Мемлекеттік органдардың сайтындағы қазақ тіліндегі
ақпарат орыс тіліне қарағанда екі есеге дейін аз - М. Әбенов
АСТАНА. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік, атқарушы органдардың сайттарындағы қазақ тіліндегі ақпарат орыс тіліне қарағанда екі есеге дейін аз. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Мұрат Әбенов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні қазақ тілінде, мемлекеттік тілде қызмет көрсететін интернет желілері мүлдем жеткіліксіз, өте аз санды құрап отыр. Бұл еліміздегі барлық тіркелген, жұмыс істеп тұрған сайттардың 1 пайызына ғана тең. Қазақстанда тіркелген сайттардың басым бөлігі, мейлі ол ресми органның сайты болсын, мейлі коммерциялық құрылым болсын, орысша жұмыс істейді. Бұған сырттан қосылатын орыс тілді сайттарды қосыңыз. Бұдан бөлек, «электрондық үкімет» веб-порталындағы материалдардың басым бөлігі негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Ал мемлекеттік сатып алу порталында негізгі бетінде қазақша ақпарат болғанымен, қалған барлық хабарламалар осы уақытқа дейін тек қана орыс тілінде жүргізіліп келеді. Ендеше, мемлекеттік сатып алулар үдерісіне қатысам деушілер ол бойынша мемлекеттік тілде бірде-бір ақпарат ала алмайды деген сөз. Бұның өзі заң бұзушылыққа жатады», деді М. Әбенов.
Сонымен бірге, депутат Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің қолдауымен жүзеге асқан жобалардың да басым бөлігі мемлекеттік тілге келгенде ақсап қалатынын алға тартты. Оның айтуынша, Агенттіктің қолдауымен енгізілген «Kaztub» ұлттық ойын-сауық бейне порталында, сол секілді мемлекеттік органдардың бірқатар сайттарында қазақша «іздеу» мүлдем жұмыс істемейді. «Бұның өзі еліміздегі интернет-жобалардың әдеттегіше алдымен орыс тілінде әзірленетінін, сосын кейін ғана аударылатынын білдіреді. Сол себепті мемлекеттік тілге қатысты қазақстандық интернет сегментінде үлкен кемшіліктер орын алып отыр. Жалпы, мемлекеттік, атқарушы органдардың сайттарындағы қазақ тіліндегі ақпараттар орыс тіліне қарағанда екі есеге дейін аз. Бұны дұрыстау қажет», деді М. Әбенов.