«Үшінші мыңжылдықтың басындағы күрделі кезеңде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің игі бастамаларын әлемдік қоғамдастық қолдады. Өткен съездер дүниенің «өркениеттер қақтығысының» тұңғиығына құламауына әжептәуір ықпал етті».
Н.Ә.Назарбаев.
Бейбітшілік және келісім сарайының тарихы
Астананың 15 жылдығына орай телеарналардан көрсетілген елорданың ғимараттары туралы деректі фильмде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пирамида пішінінде тұрғызылған Бейбітшілік және келісім сарайының салыну тарихына тоқталып өтеді. Табан шаршысының әр қабырғасы және жалпы биіктігі 62 метр болатын ғимараттың құрылысы 2006 жылы қыркүйек айында аяқталып, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің екінші басқосуына келген меймандарға өз есігін айқара ашқан еді. Елбасы осы сәулет жәдігерін суреттей отырып былай деді: «Пирамиданың табаны кең, бұл адам баласының бала күнінде арманшыл кезі, бүкіл әлемді танып-білуге ұмтылысы іспетті. Пирамида өсе келе жіңішкере түседі, бұл да адамның есейе келе өзіне тек қажетті дүниелерді ғана алатынына ұқсайды. Ал өз ғұмырының ұшында пирамиданың ұшы сияқты көк аспанмен астасады».
Жоғарыда аталған деректі фильмде Елбасы Үндістанды үш ғасыр билеген Ұлы моғолдар мемлекетінің шаһиншаһы (патшасы) Әкбарды есіне алады. Иә, тегі ортаазиялық, XVI ғасырда өмір сүрген осы ел билеушісі қол астындағы көп дінді, көп тілді қоғам мүшелерінің өзара жарасымда тіршілік еткенін қалаған еді. Сол үшін 1575 жылы ғибадатхана салып, мұсылман, индуизм, буддизм, зороастризм, жаинизм және тағы басқа діндер мен діни ағымдардың беделді өкілдерінің басын тоқайластырған болатын.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Астанада дүниеге келіп, дамыды. Дәстүрлі діндердің көрнекті өкілдерінің басын қосатын Бейбітшілік және келісім сарайы елордада өзінің ерекше келбетімен көзге түсетін сәулет ғимаратына және де Съездің символына айналды.
Жалпы алып қарағанда, елорданың айшықты архитектурасы ел дамуының философиясынан, бағыт-бағдарынан сыр шертеді. Тарихи өлшеммен алғанда күрмеуге келмейтін қысқа уақыт ішінде Еуразия төрінен көз қарықтырарлықтай ару да әсем қала бой көтерді. Мұнда көк аспанмен тілдескен зәулім ғимараттармен және мәдениет, білім орындарымен қатар, түрлі діндердің ғибадатханалары да орналасқан.
Ізгі ниет құдіреті
Әр заман, әр дәуірде адамзат баласы талай қиыншылықтармен, сын-тегеуріндермен бетпе-бет келіп отырған. Қазіргі біз жаһандану деп жүрген глобализация дәуірі көптеген құбылыстар мен шытырман оқиғаларға толы болып отыр. Әлемде етек алған экономиканың созылмалы науқасы ғаламдық әлеуметтік жүйені дағдартуда. Дүние жүзінде терроризм, экстремизм, есірткі тасымалы сияқты қатерлер халықаралық сипатқа ие болды. Кейбір көпұлтты, көпмәдениетті елдердегі қауымдар арасындағы қатынастар сетінеп, тіпті, Батыстағы дамыған елдер жетекшілерінің өзі мультикультурализм саясатының сүрінгенін ашық мойындауда. Түрлі факторлардың ықпалынан болған «көктемдер» мен «революциялар» белгілі бір бағыт-бағдарсыз өрбіп, кейбір елдерді, тұтас бір аймақтарды титықтатып отыр. Талай қоғам барынан айырылып, бармақ тістегендей күй кешуде. Бұл жерде ұлы Абайдың «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деген сөзі еріксіз еске оралады.
Иә, адамзат қанша өзгерсе де, дәстүрлі діндерге негізделген, талай ғасыр елегінен өтіп шыңдалған діни құнды ұғымдар мен танымдар, әдет-ғұрып пен мораль негіздері өзгермек емес. Әлемдегі қай қоғамның болсын қалыптасып, ұйысуына дін ықпал еткен. Қазіргі глобализация, нанотехнологиялар заманында да, индустриялық революцияның жаңа кезеңі болып жатқан кезде де, бұрын-соңды болып көрмеген сын-тегеуріндер заманында да адам діннен рухани пана және азық іздейді.
Осы жайттарды ескере келе, еліміздегі көпдінді, алуан мәдениетті қоғамды игі істерге жұмылдыра білген Елбасы осынау алмағайып заманда әлемдегі көнеден келе жатқан діни қауымдар арасында қарым-қатынас пен жарастықты баянды ету ісіне Қазақстан да өз үлесін қоса алады деп сенді.
Қазақстан әлемдегі дін және өркениетаралық үнқатысуды өрістетуге батыл кіріскен мемлекеттердің бірі болды. «Саяси реттеу сүрінген кезде Құдай сөзі бітімгершілік пен үміттің жалғыз ғана құралы болып қалады. Адамгершіліктің аса жоғары үлгілеріне негізделген діни дәстүрлердің рөлі біздің қазіргі астан-кестен әлемімізде өте жоғары маңызға ие», деді Елбасы 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұңғыш съезіне қатысқан меймандарға қошемет көрсете отырып.
Діни жетекшілердің алғашқы съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы ғаламдық дін және өркениетаралық үнқатысудағы Қазақстанның орнын былай деп түсіндіріп өтті: «Көптеген ғасырлар бойы Ұлы Далада тәңіршілдікті, зороастризмді, буддизмді, христиандықты, иудаизмді, исламды және басқа діндерді ұстанған талай халық тату-тәтті тіршілік еткен. Бұл жер сонау бағзы заманнан қазіргі күнге дейін сауда және мәдени байланыстар арқылы Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан өзіндік бір өткел тәрізді. Ол бүгінгі күні де көптеген халық пен дін өкілдері үшін атақоныс».
2003 жылдан бергі он жыл ішінде Съезд әлемге танымал болды. Астанада өткен төрт Съездің жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм және басқа діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің сұхбат алаңында діни қауымдар арасындағы рухани жақындасу хақында келелі әңгімелер болды, сондай-ақ, әлем азаматтарына, халықтарына және үкіметтеріне арналған үндеулер қабылданды.
Съезд өз мақсаттары мен мұраттарын келесідей айқындады:
– діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үнқатысуды баянды ету;
– діни қауымдар арасындағы өзара түсінік пен құрметті тереңдетіп, нығайту;
– араздық пен экстремизм идеологиясына қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру;
– діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды өрістетуді көздеген барлық халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ықпалдасу.
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2004 жылғы 11 қарашадағы A/RES/59/23 қарары және басқа да қарарлары Съездің діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үнқатысудың өрістеуіне қосқан үлесіне тоқталып өткен.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің бастамаларын жүзеге асыру ниетімен Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы 17 желтоқсандағы №62/90 қарары 2010 жылды «Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық жылы» деп жариялады.
Съездің институттану үдерісі жалғасуда. Атап айтқанда, 2012 жылы 30-31 мамырда елордада өткен IV съезд барысында Дін көшбасшыларының кеңесі құрылды. Оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Негізгі міндеттері: Съезд жұмысын үйлестіру, мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды ілгерілетуді көздейтін басқа да форумдар және халықаралық ұйымдармен әрекеттестік пен ынтымақты кеңейту.
Ал Съезд Хатшылығы болса, Астанада 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өткен I Съездің ұйғарымымен құрылған болатын. Хатшылық құрамына діндер жетекшілері мен көрнекті қайраткерлерінің өкілдері енген. Хатшылық пен оның жұмыс топтары ұдайы жиналып отырады.
2006 жылы өткен ІІ съездің ұйғарымымен Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды. Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан бұл ұйымның мақсаты діни және мәдени мәселелермен айналысумен қатар, ағартушылық, ғылыми-зерттеу және гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру, әлемдегі діни ахуалдың мүмкін болатын жанжалдық жайттарын зерттеу.
Съезге қатысып жүрген діни қауымдар жетекшілері Елбасының осы ғаламдық басқосуды шақыру жөніндегі ізгі ниетіне шексіз риза. Елордада өткен дінаралық форумдарға ұдайы қатысып келген Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы Абдалла Бен Мұхсин әт-Түрки былай деді: «...Дін адам жанын ізгі істерге үндеу үшін, жанның теріс істерге ынтықтығын тыю үшін келді... Дүниежүзілік ислам лигасы Жоғары мәртебелі Қазақстан Президентіне адами сұхбат пен қарым-қатынастарды өрістетуге бағытталған ғаламдық ауқымдағы күш-жігері үшін терең ризашылығын білдіреді».
Съездің беделін алыс та жақын елдердегі діни қауымдар жетекшілері мойындауда. Съезд жұмысына Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл былтырғы жылы тұңғыш рет қатысып, Елбасының қабылдауында болды, бірқатар кездесулер өткізді, оның ішінде еліміздегі православие қауымының өкілдерімен жүздесті. Келелі басқосулардан әсер алған патриарх Кирилл былай деді: «Халықтар дамуының атеистік моделі ХХ ғасырдағы идеологиялармен бірге күйреді. Осы жүзжылдықтың тарихы дінді қоғамнан бездіру дегеніміздің мораль мен жүректі бездіру екенін көрсетіп берді... Қазақстан – дінаралық қатынастар жарастықта дамып келе жатқан, діни ұйымдар мен мемлекет арасындағы өзара қатынас жемісті әрі жасампаз жолға қойылған ел. Біздің бәрімізге де белгілі, Қазақстан Президентінің дана саясаты осындай бейбіт және риясыз ынтымақтастықтың аяқ алысын айқындайды».
Израиль сефардтарының бұрынғы бас раввині Шломо Амар төртінші съезде Елбасына Қазақстандағы иудаизм өкілдеріне жасап жатқан қамқорлығы үшін алғысын айтты, о кісіге қазақ жерінде кезінде айдауда болып, ғұмырының соңғы жылдарын өткізген әйгілі раввин Л.Шнеерсонның туыстары жазған кітапты тарту ете отырып, толқи сөйледі: «Нұрсұлтан Назарбаев барлық діндердің біріккен ұлттар ұйымын құрды. Бұл жерге түрлі көзқарастағы түрлі дін өкілдері жиналған. Олар бір-біріне ағынан жарылып, сырласады – тамсанарлық нәрсе. Бұрын-соңды осындай ауқымда ешнәрсе болған емес. Ешкім де бұрын-соңды мұндай тамаша бастама көтермеген. Президент мырза, Сізді құдай жарылқасын. Біз Сізге өжеттігіңіз үшін, даналығыңыз үшін және де бүкіл адамзатқа жасаған игі істеріңіз үшін шын жүректен рахметімізді айтамыз».
Ізгі бастамаға риза болған діннің көрнекті қайраткерлері төртінші съезд аясында Мәңгілік Ел қақпасының жанында «Рухани жарасым» аллеясын ашып, оған көшет отырғызды.
Келешекке көз тіге отырып...
Жыл басынан бері Съезд онжылдығы кеңінен атап өтілуде. Азия, Еуропа мен Американың бірқатар елдерінде осы мерейтойға байланысты іс-шаралар өтті. Қыркүйектің 25-інде елордада халықаралық конференция және Съезд Хатшылығының отырысы өтпек. Онжылдыққа орай қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде төртінші Съезд туралы екі томдық кітап, барлық төрт съезді қамтитын жылнама, брошюралар шығып, екі деректі фильм әзірленді, Съезд жұмысын жан-жақты баяндайтын көлемді фотокөрме дайындалды, сондай-ақ, G-Global интернет-порталының жанынан Съездің арнайы парағы ашылды – мұнда енді тұрақты түрде онлайн форумдар өтіп тұратын болады.
Съезд халықаралық ұйымдармен ынтымағын жандандыруда. Соңғы кездері БҰҰ Өркениеттер альянсымен және Король А. Бен Әбдел Әзиз атындағы дінаралық және мәдениетаралық халықаралық орталықпен әрекеттестік өрістей түсті.
Жалпы, Съезд еліміздің сырт әлемдегі беделінің артуына айтарлықтай ықпал етті. Қазақстан халықаралық қоғамдастықты игі істерге құлшындыра отырып, дүниенің әр түкпіріндегі адамдардың ықыласы мен ілтипатына бөленді. Себебі, Съезді өткізіп жүрген тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы Елбасымызға еріп, жарқын болашаққа адымдап бара жатқан балғын еліміз. Себебі, Съезді ұйымдастырушы өзінің тәуелсіз дамуында тамсанарлық жетістіктерге жетіп, аймақтың даму моделіне айналған жас қоғамымыз.
Съезд Қазақстанды әлемге танытып қана қоймай, қазақстандықтарға әлемді танытты. Бұл ауқымды іс-шара әлемдік дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу, түрлі діни қауымдар арасындағы жарасым мәселелеріне қатысты қоғамымызға білім мен ақпаратты таратумен қатар, осы саладағы қазақстандық бастаманың әлеуетін де көрсетіп берді.
Съездер аясында түрлі діндер мен діни ағымдар өкілдері арасында байланыстар орнап, бекіді. Осылайша ортақ үйіміз – Жер планетасындағы бейбіт қатар өмір сүру мен жарастықтың өзегі болып табылатын сенім мен өзара құрмет діни қауымдар арасында орныға түсті.
Осыған дейін өткен төрт Съезд әртүрлі діндер мен мәдениеттерге негізделген өркениеттер мен қоғамдар қайткенде де бір-бірімен қақтығыспай қоймайды деген идеяның негізсіз екенін дәлелдеді. Астанада өткен дінаралық форумдарға қатысқан діни жетекшілер үнқатысулардың, өзара түсінік пен құрметтің барлық мәдени-діни қауымдар мен ұлттардың жарастығы мен қауіпсіздігін, берекесі мен өзара бейбіт тіршілігін қамтамасыз ете алатын планетамыздағы тегеурінді күш екенін дүниеге паш етуде. Бүгінгі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің жаһандануы заманында Астана форумы діндер мен өркениеттер арасындағы ғаламдық үнқатысуды ілгерілету саласындағы ізашарлардың бірі болып, өзара түсінік пен құрмет мәдениетінің орнығуына сүбелі үлес қосты.
Съезд алдағы уақытта да дәстүрлі діндерді ұстанатын қауымдар арасындағы тұрлаулы бейбіт өмір мен жарасымды баянды етуді көздеген талпынысы мен жұмысын жалғастыра бермек. Себебі, рухани жарасым – әлемді ырыс пен берекеге бастайтын жалғыз ғана жасампаз күш. Съезд жүріп өткен он жыл уақыт Президент Н.Назарбаевтың ұшқыр ойынан туындаған Астана дінаралық үнқатысуының әлем сахнасында дер кезінде пайда болғанын дәлелдеп берді.
Қайрат МӘМИ,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы.