Өткенді өлшемдей отырып, келешекке көз тігейік
Егемен Қазақстан: 15.03.2012
ТМД Парламентаралық Ассамблеясына – 20 жыл
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмимен әңгіме
– Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының құрылғанына да жиырма жыл толыпты. Осыған орай, Алматыда 27 наурызда аталған құрылымға қатысатын елдер парламенттері жетекшілерінің басқосуын өткізу жоспарланып отыр. Сөз ретінде айта кететіні, Достастықтың бұрынғы одақтас, қазіргі тәуелсіз республикалар арасындағы байланыстырушы қызметіне қарамастан, оның тарихи мән-маңызы, атқарған рөлі мен қажеттілігі төңірегінде кереғар пікірлер көп. Бұған өз тарапыңыздан не айтар едіңіз?
– Өткенді өлшемдемей, болашақты болжау мүмкін емес. Сол өткен күндерге көз жіберсек, КСРО-ның ыдырауынан басталған саяси дағдарыс экономикаға адам айтқысыз салмақ түсіріп, жетпіс жыл бойы қалыптасқан шаруашылық механизмінің күл-талқаны шыққаны, посткеңестік елдердің баршасын жұмыссыздық пен ұлтаралық жанжалдар жайлағаны тарихи шындық. Сол кезде етек алған әлеуметтік-экономикалық күйзелістің қаншалықты ауыр болғанын жұрт жақсы біледі.
Одақ ыдырап, ТМД қалыптасар кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлінің ауқымы мен маңызы жақсы мәлім. Тарихи хронологияға көз салсақ, ТМД мен оның парламенттік қанатының Алматыда дүниеге келгенін көреміз. Одақтың бұрынғы республикалары орталықтың бұғауынан босап, әрі-сәрі болған қысылтаяң сәттердің өзінде де Қазақстан басшысы аймақта интеграцияға баламаның жоқ екенін түйсінген болатын.
1991 жылғы желтоқсан айында Алматыда қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы декларация посткеңестік кеңістіктегі ынтымақ пен қарым-қатынастардың негізін қалады деп айтуға болады. Әрине, ТМД-ға енген елдердің арасында әрқашан әр пішінде және әр деңгейде интеграциялық үрдістер жалғасып жатыр. Соның алды Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік құруға мүмкіндік берді.
Солай бола тұра, мен ТМД-ның құрылуын объективті үдеріс деп бағалаймын және оған елдеріміз арасындағы қатынастардың дәнекері ретінде әлі талай іс тындыруға шамасы келетін ұйым деп қараймын.
– Парламенттік Ассамблеяның атқарған шаруаларына қысқаша тоқталсаңыз.
– 1992 жылғы 27 наурызда Алматыда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының құрылуы Достастық елдері арасындағы әрекеттестік механизмдерінің қалыптасуы үдерісіндегі айтарлықтай оқиға болды. Міне, ортақ мүддеге қызмет ететін заң шығару мәселелерін талқылауды және нормативтік-құқықтық құжаттар жобасын қарауды мақсат ететін парламентаралық өзара іс-қимылдың бұл ұжымдық институты құрылғалы бері де 20 жылдың жүзі болыпты. Бұл – ұлы тарих көшінде аз да, көп те уақыт емес. Дегенмен, өткен күнде белгі бар, бірлесе атқарған, шешімін тапқан, ел мүддесіне жаратқан үйлесімді істеріміз де бір шоғыр. Күні ертең, 27 наурызда Алматыда ТМД-ның тоғыз мемлекетінің парламенттерін біріктіретін Парламентаралық Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы атап өтілетін ТМД ПАА-ға қатысушы парламенттер басшыларының отырысында құрылым қызметінің қол жеткен нәтижелерін паш етіп, болашаққа бағдар құруды ойға алып отырмыз.
– Өзіміз жаһандану деп жүрген глобализация әлемнің қай түкпір, қай аймағында болсын интеграциялық үдерістерді қамшылап жатыр. Осы ретте, Парламентаралық Ассамблея ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Достастық елдерінің арасындағы экономикалық-инвестициялық байланыстардың өрістеуі үшін құқықтық базаның түзілуіне тиісінше үлес қоса алып отыр ма?
– 1995 жылғы мамыр айында Минск конвенциясына қол қойылғаннан кейін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы мемлекетаралық органға айналып, Достастықтың жарғылық органдары жүйесінде жетекші орындардың біріне ие болды. Парламентаралық Ассамблея Достастық аясындағы ынтымақтастықтың көпсалалы мемлекетаралық бағдарламасын әзірлеуге белсенді түрде қатысты.
Достастықтың ортақ құқықтық іргетасын қалыптастыру, қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын үйлестіру, ТМД-ның әлемдік қоғамдастықпен өзара парламентаралық іс-қимылын нығайту мәселелеріндегі ауқымды істер ТМД ПАА желісі бойынша парламенттік делегациялардың жұмысы арқасында едәуір ілгеріледі. Ассамблеяның қатысуымен ауқымды шарттық-құқықтық базаны тізімдеу жүргізілді, Достастықтың құқықтық актілерінің бірыңғай тізімдемесі жасалды, халықаралық келісімдерді қатарлас ратификациялауға қажетті рәсімдер пысықталды.
Парламентаралық Ассамблеяның жалпыға бірдей мойындалған қағидалар мен ережелерге сәйкес әзірленген, бірізді қадамдарға негізделген заңнамалық үлгі базасының қалыптасуы Достастық елдеріндегі құқықтық жүйені жетілдіруге қосқан елеулі үлесі болды.
Өткен 20 жылда Ассамблея 315 үлгі кодекстер, заңдар және ұсынымдар қабылдады, ондағы көптеген ережелер ұлттық заңнамаларда және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық келісімдерді бекітуі барысында көрініс тапты. Үлгі заңнамалардың ауқымы экономикалық даму, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа сын-қатерлерге төтеп беру, заңның орындалуы, адам құқы мен бостандықтарын сақтау, әлеуметтік және экологиялық саясатты жүзеге асыру, гуманитарлық ынтымақтастықты өрістету мәселелерін қамтыды. Осы жұмыстардың діттеген жерінен шығуына өз Парламентіміздің депутаттарының сүбелі үлесін қосқанын атап өткім келеді.
– Достастық елдерінде және одан тыс мемлекеттерде өтетін сайлауларға ТМД ПАА миссиясы да қатысып, өз бағасын беріп жүр. Ассамблеяның ТМД елдерінде демократияны, парламентаризмді дамыту және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қадағалау мәселелерінде атқарған жұмысына көңіліңіз тола ма?
– 1994 жылдан бастап Достастық мемлекеттеріндегі референдумдар мен сайлау жүргізу үдерістеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізу ТМД ПАА жұмысының маңызды бағытына айналды. ТМД мемлекеттері мен одан тыс жерлердегі сайлауды байқау барысында үлкен тәжірибе жинақталды, мұның өзі сайлауды байқау жөніндегі ортақ талаптарды түзуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде аталған талаптар тізбесі ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде демократиялық сайлау стандарттары, сайлау құқықтары мен бостандықтары туралы конвенцияға, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі сайлаулар мен референдумдарды байқаудың қағидалары туралы ТМД ПАА декларациясына енді.
Аталған құжаттардың бәрі бұрынғы кеңестік кеңістіктегі сайлау үдерістерін жетілдіруге игі ықпал етеді. Жақында Ресейде өткен президенттік сайлауда ТМД ПАА тарапынан қазақстандық 6 депутаттың байқаушы ретінде қатысуы осының айғағы. Сонымен қатар, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы халықтарымыз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың баянды болуына да өз үлесін қосып келеді. Достастық елдеріндегі ғылыми, білім беру, мәдени, туристік және спорттық байланыстарды дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету үшін ТМД ПАА өнімді жұмыс істеді.
– Парламентаралық Ассамблеяның ТМД-дан өзге аймақтардағы ұлттық парламенттермен және басқа да халықаралық беделді ұйымдармен байланысы қандай?
– Рас, қазіргі заманда тек ТМД елдері парламенттерімен ғана емес, шет елдердің ұлттық парламенттері және халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ құрылымдарымен де тұрақты байланыс орнату халықаралық сахнада өрбіп жатқан көптеген үрдістерді, әлемдік құбылыстарды жете түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан Ассамблея бұл бағыттарда да белсенді қызмет етіп келеді.
– ТМД елдері арасындағы интеграциялық байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуі нәтижесінде Кеден одағы құрылып, енді Біртұтас экономикалық кеңістікке аяқ бастық. Осы орайда, Достастықтың Парламентаралық Ассамблеясының құрылған және басқа да дүниеге келетін құрылымдарды ортақ құқықтық базамен, заңдармен қамтамасыз етуге әлеуеті жете ме?
– Өткен 20 жылда Достастық елдерінің парламентшілері ауқымды жұмыстарды іске асырды, біздің елдеріміз бен халықтарымыздың көкейкесті мүдделеріне қатысты көптеген мәселелерде өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін негіз қаланды. Енді ТМД кеңістігіне көз жүгіртсек, онда интеграциялық үдерістердің одан әрі үдей түскенін байқаймыз. Яғни, ендігі жерде ТМД дамуының жаңа кезеңге ойысуына байланысты Ассамблеяның алдына жаңа міндеттер қойылатыны және осыған байланысты ТМД ПАА-ның іс-қимыл әлеуеті де кеңейе түсетіні күмәнсіз.
Жалпы, әлем елдерінің даму эволюциясы қазіргі заманда интеграцияға баламаның жоқ екенін дәлелдеуде. Елдер аймақтық блоктарға бірігу арқылы ортақ рынок түзеді, өздерінің экономикалық әлеуеттерін топтастырып, шоғырландырады, сөйтіп қана қазіргі заманғы сынақтар мен қатерлерге төтеп бере алады. Оған Еуроодақ, АСЕАН, НАФТА және басқа да блоктардың аясында жүріп жатқан үдерістер айғақ.
2011 жылы ТМД шеңберінде еркін сауда аймағын құру туралы шартқа қол қойылды, биылғы 1 қаңтардан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік дүниеге келді, енді Еуразиялық экономикалық одақ жөнінде сөз қозғалуда. Қарап отырсақ, осы аталған жобалардың барлығын құқықтық базамен, заңдармен демеу қажеттілігі туындауда, оны қанағаттандыруға ТМД Парламенттік Ассамблеясының әлеуеті жетеді деп білемін.
Әңгімелескен Самат Мұса.