Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Денсаулық сақтау саласының бүгіні мен келешегі жайында

2025 жылғы 19 маусым                                                              Астана қаласы

Депутат Н.Дементьева әріптестерімен бірге «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Дәрігер Talks» диалог алаңының II отырысына қатысты

Қазмедиада «AMANAT» партиясы «Дәрігер Talks» диалог алаңын ұйымдастырды, мұнда іс-шараға қатысушылар отандық медицинада орын алған жүйелі мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын ұсынды және өз тәжірибелерімен бөлісті. «AMANAT» партиясы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша,  бұл жиын денсаулық сақтау саласының бүгіні мен келешегі туралы ашық әңгімелесу мақсатында еліміздің барлық жерінен 600-ден астам дәрігердің, медбикелердің, ғалымдардың, медициналық ұйымдар басшыларының және сарапшылардың басын қосты.

Іс-шараның басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошанов жиынға қатысушыларды өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтады. Ол дәрігерлердің ел өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесі әркез Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың назарында екенін жеткізді.

Мәжіліс Төрағасы медицина қауымдастығының өкілдері «AMANAT» партиясының маңызды тірегі екенін атап өтті. Өйткені әрбір үшінші медицина қызметкері партия мүшесі болып табылады. Осы тұрғыда «Дәрігер Talks» платформасы отандық медицинаның өзекті мәселелері ашық талқыланатын және оны одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттер әзірленетін бірегей алаңға айналды. Мәселен, өзекті тақырыптардың бірі – ауылдағы медицина қызметкерлерінің тапшылығы. Аталған мәселені шешу мақсатында ауылдық жерге көшіп барған 700-ге жуық медицина қызметкеріне былтырдан бастап 100 ЕТЖ (шамамен 9 млн теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған еді.

Сондай-ақ форумда депутаттық корпус пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысы арқылы медицина қызметкерлеріне біліктілік санаттарын берудің жаңа жүйесі өзгертілгені туралы айтылды. Мыңдаған дәрігер мен медбике тестілеусіз баламалы біліктілік деңгейін алды. Бұл – медицина қызметкерлерінің партияға жолдаған көптеген өтінішіне жауап ретінде қабылданған шешім. Бұған қоса, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 10% ҚҚС енгізуге қарсылық білдірді.

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша дәрігерлерді кәсіби сақтандыру жүйесі енгізілді: бұдан былай дәрігердің қателігінен орын алған шығындар мамандардың жеке қаражатынан емес, бюджет есебінен жабылатын болады.

Бірақ отандық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету, МӘМС жүйесінің ашықтығы сынды бірқатар мәселе әлі де бар. Медицина қызметкерлеріне қол жұмсау мәселесі толық шешілген жоқ. Бүгінде медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне өзге тұлғалардың кедергі келтіруінен қорғайтын нормалар күшейтілді. Сонымен қатар «AMANAT» фракциясының мүшелері медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасаған адамдар үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастыру мәселесі бойынша түзетулер енгізуге бастамашылық етті.

Медицина жұртшылығымен кездесу барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Көшербаев және ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова сөз сөйледі. Ал «Дәрігер Talks» партиялық диалог алаңына қатысушылар өздерінің жеке қалыптасу тарихымен бөлісіп, әріптестерімен бірге кәсіби сын-тегеуріндерді талқылады.

Форум соңында «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошанов және ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова кәсіби қызметі барысында елге сіңірген еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерін марапаттады.