Жалпы отырыста «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау барысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А. С. Сапаровқа депутат екі сұрақ қойды:
"Бірінші сұрақ. Жыл сайын агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға шамамен 400 млрд теңге бағытталады. Бюджет қаражатынан тиімді қайтарым болуы тиіс.
Заңнамада 2024 жылдан бастап өсімдік және мал шаруашылығы бойынша қарсы міндеттемелер көзделген. Бұл, бір жағынан, субсидиялардан әсер алуға, ал екінші жағынан, субсидиялардың мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген кешенді талдау деректері бойынша 2021 жылы қылмыстық істердің жалпы санының 34,2 %-ы инвестициялық субсидиялауға тиесілі екені анықталды.
Субсидиялардың осы түрі бойынша қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарлап жатырсыздар ма және бұл қандай міндеттемелер болады (мысалы, еңбек өнімділігін арттыру, төленген салықтардың көлемі)?
Екінші сұрақ. Елімізде күнделікті пайдаланатын көкөніс өнімдерінің жеткіліксіздігіне байланысты импортқа тәуелдіміз.
Қазақстаннан экспортқа шығарылған көкөніс өнімдерімен салыстырғанда шет елден кіргені 10 есе көп.
Сондықтан, мемлекет тарапынан тұрақты қолдау жасап, ішкі нарыққа жеткілікті мөлшерде көкөніс өндіретін жылыжайлар құрылыстарын жүргізіп, оларды өндіріске қосу үшін 2024 жылы қанша қаражат бағытталады және жылыжайларға қанша субсидия қарастырылған?".