«Алаш айнасы» газеті
2010 жылғы 2 наурыз
Бір жылдан соң «тарифтік соғыстың» куәсі болатын болдық
Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында 2010 жылы Астанада 4G форматындағы ұялы байланыс қызметі іске қосылатынын сүйіншіледі. «2010 жылы Астанада ұялы байланыстың жаңа 4G буыны бойынша қызмет көрсетудің пилоттық жобасын іске қосуды көздеп отырмыз», – деді ол қуанышы қойнына сыймай. Әлі 3G-дің қызығын көрмеген Астана тұрғындарын Қуанышбек Есекеев 4G-дан дәмелендіріп қойды. Мейлі, әйтеуір, бізге уәделі уақытта болып жатса да, жарайды ғой.
Қуанышбек Есекеевтің сөзіне сенсек: «Жарты жылдың ішінде Алматы мен Астана қалаларында 3G форматындағы ұялы байланыс қызметі енгізіле бастайды. Келер жылы барлық аймақтар аталған байланыс форматымен қамтылады». Әзірге барлық GSM-операторларына 3G желісін дамыту үшін 20 МГц жиілік берілген. «Аталған байланыс операторлары республика бюджетіне 5 миллиард теңгеге жуық мөлшерде бір реттік төлем төлегеннен кейін оларға тиісті рұқсат пен лицензия беріледі», – деп отыр ол.
Агенттік ауылдық жерлердегі байланысты одан әрі дамытуды қолға алуда. «Ауыл байланысын әрі қарай дамыту үшін 450 МГц диапазонында қолжетімді сымсыз желі құрылысы жүріп жатыр. Бұл ауылдық телефон желілерін цифрландыруға және ауыл тұрғындары үшін интернетке қосылуға мүмкіндік береді», – деді Қуанышбек Есекеев.
Ұялы байланыс нарығына шведтік Теlе-2 холдингінің келуімен ұялы байланыс қызметінің құны түспек. Нарыққа жаңа ойыншының келуі тариф құрылымына қалай да әсер етеді деп есептейді Қуанышбек Есекеев. «Егер биыл Tele-2 мен басқа да байланыс операторлары белсенді түрде қимылдай бастаса, тарифтерге елеулі жеңілдіктер алатын шығармыз. Енді бір жылдан соң біздің тұтынушылар «тарифтік соғыстың» куәсі болады, сол кезде жаңа әрі арзан тарифтер ұсынылады деп ойлаймын», – деді ол.
Қуанышбек ЕСЕКЕЕВ, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы:
– Біз әлемдік тәжірибені қарастырып жатырмыз, онда орташа баға – 20-40 доллар аралығында. Сондықтан статистикалық мәлімет бойынша, 3G қызметі арқылы интернетті пайдалану құны айына 20-40 доллар аралығында болады.
ИНТЕРНЕТТІҢ «ТІЛІН СЫНДЫРАТЫН» УАҚЫТ ЖЕТТІ
Үкімет сағатында Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов: «Интернеттің «тілін сындыратын» уақыт жетті», – деп жар салды. Депутаттың көтеріп отырған мәселесінің жаны бар. Бүгінде қазақша сөйлейтін интернет саны саусақпен санарлық қана. Қазақстанда тұрсақ та, қазақша интернетке жарымай келеміз. «Қазақша интернет өте аз. Қазақ тілінде тіркелген және жұмыс істейтін интернеттің үлесі – бір-ақ пайыз. «Электронды үкіметтің» көптеген мәліметтері – орыс тілінде. Қазақ тіліндегі материалдар жоқтың қасы. Электронды сатып алу порталының бірінші беті ғана қазақша болғанымен, барлық хабарламалар – орыс тілінде.
Тендерге қатысатын қазақтілді кәсіпкерлер қазақ тілінде бірде-бір ақпарат таба алмайды. Бұл – заңбұзушылық. Бұған прокуратура қарауы керек», – деп депутат шымбайға батса да, шындықты шырқыратып айтып салды.
Сондай-ақ депутат интернет сайттарындағы «Іздеу» қызметі қазақ тілінде жұмыс істемейтінін айтты. Яғни қазақша жазған сөзді аталмыш қызмет бар болса да, тауып бермейді. Бұған қоса депутат интернеттегі қазақ тілінің аудармасы да «жетісіп тұрған жоқ» дегенді айтып қалды. «Запущен платежный шлюз» дегенді «төлем шлюзі жіберілген» деп аударған. Ол қалай «жіберіледі», ол іске қосылмай ма?» – деп депутаттың ашына сөйлеуі жөнсіз деп айта алмаймыз. Халық қалаулысы ауыл мектептеріндегі интернетті де «тоқалдан туғандай» қылмауын сұрады. Яғни ауылдағы интернеттің жылдамдығы қалалық мектептердің интернетінен аз. «Бұл ауыл оқушысының мүмкіндігін шектейді», – дейді Мұрат Абдуламитұлы.
Өз сөзін депутат: «Сіздің агенттігіңіз осы мәселені бір жүйеге келтіруі керек», – деп қайырды.
Бұған қарымта жауап қайырған Қуанышбек Есекеев: «Үкіметтік сайттардағы мәліметтердің 70 пайызы қазақша аударылған. Ал келесі жылы сайттардағы мәліметтерді түгелдей қазақшаға аударамыз», – деп уәде етті.
Салтан СӘКЕН