болуы әбден мүмкін.
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Ең әуелі Қытай экономикасын Америкамен салыстыруға келмейді. Америка қаржылық саланы ғана дамытты. Өзіндегі өндірісті нығайтпай, басқару жүйесін алға шығарды. Мәселен, бұрын мықты болып саналатын технологияларды Азия елдеріне, оның ішінде Қытайға апарып жұмыс істетті де, өздерінде топ-менеджерлерін қалдырды. Қаржы дағдарысына ұрыну себебі де сол. Қытай болса, керісінше, дүниежүзіндегі инвестицияны өзіне тарту жолымен, өндіріс ашып жатыр. Сол себепті соңғы қаржы дағдарысынан Қытай көп қиналған жоқ. Американың бізге мәселе тудырып бергені — олар ақшаны тауар қылды.
Жасыл қағазды өздері жасайды да, үстіне құн үстеп, бізге сатады. Сөйтіп, ақша ақшаны көбейтеді. Қытай болса технология мен жұмыс орнын көбейтеді. Арзан еңбек күшін пайдаланады. Әрине, Қытай қасақана түрде әлемдік дағдарыс жасауы мүмкін. Қалай? Егер Америкамен келіспей, оның экономикасына кері әсер еткісі келіп, Қытайдағы жиналып қалған триллион долларды бір күнде шашып, болмаса құнын түсіріп жіберсе, қаржы дағдарысы орын алуы мүмкін. Қытайдың Америкамен ұқсайтын жері – бүкіл әлем экономикасына мықты әсері бар. Бірақ Америка секілді экономикасы тұрақсыз емес, тұрақты. Өндірістік негізі бар. Мәселеге нақты келетін болсақ, әлемдік экономикаға Қытай секілді бір ғана мемлекет бастамашы болып, экономикалық билік пен мүмкіншілік соның қолында болудың қауіпті жері де бар. Айталық, сол елде саяси-экономикалық өзгерістер немесе табиғи құбылыстар болса, жұқпалы аурулар тараса, оның қатері күшті болары даусыз. Кері әсері бәріне тиеді. Кеше біз дағдарыстың алдында Америкаға қарап отырдық. Көптеген елдің экономикасы соған байлаулы болды. Бірақ сенген мемлекетімізде қиындық басталып еді, бәріміз сол дүрбелеңнің әлегіне тап болдық. Егер Қытайда да сондай бір оқыс жағдай туыла қалса, әлемдік дағдарысқа мұрындық болуы әбден мүмкін. Меніңше, жеке-дара дамығанша, одақ күйінде бірлесе өркендеген жөн. Мәселен, біздер жаңа Кедендік одаққа бірігіп жатырмыз, Еуропа елдерінің өз одағы бар дегендей. Жақында АҚШ басшысы Барак Обама Қытайға барған сапарында «Сіздер мен біз экономикасы қуатты екі елміз. Сондықтан ендігі бағытты ақылдасып, әлемге ауыртпалық әкелмейтіндей жол қарастырсақ» деген ой айтты. Бірақ Қытай оған келісе қойған жоқ. Көрдіңіз бе?! Америка Қытайды мойындап отыр. Ал Қытай экономикалық бағытты ғана ойласа, мақұл дер еді. Бірақ оның ойында басқа да жоспарлары болуы мүмкін. Тұтас билікті өз қолына шоғырландырған соң, тіпті де қуатты, дүниежүзіне ықпал етуші қожа болу үшін басқаларды дағдарысқа ұшыратып қоюы мүмкін.
Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Астана