Мақсат – анық, талап – белгілі
Сәрсенбі күні Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Өткен жылы жалпы экономика 5,1 пайызға өсіп, даму қарқыны бәсеңдемеді. Десе де, қазір Үкімет үшін жайбарақат отыратын емес, жаңа серпінмен іске кірісетін уақыт. Мақсат айқын, бағыт белгілі болса да, орын алған қателіктерді жою қажет. Жыл сайын ішкі жалпы өнімді 6 пайызға арттырып, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 450 миллиард долларға жеткізу керек. Президент Қасым-Жомарт ТоқаевҮкімет пен әкімдіктерге берілген құзырет дұрыс қолданылмай, салдарынан реформалардың жүзеге асырылмай жатқанын айтып, жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуді, ұстанымдарды жүйелеуді, экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Соңғы бес жылда салық тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткен. Салық салудың жөні осы екен деп, қосымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқты. Президент қосымша құн салығын өсірумен проблема шешілмейтінін, жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі, бизнестің өркендеуіне дәл осы салық мәселесі кедергі болып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Сондықтан бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайтып, нақты қолдауды көбейтіп, салықты жүйесіз өсіруден бұрын Үкіметке алдымен қуатты экономика қалыптастыру керек. Президент салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту тапсырмасының орындалмағаны мен оны шешу жолдарының әзірленбегеніне тоқталды. Сондай-ақ, ендігі жерде салық жүйесі цифрландырылмақшы. Президент мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары қосылған 14 ақпараттық жүйенің кеңінен қолданылмағанын, жаңа халықаралық жүйеге ауыспағанын айтып, ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне ІТ-аудит жүргізуді, жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыруды тапсырды. Жалпы, салық және бюджет саласына түбегейлі реформа жүргізіліп, соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалады, осылайша ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптастырылмақшы. Бұл Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық болмақ.
Президент: «Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалды. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал, бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр. Бір жағынан, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқ етерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек» деді.
Президент негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесінің азайып кеткені елдің даму қарқынын тежейтінін жеткізді. Ішкі-сыртқы инвестицияны көбейту қанша айтылса да, көңіл көншітерліктей емес. Мәселен, көптеген облыстардың отыз жылдан бері дотацияға қарап келуі, тіпті аудандардың облыс пен республикалық бюджетке кіріптар болып отыруы инвестиция тарту мен экономикалық дамуға деген жайбасарлығының салдары. Географиялық платформа, табиғи ресурстар сай келіп тұрса да артта қалған ауылдар мен аудан, қалалардың көптігі осының дәлелі. Оның үстіне бюрократиялық кедергілер де ірілі-ұсақты бизнестің қай түрін болса да тежеп келді. Ішкі және сыртқы инвестицияны көбейту үшін жаңадан Инвестициялық штаб та құрылды. Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларының межелі мерзімі мен деңгейінде орындалмауы жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен. Бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізу үшін даму институттарын жандандырып, шетелдік тәжірибеге сүйенуге тура келеді. Азуын айға білеген мемлекеттер осы күнгі жағдайларына бірден жетпеген. Олар даму жолында тазалық пен табандылық танытып, қазіргідей дәрежеге жеткен. Ал, бізде барлық дерлік салалар сыбайлас жемқорлықтың салдарынан оңалмай жатыр. Президент ақша жүретін жерге мейлінше адами факторды араластырмай, барынша бюрократиялық міндеттемелерді азайтып, тіпті инвесторларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сол сияқты түрлі жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу да өте құптарлық іс. Біз, мысалы, жарты жылда бір рет аудан аралап, құрылыс нысандарымен танысамыз. Әбден қаңқасын тұрғызып, қабырғасы қаланып, едені төселіп қойғанда нысандардың сапалы салынуын талап ету қалай болады?! Сондықтан мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілетін құрылыс, мемлекеттік қолдау аясында іске қосылатын жобаларға міндетті түрде мониторинг жүргізу керек. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Заң нормаларын әркімнің өз қалауына қарай икемдеуге тыйым салынды. Тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптар мен белгіленген мерзімді бұзғаны, жұмысты сапасыз атқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілмек. Өйткені, құрылыс саласында олқылықтар өте көп. Сондықтан сапаға мән беріледі.
Мемлекет басшысы: «Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс атқарылды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек. Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін. Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын» деп атап өтті.
Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау – мемлекеттің экономикалық үдерістерге жиі араласуынан біртіндеп бас тартуына мүмкіндік беретін реформа екені айтылды. Президент отын-энергетика нарығындағы қателіктердің соңы немен аяқталғанын еске салды.
Қолдан тапшылық тудыра берсе, жанар-жағармайға да сұраныс төмендейтін қауіп бар. Көлік индустриясында озып кеткен елдер электрокарлар шығарып, күн көзінен қуат алып жүретін көліктер нарықты жаулайтын заман келе жатыр. Мәселен, Өзбекстан өз көліктерімен алдымен ішкі сұранысты толықтай дерлік қамтамасыз етіп, сосын сыртқы нарыққа шығарды. Кез келген экономикасы мықты мемлекет алдымен өз өнімдерінің саудасын өз елдерінде жүргізеді. Бұл – әрі экономика, әрі идеология үшін тиімді тактика. Біздің елге көліктің ескісі де, жаңасы да шеттен әкелінеді. Бір монополисті қолдау үшін ескі көлік мініп жүргендерге экология мен салықты сылтауратып тиіспеу керек. Өйткені, шеттен келген арзан көліктің де бағасы утиль алым мен жоғары салық, одан қалса авто- салондар мен банктердің өсімінің кесірінен қымбаттап кетіп жатыр. Ел ішінде «Сергектің» миллиондаған айыппұлы салдарынан арзан да ескі көлік мініп жүргендер өте көп және олардың нақты ақшаға сатып алуға қаражаты жоқ. Көпшілігі банктерден несиеге алса, жағдайы жетпейтін жастар арендаға алып, күніне 13-15 мыңнан төлеп мініп жүр. Өз күнін өзі көріп жүргендерге аяққа нық тұрып кеткенше, ең болмаса жаңасын алғанша, ескісінің борышынан құтылғанша көлік иелерін тығырыққа тіремеу керек деп есептеймін. Олар да көлікті еріккеннен мініп жүрген жоқ. Күнкөріс, жанбағыстың қамы үшін мініске жаратып жүр емес пе?!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфрақұрылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзірленуге тиіс. Ойға келгеннің бәрін бір құжатқа жинақтап, сосын бюджеттен қаржы бөлінбеді деп сылтау айту – қолыңнан түк келмейтінін мойындау деген сөз. Үкіметке Инфрақұрылым жоспарын қайта қарауды тапсырамын. Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда, өзге де құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс. Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің еркіндігін шектеу емес, керісінше, елімізде бизнеске және инвестицияға жайлы орта қалыптастыру. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді» деді.
Ұялы байланыс, интернет сапасының нашарлығы мен мүлде жоқтығы, тариф төлемдерінің өсіп кеткені Мемлекет басшысын да бей-жай қалдырмапты. Қазір көп жұмыс, тіпті оқушылардың сабақтары да байланыс жүйесіне тікелей байланысты болғандықтан қызмет көрсету сапасы жоғары болу керек. Өкінішке қарай, абоненттердің мұқтаждығы мен мәжбүрлігін пайдаланып, өз қалтасын ойлап жатқан ұялы байланыс операторлары да түрлі заңсыздықтарға барып жатыр. Үкіметке бұл саладағы бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, жалпы заңсыздықтарды жою міндеті қойылды. Президент Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырды. Жекешелендіруді тиімді жүргізу экономиканың еркін дамуына жол ашады.
Индустрия саясатын жүргізу үшін арнайы министрлік құрылғанына бір жылдан асты. Өндірістің өркендеуіне тың серпін береді деген үміт әлі ақталған жоқ. Министрліктің алдына даму бағдарын анықтап, озық технология қолданылатын жаңа өндірістер ашу міндеті тұр. Жобалар дайын болса, жоспар әзір емес. Өндірісті жүйелі дамыту үшін де Үкімет жетекшілік етуі керек. Әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай өндірісті жүргізу керек. Әсіресе, ауылдарда жұмыссыздықты жою үшін зауыт-фабрикалар салу керек. Жүйе жұмыс істемей тұр. Сол үшін де Президент ел дамуына білімімен үлес қосатын экономистерді осынау қастерлі іске жұдырықтай жұмылуға шақырды. Расында да, бізде ақылды адамдарды тыңдап, потенциалын пайдалана бермейтін, білгеннің тілін алмайтын әдет бар ғой.
Ауыл шаруашылығы саласының да ахуалы нашар. Былтыр қант қызылшасы мен мақта өсірген өңірлерде диқандар еккенін орып алса да, төккен терлері ақталмады. Қызылша іріп, жүгері шіріп кетті. Батыс өңірлерде малға жем жетпей жатты. Су тапшылығынан да шығынға ұшырағандар бар. Президент айтқандай, агроөнеркәсіп саласына бөлінетін қаржы көлемін екі есе ұлғайтып, оңалту қажет. Көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несие көлемі 1,5 триллион теңгеге, ал, инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жететінін, лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінетінін естіп, қуанып қалдық. Шынымен де жыл сайын ауыл шаруашылығы техникаларының 10 пайызы жаңартылса, жалпы өнім көлемі 2 есеге ұлғаятын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен былтырғы Жолдауымда осы салаға қатысты нақты тапсырма бердім. Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілердің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сондай-ақ, бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі, іс жүзіне келгенде, біраз түйткілдер бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек. Мемлекеттік қолдау шараларын «бір терезе» қағидасымен жүзеге асыру қажет, яғни салалық қаржы институттарының қызметін бір жерге біріктірген жөн. Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін арттырып, оған әкімдіктердің ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыретін беру қажет. Ол үшін агро-өнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру қызметтерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру керек» деді. Ешбір қазба байлығы жоқ елдерде ауыл шаруашылығы саласын дамыту әлемдік тәжірибеде бар. Агрономдар осы бағытта зерттеулер жүргізіп, әр аймақта агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарын түзу керек. Әркім өз бетінше егін салса да, бәрібір біз осы сала арқылы да мол табысқа жетуді көздесек, жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Ауыл шаруашылығы саласы – кей облыстардың көшін бастап отырған күретамыр. Сондықтан министрлік мамандары ауылдарды аралап, ондағы тыныс-тіршілікті өз көздерімен көріп, жағдайды түзесе игі.
Мемлекет басшысы коммуналдық-энергетикалық сектор жұмысын да сынға алды. Президент Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысы құрылысының созылып кеткенін, Екібастұздағы ГРЭС-тің энергоблогын он жылдан бері қалпына келтіре алмай жүрген мемлекеттік органдардың қателіктерден сабақ алмайтынын өте дұрыс ескертті. Үкімет ең алдымен апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғыртып, қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Тұрғындар суықта дірдек қағатын болса, елден тыныштық кетеді. Сондай-ақ, инфрақұрылымды реттеу мәселесі де орынды көтерілді. Бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, жөнімен игерілсе, барлық бастама сапалы атқарылып, пайдалануға берілсе, проблемалар қайта-қайта туындамас еді. Президент айтудай-ақ айтып келеді. Айтқызбай-ақ орындайтын атқарушы билік болса, қанекей! Президентімізге де, жаңадан іске кіріскен Үкіметке де сәттілік тілейміз. «Ұлтқа қызмет ету мінезден» деген. Қолда мансап барда, тек еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет ету керек. Мақсат – анық, талап – белгілі. Оларды тек іске асыру қалды.
Қайрат Балабиев,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
https://okg.kz/post?&-anyq-talap-belgili