Мәми
Қайрат
Әбдразақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Депутатқа хат
Пәрменді форум (Алаш айнасы: 12.04.2012)
Пәрменді форум (Алаш айнасы: 12

Пәрменді форум

 

Алаш айнасы: 12.04.2012

 

Таяуда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Парламент Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезін әзірлеу мен өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өткені белгілі. Бірнеше министрлік пен мекеме басшыларының қатысуымен өткен съезге дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған отырыстан кейін Қайрат Әбдіразақұлымен жедел сұхбаттың орайы келді.

 

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезі өтетін уақыт күн санап жақындап келеді. Қазіргі кезде дайындық қандай деңгейде?

 

Дайындық қызу жүріп жатыр. 200-ден асатын қонақты қабылдап, олардың съезд жұмысына қатысуын қамтамасыз ету ауқымды шаруа екені белгілі. Өзіңіз куә болдыңыз, Елбасының өкімімен құрылған Мемлекеттік комиссияның бүгінгі отырысы барысында негізінен съездің ұйымдастырылуына қатысты мәселелердің ауқымы кеңінен талданып, атқарылуға тиісті міндеттер тізбесін белгіледі, министрліктер

мен мекемелер басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

 

– Жалпы, өткен үш съездің нәтижесін саралай отырып, біз әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бас қосуы түрлі дін өкілдерінің арасындағы диалогті қалыптастыра алды деп айта аламыз ба?

 

– Съезд қазіргі кезде халықаралық сахнада өз пәрменділігімен дараланады. Себебі ол дүниежүзінде екпін алып, үдей түскен өркениетаралық диалог процесіне айтарлықтай үлесін қосуда. Қазіргі жаһандық  экономикалық дағдарыс кезінде неше түрлі төзбестік пен кемсітушілік сияқты келеңсіз көріністер ұмсынып, бой көрсетіп жатқан кезде осы діни лидерлер форумы жұмысының өзектілігі тағы да бір рет Елбасының көрегендігін, әлемде болып жатқан түрлі тенденциялар мен процестерге қырағы көзбен қарайтынын

айғақтайды.

 

Бұрынғы съездерге әлемнің түкпір-түкпірінен дүниежүзіне танымал дін басылар келгенін білеміз. Алдағы съезге келетін діндер лидерлерінің қатарында кімдер бар?

 

– IV съездің мәртебелі меймандарының қатарында Бүкіләлемдік ислам лигасының президенті Шейх Абдалла Бен Әбдел Мұхсин әт-Түрки, Сауд Арабиясы королінің өкілі, осы елдің Консультативті кеңесінің төрағасы Абдалла әл Аш-Шейх, әл-Азғардың бас имамы Шейх Ахмад Мухаммад әт-Тайиб, Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Бүкіләлемдік лютеран федерациясының бас хатшысы Мартин Юнге, Иордания королі ІІ Абдалла, Қатар мемлекетінің әмірі Шейх Хамад бен Халифа әл Тани, ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокова және тағы басқа әлемге белгілі діндер көшбасшылары бар. Сондай-ақ форумға әлемдік діни конфессиялардың, мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, өркениетаралық диалогті ілгерілету саласында еңбек сіңіріп жүрген ғұлама ғалымдар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен белгілі саясаткерлер қатысады деп жоспарланып отыр.

 

Бұл діндер лидерлерінің съезі емес пе? Форумға саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін шақыру қандай қажеттіліктен туындады?

 

Бәріміздің мақсатымызәлемдегі ынтымақ пен имандылықты одан әрі нығайту, ізгілікті ілгерілету. Бұл игі мәселе тек діндарлардың ісі ғана емес, барша адамзаттың ой-арманы екені анық.

 

Бұл съездің бағдарламасының мазмұндық жаңалығы қандай, ерекшелігі неде?

 

Биылғы съездің тақырыбы: «Адамзаттың таңдауыбейбітшілік пен келісім». Себебі бейбітшілік пен келісім мәселелері қазіргі алмағайып заманда халықаралық қатынастардағы күн тәртібінде басты орында тұр. Сонымен қатар төрт секциялық отырыс өтеді. Ондағы «Дін лидерлерінің тұрақты дамуға қол жеткізудегі рөлі», «Дін және мультикультурализм», «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі заманғы сын-тегеуріндер», «Дін және жастар» сияқты тақырыптардың барлығы да қазіргі қоғамды толғантатын жайттар. Форумға қатысатын діни жетекшілер, теологтер, саясаткерлер егжей-тегжейлі сөз қозғап, өздерінің құнды ақыл-кеңестерін көпшілік назарына ұсынады деген ойдамыз.

Ал жалпы, осы съездің ерекшелігіПрезидент Н.Назарбаевтың ұсынысына сай және III съездің ұйғарымымен осы форумда Діни лидерлердің кеңесі құрылмақ. Бұл кеңес съездің басқарушы органы болады және оның алғашқы отырысы IV съездің пленарлық жиналысының алдында өтпек. Діни лидерлердің кеңесі съездің көздеген мақсаттары мен мұраттарына жетуіне игі ықпал етеді деп ойлаймын.

 

– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

 

Әңгімелескен Қани ҒАЛЫМЖАН