2011 жылғы 15 тамыз
Бүгін Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми аймақ активімен кездесті.
Кездесуге қатысушылар алдында сөз алған Қ.Мәми «бұл басқосу ел өміріндегі айрықша айтулы кезең – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекелетін жылы өтіп отыр»,-деп атап өтті.
Қ.Мәми «тарихи тұрғыдан алып қарағанда қысқа мерзім ішінде Қазақстан ғасырға парапар жолдан өтіп, қарқынды және тұрақты дамып келе жатқан, әлемдік қоғамдастықта лайықты орнын алған елге айналды»,-деді.
- «Біздің еліміз бүгінде дамыған нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі бар, өз азаматтарының әлеуметтік қорғалуын жақсы жолға қоя алған осы заманғы мемлекет ретінде қалыптасты. «Қазақстандық даму жолы» деп аталған табысты саяси-экономикалық өзгерістердің бұл оң сипаты, ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының, ерекше саяси дарыны мен көрегендігінің, стратегиялық тұрғыдан байыпты шешімдер қабылдауының арқасында мүмкін болғаны даусыз», деді төраға.
Жоғары заң шығару органының қызметі туралы айта келіп Қ.Мәми «осы жылдар ішінде Парламент Президенттің Қазақстан мемлекеттілігін ойдағыдай құру жөніндегі стратегиялық идеяларының қолдаушысы болды. Жоғары заң шығару органы аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге белсене қатысты, енді-енді аяғынан тұра бастаған реформаларды құқықтық тұрғыдан қолдауды жедел қамтамасыз етті», деп атап өтті.
Облыс активімен кездесу соңында Қ.Мәми биылғы жылдың аяғына дейін Парламент Тәуелсіздіктің Жиырма Жылдығы Декларациясын қабылдауға ниеттеніп отырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, «замандастарға және болашақ ұрпаққа арналған осы салтанатты саяси-заңдық құжатта Қазақстанның егемендікке ие болған жылдарда қол жеткізген басты жетістіктері атап көрсетіледі. Жаңа Декларация әрбір азаматқа Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің басшылығымен еліміз жүзеге асырған істер ауқымын сезінуге мүмкіндік береді».
- «Тәуелсіздіктің Жиырма Жылдығы Декларациясы барша Қазақстан халқының жаңа, жарқын жеңістері мен жетістіктері үшін берік негіз қалайды», деп атап өтті төраға.
Сөз соңында Қ.Мәми алқалы кездесуге қатысқан облыс басшылығына, мәслихат депутаттарына және аймақ жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Сапар аясында Сенат Төрағасы «Жайық Агро» КМК-нің көкөніс кешенінің жылыжайында, бір рет қолданылатын шприц шығарылатын «Брандо» зауыты мен облыстық өлкетану мұражайында болды.
Қ.Мәмимен бірге делегация құрамында Сенат Төрағасының орынбасары А.Судьин, депутаттар Қ.Ищанов пен С.Еңсегенов, сондай-ақ Есеп комитетінің мүшесі Ж.Сәрсенқұлов болды.