Мәми
Қайрат
Әбдразақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Депутатқа хат
Павлодар облысы

             Бүгін Павлодар облысына жұмыс бабындағы сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми аймақтың  өкілді және атқарушы билік активімен кездесті. Кездесу барысында Президент Н.Ә.Назарбаев жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» халыққа Жолдауының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.

Облыс активінің алдында сөз алған Қ.Мәми өтпелі реформалардың ең күрделі кезеңінде еліміздің жаңа бағдары мен көкжиектері белгіленген «Қазақстан-2030» Стратегиясының 15 жылда атқарылған нәтижелеріне тоқталды. «Тәуелсіздік жылдары қалыптастырылған құқықтық-заңнамалық негіз толыққанды нарықтық мемлекет құруға, инвестициялар тартуға және елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына пәрменді серпін беруге мүмкіндік туғызды», - деді Спикер. Қ.Мәми атап өткендей, 2012 жылы Қазақстан Парламенті 94 заң қабылдады, олардың ішінде «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Арнаулы мемлекеттік органдары туралы», «Мемлекеттік шекара туралы», «Магистральдық құбыр туралы», «Миркоқаржы ұйымдары туралы» және басқа да жаңа заңдар бар.

«Қазақстан-2030» Стратегиясындағы негізгі көрсеткіштердің орындалғанын атап өте келіп, Спикер еліміздің 2050 жылға дейінгі даму жоспары белгіленген бағдарламалық құжаттағы ауқымды міндеттерге назар аударды. Атап айтқанда, Сенат Төрағасы жалпы мемлекеттік аймақтық саясат міндеттеріне тоқталып, еліміздің ірі индустриялық және экономикалық дамыған аймағы ретінде Павлодар облысының әлеуетін атап өтті.

«Қуатты Қазақстан – бұл, ең алдымен, қуатты өңірлер, өйткені еліміздің экономикалық дамуы жалпы алғанда  өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты болады», - деді Қ.Мәми. Елбасының Жолдауына сәйкес, мемлекеттік және салалық барлық бағдарламалардың орындалуын өңірлерді дамытудың басым міндеттерін шешумен үйлестіру алға қойылды. 2013 жылдың бірінші тоқсанында-ақ өңірлердегі қажетті деген, келешекте қолға алынатын жобалардың тізбесі айқындалып, тарифтендірілетін болады.

Төраға сондай-ақ Жолдауда айқындалған әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларына, атап айтқанда, еңбек нарығының сұранысына бағдарлану, кәсіпкерлікті қолдау, еңбекпен қамтамасыз ету, ана мен баланы одан әрі қорғау, жастар саясатын жүзеге асыру, денсаулық сақтау, білім беру қызметінің сапасын арттыру, мемлекеттік тілді дамытудағы жаңа қадамдарға назар аударды. Қ.Мәми жеке бастамаларды ақпараттық тұрғыда жан-жақты қолдауды, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен келешегі зор бизнес-жобалар туралы халықты хабардар етуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Жолдауда белгіленген мемлекеттілікті одан әрі нығайту және демократияны дамытудың міндеттеріне қатысты Қ.Мәми 2012 жылдың соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Ол жергілікті деңгейдегі басқару сапасын арттыру және маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуын ұлғайтуды көздейді. Алдағы жылы ауыл әкімдерін мәслихаттар арқылы сайлау енгізілетіні белгілі. Сонымен бір мезгілде, Жолдауда айтылғандай, орталықсыздандыру жоғарыдан төмен қарай басқару билігінің  әлсіреуіне, орындаушылық тәртіп пен реттіліктің төмендеуіне апарып соқтырмауы тиіс.

Қ.Мәми айтқандай, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру Парламент пен Үкіметтің, барлық деңгейдегі әкімдердің және еліміздің барша азаматтарының іс-әрекеттерінің негізгі мәселесі болып отыр. Бұл жұмыстар біздің мемлекетіміздің саяси, демократиялық және әлеуметтік сипатын әрі қарай сапалық өзгертуге бағытталған ауқымды міндеттерді қамтамасыз етуге арналған.