Мәми
Қайрат
Әбдразақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Депутатқа хат
Өскемен

 2011 жылғы 19 қыркүйек 

Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Өскеменде Парламент Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы болды. Шара «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару және оны заңнамалық тұрғыда реттеуді жетілдірудің келешегі» тақырыбына арналды.

Жергілікті активтің алдында Сенат Төрағасы Қайрат Мәми сөз сөйледі. Бұл кездесудің Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғаны маңызды екенін атап өте келіп, төраға Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы 2011 жылдың тарихи мезгіл екенін атап өтті.

Қ.Мәми Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясын қабылдау жөніндегі Парламенттің бастамасы туралы әңгімелеп, онда дербес даму кезеңіндегі Қазақстанның басты жетістіктері көрсетілетіні жайына тоқталды.

Жергілікті билік органдарының рөлін нығайту және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне қатысты Қ.Мәми «Нұр Отан» партиясының 13 съезінде еліміздің Президенті саяси жүйені одан әрі жаңғырту қажеттігін айтқанын, оның маңызды құрамы Парламент өкілеттігін кеңейту мен жергілікті билік органдарының рөлін нығайту екеніне тоқталды.

- «Жергілікті өзін-өзі басқару мемлекеттік басқару жүйесінің толыққанды және күшті буыны болуы тиіс»,-деді төраға.

Жоғарғы заң шығару органында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Парламент Сенатында Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес және «Өңір» депутаттық тобы құрылды. Бұл құрылымдардың жұмысы осы саладағы заңнаманы жетілдіру мен аймақтарды дамытуға жәрдемдесуге бағытталған.

Республикада алғаш рет Өскеменде 1996 жылы жергілікті өзін өзі басқару комитеттері пайда болған еді. Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтарды қатыстыруда оң тәжірибелер жинақталды. Төраға атап өткендей, оң тәжірибені зерделеу жергілікті өзін өзі басқарудың қазақстандық үлгісін  жетілдіруге қызмет ететін болады.

Биылғы сәуір айындағы кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Үкімет алдына жергілікті өзін өзі басқаруды кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма беріп, мемлекет өкілеттіктердің бір бөлігін жергілікті өзін өзі басқару органдарына беруді тапсырған болатын.

- «Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту азаматтық бастамаларға жол ашады, жергілікті халықтың әлеуметтік белсенділігін, олардың өздері тұрып жатқан жердің жағдайына ұжымдық жауапкершілігін арттыруға жәрдемдеседі», деді Қ.Мәми.

Көшпелі отырыс оn-line түрінде өтіп, 1500 адамды қамтыды және талқылауға барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Актив отырысы кезінде Сенат Төрағасы отырысқа қатысушылар қойған сауалдарға жауап берді.

Шара аясында өткен «дөңгелек үстел» отырысында Шығыс Қазақстан облысының тәжірибесінде жергілікті өзін өзі басқаруды қалыптастыру мен дамыту мәселелері талқыланды.

Аймаққа сапар барысында Сенат депутаттары нақты сектордың кәсіпорындарында, әлеуметтік саланың нысандарында болды.

  Парламент Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысына палата төрағасының орынбасары А.Судьин, депутаттар Т.Абайділдин, С.Плотников, Н.Сүлейменов қатысты.