Мәми
Қайрат
Әбдразақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.МӘМИДІҢ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығы Х отырысының ашылуында СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
20

20.06.2011

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының
Төрағасы Қ.МӘМИДІҢ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі  Хатшылығы Х отырысының ашылуында

СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

 

 

2011 жылғы 20 маусым, Астана қ.

 

Мәртебелі киелі қауым!

Құрметті отырысқа қатысушылар!

 

Қонақжай қазақ жерінің елордасы – Астана қаласына қош келдіңіздер деген шын ықыласымды қабыл алыңыздар. Сіздерге және Сіздер арқылы барлық дінбасыларына біздің Съездің жұмысына үнемі белсене атсалысып келе жатқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Және де әлемдік конфессияаралық диалогты дамыту дәстүрі жалғасын таба береді деп Сіздерді сендіргім келеді.

Жуырда осы форумның бастамашысы әрі басты қамқоршысы Президент Нұрсұлтан Назарбаев маған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығында Қазақстан тарапынан жүргізілетін жұмысты үйлестіруді тапсырды. Бұл мен үшін өте жоғары сенім деп білемін. Осы тұрғыдан мен сіздермен тұрақты байланыста болуға және ізгілік пен бейбітшілікке, татулық пен тұрақтылыққа үндейтін дінбасыларының жаһандық игі бастамаларын алға жылжытуға өз үлесімді қосуға дайын екендігімді қуаттаймын.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезін әзірлеуге арналған отырысымыз халықаралық күрделі жағдайда өтіп жатыр десек артық емес. Алдыңғы Съезден бері әлемде саяси ахуалды едәуір шиеленістіре түскен оқиғалар, соның ішінде діни төзімділік пен конфессияаралық келісімге сын болған жәйттер де орын алды.

Тек биылғы жылдың бірінші жартысының өзінде адамзат зор әлеуметтік дүрбелеңдер мен табиғи алапаттарды бастан кешірді. Африка құрлығы мен Таяу Шығыс елдерін шарпып өткен тұрақсыздық толқыны, Ирактағы, Ауғанстан мен Пәкстандағы лаңкестік әрекеттер, Жапон халқының басына жер сілкінісі мен цунами нәтижесінде түскен қайғы-қасірет, АҚШ пен Австралиядағы су тасқыны мен дауыл жел миллиондаған адамдар үшін орасан ауыртпалық әкелді. Өкінішке орай, көптеген адам құрбан болды. Осындай ауыр сынақ күндері бейбіт дүниені аялау, жігер берер жүйелі сөз, маңайыңдағы жандарға деген жарқындық пен мейірім, төзімділік пен шыдамдылық сияқты әрбір діннің негізі болып табылатын парасат-сезімнің қажеттілігі анық сезілді. Тағдыр тауқыметін бастан кешкен елдердің діни қызметшілері осындай жоғары моральдық қасиеттерді толығынан танытқандығын атап өткім келеді.

Сонымен бірге, өткен оқиғалар барша ізгі ниетті адамдар бірлігінің, олардың бейбітшілікті орнықтыру жолындағы ынтымақтастығын нығайтудың аса қажеттігін дәлелдеп берді.

Бұл үдерісте әлемдік және дәстүрлі діндердің сындарлы диалогы маңызды рөл атқаруға тиіс. Оны әрмен қарай жылжыту үшін бүгін біз сіздермен осы жерде жиналып отырмыз.

Осы орайда Қазақстанның конфессияаралық диалогқа ерекше мән беретінін атап өткім келеді. Мұсылман, христиан және будда өркениеттерінің тоғысында орналасқан біздің мемлекетіміз тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап өз аумағында этностар мен конфессиялардың бірге еркін, бейбіт және тең құқылы өмір сүруі үшін жағдай жасауға ұмтылды.

Республика мемлекеттілігінің жиырма жылдық тәжірибесі көрсеткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дінаралық пен этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған сарабдал саясаты біздің қоғамды ұлтаралық, діни қақтығыстар мен шиеленістерден аман сақтаудың кепілі болды. Бірлік пен ынтымаққа негізделген тұрақтылықтың арқасында еліміз өркендеудің сара жолын дәл тауып, жаңа биік мақсаттарға қарай батыл қадам басып келеді.

Этносаралық және конфессияаралық келісімнің өзіне тән оң үлгісіне сүйене отырып, Қазақстан өркениетаралық өзара байланысты дамытып, діндер ынтымақтастығын тереңдету, жаһандық өзара мәдени алмасу жолын берік ұстануда.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасы халықаралық көлемде кең қолдау тауып, мемлекеттер мен халықтардың қарым-қатынасын жарастыру жөніндегі әлемдік үдерістің маңызды бөлігіне айналды. Бұған негізінен Сіздердің форумға қатысуға білдірген ізгі ниеттеріңіздің, Съездің игі миссиясын ілгерілетуді көздеген белсенді қызметтеріңіздің арқасында қол жеткізілгенін атап өткім келеді.

Қазақстан өз тарапынан әлемдегі өңірлер мен елдер арасындағы дінаралық, өркениетаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту үшін бар күш-жігерін жұмсады және жұмсап келеді де. Осы мақсатта біз Съездің Біріккен Ұлттар Ұйымымен, оның ішінде ЮНЕСКО-мен және Өркениеттер альянсымен өзара іс-қимылын одан әрі өрістетуге ынталымыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының біріктірушілік және ізгілік әлеуетін ынтымақтастық мақсаттарына барынша тарту керек. Бұл осынау басты әлемдік мінбердің мүмкіндігін Съездің парасатты идеяларын жер жүзіндегі елдердің халықтары мен саяси басшылығына жеткізу үшін кеңінен пайдалану қажет деген сөз.

Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Үштігіне қатысуы және Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы шеңберінде мұсылман мемлекеттері мен батыс елдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдетуге септігін тигізетін іс-шараларды жүзеге асыру бағыты алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, сондай-ақ әлемдегі басқа да өңірлік ұйымдар қызметінде мәдени-гуманитарлық тұрғыдағы өзара түсіністікті кеңейту үшін мол мүмкіндіктер бар екені даусыз.

Өркениетаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі үдеріске қатысушы барлық тараптар белсенділік пен мүдделілік танытатын болса, баршамызға ортақ мақсатқа – бейбітшілікті, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға   қол жеткізе аламыз деп сенемін.

 

Құрметті киелі қауым!

Бүгінгі таңда біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші Съезіне әзірлікті қорытындылау кезеңіне жетіп отырмыз. Сондықтан да дінаралық саммиттің жұмысын одан әрі жетілдіру жөніндегі жоспарларымызды және бұл саммиттің өркениеттер мен діндер диалогының жаһандық үдерісіндегі рөлі мен ықпалын күшейту жөніндегі шараларды талқылауымыз маңызды деп ойлаймын.

Осы пікірталасқа Сіздердің белсене қатысуларыңызбен, 2012 жылы Астанада кезекті Съезді өткізудің ортақ тұжырымдамасын бәріміз бірге әзірлейміз деп кәміл сенемін.

 

Назарларыңызға рахмет.