Депутат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қ. А. Бозымбаевқа сауал жолдады:
"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты өткен шұғыл кеңесте Үкіметке барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», - деп атап өткен.
Бүгінде республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Қазақстандағы алапат су тасқыны кезінде елді мекендерді су тасқынынан қорғайтын бөгеттердің көпшілігінің тозығы жетіп, кейбіріне жарты ғасырдан асқандықтан, шөгіп жермен-жексен болғанын да көрдік.
Ордабасы ауданының бір топ бұрынғы су шаруашылығы қызметкерлері елде болған соңғы су тасқынына байланысты «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қағып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне үндеу жолдады.
Сондай-ақ, осы жылдың наурыз айында әлеуметтік желіде ауыл шаруашылығының белгілі сарапшысы К. Павлов та «Бөген» су қоймасының бұзылудың аз-ақ алдында тұрғанына алаңдатушылық білдірген болатын.
Түркістан облысы әкімдігінің қарамағындағы Ордабасы ауданындағы стратегиялық маңызы бар «Бөген» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, бөгетінің ұзындығы – 5,4 шақырым, ал биіктігі – 19,3 метр.
Бұл су қоймасы «Бөген» елді мекенінен 25 метр биіктікте орналасқан, сыйымдылығы 370 млн. шаршы метр, облыстың бес ауданына су береді және 120,0 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етуде.
Мамандардың айтуынша, су қоймасын салу кезінде топырақтың түрі толық зерттелмеген, оның айналымы мен жел бағыты да өзгерген. Нәтижесінде жағалау сызығы гидравликалық күштердің әсерінен бұзылып, қатты эрозияға ұшыраған.
Сондай-ақ, 57 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан оның бөгеті мен жағалауы тозып, бүгінде апаттық күйге жеткен. Су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары да су мамандары емес екен.
Сондықтан, өңірлерде орын алған алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығарып, төтенше жағдайлардың алдын алуымыз қажет.
Қазіргі кезеңде «Бөген» су қоймасында 349,1 млн. текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 млн. текше метрге аз (2023 ж. - 363,1 млн. текше метр). Көктем кезінде қоймаға су көптеп жиналған жағдайда ескірген бөгет ол мөлшерді ұстап тұруға қауқарсыз. Сол себепті қойманы қиратып алмау үшін су деңгейін төмендетуге мәжбүр. Ал, бұл егін науқаны кезінде ағын судың жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Судың тапшылығына байланысты егін көлемі де айтарлықтай азаяды, ал өнім аз болған жерде жалпы өңірлік өнім көлемі өте төмен болады.
Бұл аудандарда ірі индустриялық өндірістер жоқ, тұрғындардың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылық өнімдерін өсіріп сату. Сондықтан, шаруалар ағын суға тәуелді әрі жыл сайын ағын судың да көлемі азайып, шаруалар арасында талас тудырады. Жыл сайынғы көрініс осындай. Биыл да ағын судың тапшылығы әлеуметтік шиеленіс пен диқандардың наразылығын тудыратыны сөзсіз.
2024 – 2026 жылдары республика бойынша 20 астам су қоймасының құрылысын бастау және 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарлануда.
Қазақстан өңірлерінде орын алған алапат су тасқыны мен жоғарыда айтылған маңызды мәселелерді ескеріп, Сізден, құрметті Қанат Алдабергенұлы, төтенше жағдайды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігіне қауіпті жағдайда тұрған «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсыруыңызды сұраймын.".
Сауалға «AMANAT» Фракциясының мүшелері, депутаттар Д. Исабеков, Т. Қырықбаев, Г. Нұрымова, Ұ. Сәдібеков, «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі, депутат Қ. Иса, «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының мүшесі, депутат
Г. Танашева қосылды.
,