Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Электронные деньги?
Жоба

2010 жылғы 16 қыркүйектегі жоба

 

Қазақстан Республикасының Заңы

 

Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы

 

         Осы Заң жария ақпаратты алу мен тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

        

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) жария ақпаратқа қол жеткізу – ақпарат пайдаланушының жария ақпаратты кез-келген тыйым салынбаған заңды тәсілмен еркін алу және таратудағы құқығы;

2) жария ақпарат –  қол жетімділігі Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелмейтін құжатталған ақпарат;

3) қолжетімділігі шектелген ақпарат – мемлекеттік құпиялар мен заңмен қорғалатын өзге де құпия және (немесе) пайдаланушылардың шектеулі тобы қол жеткізетін немесе ақпарат пайдаланушылардың жекелеген санаттары үшін қолжетімділік шектелген ақпарат;

4) құжатталған ақпарат – ақпарат иегерлері өз өкілеттіктері шеңберінде алған немесе жасаған, оларды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін реквизиттері бар материалдық жеткізгіште немесе электрондық құжат түрінде тіркелген ақпарат;

5) ақпарат пайдаланушы – жеке тұлға немесе Қазақстан Республикасының немесе шетел мемлекетінің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға (шетелдік заңды тұлға), халықаралық ұйымдар;

6) ақпарат иегері – өз өкілеттіктерінің шектерінде жария ақпаратты алушы немесе жасаушы жеке және заңды тұлға;

7) сауал – бұл ауызша және жазбаша нысандағы, соның ішінде электрондық құжат түріндегі ақпарат иегеріне осы Заңда белгіленген тәртіппен берілген жария ақпаратты алу туралы қолдаухат.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының жария ақпаратқа қолжетімділік саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының жария ақпаратқа қолжетімділік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына негiзделедi және осы Заңнан, сондай-ақ  Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық   актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

 

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында күшінде болады және оның нормалары жария ақпаратқа қолжетімділікке байланысты қоғамдық қатынастарға таралады.

2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарымен ақпарат иегерлерінің жария ақпараттың жекелеген түрлерін беру ерекшеліктері көзделсе, осы Заңның ережелері Қазақстан Республикасының осы заңдарындағы ерекшеліктерді ескерумен қолданылады.

3. Осы Заңның күші:

1) қаралу тәртібі жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңда белгіленген өтініштерге;

2) қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа қолданылмайды.

 

4-бап. Жария ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етудің негізгі принциптері

Жария ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету:

1)     заңдылық;

2)     жария ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі;

3)     ақпарат иегері қызметінің жариялылығы;

4)     жеке өмірге, жеке және отбасы құпиясына ешкімнің қол сұқпауы;

5)     жария ақпараттың дұрыстығы мен толықтығы;

6)     жария ақпаратты уақтылы табыс ету;

7)     жария ақпарат алу мен тарату құқығын бұзғаны үшін жауаптылық принциптеріне негізделеді.

 

5-бап. Ақпарат пайдаланушылардың құқықтарын іске асыру кепілдіктері

1. Ақпарат пайдаланушылар жария ақпаратқа қолжетімділік саласында тең құқыққа және тең мүмкіндікке ие болады.

2. Жария ақпаратқа қолжетімділік:

1) ақпарат иегерлерінің жария ақпаратты беруді;

2) ақпарат иегерінде жария ақпаратты беру үшін қажетті ұйымдастыру-техникалық және басқа мүмкіндіктердің болуын;

3) жария ақпаратты тікелей табыс етуді;

4) жария ақпаратпен танысуды;

5) сауалдарға жауап беруді;

6) жария ақпаратқа қолжетімділік саласындағы заңнаманы сақтауға мемлекеттік және қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды;

7) жария ақпаратқа қолжетімділік саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылықты белгілеуді қамтамасыз етеді.

3. Жария ақпаратқа қол жеткізу тек заңмен ғана және тек конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті қорғауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілігін сақтау мақсатында қандай шамада қажет болса, сондай шамада ғана шектелуі мүмкін.

4. Мыналарға:

1) құрамында мемлекеттік құпиясы бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге;

2) қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жай-күйі, азаматтардың жеке қауіпсіздігі, олардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері туралы ақпаратқа;

 3) төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік апаттар, лаңкестік актілері, олардың ресми болжамдары мен салдары, халықты одан қорғаудың әдістері мен тәсілдері туралы ақпаратқа;

4) қоршаған ортаның ластануы, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, ауа-райы, санитарлық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және азаматтардың, елді мекендер мен өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін басқа да факторлар туралы мәліметтерді ақпаратқа;

5) денсаулық сақтаудың, білім берудің, әлеуметтік қорғаудың, экономиканың жай-күйі туралы мәліметтерді ақпаратқа;

6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерінің және бағалы металдар мен асыл тастардың үкіметтік (бюджеттік) резервінің мөлшері туралы ақпаратқа;

7) мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларға беретін артықшылықтары, өтемақылары мен жеңілдіктері туралы ақпаратқа;

8) әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер, көші-қон процестері және халықтың көшіп-қонуын реттеу жөніндегі шаралар туралы ақпаратқа;

9) адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактілері туралы ақпаратқа;

10) ақпарат иелерінің және лауазымды адамдарының олардың заңсыз іс-әрекеттері туралы  ақпаратқа;

11) саяси, әлеуметтік және басқа да себептермен жаппай қуғын-сүргін туралы ақпаратқа;

12) ашық ақпараттық жүйелерде, кітапханаларда, мұрағаттар мен өзге де ұйымдарда бар ақпаратқа қолжетімділік шектелуге жатпайды.

 

6-бап. Ақпарат пайдаланушының құқықтары мен міндеттері

1. Ақпарат пайдаланушы:

1) жария ақпаратқа қол жеткізуге;

2) ақпарат иегеріне жария ақпарат беруі туралы сауал жасауға;

3) жария ақпарат алудан бас тартуға;

4) алынған жария ақпараттың дұрыстығы мен толықтығын тексеруге;

5) сауалдың осы Заңда көзделген кез-келген нысанын таңдауға;

6) сауалды кері қайтарып алуға;

7) сауалға жазбаша түрде жауап беруді талап етуге;

8) жария ақпарат алу қажеттілігін негіздемеуге;

9) жария ақпарат қолжетімділікті сот арқылы қорғауға;

10) ақпаратты пайдаланушылардың құқығын бұзған ақпарат иегерлерінің, олардың лауазымды адамдарының актілері және (немесе) іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) туралы жоғары тұрған органға және (немесе) жоғары тұрған лауазымды адамға және (немесе) сотқа шағым жасауға;

11) жария ақпаратқа қол жеткізуді бұзуымен оған келтірілген зиянның орнын толтыруды заңда белгіленген тәртіппен талап етуге құқылы.

2. Ақпарат пайдаланушы:

1) жария ақпаратқа қолжетімділіктің осы Заңда көзделген тәртібі мен шарттарын сақтауға;

2) жария ақпаратқа қолжетімділік саласындағы қоғамдық қатынастардың басқа субъектілерінің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

3) жария ақпаратқа қолжетімділік саласында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзіне жүктелген өзге де міндеттемелерді орындауға міндетті.

 

7-бап. Ақпарат иегерлері

1. Ақпарат иегерлері деп:

           1) мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары;

           2) жалған мемлекеттік сектордың субъектілері;

           3) бюджеттік қаржыны пайдалануға қатысты – жеке және заңды тұлғалар;

           4) оларды тауарлармен, қызмет көрсетумен және оларға бағамен қамтамасыз ету шарттарына қатысты - үстем немесе монополиялық жағдайда болатын рынок субъектілері танылады.

 

2. Ақпарат иегерлеріне:

1) экологиялық ақпаратты;

2) төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік туралы ақпаратты, олардың болжамдары мен салдарлары туралы, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдайды, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін және азаматтардың, елді мекендердің және өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағымсыз әсер ететін басқа факторлар туралы ақпаратты;

3) қоғамдық мүддені білдіретін (қоғамдық-маңызды ақпарат) өзге де ақпаратты иеленетін жеке және заңды тұлғалар теңеледі.

3. Бірінші тармақтың 2, 3, 4-тармақшаларындағы ақпараттың иегерлеріне осы Заңның талаптары тек жария ақпаратты жариялау, сұрау бойынша жария ақпарат беру, сондай-ақ олардың шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) сотқа шағымдану бөлігіне ғана таралады.

 

8. Ақпарат иегерлерінің міндеттері

1. Ақпарат иегері:

1) барлық жағдайларда ақпарат пайдаланушыларға қоғамдық қауіпсіздікке, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін  фактілер мен мән-жайлар туралы өзіне мәлім болған ақпаратты қолда бар барлық тәсілдермен және құралдармен тез арада жеткізуге;

2) жария ақпаратты жариялауға;

3) ақпарат пайдаланушылардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

4) өз өкілеттігі шегінде жария ақпаратқа қол жеткізу үшін  қажетті ұйымдық-техникалық және басқа да жағдайларды қамтамасыз етуге;

5) табыс етілетін ақпараттың дұрыстығы мен толықтығын қамтамасыз етуге;

6) табыс етілетін ақпаратта ақпарат иегерін сәйкестендіру үшін жеткілікті нысанда және көлемде ол туралы мәліметтің болуын қамтамасыз етуге;

7) ақпаратты табыс етудің заңмен белгіленген мерзімі мен тәртібін сақтауды қамтамасыз етуге;

8) жария ақпаратты жариялаудың заңмен белгіленген мерзімін сақтауға;

9) ақпарат пайдаланушының сауалы бойынша ақпаратты табыс етуге;

10) қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жатқызылған мәліметтерді табыс етілетін ақпараттан алып тастауды қамтамасыз етуге міндетті.

 

2-тарау. Жария ақпарат алу мен таратудың тәсілдері мен тәртібі

 

9-бап. Жария ақпаратқа қолжетімділікті ұйымдастыру негіздері

1. Ақпарат иегері жария ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

2. Ақпарат иегері жария ақпаратқа қолжетімділікті ұйымдастыру мақсатында тиісті құрылымдық бөлімшелерді немесе уәкілетті лауазымды адамдарды айқындайды. Аталған бөлімшелер мен лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттері ақпарат иегерінің қызметін регламенттейтін актілерде белгіленеді.

 

10-бап. Жария ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету тәсілдері

Жария ақпаратқа қолжетімділік мынадай тәсілдермен:

1) жария ақпаратты ресми және мерзімді баспасөз басылымдарында жариялаумен;

2) жария ақпаратты интернет-ресурстарда орналастырумен;

3) жария ақпаратты материалдық жеткізушіде ақпарат иегері орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарға бөлінген өзге де орындарда орналастырумен;

4) ақпарат пайдаланушылардың ақпарат иегері орналасқан үй-жайлардағы, сондай-ақ кітапханалар мен мұрағат қорларындағы және өзге де ұйымдардағы жария ақпаратпен танысуымен;

5) ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына ақпарат пайдаланушылардың кіруін қамтамасыз етумен;

6) сауал бойынша жария ақпаратты табыс етумен;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

 

11-бап. Ақпарат тарату тәсілдері

Ақпарат пайдаланушылар жария ақпаратты ауызша және (немесе) жазбаша нысанда, оның ішінде электрондық құжат түрінде заңмен тыйым салынбаған кез-келген тәсілдер арқылы таратылуы мүмкін.

 

12-бап. Жария ақпаратты ресми және мерзімді баспасөз басылымдарында жариялау

Жария ақпаратты ресми және мерзімді баспасөз басылымдарында жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

13-бап. Жария ақпаратты интернет-ресурстарда орналастыру

1. Ақпарат иегерлері интернет-ресурстарда мыналарды орналастырады:

1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін:

Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны;

2) ақпарат  иегері туралы мәліметтерді:

пошталық мекенжайын, электронды поштасының мекенжайын, анықтама қызметі телефондарының нөмірлерін, өкілеттіктерінің сипаттамасын;

ақпарат  иегерінің басшылары туралы мәліметтерді;

ақпарат иегерінің құзыретін, өкілеттіктерін, міндеттері мен функцияларын регламенттейтін заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді;

мемлекеттік органның (ол болған жағдайда) рәміздерін;

мемлекеттік органның құрылуы туралы тарихи анықтаманы;

3) ақпарат иегерінің құрылымы туралы мәліметті:

аумақтық органдардың, мекемелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың (аталған ұйымдар болған жағдайда) міндеттері мен функцияларын;

аумақтық органдардың, мекемелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың тізбесін;

аумақтық органдардың, мекемелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың (аталған ұйымдар болған жағдайда) пошталық мекенжайын, электронды поштасының мекенжайын, анықтама қызметі телефондарының нөмірлерін;

аумақтық органдардың, мекемелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың (аталған ұйымдар болған жағдайда) басшылары туралы мәліметтерді;

ақпарат иегерлері басшыларының қызметке орналасуы туралы немесе орнынан түсуі туралы ақпараттық хабарламаларды;

4) ақпараттық ресурстар мен қызмет көрсетулер туралы ақпаратты:

ақпарат иегері құрған бұқаралық ақпарат құралдары (болған жағдайда) туралы мәліметтерді;

ақпарат иегерінің жүргізуіндегі жалпы пайдаланудың ақпараттық жүйелерінің, банктік деректердің, тізілімдердің, тізбелердің, кадастрлардың тізбелерін;

азаматтар мен ұйымдарға табыс етілетін ақпараттық ресурстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін;

мемлекеттік қызметтер көрсету және жергілікті өзін-өзі басқару қызметтерін көрсету регламенттері мен стандарттары туралы ақпаратты;

мемлекеттік қызметтер көрсету және жергілікті өзін-өзі басқару қызметтерін көрсету тәртібі мен шарттары туралы мәліметтерді;

мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада көзделген тәртіппен өткізілетін мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты;

5) статистикалық ақпаратты:

ақпарат иегерінің құзыретіне жататын бөлігінде  саланың  жай-күйі мен даму серпінін сипаттайтын статистикалық деректер мен көрсеткіштерді;

 6) талдау ақпаратын:

ақпарат иегерінің қызметі туралы талдамалық баяндамалар мен ақпараттық сипаттағы шолуларды;

7) ақпарат иегерінің норма шығарушылық қызметі туралы ақпаратты:

ақпарат иегері қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің толық мәтіндерін;

түсіндірме жазбаларды, сараптамалардың қорытындыларын және салыстырма кестелердің мәтіндерін қоса алғанда, заңнамалық және заңнан туындайтын актілер жобаларының мәтіндерін;

нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды, олардың күші жойылды деп танылуын, соттың оларды  жарамсыз деп тануын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда нормативтік құқықтық актілердің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының актілерін мемлекеттік тіркеу туралы ақпараттық мәліметтерді;

8) ақпарат иегерінің жұмыс тәртібі туралы ақпаратты:

ақпарат иегерінің рұқсат беру (лицензиялау, аккредиттеу, тіркеу және басқа да) әрекеттерін  жүзеге асыру тәртібін;

ақпарат иегері заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қарауға қабылдайтын өтініш жасау құжаттарының нысандарын;

9) ақпарат иегерінің қызметі туралы ақпаратты:

ақпарат иегерінің қызметі туралы ресми жаңалықтарды (баспасөз-релиздері);

ақпарат иегерінің қызметіндегі алдағы болатын оқиғалардың ресми күнтізбесін;

ресми сапарлар туралы ақпараттық хабарламаларды;

жоғарыда аталған құжаттарға енгізілген түзетулерді, өзгерістер мен толықтыруларды;

ақпарат иегерінің басшылары және басшылар орынбасарларының  ресми сөздері мен мәлімдемелерінің мәтіндерін;

стратегиялық жоспарлар, нысаналы бағдарламалар мен тұжырымдамалардың жобалары туралы мәліметтерді;

республикалық және жергілікті бюджет, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаттарының пайдаланылуы туралы ақпаратты;

Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық шарттарының ресми мәтіндерін қоса алғанда, ақпарат иегерінің нысаналы және өзге де бағдарламаларға, халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы туралы ақпараттық хабарламаларды;

өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдардың, оның аумақтық органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жүргізген тексерулерінің нәтижелері туралы, сондай-ақ мемлекеттік органдарда, оның аумақтық органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ведомстволық бағынысты ұйымдарда жүргізілген тексерулердің нәтижелері туралы ақпараттық хабарламаларды;

жасалған жұмыстар туралы есептер мен баяндамаларды;

10) конкурстар, тендерлер өткізу туралы ақпаратты:

ашық конкурстар, аукциондар, тендерлер, сараптамалар және  басқа да іс-шаралар және оларды өткізу шарттары туралы мәліметтерді;

оларға заңды және жеке тұлғалардың қатысу тәртібін;

11) халықпен жұмыс жасау туралы ақпаратты:

ақпарат иегерінің азаматтарды қабылдау және олардың өтініштерін қарау тәртібін;

құзыретіне азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру және азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарауды қамтамасыз ету кіретін бөлімше басшысының немесе өзге де лауазымды адамның тегін, атын және әкесінің атын;

ақпарат иегерінің қызметі туралы ауызша ақпарат беретін құрылымдық бөлімшенің атауын, лауазымды адамның тегін, атын және әкесінің атын;

ақпарат пайдаланушыға азаматтарды қабылдау және олардың өтініштерін қарау мәселелері бойынша ақпаратты, азаматтарды қабылдау жүргізілетін мекенжайды, қабылдау уақытын, сондай-ақ қабылдауға жазылу тәртібін алуға мүмкіндік беретін байланыс телефондарын;

азаматтар мен ұйымдардың ақпарат иегеріне жолдаған өтініштеріне шолуды, осындай өтініштердің қаралу нәтижелері және қолданылған шаралар туралы жинақталған ақпаратты;

12) ақпарат иегерінің кадрлармен қамтамасыз етілуі туралы ақпаратты:

мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық органдары үшін:

азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін, мемлекеттік қызметтегі бос лауазым туралы мәліметтерді;

мемлекеттік қызметтегі бос лауазымға орналасуға ниет білдірген кандидаттарға  қойылатын біліктілік талаптарын;

бар бос лауазымға орналасуға қатысты ақпарат алу үшін телефон нөмірлерін;

жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін:

бос лауазымдар туралы мәліметтерді;

бос лауазымдарға орналасуға ниет білдірген үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптарын;

 бос лауазымдар туралы ақпарат алу үшін телефон нөмірлерін;

13) өзге де жария ақпараттарды.

2. Жоғары сот және (немесе) облыстық және оларға теңелген соттардың интернет-ресурстарында ашық қол жеткізу үшін соттың актілері орналастырылады.

3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жариялануға міндетті ақпарат ақпарат иегерінің интернет-ресурсында орналастырылуы тиіс. Өзінің интернет-ресурсында ақпаратты орналастыруға техникалық мүмкіндігі жоқ ақпарат иегері оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.

4. Ақпарат иегерінің интернет-ресурсында орналастырылатын ақпараттың датасы қойылып, үнемі жаңартылып тұруы тиіс. Интернет-ресурстағы жария ақпараттың жиілігін ақпарат иегері белгілейді, бірақ аптасына кемінде бір рет жаңартылады.

5. Ақпарат иегері шығарған нормативтік құқықтық актілер оның интернет-ресурсында Әділет министрлігінде оларды мемлекеттік тіркегеннен  кейін екі күннен кешіктірілмей орналастырылуға тиіс.

6. Ақпарат иегерінің интернет-ресурсындағы жария ақпарат мемлекеттік тілде берілуге тиіс. Ақпарат иегерінің интернет-ресурсының басқа тілдегі нұсқасы болуы мүмкін.

7. Ақпарат иегерлерінің интернет-ресурстарында орналастырылуға жататын жария ақпараттарының тізбесі осы Заңның 13-бабында көзделген тәртіппен айқындалады.

8. Жария ақпаратқа қолжетімділігі шектелмеген адамдар тобының құқығын қамтамасыз ету мақсатында ақпарат пайдаланушылар үшін қолжетімді жерлерде (ақпарат иегерінің үй-жайларында, кітапханаларда, мұрағаттарда, кіріп-шығуға қолжетімді басқа да жерлерде) интернет-ресурсқа қолжетімді орындар жасалады. (осы норманы енгізу мерзімін белгілеу).

 

14-бап. Ақпарат иегерлері интернет-ресурстарда орналастыруға жататын жария ақпараттардың тізбесін бекіту тәртібі

1. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей  бағынысты және есеп беретін мемлекеттік орган интернет-ресурстарда орналастыруға жататын жария ақпараттың тізбесін Қазақстан  Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам бекітеді.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік орган интернет-ресурстарда орналастыруға жататын жария ақпараттың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

3. Қазақстан Республикасының Парламенті интернет-ресурстарда орналастыруға жататын жария ақпараттың тізбесі Қазақстан Республикасының Парламентінің Палаталары айқындайтын тәртіппен бекітіледі.

4. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы интернет-ресурстарда орналастыруға жататын жария ақпараттың тізбесі тиісінше Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын тәртіппен бекітіледі.

5. Жергілікті атқарушы органдар интернет-ресурстада орналастыруға жататын жария ақпараттың тізбесі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі айқындайтын тәртіппен бекітіледі.

6. Жергілікті өкілді органдар интернет-ресурстарда орналастыруға жататын жария ақпараттың тізбесі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаттары айқындайтын тәртіппен бекітіледі.

7. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары интернет-ресурстарда орналастыруға жататын жария ақпараттың тізбесі жергілікті өзін-өзі басқару органдары айқындайтын тәртіппен бекітіледі.

 

15-бап. Ақпарат иегерлері орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарға бөлінген өзге де орындарда жария ақпаратты орналастыру

1. Ақпарат иегерлері өзі орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарға бөлінген өзге де орындарда өзінің қызметі туралы ағымдағы жария ақпаратпен  ақпарат пайдаланушылар танысуы үшін  ақпараттық стенділер және (немесе) осы мақсаттағы басқа да техникалық құралдарды орналастырады. Ақпарат иегері ақпараттық стенділерге және (немесе) осы мақсаттағы басқа да техникалық құралдарға ақпарат пайдаланушылардың еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жария ақпарат:

1. азаматтарды қабылдау тәртібін қоса алғанда, ақпарат  иегерінің жұмыс тәртібін:

1) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын;

2) жария ақпаратты алу шарттары мен тәртібін қамтуы тиіс.

3. Ақпарат иегері өзі орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарға бөлінген өзге де орындарда өзге де жария ақпараттарды орналастыруға құқылы.

 

16-бап. Ақпарат пайдаланушылардың ақпарат иегерлері орналасқан үй-жайлардағы, сондай-ақ кітапханалар мен мұрағат қорларындағы жария ақпаратпен танысуы

Ақпарат иегерлері өзі белгілеген тәртіппен ақпарат пайдаланушыға ақпарат иегері орналасқан үй-жайлардағы, сондай-ақ кітапханалар мен мұрағат қорларындағы ақпарат иегерінің қызметі туралы ақпаратпен танысуына мүмкіндікті қамтамасыз етеді.

 

3-тарау. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына кіруін қамтамасыз ету 

 

17-бап. Отырыстың ашықтығы

 

1. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстары, жабық отырыстарды қоспағанда, ақпарат пайдаланушылар үшін ашық болып табылады.

2. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдар отырыстарының ашықтығы тиісті отырыстарға қатысуға өтінім берген ақпарат пайдаланушылардың қатысу мүмкіндігіне кепілдік береді.

  3. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының жабық отырыстары  оларда қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жататын мәселелерді талқылау кезінде өткізіледі. 

 

18-бап. Ақпарат пайдаланушыларды ақпарат иегерлерінің алқалы органдары отырыстарының өткізілуі туралы хабардар ету

 

1. Ақпарат иегерлері интернет-ресурстарда және бұқаралық ақпарат құралдарында алқалы органдардың отырысы өтетін күнге дейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей отырыстың күн тәртібі,  өтетін күні, уақыты және орыны туралы ақпаратты жариялайды.

2. Ақпарат иегерлері өзі орналасқан жерлерді ақпараттық стенділермен жабдықтайды, онда алқалы органның отырысы өтетін күнге дейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей отырыстың күн тәртібі, отырыстың өтетін күні, уақыты және орыны туралы ақпарат орналастырылады.

 

19-бап. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына қатысуды ұйымдастыруы

 

1. Ақпарат пайдаланушылар ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына қатысуға құқылы. Ақпарат иегерлері отырыс өтетіні туралы ақпарат жарияланған күннен бастап тиісті отырысқа қатысуға ниет білдірушілер жазбасын жүргізеді. Қатысушы туралы ақпараттың жазылуы және оның жеке басын куәландыратын құжаттың болуы отырысқа кіру үшін негіз болып табылады. Жазбада отырысқа ниет білдірген азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, ал заңды тұлғаның өкілі үшін тегі, аты, әкесінің аты, заңды тұлғаның атауы, сондай-ақ атқаратын қызметі қамтылуға тиіс.

2. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстары өткізілетін зал келушілерге арналған орындармен жабдықталады. Келушілерге арналған орындар саны жазылғандар санына қарай есептелді, бірақ орындардың жалпы саны орталық және жергілікті атқарушы органдардың отырыстарында кемінде бес орын және Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының және жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдарының отырыстарында кемінде он орын болуға тиіс.

3. Ақпарат иегерлері алқалы органдарының отырыстарына ақпарат иегерінің отырыс өткізілетін үй-жайдан басқа жерде орналастырылған телевизиялық мониторларды пайдаланумен тікелей трансляциялау арқылы қолжетімділікті қосымша ұйымдастыруға құқылы.

 

20-бап. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына келушілердің қатысу тәртібі

 

1. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына ақпарат пайдаланушылардың қатысу тәртібі регламенттерде немесе ақпарат иегерлерінің қызметін регламенттейтін өзге де актілерде айқындалады. Ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына қатысудың белгіленген тәртібі бұзылған кезде төрағалық етуші бұзушыға ескерту жасауға, ал бұзушылық қайталанған жағдайда бұзушыны отырыс залынан шығарып жіберуге құқылы.

2. Отырысқа қатысушы ақпарат пайдаланушылар жазба жазуға,           сондай-ақ егер ол отырысты жүргізуге кедергі болмаса суретке түсіруге, аудио- және бейнежазба жүргізуге құқылы.

 

4-тарау. Жария ақпарат алуға арналған сауал және оны қарау тәртібі

 

21-бап. Сауалдарға қойылатын талаптар

          1. Сауал құзыретіне сұратылған жария ақпаратты беру енетін ақпарат иегеріне адрестеледі.

           2. Жеке тұлғаның сауалында оның аты-жөні, поштасының адресі немесе электронды поштасының, өзге байланыс құралдарының  адресі, заңды тұлғада – оның атауы, поштасының адресі немесе электронды поштасының, өзге байланыс құралдарының  адресі, ал  жазбаша нысанда сұрау салған кезде – оның шығу нөмірі мен күні көрсетіледі. Жазбаша нысандағы, соның ішінде электрондық құжат түрінде жасалған сауалға ақпарат пайдаланушы қол қоюы немесе электрондық цифрлы қолмен куәландыруы тиіс.

          3. Жазбаша нысанда өтініш жасаған ақпарат пайдаланушыға ақпарат иегері күні мен уақыты, сауалды қабылдаушы тұлғаның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон береді.

          4. Сауалды жасау кезінде мемлекеттік тіл немесе орыс тілі пайдаланылады.

 

22-бап. Сауалды қарау тәртібі

           1. Сауал күні мен уақыты көрсетіле отырып, ақпарат иегеріне келіп түскен күні тіркелуге жатады.

2. Сауалға жауап сауал тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі.

3. Егер табыс етілетін ақпарат азаматтың өмірі мен қауіпсіздігіне байланысты болса, онда сауалға жауап сауал тіркелген күні беріледі.

4. Егер сауал ақпарат иегерінің қызметіне жатпаса, онда сауал тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде  тиісті иесіне сауалдың қайта жолданғаны туралы хабарлаумен, өкілеттігіне сұратылған ақпаратты табыс ету жататын ақпарат иегеріне жолданады.

5. Ақпарат иегері сауалдың мазмұны туралы сауалмен өтініш білдірген адамнан нақтылауға құқылы.

 

23-бап. Сауал бойынша ақпаратты табыс ету тәртібі

 1. Сауал бойынша ақпарат ауызша немесе жазбаша нысанда, соның ішінде электрондық құжат түрінде мемлекеттік тілде немесе сұрау тілінде беріледі.

2. Жазбаша нысандағы, оның ішінде электрондық құжат түріндегі сауалға берілетін жауапта ақпарат иегерінің атауы, пошталық мекенжайы, жауапқа қол қойған адамның лауазымы, тіркеу нөмірі мен күні көрсетіледі.

 3. Сауалға электрондық құжат түрінде берілген жауап электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе заңнамада белгіленген тәртіппен өзге де электрондық тәсілмен расталады. 

4. Ауызша нысанда берілген сауалға жауап ақпарат пайдаланушының қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша нысанда, соның ішінде электрондық құжат түрінде берілуі мүмкін.

5. Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын ресми басылымдар мен мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланған немесе интернет-ресурстарда орналастырылған жария ақпаратқа сауал жасалған кезде ақпарат иегері сауалға берілетін жауапта сұратылған ақпарат жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарының атауын, шыққан күнін және нөмірін және (немесе) сұратылған жария ақпарат орналастырылған (интернет-ресурстың) электрондық мекенжайды көрсетумен шектеле алады.

6. Егер сұратылған ақпарат қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жатқызылса, сауалға берілетін жауапта оған сәйкес осы ақпаратқа қол жеткізу шектелген актінің түрі, атауы, нөмірі және қабылданған күні көрсетіледі. Егер сұратылған ақпараттың бір бөлігі қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жатқызылып, ал қалған бөлігі жария ақпарат болып табылса, ақпараттың иегері қолжетімділігі шектелген ақпаратты қоспағанда, сұратылған жария ақпаратты беруге міндетті.

 

24-бап. Сауал бойынша ақпаратты табыс етуге мүмкіндік бермейтін негіздер

1. Ақпарат мынадай жағдайларда:

1) сауалдың мазмұны сұратылатын ақпаратты анықтауға мүмкіндік бермесе;

2) сауал осы заңның 22-бабындағы талаптарға сәйкес келмесе;

3) сұратылған ақпарат сауал келіп түскен ақпарат иегерінің қызметіне жатпаса;

4) сұратылған ақпарат қолжетімділігі шектелген ақпарат болса;

5) сұратылған ақпарат бұрын ақпарат пайдаланушыға берілсе;

6) сауалда ақпарат иегері қабылдаған актілерге құқықтық баға беру туралы, ақпарат иегерінің не оған бағынысты органдар мен ұйымдардың қызметіне талдау жүргізу немесе сауалды жолдаған ақпарат өзге де талдамалық жұмысты жүргізу туралы мәселе қойылса, берілмейді.

2. Сауалдар бойынша баяндамалық (қызметтік) жазбалар, лауазымды адамдардың тапсырмалары және ақпарат иегерінің ішкі хат алмасулары міндетті түрде берілуге жатпайды.

3. Ақпарат иегері сұрау бойынша жария ақпаратты, егер бұл ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса немесе интернет-ресурстарда орналастырылса, бермеуге құқылы. 

4. Ақапарат иегерінің сұрау бойынша жария ақпаратты беремеу туралы шешімі ақпарат иегерінің назарына оның негіздемесімен қоса жеткізіледі. 

 

25-бап. Жария ақпаратты бергені үшін ақы төлеу

1.     Жария ақпарат сұрау бойынша тегін беріледі.

2.                 Егер жария ақпаратты сұрауды қанағаттандыру көлемі 50 беттен көп көшірмесін жасау немесе басуды көздесе, онда ақпарат пайдаланушы көшірме жасау мен басуға кеткен нақты шығынның орнын толтыруға міндетті.

3.                 Көшірме жасау мен басуға жұмсалған нақты шығынның көлемін тиісті ақпарат иегері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалардың шектерінде анықтайды. Егер ақпарат иегері көшірме жасау мен басуға төлем көлемін белгілемесе, онда жария ақпарат тегін беріледі.

4.                 Өзі туралы жария ақпаратты және қоғамның қызығушылығын тудыратын ақпаратты табыс ету кезінде  көшірме жасау мен басу үшін төлем алынбайды.

 

5-тарау. Жария ақпаратқа қолжетімділікті қорғау және жария ақпаратқа қолжетімділік туралы заңнаманы  бұзғаны үшін жауаптылық

 

26-бап. Жария ақпаратқа қолжетімділікті қорғау

1. Ақпарат иегерлерінің, олардың лауазымды адамдарының ақпаратты пайдалану құқықтарын бұзатын шешімдері мен іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) жоғары тұрған органға  және (немесе) жоғары тұрған лауазымды адамға және (немесе) сотқа шағымдалуы мүмкін.

2. Жария ақпаратқа қол жеткізуге заңсыз бас тарту немесе оны уақтылы табыс етпеу не көрінеу дұрыс емес немесе сауалдың мазмұнына сәйкес келмейтін жария ақпаратты беру нәтижесінде ақпарат пайдаланушыға келтірілген залалдар ақпарат иегерінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуіне жатады.

 

27-бап. Жария ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге бақылау жасау және қадағалау

1. Жария ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге бақылауды ақпарат иегерлерінің басшылары жүзеге асырады.

2. Жария ақпаратқа қол жеткізуге қоғамдық бақылауды азаматтар, бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар жүзеге асыра алады.

3. Қоғамдық бақылау:

1) ақпарат иегерлерінің жұмыс нәтижелері туралы халық алдындағы баяндамалары мен есептері;

2) қоғамдық тыңдаулар өткізу;

3) қоғамдық сараптама жүргізу;

4) ақпарат пайдаланушылардың ақпарат иегерлерінің алқалы органдарының отырыстарына қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

4. Заңнаманы бұлжытпай және бірыңғай қолдануды жоғары қадағалауды  Қазақстан Республикасының прокуратура органдары жүзеге асырады.

 

28-бап. Жария ақпаратқа қолжетімділік саласындағы заңнаманы  бұзғаны үшін  жауаптылық

Қазақстан Республикасының жария ақпаратқа қолжетімділік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік тудырады.

 

6-тарау. Қорытынды ережелер

 

29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу

Осы Заң  20_____ жылғы  ______________________ бастап күшіне енеді.

 

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

Н. Назарбаев