ПАРЛАМЕНТШІЛЕР ЫНТЫМАҚҚА ҰМТЫЛАДЫ
«Дипломатия жаршысы» журналы, 2011 жыл, қазан, №5 (32)
Дүние жүзі парламентшілерінің ынтымақтастығы – жалпы адамзаттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған ізгі ниет пен оң қадамдардың нәтижесі.
Халықаралық қатынастардың қарқынды дамуы жағдайында бір құрлықтағы, бір өңірдегі елдер заңнамаларының да үйлесім табу қажеттігі туындайтыны ақиқат. Ол даму қарқыны ұқсас, экономикалық деңгейі жақын елдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени және рухани салалардағы байланыстарын қалыптастыруға ықпал етеді. Парламентаралық ынтымақтастық – мемлекетаралық қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетіп, ортақ мүдделермен тоғысатын елдер өміріндегі сан-салалы байланыстарды нығайта түседі.
Қазіргі кезде Қазақстанның жоғары заң шығарушы органы беделді халықаралық парламенттік ұйымдармен байланыстарын өрістетіп келеді. Парламент Сенаты Парламентаралық Одақ, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Азия Парламентаралық Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Парламенті, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Парламенттік Одағы (ИЫҰ ПО) секілді халықаралық парламенттік ұйымдар шеңберінде екі жақты және көп жақты парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтып келеді.
Тәуелсіз дамудың алғашқы күндерінен бастап дербес мемлекетке тән сипаттар біздің елімізге де жаңа талаптарды ескеру керектігін сездіре бастады. Бұрын бір шаңырақ астында болып, тәуелсіздік жолына қатар түскен мемлекеттермен жан-жақты тығыз қарым-қатынас жасау, оның ішінде ұлттық заңнамалардың үйлесім табуы да қажет болды. Экономиканың әр саласындағы ахуалдың ұқсастығы мен өткір мәселелердің ортақтығы жағдайында оларды бірлесе шешу жеңілірек болатын.
1991 жылғы желтоқсан айында енді ғана тәуелсіздік алған мемлекеттердің басшылары Алматы қаласында бас қосып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылса, оның артынша ТМД Парламентаралық Ассамблеясы дүниеге келді. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының қызметі әуелде қауіпсіздік, бітімгершілік, мәдениет, білім беру секілді салаларда заңнамалық тәжірибе алмасуға, ұлттық заңдарды мазмұндық жағынан жақындатуға бағытталды. Бұл ұйым нарықтық реформаларды жүзеге асыру және демократияны тереңдету тұрғысында ұлттық заңнамалар жүйесін қалыптастыруда Достастыққа мүше бірқатар елдер парламентшілерінің күш-жігерін біріктірді.
Бұл құрылымның жұмысына депутаттардың тұрақты түрде қатысуы ТМД шеңберінде парламентаралық байланыстардың тиімді дамуына септігін тигізді. Парламентаралық Ассамблея ұлттық заңнаманы ТМД аясында қабылданған халықаралық келісімдерге сәйкестендіруге ұдайы назар аударып келеді. Әлеуметтік саясат, адам құқығы мен бостандығын сақтауда, гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін шешуде келісілген қадамдарды әзірлеуде Ассамблея рөлі ұлғая түсті.
Парламентаралық Ассамблеяға қатысушы Парламенттер ортақ мәдени, білім кеңістігін қалыптастыруға жәрдемдесу, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында үйлестірілген саясат жүргізуді қамтамасыз ететін заңнамалық тетік қалыптастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Парламентаралық Ассамблеяда осы уақытқа дейін ұлттық заңнамаларды жақындастыру мен үйлестіруге орай 273 үлгі заң мен 43 ұсынымдар қабылданды. Сондай-ақ парламенттік ұйымға қатысушы мемлекеттер әріптес елдердегі саяси-экономикалық ахуалға үн қосып, қажет кезінде қолдау білдіріп келеді.
Халықаралық парламентаралық ұйымдардың қатарындағы ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының жұмысын да ерекше бөліп айтуға болады. 2000 жылғы 10 қазанда дүниеге келген бұл парламентаралық құрылым қоғамдастық аясындағы ықпалдастықты тереңдетуге өз үлесін қосып келеді. Өткен кезеңде ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы ұлттық заңнамаларды үйлестіруге, қоғамдастыққа қатысушы елдермен халықаралық келісімдерді ратификациялауға және ЕурАзЭҚ пен басқа аймақтық ұйымдармен ынтымақтастыққа игі ықпалын тигізіп келеді. Ассамблеяның белсенді жұмысының арқасында инновация, көлік қызметі, еңбекті қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы 70-тен астам үлгі заңдар мен бірыңғай жобалар, 60-қа жуық ұсынымдар әзірленіп, қабылданды. Олардың біраз бөлігін қазақстандық депутаттар әзірледі, мұның өзі Қазақстан Парламентінің Ассамблея аясындағы абыройын арттыра түсті. Сол құжаттардың көптеген ережелері ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көрініс тапты.
Қазақстан Парламентінің уақытында ратификациялауының арқасында қазіргі кезде еліміз мүше болып табылатын Кеден одағының құқықтық-келісім базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық келісімдер мен шарттар күшіне енгенін айта кеткен жөн. Уақыт талаптарына сәйкес ұлттық заңнамаларды біріздендіру үдерістері тереңдей түсті. Кеден одағына мүше елдердің ортақ кедендік тарифтерін құқықтық тұрғыда бекіту мақсатында былтырғы маусым айында «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» кодексі қабылданды. Үйлестіру сипатындағы осындай нормативтік-құқықтық базаның жасалғаны біздің елімізге Кеден одағы идеясының негізі ретіндегі тікелей міндеттерді жедел іске асыруға мүмкіндік берді. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Ресеймен бір мезгілде Бірыңғай кедендік тариф пен тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесі күшіне енді, біздің еліміз бірыңғай кеден саясатын қалыптастыру жөніндегі Кеден одағы комиссиясының құрамына енді.
Геосаяси маңызы мен аймақтық ерекшелігіне орай, Қазақстан халықаралық үнқатысу алаңына айналды. Біздің елімізде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 2003 жылы және 2010 жылы Трансазиялық парламенттік форумы, ал 2008 жылы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жылсайынғы кезекті 17-сессиясы, 2009 жылы НАТО Парламенттік Ассамблеясының «Роуз-Рот» семинары өтіп, Еуразия құрлығының парламентшілері әлемді толғандырған көкейкесті мәселелерді қазақ жерінде талқыға салды.
Мұның бәрі Еуропа парламентшілері мен біздің депутаттарымыздың арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық белсенді түрде дамып келе жатқандығының айғағы. 2010 жылғы 30 қарашада ЕҚЫҰ Саммитінің қарсаңында Астанада өткен Парламенттік Ассамблея Бюросының отырысы болды. Оның қорытындылары бойынша ЕҚЫҰ ПА Төрағасы П.Эфтимиу Ассамблея Бюросының атынан ресми мәлімдеме жасап, былай деп атап көрсетті: «2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Ұйымға жаңа серпін беріп, сенім ұялатты». Сондай-ақ Ассамблея Төрағасы «ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен үкіметтерінің басшыларын Декларация қабылдау арқылы өз міндеттемелерін растауға және қатысушы елдер арасында сенімді арттырып, ЕҚЫҰ-ны оның тиімділігі мен парламенттік өлшемін нығайту есебінен одан әрі дамыту мақсатында болашақтағы іс-қимыл үшін күшті серпін беруге» үндеді. Бұл отырыстың қатысушылары, оның ішінде Қазақстан Республикасының Парламенттік Ассамблеядағы делегациясының мүшелері де 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның 7-ші Саммитінің жұмысына қатысты.
Қазақстандық парламентшілердің парламенттік ассамблеялармен өзара іс-қимылының маңызды тұсы – сайлауды байқау жөніндегі миссияларға қатысу болып табылады. Біздің әріптестеріміз әлемдегі көптеген елдердегі, оның ішінде президенттік және парламенттік сайлау науқандарын байқауға қатысып, сол мемлекеттердегі демократияландыру үдерістерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылы және биыл біздің еліміздің депутаттары әлемдегі бірқатар елдердегі сайлау науқандары мен референдумдарға байқаушы ретінде қатысты. Атап айтар болсақ, ТМД ПАА, ЕҚЫҰ ПА, ТүркПА, ҰҚШҰ ПА миссияларының құрамында Сенат депутаттары Украинадағы, Тәжікстандағы, Ұлыбританиядағы, Қырғызстандағы, Әзірбайжандағы, Беларусьтегі, Молдовадағы және Түркиядағы президенттік және парламенттік сайлауларды байқау жөніндегі іс-шараларға қатысты.
Депутаттардың парламентаралық жұмыстарға белсене қатысуы – Қазақстан Парламенті қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Парламентаралық қатынастар – мемлекеттің алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің әлеуметтік мәнін арттыруға, бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты, өзара құрмет пен сенімді нығайтуға, сондай-ақ экономикалық тұрғыдағы ықпалдасуға, ұлттық мәдениеттердің дамуына жәрдемдеседі. Парламентаралық ұйымдардың жұмысы, түптеп келгенде, халықаралық саясатқа ізгілік тұрғысынан ықпал етіп, қатысушы елдер үкіметтерінің өзара тиімді шешімдер қабылдауына септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда белсенді дамып келе жатқан, жас парламенттік құрылым – Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы өз жұмысына қарқынды кірісті. Бұл ұйым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Қазіргі кезде ТүркПА институциялану сатысынан сенімді өтті, беделді халықаралық парламенттік ұйымдар қатарынан өз орнын тауып отыр. ТүркПА түркітілдес елдердің парламенттік тұрғыда өзара түсіністікті нығайта отырып, бауырлас халықтардың ортақ мәселелері туралы пікірлесу алаңына айналды. Онда заң шығарушылар арасында саяси көзқарастарды үйлестіру, тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралады.
Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) 2011 жылғы 28-29 сәуірде Астанада өткен ІІ Жалпы отырысы ұйымға қатысушы мемлекеттер арасындағы ықпалдасуды парламенттік желі бойынша жәрдемдесудің маңызды мысалы болды. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясында еліміздің түркітілдес мемлекеттер қоғамдастығы алдындағы ауқымды істері, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде атқарған табысты шаралары туралы жария етілді. Түркітілдес елдердің Парламентаралық Ассамблеясы түркітілдес елдердің парламенттік ынтымақтастыққа, саяси көзқарастарын сәйкестендіруге, тәжірибе алмасуға ықпал ететін, бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы бірыңғай тетік болатыны ақиқат.
Парламентаралық байланыстарды өрістетуге ұлттық парламенттер мен парламенттік ұйымдар басшыларымен кездесулер де өз үлесін қосатыны анық. Биылғы халықаралық іс-қимыл аясында ЕКПА Төрағасы М.Чавошоглумен, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы А.Келдібековпен, Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы О.Асадовпен, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы М.Шахинмен, Қытай Халық Республикасы Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы У Бангомен, Австрия Республикасы Федералдық жиналысы Ұлттық кеңесінің басшысы Барбара Праммермен, ТМД ПАА Бас Хатшысы М.Кротовпен, ТүркПА-ның Бас хатшысы Р.Гасановпен кездесулер болды. Олардың барысында парламентаралық қатынастарды дамыту туралы кеңінен пікір алмасылды. Мұндай кездесулер парламентаралық қатынастарды тереңдетуге, парламентаралық ұйымдар аясындағы екі жақты және көп жақты байланыстар ауқымын ұлғайтуға үлес қосады. Онда мемлекеттердің жоғары заң шығарушы органдары мен халықаралық ұйымдар арасындағы қатынастарды, оның ішінде парламентаралық үқатысу деңгейіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Парламентаралық байланыстарды нығайту халықаралық қатынастарды жетілдіруге және жалпы адамзат дамуына оң өзгерістер әкелуге тиіс. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының 2008 жылғы 29 маусымда Астанада өткен жыл сайынғы 17-сессиясында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «ЕҚЫҰ-ның барлық кеңістігінде сенім мен өзара түсіністікті қамтамасыз етуде парламенттік дипломатия негізгі рөлге ие. Демократиялық құрылыс, гуманитарлық және құқықтық стандарттарды дамытуды көздейтін ұлттық парламенттер үшін Парламенттік Ассамблеяның қызметі аса маңызды. Халық қалаулылары ретінде тек парламентшілер ғана ЕҚЫҰ ілгерілеткен саяси идеяларды мәдени-өркениеттік алуандық тұрғысындағы қарапайым адамдардың талаптары мен мұқтаждығына жатқыза алады», деген болатын. Берілген баға мен көрсетілген сенім қазақстандық парламентшілерді алдағы уақытта жаңа жетістіктер мен тың табыстарға бастайтыны даусыз.
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы