Мәми
Қайрат
Әбдразақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Депутатқа хат
Алматы қ.

 

2013 жылғы 12 қаңтар

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Алматы қаласының активімен кездесуінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын іске асыру аясындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері негізгі назарда болды.

Кездесуге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Парламент Сенатының депутаттары, қалалық мәслихат депутаттары, Алматы аудандарының әкімдері, «Нұр Отан» ХДП, өндірістік кәсіпорындардың, бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

«Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару елді басқару жүйесіндегі толыққанды және қуатты буынға айналуға тиіс», - деді Қ.Мәми. Оның айтуынша, Қазақстан-2050 Стратегиясын іске асыру шеңберінде осы жылы мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің ара-жігін нақты ажырату, жергілікті атқарушы органдарды қажетті өкілеттіктермен нығайту бойынша заңдар қабылданатын болады. Сонымен қатар селолық әкімдерді сайлауды қоса алғанда, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заңдар қабылдау жоспарлануда.

Сонымен, бірге халықтың жергілікті өзін-өзі басқаруға деген конституциялық құқығын іске асыру тиімділігі көптеген жағдайда өңірлердің ұйымдастырушылық және экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін заңдар кешенінің болуына ғана емес, сонымен қатар халықтың өз құқықтарын түсінуі мен жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне де байланысты. Осыған орай Төраға халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Сенат Төрағасы сонымен қатар таяу болашақтағы заң шығару жұмыстарының жоспарын таныстырып, оның негізгі бағыттары әлеуметтік жаңғырту және «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру екенінде назар аударды. Атап айтқанда, тартысты жағдайлардың алдын алуға, оларды реттеу мен шешуге, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісін жасауға  бағытталған заң жобаларын қарау көзделіп отыр. Кәсіби одақтар туралы заңнамаға кешенді түрдегі талдау жасау және оны жаңғырту, «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» жаңа заң әзірлеу және оны қабылдау күтіп тұр.

Елдің мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі заңнамасы жаңартылады. Онда жас маман мәртебесін, кепілді әлеуметтік пакетті құқықтық айқындау және жастар үшін әлеуметтік сатыларды қалыптастыратын кешенді әлеуметтік-экономикалық шаралар топтамасы көзделеді.

Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясында заңнаманың шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру бөлігіне өзгерістер енгізілетін болады. Экономиканың өсуін ескере отырып, өмір сүру сапасының стандарттарын кезең-кезеңмен арттыруды көздейтін ел азаматтары үшін әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер заңнамалық тұрғыдан бекітілетін болады. Ол білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерін, саламатты тамақтану, саламатты өмір салты, зияткерлік және ақпараттық сұраныстарды қанағаттандыру және тағы басқаларын қамтиды.

 

Кездесу барысында Сенат депутаты Ақан Бижанов, экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Марат Құсайынов, Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Төлеубек Мұқашев, мәслихат депутаты  Құсман Шалабаев және Түрксіб ауданының әкімі Владимир Устюгов сөз сөйледі.