Мәми
Қайрат
Әбдразақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Депутатқа хат
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

2012 жылғы 30 қаңтар

 

Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми жұмыс бабындағы сапармен Оңтүстік Қазақстан облысында болып, аймақ активімен кездесті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауы кездесудің негізгі тақырыбы болды.

Облыс активі алдында сөз сөйлеген Қ.Мәми экономиканы нығайту мен халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттерге назар аударды.

-   «Біздің еліміздің алдағы он жылдағы дамуының басты бағыты – әлеуметтік-экономикалық түбегейлі жаңғырту мәселесі болып белгіленді»,-деді Қ.Мәми және ол «Жолдауда белгіленген он бағытты жүзеге асыру уақыттың жаңа талаптары жағдайында мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды», деп атап өтті.

Осыған байланысты төраға тиімді аймақтық саясат пен дамудың мәселелеріне тоқталды.

-   «Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы іске аса бастайды, оның аясында ауылдық округтерді көркейту үшін 1 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Басқа аймақтармен салыстырғанда оның едәуір бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына қарастырылады»,-деді Қ.Мәми.

Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар өндірісінің кешені, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізі секілді ірі құрылыстар жобалары Оңтүстік Қазақстан облысының экономика салаларын одан әрі дамытуға серпін беретінін айтқан  төраға аймақта туристік саланы дамытудың келешегі зор екенін атап өтті.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға қатысты Қ.Мәми жергілікті билік органдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің маңызды рөлін атап өтті.

-   «Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының басты міндеті аймақтардағы, әр ауыл мен қаладағы бизнесті жүргізуге жан-жақты қолдау білдіру мен жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады»,- деді төраға.

Қ.Мәми атап өткендей, осы сессия барысында жеке кәсіпкерлік пен әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған заңнамалық актілер қабылданатын болады.

-   «Бұл, атап айтқанда, бизнестің жаңа субъектілерін тіркелгеннен бастап 3 жылға дейін мемлекеттік органдардың жоспарлы тексеру жүргізуіне заң жүзінде тыйым салуға қатысты. Сондай-ақ заңнамалық тұрғыда барлық лицензиялар мен рұқсат беруді үштен біріне дейін азайту жоспарланып отыр»,-деді төраға.

Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуын кеңейтуге баса назар аударылған.

-   «1 шілдеге дейін Үкімет Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын әзірлейтін болады»,-деді Қ.Мәми және ол «Мемлекет басшысы алдағы он жылға белгілеген міндеттерді шешуде жергілікті атқарушы және өкілді органдарға ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр»,-деп атап өтті.

Сөзінің соңында Қ.Мәми Жолдауда белгіленген әлеуметтік-экономикалық жаңғырту саласындағы ауқымды міндеттердің іске асатынына нық сенім білдіріп, активке қатысушылардың жұмысы табысты болуына тілектестік білдірді.