Депутат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Т. Б. Дүйсеноваға сауал жолдады:
"Еліміздегі бас көтерген «Жалғызбасты аналар» қауымы баланың күтіміне мемлекеттен берілетін жәрдемақылардың жеткіліксіздігіне көңілдері толмайтындығын айтып жатыр.
Отбасы мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы назарынан тыс қалған емес. Президент жыл сайынғы Жолдауында отбасы, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, тапсырмалар жүктейді.
Республика көлеміндегі жалғызбасты және жесір аналардың әлеуметтік жағдайына байланысты барлық мәселелер «AMANAT» партиясының назарында.
Әйел – отбасының, мемлекеттің тірегі. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы тікелей отбасына байланысты. Жалғызбасты аналар, олардың ішінде жас аналарды әлеуметтік қолдау – бұл әрбір мемлекеттің отбасылық саясатының бір тармағы болуы тиіс.
Бүгінде Қазақстанда 837 мың толық емес отбасылар, оның 758 мыңы – әйел адам және 79 мыңы – ер адам. Жалпы толық емес отбасылардағы адам саны – 2 млн. 601 мың.
Елімізде екі миллионға жуық жетім бала бар, оның әрбір бесіншісі некесіз отбасында өмірге келген.
Қоғамда жалғызбасты аналардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Бірі – қапияда ері қаза болғандар, екіншілері – ажырасып кеткендер, тағы бірі – алданып қалғандар мен азаматтық некеден «таяқ жегендер».
Толық емес асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы беріледі, ал жалғызбасты аналар мен әкелерге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған.
Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудағы, отбасын нығайтудағы басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау болып табылады.
Бүгінде жалғызбасты аналар мен әкелерге жәрдемақы мөлшері шектеулі және берілетін көмек мардымсыз.
Барлық анаға 1,5 жасқа дейінгі баланы күтуге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді және олардың көлемі әртүрлі.
Жұмыссыз әйелге бір балаға ай сайын 19 872 тенге, ал жұмысы бар ананың әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды.
Жалғызбасты, олардың ішінде жас аналар мемлекеттік әлеуметтік қолдауды қажет етеді, себебі олар дүниеге некесіз бала әкелумен туындайтын қаржылық, моральдық және тағы басқа жағдайларды өздігінен жеңуге қауқарсыз келеді.
Сондықтан, жалғызбасты аналар мен әкелерге мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймыз.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, құрметті Тамара Босымбекқызы, Сізден төменгі мәселелерді:
1. Қазақстандағы барлық әйел мен жалғызбасты әкелерге бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды және
2. жұмыссыз жалғызбасты аналар мен әкелердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшерін заңда бекітілген күнкөріс минимумына теңеуді қарастыруларыңызды;
3. жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелердің балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін кезекте басымдық беруді, мектептерде спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуын қамтамасыз етуді, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға кәсіби бағдар жұмысының бағдарламасын қабылдап, грант негізінде білім алып, еңбекке араласуын қарастыратын бағдарлама қабылдауды сұраймыз.".
Сауалды "AMANAT" партисы фракциясының мүшесі Ж. Сүлейменова, "ЖСДП" фракциясының мүшесі А. Сағандықова, "ҚХП" фракциясының мүшесі Г. Танашева қолдап, қосылды.
https://www.instagram.com/p/CzdFXL7q-t0/?igshid=MTc4MmM1YmI2Ng==