Депутат «Жылу энергетикасы туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша сөз сөйледі:
"Ілеспе заң жобасының негізгі міндеті - жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеу үшін толыққанды құқықтық негізді заңнамалық деңгейде белгілеу болып табылады.
Сондай-ақ, заң жобасының жекелеген нормалары электр энергетикасын теңгерімдеуші нарық тетіктерін және Электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны енгізу бөлігінде электр энергетикасы саласын одан әрі реформалауға бағытталған.
Орталықтандырылған сауда-саттық көлемін ұлғайту мақсатында кепілдендірілген сатып алу үлесін технологиялық минимум деңгейіне дейін азайту арқылы жылу электр орталықтарынан электр энергиясын басымдықпен сатып алу тетігін қайта қарау ұсынылады.
Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға жасыл электр энергиясын сатып алу мүмкіндігін беру мақсатында көміртегі салығының түпкілікті өнім бағасына әсерін азайту үшін жасыл тарифтерді енгізу ұсынылады.
Заң жобасын қарау кезінде депутаттар энергия беретін және жылу тасымалдайтын барлық ұйымға қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін Кәсіпкерлік кодекстен алып тастау арқылы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған нормаларды ұсынды.
Әріптестерім атап өткендей, Кәсіпкерлік кодекстің ережелері энергия қадағалау қызметін шектейді, ол технологиялық бұзушылықтар санының ұлғаюына бірден-бір себеп болып табылады.
Құрметті әріптестер, заң жобасын қабылдау тұтынушылардың, мемлекеттің және шаруашылық жүргізуші субъектілер мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, жылу энергетикасы саласын реттеу, мемлекеттік энергетикалық бақылау жөніндегі органның функциясын күшейту және электр энергетикасын табысты дамыту мақсатында шаралар кешенін енгізу үшін кешенді заңнамалық база қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қаралып отырған заң жобаларын қолдауды ұсынамын."
.