Дамудың басты бағыты
Егемен Қазақстан: 28.01.2012
Ұлт Көшбасшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында Қазақстан халқын толғандырып отырған мәселелерге нақты жауап берді. Президенттің бұл Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталады. Осы сөздермен-ақ ең көкейкесті мәселелер айқындалып отыр.
Президент өзінің Жолдауында біздің ішкі және сыртқы саясаттағы қол жеткен табыстарымызды санамалаған жоқ. Ол бүгінде баршаға белгілі. Мемлекет басшысы біздің алдымызға жаңа ауқымды міндеттер қойды.Қазіргі кезде дүние жүзіндегі қоғамдастық күрделі қаржы-экономикалық дағдарысқа тап болып отыр. Сондықтан дағдарысқа бәріміз дайын болуымыз керек, оның үстіне сарапшылар оның 5-6 жылға созылуы мүмкіндігі туралы келеңсіз болжам жасады. Президент айтқандай, қазіргі кезде бүкіл әлемге және әр мемлекетке жаһандық және ішкі қатерлерге жауап табу маңызды болып отыр. Экономикалық дағдарыстың жаңа кезеңінде Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық дамудың ауқымды бағдарламасын ұсынды.
Осыған байланысты Қазақстанның 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысын табысты еңсеруде тәжірибесі бар екенін атап өткім келеді. Дағдарыс кезінде бірде-бір әлеуметтік бағдарлама тоқтап қалған жоқ, керісінше, соңғы үш жылда зейнетақы мен жәрдемақы ұлғайды, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 2 есе көбейді. Сөйтіп, Елбасы өз Жолдауында Қазақстанды ұлан-байтақ құрылыс алаңына айналдыру арқылы дағдарысқа нақты баға берді. Президент біздің шикізат ресурстары мен инфрақұрылымды жоғары деңгейде қайта бөлу туралы ауқымды жобалардың іске аса бастайтынын жария етті. Бұлар – Балқаш жылу-электр стансасының бірінші буынының құрылысы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің қазақстандық учаскесіндегі жұмыстарды аяқтау, «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» жаңа екі темір жол желісін салу, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштардың кешенді өндірісін ашу, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды барынша өңдеу кешенін, Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу және Астанамен бірге еліміздің орталық облыстарының бәрін толықтай газдандыру. Осының бәрі ауқымды жобалар екені даусыз. Оларды жүзеге асыру еліміздің де, аймақтардың да дамуына елеулі серпін береді, тұтастай алғанда, Қазақстан экономикасын нығайтатын болады. Осының бәрі еліміздің әр азаматының өмірі мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасалып отыр.
Жолдауда Премьер-Министр К.Мәсімов бастаған жаңа Үкіметке жаңа міндеттер белгіленді. Ол басқаратын Министрлер Кабинеті 2008-2009 жылдардағы күрделі экономикалық жағдайларда алға қойылған міндеттерді табысты және өз уақытында шешуге қабілетті екенін көрсеткен болатын. Мемлекет басшысы тарапынан Премьер-Министрге осы жауапты лауазымда қызметін жалғастыруға жоғары сенім білдірілді. Сонымен бірге, Үкіметтің кешегі отырысында Министрлер Кабинетіне қатаң, бірақ әділетті сын айтылды.Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі замандағы құрметке ие және ең беделді саяси қайраткерлердің бірі болып табылады. Ол Қазақстан ғана емес, әлемдік деңгейдегі болашақтың бейнесін көре білу қабілетіне ие. Біздің Елбасын саяси көрегендік, өз халқына және қазақстандық қоғамның әлеуетіне нық сенім ерекшелейді. Жаңаөзендегі жағдай Мемлекет басшысына және оның саяси бағытына халықтың жоғары сенімін паш етті. Оны таяуда өткен парламенттік сайлау нәтижесі де айқындады. Президент өзінің кемелдік қалпын, көшбасшылық қабілетін тағы бір дәлелдеді.
ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТУРАЛЫ
Мемлекет басшысы Жолдауында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырма берді. Оны бірінші кезекте жүзеге асыру жас отбасыларына өз тұрғын үйіне ие болу мәселелерін шешуді жеңілдетеді. Қазақстанда жыл сайын 6 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынады. Жалдық тұрғын үй алаңы 1 миллион шаршы метрге дейін ұлғаятын болады. Жалдық негізде пайдалану барысында сатып алу және ұзақ мерзімге пайдалану тетіктері енгізілетін болады. Сонымен бірге, орта табысы бар отбасылар үшін жалға алу төлемі аса қымбат болмауы тиіс.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ СОТ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына өз Жолдауында еліміздің сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту туралы тапсырма берді. «Судьялар тек заңмен және өзінің ар-ожданымен сот төрелігін атқаруы тиіс. Сот корпусын қалыптастыру тәртібін түбегейлі қайта қарау керек», – деді Н.Назарбаев. Одан басқа, Президент түпкілікті шешімді апелляциялық инстанциялардың өздері қабылдау қажеттігін, істерді аудандық соттарға жаңадан қарауға жібермеу керектігін атап өтті. Ондай заңнама талаптары сот жүйесіндегі әуре-сарсаңды жоюға мүмкіндік бермек. Президенттің басқа да тапсырмаларын мен толықтай қолдаймын. Судьялардың, бүкіл сот жүйесінің жеке жауапкершілігін арттыру, өз жұмысын, біліктілігін жақсарту қажет. Судьялар лауазымына барлық үміткерлер міндетті түрде арнайы қайта даярлаудан өтуі қажет деп санаймын. Ол үшін еліміздің Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сот төрелігі институтының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Сондай-ақ, менің ойымша, судья кадрларын даярлауда Жоғары Сот Кеңесінің рөлін арттыру қажет. Сот органдарының басшылары әкімшіліктендірумен айналыспай, іс жүргізу мәселелерін шешуі керек. Таяуда Сенат сот жүйесін одан әрі реформалауға бағытталған заңдар топтамасын қабылдап, Мемлекет басшысына жіберді. Бұл заңдарды жұртшылық көптен күткен болатын. Сот азаматтардың құқықтық қатынастарын, олардың ар-ожданын, құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызды мәселелерді шешеді. Жұртшылық әдетте сот қызметіне ерекше назар аударады, еліміздегі құқық қорғау жүйесінің нәтижелі болуын бағалайды. Оны естен шығармау керек. Барлық азаматтар, қалай болғанда да, сот өндірісімен байланысты: ол оны не үдерістерге қатысушы ретінде, не сот жұмысын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біледі. Шынайы судья сыртқы ықпалдарға ешқандай тәуелсіз, тек заңға ғана бағынады. Тек тәуелсіздік, әр судьяның жеке жауапкершілігі ғана нақтылық пен әділетті шешімді қамтамасыз етеді. Жолдауда Президент, сонымен бірге, экономикалық қылмыстарды криминалдан ажырату жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігі туралы айтты. Парламент бұл жұмыстарды ілгерілетіп, осы саладағы заңнамаға қажетті түзетулерді енгізетін болады. Ол биыл жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексі мен жеке детектив қызметі туралы заң жобасын әзірлеу және қабылдауға қатысты болып отыр.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ
Құқық қорғау жүйесін жаңғыртудағы өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлықпен қатаң және шешімді күрес. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын әзірлеуді ұсынды және сыбайлас жемқорлықты ескерту және алдын алуға жұртшылықты кеңінен тарту үшін жаңа құқықтық тетіктерді пайдалануды тапсырды. Үкіметке үш айда сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарлама әзірлеу және оны ұсыну туралы тапсырма берілді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының қатарында. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің күйреуіне әкеліп соғады, халықтың билікке сенімін жоғалтады. Соңғы жылдарда біз осы әлеуметтік зұлымдықпен күресте қатаң шаралар қолданып келеміз. Менің ойымша, бүгінде бізде жағдайдың елеулі түрде жақсарғаны байқалады, дегенмен, бұл бізге осы бағыттағы жұмысты әлсіретуге құқық бермейді.
Президенттің Жолдауында алға қойылған міндеттерді табысты орындау мемлекеттік органдар мен барлық жұртшылықтың сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз әрі қатаң күресінің тегеурініне байланысты болады.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ
Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте жинақтаушы зейнетақы жүйесін алғашқы болып енгізді. Қазіргі кезде салымшылар саны 8 миллион адамды, ал жинақ мөлшері 17 миллиард долларды құрайды. Сонымен бірге, Президент айтқандай, салымшылар зейнетақы жинақтарын салық ретінде көреді. Оны былай түсіндіру керек. Біздің салымшылар, шын мәнінде, зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына ықпал ете алмайды. Сондықтан Президенттің Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы жарты жылдың соңына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныс беру туралы тапсырмасы өз уақытында жасалды деп санаймын.
Депутаттар да біздің салымшылар зейнетақы қорларын сенімді тірек және өз салымдарының сақталуы мен ұлғайтудың кепілі ретінде сезіну үшін барлық мүмкіндіктерді жүзеге асыратын болады.
БІЛІМ БЕРУ МЕН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ЖАҢҒЫРТУ
Мемлекет басшысының Жолдауында білім беруді жаңғырту туралы тапсырма берілді. Ең әуелі оқу үдерістеріне осы заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу, педагогтік құрамның сапасын арттыру, біліктілікті айқындаудың тәуелсіз жүйесін жасау, мемлекет пен жеке адамның әріптестігі тетіктері арқылы жастардың білімге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту, ауыл жастары мен аз қамтылған отбасылар үшін жолда жүру мен тұрғылықты өмірін субсидиялау, жатақхана желісін дамыту тапсырылды.
Менің оқу үдерістеріндегі тәрбие ісін күшейту мен жатақхана желісін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударғым келеді. Бұл студенттердің жартысынан астамы ауыл жастары немесе басқа қалалардан келгендіктен өте маңызды екенін айтар едім. Тұрғын жай мәселесінің студенттің жоғары оқу орнында оқуы кезінде шешілуі оның оқуына тікелей әсер етеді. Оның қайда тұрамын, баспананы жалдауға ақшаны қайдан табамын деуге басы ауырмайтын болады. Студенттердің негізгі міндеті жақсы оқу және кейіннен білікті маман болу болып табылады. Денсаулық сақтау саласында Мемлекет басшысы дәрігерлік қызметке қол жеткізу мүмкіндіктерін жеңілдету мен оның сапасын арттыруға баса көңіл бөлді. Сонымен бірге, дәрігерлер мен кіші медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігі және әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілігі көкейкесті мәселе болып қала береді. Қоғамға да, уақытқа да тек денсаулығы жақсы адамның қажеттігі айқындалып келеді.
Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.