Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Ғаламтордағы қазақ тілінің жағдайы туралы депутаттық сауал
Интернетте неге қазақ тіліндегі ақпарат аз

Ғаламтордағы қазақ тілінің жағдайы туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтің Үкімет басшысы, Бас прокурор және Қаржы полициясы төрағасының атына жолдаған депутаттық сауалы

 

2012 жылғы 15 ақпанда жарияланған

Мемлекет Басшысы Н. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру мен Электрондық үкіметті дамыту, оның ішінде 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60%-ын және лицензиялардың барлық түрлерін электрондық форматқа көшіру басым міндеттердің бірі ретінде атап өтті.

Қазақстандағы бүгінгі күнгі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының жағдайы Елбасының аталған тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді. Соңғы кездері интернет желісінің жылдамдығы мен сапасы және оны пайдаланушылардың саны артып, тұрғындардың компьютерлiк жабдықтармен қамтамасыз етілуі өсе түсуде, сонымен қатар бұл салада көптеген жаңа жобалар пайда болуда. Қазақша википедия да Үкіметтің қолдауының арқасында жақсы даму үстінде.

Осы шаралар арқасында соңғы кезде қала мен ауыл арасында тұрғындардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, интернетке қолжетімділігі бойынша «ақпараттық теңсіздік» азаюда.

Дегенмен, тіл негізінде «ақпараттық теңсіздік» сақталуда. Республикада қазақ тілді мектептерде оқушылардың 2/3 білім алсада, «ақпараттық теңсіздікті» жою бағытындағы қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жеткіліксіз деңгейде.

Азаматарының өзекті ақпаратқа, жаңа білімдерге қолжетімділігін қамтамасыз еткен мемлекет қана инновациялық экономиканы дамыта алады. Егер де жеткілікті деңгейде азаматтарға қажетті білімдерді тауып, оны пайдалана алатын жағдай болмаса, замануи индустриялық жоба, көп милллиардтаған инвестициялар мен жаңа технологиялардан пайда жоқ.

Интернетте қазақ тіліндегі ақпаратқа сұраныстың өсуі

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, елімізде қазақ тілін білетін азаматтардың саны өсе түсуде. Жақын жылдары бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жөнінде жоспарлар бар. Бүгіннің өзінде мектептердің 80 пайызы қазақ немесе аралас мектеп. Мемлекетте барлық оқушылардың ¾ қазақ тілін меңгерген және олардың көпшілігі үшін қазақ тілі – ақпарат алудың негізгі тілі. Егер де әр 9 ай сайын тұтынылатын ақпараттың көлемі 2 есеге өсіп отыратынын ескерсек, дәстүрлі кітаптар ақпаратқа деген сұранысты өтей алмайтыны түсінікті, бұл жерде жаңа технологиялар мен интернетсіз қиынға соғады. Біз соңғы кезде ғаламтор қолданушылары санының өсуі мен мектептердің компьютерлермен жабдықталуының жақсаруы туралы жеңімпаздық мәлімдемелер жасауға әуес болып кеттік. Әрине, бұл маңызды, бірақ бұл ақпаратқа қолжетімділіктің «техникалық» шарты ғана. 

Біз шешетін ең басты мәселе – интернетте қазақ тілінде қажетті көлемде және сапада ақпараттың (контенттің)  болуы.

Қазақ тіліндегі ақпараттың (контенттің) жеткіліксіздігі, қолданыстағы веб-ресурстар сапасының төмендігі және бәсекеге қабілетсіздігі

Біз бірнеше мәрте және бірнеше жылдан бері қазақ тіліндегі контентті қолдау үшін мемлекет тарапынан қаражат бөліп келеміз.

Дегенмен, Қазнетте қазақ тілді сайттар саны мүшкіл халде. Оған дәлелді http://kzindex.kz сайтының «KZ домендік зонасында интернет-ресурстардың фонетикасы» бөлімінен таба аламыз.

2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «KZ» домендік аймақта интернет-ресурстар келесі статистиканы көрсетеді:

орыс тілінде – 32 689 сайт (79,6%),

ағылшын тілінде – 4 550 сайт (11,0%),

қазақ тілінде – 3 822 сайт (9,3%).

Көріп отырсақ, «KZ» аймағында қазақ тіліндегі сайттар саны 10%-дан да аз, біздегі «KZ» аймағында жасалған ағылшын тіліндегі сайттардан да аз. Егер де біздің елде, біздің домендік аймақта мемлекеттік тілде веб-ресурстарды дамытуға жағдай жасалмаса, қай жақта олар дами алады? Және де қазақша контентті жасауға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр?

Интернеттегі қазақ тілінің әлсіздігінің тағы бір дәлелі. Қазақстандық веб-ресурстар рейтингісін анықтайтын http://zero.kz сайтында танымал «ондықты» айтпағанда, «жиырмалыққа» кіретін бірде-бір қазақ тілді сайт жоқ.

Неліктен? Бюджет қаражаты есебінен қазақша контентке қолдау көрсету үшін арнайы мекеме құрдық. Жүздеген миллион қаражат бөлдік. Танымал болған сол сайттар қайда? Біздің казтюб қайда? Заңды түрде отандық фильмдерді қайдан көреміз, қазақ музыкасын қайдан тыңдаймыз, ана тілімізде кітаптарды қайдан оқимыз? Түсінікті тілде ақпарат жоқ болса, қазақ тілді азаматтарға интернетке шығудың не қажеті бар?

Қазақ тілінде контент қайдан болады, егер де біз оны көпшілікке жасауды үйретпесек.

Контенттің басты көзі – ол интернетте жұмыс істеуге машықтанған қолданушылар. Осындай азаматтар көп болса, контентте көп болады.

Біздің басты проблема – тұрғындардың компьютерлік сауаттылығының төмендігі. Олардың қатарына мектепте информатиканы оқымаған ересек адамдар санатын қосу әдеті қалыптасқан. Жастарды – мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерін бірден компьютерлік технологияларды жақсы түсінетіндер  қатарына жатқызамыз.

Бірақ жағдай ондай емес. Мектептер әлдеқашан заман талабынан қалып қойды. Егер де оқушыларды компьютерге бірінші рет 7 сыныпта отырғызсақ, олардан не күтуге болады? Оқу бағдарламасы солай. Және сабақ аптасына бір рет. Бұған қоса ауылдық жерлерде балаларға мектептен басқа орында монитордың алдында отыру мүмкіндігі жоқ. Оқушылар компьютерді қалай қосу және өшіру жаттығуларын 13 жасында ғана үйренеді. Мектептегі информатика пәнінің бағдарламасы қатты ескірген. Әлі сол Visual Basic пен «Паскаль» төңірегінен шыға алмай жүрміз. Мектептің 11 жылдық бағдарламасында ғаламтормен, е-поштамен, аудио, фото, мәтіндік файлдармен қалай жұмыс жасауды, сайт құруды мүлдем үйретпейді. Осындай біліммен түлектер жоғары оқу орындарына барады. Жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарында ақпараттық технологияларды көп жағдайларда орыс немесе ағылшын тілінде оқытылады. Басты себеп – мамандар, сапалы оқулықтар, заман талабына сай әдістемелер жетіспейді, термин жиынтығы әлі жоқ.

Сонда бізде қазақ тілінде контентті кім жасайды?

Ғаламторға ең негізгі ақпарат (контент) орналастырушы мемлекет болу керек. Заң бойынша мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілде ақпарат орналастыру міндеті де бар, қаражаты да шешілген.

Мемлекеттік органдардың сайттарында қазақша ақпаратар жеткіліксіз

Дегемен, мемлекеттік органдардың өздері интернет-ресурстарда азаматтарға ақпараттарды негізінде орыс тілінде береді.

Бұл мәселені шешу мақсатында 2010 жылғы 15 шiлдеде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне «электрондық үкiметтi» дамыту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

          Осы заң шеңберінде «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына депутаттар тарапынан ақпараттық жүйеде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған өзгеріс енгізілген болатын. Атап айтқанда, мемлекеттiк ақпараттық жүйелер қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады. Осы жүйелердегi қазақ тiлiндегi ақпараттың көлемi орыс тiлiндегi ақпараттың көлемiнен кем болмауға тиiс.

Дегенмен, мемлекеттік ақпараттық жүйедегі қазақ тілінің жағдайы осы заң қабылданғанға дейінгі қалыпта. Мемлекеттік тілдің дамуына серпін беретін бұл заңның талаптары мемлекеттік органдар тарапынан орындалмауда.

Мысалы:

·        Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтын алайық, www.minagri.gov.kz – тек қана қазақ тілін білетін ауыл тұрғынына субсидиялау тәртібінен бастап Жер кодексіне дейін барлық қажетті ақпараттар мемлекеттік тілде жоқ. Мемлекеттік сатып алулар туралы ақпараттар да тек қана орыс тілінде.

·        Бұдан ҚазАгрода қалыспайды: http://www.kazagro.kz/. Сайт ауыл еңбеккерлерін қасақана шатастырып, жобалар туралы ақпарат бермеу үшін жасалған сияқты. Кімге керек болса, ол онсыз да біліп алады деп ойлайтын шығар.  

·        Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында http://kaz.emer.kz/ -  рұқсат беру құжаттар туралы көптеген ақпарат жоқ. Рұқсатнамалық рәсімдер бөлімінде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік лицензиялар туралы ақпарат жоқ.

·        Ішкі істер министрлігі http://mvd.gov.kz сайтының мемлекеттік тілдегі басты бетіндегі ақпараттар бірен-саран аударылған. Барлық нормативтік құқықтық база тек орыс тілінде берілсе, ондағы «Оқиғалар мен хабарламалар» бөліміне кіру үшін түрік білу қажет. Неге дейсіз ғой, «Oturum Aç Oturum açmak için Tek Adımlı Oturum kullanıcı adınızı ve parolanızı girin» деген сөздерді жазу керек! Ақпаратты ашайын десең, түрік тілінде ескерту аласыз: «Bu sitenin yetkisiz olarak kullanılması yasaktır ve hukuki davalara konu olabilir». «Осы сайтты   заңсыз пайдалануға тыйым салынады және дау сотпен шешіледі». Түсініксіз, неге құпиясөз түрік тілінде енгізілетіндігі және мұны кім жасағаны. Осы сияқты хабарламалардан соң туындаған даулар қай елдің заңдарымен реттеледі деген сұрақ туындайды. 

·        Қаржы министрлігінің  http://www.minfin.kz сайтында есептер туралы файлдардың атауы  қазақ тілінде көрсетілгенімен, енді оны жүктесең, орыс тілінде мағлұмат аласың. Мысалы, 2012 жылдың 1 ақпанына арналған жағдай бойынша,  бюджеттік бағдарламалар бойынша, қабылданбаған міндеттемелер туралы және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының өз уақытылы емес орындалуы туралы ескерту ақпараты.

·        Электронды үкімет интернет-ресурстары мен порталдарының ішіндегі ең назар аудартатыны – Денсаулық сақтау министрлігінің сайты www.mz.gov.kz. Мысалы, қазақ тіліндегі «Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі» деген бөлімге қарапайым азамат кірген уақытта онда қазақ тіліндегі ақпараттың орнына «Такой страницы не существует. Хотите создать деген сөздер шығады. Өңірлерде тұрғындармен кездесу барысында азаматтардың Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі туралы хабарсыз екені белгілі. Сондықтан жұртшылық бұл жүйенің пайдасын сензінбеуде, өз құқықтарын білмейді. Өйткені бұл жүйені түсіндіру шаралары дұрыс жолға қойылмаған. Жоғарыдағы мысал, соның айқын дәлелі.

Бұл мысалдар мемлекеттік органдар тарапынан тіл заңнамасының талаптарын сақтамаудың бір бөлігі ғана.  

Мемлекеттік органдар бағдарламалық өнiмдерінiң қазақ тiлiнде интерфейсi болу талабы орындалмауда

Сонымен қатар, жоғарыда аталған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне «электрондық үкiметтi» дамыту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi қалыптастыру үшiн сатып алынатын немесе жасалатын бағдарламалық өнiмдердiң қазақ тiлiнде интерфейсi болуға тиiс.

Бұл өзгерістердің кушіне еңгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. 2011 жылғы мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi қалыптастыру үшiн сатып алынатын бағдарламалық өнiмдердiң қазақ тiлiнде интерфейсi болуға тиiс талабы конкурстық құжаттарда еңгізілуі міндетті. Бірақ Заңның бұл талабы да толық орындалмауда. Өткен жылы миллиондаған қаржыға өткізілген мемлекеттік сатып алулар бұл норманының орындалуын міндетті талап ретінде құжаттарға еңгізбей өткізілген. Қазақ тілін жаңа технологияларда дамыту үшін бөлінген қаражат талаң-таражға түсті. Тендерді жеңіп алған компаниялар көп қиналмай, қазақ тілін еңгізу талабы болмаған соң арнайы бағдарламалық өнiмдердi жасамай, оңай тұрде арзаңға көрші елдерге арналған, солардың тіл қажеттілігімен жасалған бағдарламалық өнiмдердi біздің мемлекеттік органдарға табыс етуде. Сырт көзбен қарағанда барлығы орында, бірақ бұл бағдарламалық өнiмдер пайдалу сұраныс талаптарына сәйкес келмейді, себебі мемлекеттік тілде ақпарат беруге арналмаған. Оны жоғары аталған мемлекеттік органдардын ақпараттық жүелерінің теріс мысалдарынан дәлелін тауып жатыр. Біреуінде қазақ тілінің орнына орысша, біреуінде түрікше жауап береді. Сонымен қатар, бұл жағдайлар біздің ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігіне күмән келтіруге болады деген ой салады. Шетелге арналған бағдарламалар біздің қауіпсіздігімізді қайтсын? Және ондай мысалдар басым көпшілік органдарда бар, онын бәрін депутаттық сауал төңірегінде атап шығу мүмкін емес. Құқық қорғау органдары жүйелі түрде осы бағытта тексеру жүргізу қажет!

Мемлекеттік органдар заңды бұзып отырғанда, басқалардан оның талаптарын сақтауды талап ету артық болар.

Қазақ тілінде мемлекеттік сатып алулар туралы ақпараттың жетіспеушілігі

Мемлекеттік сатып алулар процессінде маңызды заң бұзушылықтардың бірі – ол тілдер туралы заңнама талаптарының сақталмауы. Мемлекеттік сатып алулар туралы ақпарат қазақ тілінде мүлдем жоқ немесе толық көлемде орналастырылмаған. Бұл заң бұзушылықтар көптеген мемлекеттік құрылымдарға тән.

Мемлекеттік тілде ақпараттың жоқ болуы тілдер туралы заңнаманы бұзып қана қоймай, адал бәсекелестікке тосқауыл болуда. Осының салдарынан орыс тілін меңгермеген кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алулар рәсіміне қатысуда бірдей мүмкіндіктерге ие емес.

2009 және 2010 жылдарында Үкіметке мемлекеттік сатып алулар порталында http://www.goszakup.gov.kz ақпараттардың мемлекеттік тілде орналасуына қатысты депутаттық сауал жолдадым.

Дегенмен, порталды шолсаңыз тілдер туралы заңнаманың бұзылуы жалғасып жатқанын байқайсыз. Бұл заң бұзушылықтарға тыйым жоқ.

2010 жылы мемлекеттік сатып алулар порталында қазақ тілінде ақпараттың аздығы жөнінде мәселе көтергенімізде, республикалық «Мегаполис» газетінің 2010 жылғы 10 мамырдағы санында Электрондық коммерция орталығының басшысы Сұлтанжан Ахметов былай деп жауап берген:

«Оңтүстік Қазақстан бір бөлек, Шығыс Қазақстан облысында жарияланып жатқан лоттарға қатысып несі бар, оған ешқашан оңтүстік кәсіпкер бармайды және ештеңе тасымалдамайды!».

Бүгінгі күні де Электрондық коммерция орталығы тарапынан мемлекеттік тілге деген осындай көзқарас әлі жалғасып келеді.

Нәтиже болмаған соң, 2011 жылғы қарашада азаматтардың құқықтарын қорғау мен тілдер туралы заңнаманың біркелкі және нақты орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, мемлекеттік сатып алулардың ұйымдастырушысын мемлекеттік сатып алулар веб-платформасында қазақ және орыс тілдерінде ақпаратты орналастыруды міндеттейтін талап енгізілді.

Бұл норма Заңның бірінші ресми жарияланғанынан кейін 30 күн өтісімен – 2012 жылғы 26 ақпанда күшіне енеді.

Осылай қажетті тәртіпті орнатамыз деп үміт етемін.

 

Жоғарыда келтірілген жайттарды ескере отырып, Үкіметке қазақ тіліндегі контентті дамыту бойынша министрліктер мен ведомстволардың, мемлекеттік органдардың қызметін жүйелендіру және тиімділігін арттыруға бағытталған нақты бірқатар шаралар қабылдауды ұсынамыз.

 

ҰСЫНЫСТАР

 

1) Білім беру жүйесінде

Нақты заман талабына сай студенттер мен оқушылардың компьютерлік сауаттылықты көтеру қажеттілігін ескере отырып,

-         Информатика мен есептеу техникасын оқыту саласында мақсаттар пен міндеттерді қайта қарастыру. Нәтижелерді компьютерлермен жабдықталу мен интернетке қосылу көрсеткіштерімен емес (ондай міндеттерді экономикада индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруды бастамай тұрып қойғанбыз), оқыту сапасы, мұғалімдерді дайындау, заманауи әдістер мен оқулықтардың болуы, оқыту нәтижелерімен бағалау.

-         Оқыту сапасының басты критерийлері есептеу техникасын пайдалана білу емес, оны құрал ретінде пайдалана отырып, оқу және өндірістік қызметке қажетті ақпаратты тауып, өндеп, сақтап, алмаса білу.

-         Осы мақсатта мектептер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми орталықтарды тартып, белгілі ғалымдардың әлеуетін пайдалану керек.

-         Ақпараттық технологиялар ежелерін оқытуды жас шақта, төменгі сыныптардан бастау және пән бойынша сағат саны көлемін көбейту керек.

-         Көп назарды қазақ тілінде білім алуға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге бөлу, заман талабына сай оқу әдістемелерін, оқулықтар мен электрондық құралдарды әзірлеу үшін ғалымдар мен білікті ұстаздардан шығармашылық топтар құру.

2) Ақпараттық қамтамасыз ету саласында:

Қазақ тілін пайдаланудың базалық тетіктерін құруға және таратуға жағдай жасайтын іс-шараларды қолға алуды ұсынамыз. Одан әрі бұл ресурстар мен тетіктер еркін түрде таратылуы қажет.

- тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай міндеттерді тек бюджет қаржысы есебінен құрылған құрылымдардың күшімен орындау тиімсіз. Ең оңтайлы шешім – қоғамдық ұйымдардың қатысуымен бірлесіп жұмыс жасау үшін жағдай жасау болып табылады.

- мемлекеттік тілдегі арнайы бағдарланған сайттардың құрылуына және аударылуына қолдау көрсету (диабет, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және т.б. сайттар). Түрлі ауруға шалдыққан немесе мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар сайттарды мемлекеттік тілге аудару. Қаржылай қолдау қажет.

- Қазақтілді блог жүргізушілердің қатысуымен жүйелі түрде блог-турлар ұйымдастыру.

- Мемлекеттік холдингтар мен ұйымдардың жарнамалық қаржыларын тарта отырып, қазақ тіліндегі веб-сайттарды ынталандыру;

- Мемлекеттік тілді қолдану критерийлері бойынша мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына мониторинг жүргізу;

- Интернет-технологияларды қолданылатын терминдер сөздігін анықтау үшін іс-шаралар өткізу;

- Мемлекеттік тілдегі қаріптер (шрифттер) пакетін жасау және құру. Қазақ тілінде тек 3-4 қана қаріп бар. Сондықтан кез-келген бағдарламалық өнімде қондыруға болатын қазақ тіліндегі шрифттерді әзірлеу қажет.          

- Танымал интернет-ресурстарды қазақ тіліне аудару және қолдау. Көптеген веб-сайттар қосымша материалдық шығындар себебінен өз жұмысында қазақ тілін қолданбайды. Қазақ тілінде мақалалар мен жаңалықтарды жариялау үшін кәсіби журналистерді пайдалану, аударма жасауға көмек көрсетуді қарастыру керек.

- қазақ тіліндегі интерфейсі бар және осы тілде жұмыс істей алатын кең танымал әлеуметтік желіні құру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Әрине, www.ilike.kz әлеуметтік желісінің кемшіліктерін ескере отырып.

3) Мұрағаттар мен кітапханалардағы кино, видео және аудио материалдарды сандық түрде жазу, аудиокітаптар жасау және оларды интернет жүйесінде орналастыру 

1)     мемлекеттік мұрағаттар, «Қазақфильм» киностудиясы, мемлекеттің қатысуы бар радио мен телекомпаниялардың қорларындағы қазақ тіліндегі көркем және деректі фильмдерді, музыкалық шығармалардың аудиожазбаларын сандық түрде жазу және оларды ашық қол жетімділікте орналастыру.

2)     Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын сандық түрде жазу және оларды интернет жүйесінде орналастыру.

3)     Аудиокітаптар жасау және оларды интернет жүйесінде орналастыру. Интернетте қазақ тілінде аудиокітаптар жеткіліз деңгейде. Қазіргі таңда аудиокітаптар интернет қолданушылары арасында өте жоғары сұранысқа ие контент түрі, олар уақыт үнемдеуге және кітапты жеңіл игеруге мүмкіндік береді.   

4)     Фильмдер, аудиожазбалар мен аудиокітаптар қорын құру және оларға интернет қолданушыларының қол жетімділігін қамтамасыз ету –  интернет жүйесінде қазақ тілді сапалы және заманауи контент санын арттыратыны сөзсіз.

4) Мемлекеттік тілде сайттар мен блогтар жасауға инфрақұрылымның жеткіліксіздігі

          Отандық блогплатформаның болмауынан қазақ тілді блогерлер «wordpress»-те жұмыс істеуге мәжбүр. Сот шешімімен экстремистік мазмұндағы бірқатар блогтардың жабылуына байланысты 500-ден астам блогерлер өз материалдарын алуға мүмкіндіктері жоқ. Мұның шешімі біреу – «wordpress» сияқты өзіміздің блог платформамызды құру.  

Сайтты басқару жүйелерін қазақ тіліне аудару мемлекеттік тілде оңай және тез сайттар жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қазақ тілді веб-мастерлерде мықты қолдау бар – басты жүйелер қазақ тіліне аударылып қойған. 

Таңымал сайттарды басқару жүйелерінің барлық аудармалары жүктеуге және сайттар жасау үшін ашық қол жетімділікте. Сондықтан, қазақ тілінде сайт жасау күрделілігі бірнеше есе жеңілдеген.

5) Қазақ тіліне жеткілікті деңгейде шрифтік қолдау көрсету

Дизайнерлер мен беттеушілер үшін қазақша шрифтер әзірлеу. Қазақстанда көптеген шрифтер орыс нұсқасында кең пайдаланса да, олардың бүгінгі күнге дейін қазақша нұсқасы жоқ. Шрифтердің қазақ нұсқасын әзірлеу көп адамдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қазақ тіліндегі текстерді әртүрлі шрифтерде жазуға мүмкіндік берер еді.

6) Ірі веб-ресурстардың интерфейсін қазақ тіліне аудару

Қазақ тілінде контентті жинақтау (генерациялау) үшін ірі веб-ресурстардың интерфейсін қазақ тіліне аудару керек. Бұл қазақ тілді қолданушыларға аталған веб-ресурстарды пайдалануға және онда қазақша контент жасауға мүмкіндік берер еді.

 

Прокуратура мен қаржы полициясы органдары барлық келтірілген жайттарды жан-жақты тексеру керек. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін қазақша интерфейспен қалыптастыруды және оларда қазақ тілінде ақпаратты енгізуді талап ететін заңнамаға өзгеріс енгізгенімізге бір жылдан асты. Бұл ендігі жерде қазақ тілін қолдау бойынша мекеме басшысының ақ ниеті емес, міндеті, сайт әкімшісінің қисынсыз тілегі емес, заң талабы. Бұл конкурстық құжаттарда жазылу керек. Жоғарыда аталған органдар осындай сайттарды, порталдарды, сервистік бағдарламаларды жасауды жеңіп алғандарды, халық қаражатының қайда кеткенін тексеру керек. Егерде сайт бір тілде ғана жұмыс жасаса, бағдарлама қазақша интерфейссіз болса, онда оған аз қаражат кеткен болар.

Белгіленген тәртіппен және жазбаша түрде жауап беруді сұраймыз.