Қазақстан - өркениетаралық диалогтың бастамашысы
Айқын: 18.04.2012
Қайрат Мәми өткен жылы 15 сәуірде Елбасының ұсынысымен, төртінші сайланған Парламенттің IV сессиясындағы Сенаттың алғашқы отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы болып сайланған еді. Арада сынаптай сырғып бір жыл өте шығыпты. Осы орайда редакция алқасы Сенат төрағасымен аталған конституциялық статустағы қызметіндегі бір жыл ішінде көңілге түйген ой-пікірімен бөлісуін өтінгенмен, жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты мүмкін болмап еді. Таяуда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезін әзірлеу мен өткізу жөніндегі Мемкомиссияның отырысынан кейін көптен күткен сұхбаттың сәті түсті. Әңгіме форумға дайындық барысы тақырыбымен өрбіді.
«Адамзаттың таңдауы - бейбітшілік пен келісім»
- Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне санаулы күндер қалды. Биылғы форумға әзірлік барысы қандай және осы жолғы басқосудың ерекшелігі неде болады деп ойлайсыз?
- Оныңыз рас. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтетін күнге бір жарым айға жетер-жетпес уақыт қалды. Қазір форумның жұмысын ұйымдастыруға қатысты дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Елбасының Өкімімен құрылған Мемлекеттік комиссияның таяуда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезін әзірлеу мен өткізу жөніндегі отырысын өткізгенінен хабардар шығарсыз. Съезге дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған отырысқа бірнеше министрліктер мен мекеме басшылары қатысып, ұйымдастырылуына байланысты мәселелердің ауқымы кеңінен талданып, атқарылуға тиісті міндеттер анықталып, нақты тапсырмалар берілді.
Ал биылғы басқосудың ерекшелігіне келер болсақ, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына сай және III съездің ұйғарымымен осы форумда дін лидерлерiнің Кеңесі құрылмақ. Бұл Кеңестің алғашқы отырысы съезд қарсаңында өтеді.
- Форумның әлемдік қоғамдастықта қызығушылық тудыруы, жұмысының нәтижелілігі көтеретін тақырыптарына байланысты екені белгілі. Осы жолғы форумның алдыңғылармен салыстырғанда мазмұндық ерекшелігі неде?
- Есіңізде болса, 2001 жылдың қыркүйегіндегі АҚШ-тағы дүниені дүр сілкіндірген лаңкестік оқиғадан кейін әлем дінаралық жанжал мен қанды қақтығыстар құрсауында қалу қатері туған адамзат тарихындағы осы бір сын сәтте Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақырып, тұңғыш рет бір шаңырақтың астында дін көсемдерінің басын қосты. Уақыт талабына қарай І съезде терроризмге, экстремизмге, әділетсіз соғысқа тыйым және дінге жала жаппау мәселесі көтерілді.
2006 жылғы ІІ съезде Таяу Шығыстағы ахуал күрт шиеленісіп, Иракта соғыс жүріп жатқан күрделі уақытта Астанаға жиналған әлемдік дін лидерлері мемлекеттерді үнқатысу жолынан таймауға, сөйтіп, Бейбітшілік және келісім мәдениетін нығайту жөнінде шаралар қабылдауға шақыруы - осы адамзаттық проблемаларды ортақ санайтын ұстанымының бір көрінісі.
Ал ІІІ съезд планетаның түрлі өңірлерінде адамдар Құдайдың басты өсиетін бұзып, бірін-бірі өлтіруді жалғастырып жатқанына, әлемнің көптеген жерлерінде ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған лаңкестік әрекеттер орын алғанына, Ауғанстандағы ахуал бұрынғыдан да қатты шиеленісіп, мұнда бүкіл өңірдің тұрақтылығына қауіп төндіретін экстремистер тағы да бас көтере бастағанына, бұл елде өндірілген есірткілер бүкіл әлемді жайлап бара жатқанына көңіл аудартты. Сондай-ақ осы басқосуда Қазақстан Президенті жаңа дүние құрылысының негіздері қандай болуы керектігін де ұсынды.
Биылғы съездің тақырыбы: «Адамзаттың таңдауы - бейбітшілік пен келісім». Яғни қазіргі алмағайып заманда халықаралық қатынастардағы күн тәртібінде басты орында тұрған бейбітшілік пен келісім мәселелерін тағы да көтеріп отырса, бұл өткен съездегі тақырыптардың жалғасын тапқаны деп қарастыруға болатын шығар. Ал форумның мазмұндық ерекшелігі туралы айтсақ, бұл жолы төрт секциялық отырыс өтеді деп жоспарлап отырмыз. Ондағы: «Дін лидерлерінің тұрақты дамуға қол жеткізудегі рөлі», «Дін және мультикультурализм», «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі заманғы сын - тегеуріндер», «Дін дәне жастар» сияқты тақырыптардың барлығы да - қазіргі қоғамды толғантатын жайттар. Форумға қатысатын діни жетекшілер, теологтар, саясаткерлер егжей-тегжейлі сөз қозғап, өздерінің құнды ақыл-кеңестерін көпшілік назарына ұсынады деген ойдамын.
- Съездің көздеген мақсаттары мен мұраттарына жетуіне игі ықпал ететін фактордың бірі - оған қатысатын діндер көшбас-шыларының беделді құрамнан болуы екені де анық. Алдағы съезде дін лидерлері қатарынан кімдерді көре алатын боламыз?
- Төртінші съездің мәртебелі меймандарының қатарында Бүкіләлемдік ислам лигасының президенті Шейх Абдалла Бен Әбдел Мұхсин әт-Түрки, Сауд Арабиясы королінің өкілі, осы елдің Консультативті кеңесінің төрағасы Абдалла әл Аш-Шейх, Әл-Азғардың бас имамы Шейх Ахмад Мухаммад әт-Тайиб, Мәскеу және бүткіл Ресей патриархы Кирилл, Бүкіләлемдік лютеран федерациясының бас хатшысы Мартин Юнге және тағы басқа әлемге белгілі діндер көшбасшылары бар. Сондай-ақ форумға әлемдік діни конфессиялардың, мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, өркениетаралық диалогты ілгерілету саласында еңбек сіңіріп жүрген ғұлама ғалымдар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен белгілі саясаткерлер қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында Иордания королі Абдалла ІІ, Қатар мемлекетінің әмірі Шейх Хамад бен Халифа әл-Тани, ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокова, тағы да басқа мәртебелі тұлғалар бар.
- Дін лидерлерінің басын қосқысы келетін бастамашылардың басқа елдерде де бар екені белгілі. Салыстырмалы түрде алсақ, Астана съезінің пәрменділігі қандай?
- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне деген ықылас, сенім жыл санап артып келеді. Мәселен, 2003 жылы І съезге әлемнің 13 елінен 17 діни ұйым өкілдері келсе, 2006 жылы ІІ съезге әлемнің 26 елінен 29 діни делегация қатысты. Ал 2009 жылғы ІІІ съезде әлемнің 35 елінен 77 делегация бас қосты. Биыл да одан аз болмайды. Ал діндер көшбасшыларының басқосуын өткізгісі келетін басқа елдерге келсек, төрткүл дүниеде бейбітшілікке үндейтін ондай құрылымдардың көп болғанынан зиян жоқ. Алайда бастамашылардың бірде-бірінің әлемдік және дәстүрлі діндердің дүниежүзіне мәшһүр лидерлерін дәл Қазақстандағыдай құрамда басын қоса алған жоқ. Бұл - дін лидерлерінің қазақстандық басқосудың нәтижелілігіне, сөзі мен ісінің сәйкестігіне сенетіндігін білдірсе керек. Сондықтан да съезд қазіргі кезде халықаралық сахнада өз пәрменділігімен дараланады. Дүниежүзінде екпін алып, үдей түскен өркениетаралық диалог үдеріне айтарлықтай үлесін қосуда. Басты мақсатымыз - дін арқылы, сондағы беделді, лауазымды адамдардың пікірі арқылы әлемдегі жағымсыз, қоғамға қажетсіз құбылыстарды барынша азайту.
Экстремизмге зиялылық тұрғысынан қарсы тұра білу керек
- Әрине, адамзаттық, планеталық мәселелерге үн қосып, әлемдік саясатқа ықпал етіп жатқанымыз жақсы. Бірақ өз еліміздегі ішкі жағдайға оралайықшы. Өткен жылы Тараз, Атырауда болған лаңкестік оқиғалар қоғамды қатты алаңдатып, ойға қалдырды емес пе?
-Елбасының Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезін Қазақстанда өткізу туралы бастамасының әлемдік діни көшбасшылар тарапынан қолдау табуының өзі - еліміздің лаңкестік сияқты ғасыр індетінен ада, әлемдегі бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен татулықтың аралы болуында еді. Шекаралардың өзі шартты болып қалатын қазіргі геосаясат жағдайында ерте ме, кеш пе, әлемді жайлаған лаңның көріністері орын алуынан ешбір ел кепілдендірілмеген. Өзіңіз атаған елді мекендерде болған оқиғалар бұл қауіпке біздің де дайын болуымыз керектігін тағы да ескертті. Еліміздің арнайы орган қызметкерлері ондай әрекеттерді болдырмауға, өз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған терроризмге қарсы күрестің құқықтық базасының берік қалыптасуына да бар күшін салуда.
- Таразының екі басы - діни еркіндік пен қоғамдық тәртіпті тепе-тең ұстаудың тетігі неде? Бұл екеуі кереғар келіп жатпай ма?
- Мұның өзі - табиғи қайшылық. Қоғамның кез келген мүшесі еркін болуы тиіс. Бірақ қоғам бекіткен тәртіпті сақтауы керек. «Бір азаматтың еркіндігі басқаның еркіндігі басталған жерде аяқталады» деген қағиданы дінде де ұстанған жөн. Азаматтардың барлығының еркіндігі бірдей қорғалуы үшін де мемлекеттік және құқық қорғау орындары қажет. Кейбір діндердегі теріс ағымдардың басқаларға өздерінің ұстанымдарын күшпен таңуға тырысқан кезде лаңкестік туындайды. Сондықтан да әр мемлекетте өздерінің дін туралы, діни ағымдарды реттейтін заңдары болуы керек.
- Қазақстанның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын кейбір азаматтар мен ұйымдар діни еркіндікті шектеу деп қабылдағаны жасырын емес қой?
- Көпконфессиялы, көпұлтты қазақстандық қоғамда діни ұйымдар мен ағымдарға «қамқорлық» жасап, «шексіз» мүмкіндік туғызуға бейімделген 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның солқылдақ тұстары аз болған жоқ. Себебі бұл уақытта Қазақстан енді ғана егемендік алған. Елде - эйфория. 70 жыл бойғы кеңестік атеистік идеологиядан арылғаннан кейін бәрінің ноқтасын сыпырып, шексіз еркіндік беруге тырыстық. Қазақстанда діни лаңкестер пайда болады деген ой келген жоқ. Ал осы саладағы реттеу жүйелерінің жоқтығынан кейбір дін атын жамылған арам пиғылдылардың «ұя салуына» мүмкіндік беріліп, лаңкестікке соғатын салдарға алып келді. Солай болғандықтан, өткен жылы Қазақстан жұртшылығы діни экстремистердің әрекеттерімен алғаш рет бетпе-бет келді.
Осы тұрғыда «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңның қабылдануының басты себебі - республикамызға дін атын жамылып, басқа пиғылмен келіп жататындарға бақылауды күшейту. Заң Қазақстанда бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Мысалы, бұрын кез келген ауылға барып, 3-5 адамның басын қосып, діни ағымды тіркеп алуға болатын. Қазір діни ұйым құрушылар саны 50 адамнан кем болмауы тиіс. Бірақ бұл заңда діни еркіндікті шектеу жоқ. Қандай діни сенімді ұстанса да, әр адамның өз еркі. Бірақ діни ағымдарды реттеу бар.
Мұндай үрдіс Қазақстанға ғана тән емес, мәселен, Еуропалық одақ 2001 жылы 27 желтоқсанда қабылданған «Терроризмге қарсы күрес туралы» құжат арқылы өз ішінде және одан тыс жерлерде террористік қызмет субъектілеріне қарсы алдын алу, шектеу және құқық қорғау сипатындағы шаралар жүйесін енгізді. Жаһандану заманында террористік әрекетті ұйымдастырушы немесе қаржыландырушы кез келген елдің азаматы, ұйымы болуы мүмкін болғандықтан, алдағы съезде де осындай мәселелерді ортаға салып, ортақ шешім қабылдау адамзат өмірінің қауіпсіздігіне кепілдік береді.
Қоғамда экстремистік идеялардың таралуына, ең алдымен, зиялылық тұрғыдан қарсы тұру қажет. Діни экстремистердің идеологтарына Құран, Библия, Тора сияқты қасиетті кітаптарды жақсы меңгерген, сауатты теологтардың жан-жақты білімін қарсы қоя отырып, күресу арқылы азаматтарымызды олардың айлалы торынан құтқара аламыз.
Тәуелсіздігіміздің сақталуы - ең бірінші шарт
- Енді сұрақтарымызды үлкен саясатқа қарай ойыстырсақ. Қазақстан Ресей және Беларусьпен Кеден одағын құрып, біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруда. Бірақ кейбір кәсіпкерлер осы ұйымға кіретін елдердегі экономикалық заң нормаларының біркелкі еместігі салдарынан рынокта тең емес жағдайда жұмыс істейтіндіктеріне шағымданады. Ұйымға кіретін мемлекеттердің заңдарын жылдам әрі тиімді түрде реттеп, оларды жақындастыру жолдары қандай? Осы бағытта ұйымға мүше елдер депутаттары қаншалықты жұмысқа тартылуда?
- Ең алдымен Қазақстан Парламентінің уақытында ратификациялауының арқасында қазіргі кезде еліміз мүше болып табылатын Кеден одағының құқықтық-келісім базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық келісімдер мен шарттар күшіне енгенін айта кеткен жөн. Уақыт талаптарына сәйкес ұлттық заңнамаларды біріздендіру үдерістері тереңдей түсті. Кеден одағына мүше елдердің ортақ кедендік тарифтерін құқықтық тұрғыда бекіту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» кодексі қабылданды. Үйлестіру сипатындағы осындай нормативтік-құқықтық базаның жасалғаны біздің елімізге Кеден одағы идеясының негізі ретіндегі тікелей міндеттерді жедел іске асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Қазақстанда Ресеймен бір мезгілде Бірыңғай кедендік тариф пен тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесі күшіне кіріп, біздің еліміз бірыңғай кеден саясатын қалыптастыру жөніндегі Кеден одағы комиссиясының құрамына енді.
Әрине, «Кедендік одақ кімге тиімді?» деген сұрақ бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Егер Қазақстанға тиімсіз болса, еліміз ондай күмәнді қадамға бармас еді. Кедендік одақтың артықшылығы туралы айтқанда, мына мәселеге назар аудармасқа болмайды. Бүгінгі таңда үш елдің аумағында 170 миллион адамнан тұратын үлкен нарық бар. Одаққа мүше елдердің жалпы өнімі 2 трлн долларға, ал өнеркәсіп әлеуеті 600 млрд долларға жетіп отыр. Бұған қоса Кедендік одақ энергоресурстар нарығында маңызды рөл атқаратын ойыншыға айналды. Жер бетінде өндірілетін бидайдың 12 пайызы осы одаққа тиесілі әрі сол бидайдың әлемдік экспортының 17 пайызы да - одақ еншісінде болады. Болашақта Кедендік одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2015 жылы 15 пайызға артады деген болжам бар. Олай болса, осы айтылғандарды және қазақстандық салық режимінің Ресей мен Беларусьтан тиімді екенін ескерсек, рынокта жағдайымыз тең емес деп айту - күпіршілік. Керісінше, біздің елдегі салық режимі мен заңдық базаның тиімділігіне байланысты одаққа кіретін елдердің кәсіпкерлері бизнестерін Қазақстанда тіркеуге ұмтылуда.
- Ал 20 жыл бұрын құрылған ТМД қаншалықты өміршең ұйым? Ол өз миссиясын тәмамдауға жақындап, посткеңестік кеңістіктегі басқа, жаңа интеграциялық ұйымдардың тасасында қалып бара жатқан жоқ па?
- Егер ТМД болмаса, Біртұтас экономикалық кеңістік, Еуразиялық одақ, Кеден одағы және тағы да басқа бүгінде саяси-экономикалық интеграцияға үлкен ықпал етіп отырған ұйымдар болмайтын еді. Осы аталған саяси, экономикалық ұйымдардың жұмысына еліміз белсенді атсалысумен келеді және ТМД-ны құру туралы идеядан бастап негізінен, барлық ұйымдардың бастамашысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы болғаны баршамызға мәлім.
Кеңес одағы күйрегеннен кейін мемлекеттер арасындағы экономикалық, гуманитарлы әрі адамдардың өзара байланыстарын сақтап қалу үшін бір ұйым аса қажет болатын. Сол уақытта осындай достастық құрылмағанда, бүгін қай елдің қай жерде болатынын елестету қиынға соғар еді. Егер Орталық Азия елдері - бір жаққа, Беларусь, Украина мен Ресей басқа жаққа кетіп жатса, мемлекеттер арасындағы байланыс қандай болмақ?! Онда кейбір мемлекеттердің шекарасына қол сұғу басталып, осы кеңістіктегі кез келген елдің шекарасын айғай-шусыз қалыптастыру екіталай болар еді. Сондықтан ТМД құру арқылы бұрынғы кеңестік елдерге, оның ішінде Қазақстанға қан төгіссіз, бейбіт жолмен тәуелсіз мемлекет құруға мүмкіндік берілді.
ТМД, бұл - ұжымдық қауіпсіздік, бұл - рынок, бұл - ортақ менталитетті елдердің мәдени, рухани даму мүмкіндігі, бұл - аймақтағы елдер арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларының шешімін табудың ортақ институты. Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік әзірге үш мемлекеттен тұрады. Ал оған қалған мемлекеттер қосылғанша, ТМД солардың басын қосатын ұйым рөлін атқармақ. Сонымен бірге Ауғанстанда жағдай тұрақталмағанын, 2014 жылдан кейін бұл елден НАТО әскері шығарылатынын ескерсек, сол жақтан төнетін қауіппен бірлесе күресіп, осы кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де ҰҚШҰ, ТМД сияқты ұйымдар қажет. Сондықтан бас ұйым қай жағынан алсақ та, қажеттілігін арттырмаса, жойған жоқ.
Жалпы, геоэкономикалық, геосаяси болашақтағы интеграцияның эволюциялық және ерікті жолмен жүруі бұл - біздің елдің басты ұстанымы.
- Ал Еуразиялық одақтың интеграциялық ұйым ретіндегі мүмкіндігі қандай?
- Бұл одақтың қажет екенін 1994 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде алғаш рет айтқан кезде кейбір ғалымдардан басқасының бәріне бұл виртуалды идея сияқты көрінген. Ал бүгін Еуразиялық одақ - бұлыңғыр болжам емес, шынайылыққа айналды.
Бірыңғай экономикалық кеңістік - Еуразиялық одаққа апаратын жол. Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр. Қазақстандағы 15 млн тұтынушы рыногы өте тар. Ал бидай, ет немесе басқа тауарларымызды экспорттау үшін рынок ауқымын кеңейту бізге өте тиімді. Оған қоса бұл ДСҰ-ға кірер алдында кәсіпкерлерімізді бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге үйретеді.
- Қоғамда Еуразиялық одақ - Кеңес Одағына оралу деген де пікір бар...
- Көпшіліктің қауіптенетіні - сол. Бірақ Еуразиялық одақ - экономикалық одақ. Саяси және басқа да тәуелсіздігіміздің сақталуы - ең бірінші шарт. Қазір Еуразиялық одаққа өтуге дайындығымыз болса да, біздің Елбасы Н.Назарбаев жақында Мәскеуде мәлімдегендей, бұл ұйымға өту шарттары 2014 дейін қоғамда ашық талқыланатын болады. Оның әрбір шартын мұқият зерделеп, бекітіп алғаннан кейін ғана Еуразиялық одаққа толыққанды кіреміз деп ойлаймын.
- Еуразиялық одақ аясында ортақ Парламент құру перспективасы қаншалықты? Оның жұмыс істеу мүмкіндіктері қандай?
- Қарасақ, ТМД, ҰҚШҰ ЕурАзЭҚ ұйымдары құрылған соң солардың аясында парламенттік ассоциациялары құрылды. Мұндай парламенттік ұйымдар мүшелерінің тұрақты жұмыс істеуіне және қолданылатын заңдары мен ережелерінің біркелкі болуына жол ашады. ТМД елдері арасындағы интеграциялық байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуі нәтижесінде Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік сияқты жаңа құрылымдар пайда болып жатыр. Бұл орайда осы және басқа да дүниеге келетін құрылымдарды ортақ құқықтық базамен, заңдармен қамтуға әлеуеті жететін заң шығарушы органның пайда болуы - болашақтың еншісі.
Десе де ондай ортақ Парламент құрылған күнде ол ерікті түрде интеграцияға тартылған Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерін ортақ құқықтық базамен, заңдармен қамтуға қабілетті заң шығарушы орган болуға тиіс. Солай бола тұра ондай ортақ Парламент құрылғанда елдің тәуелсіздігі мен дербестігі жоғары тұруы шарт.
Заңдардың қазақ тілінде даярлануы маңызды
- Сіз мемлекеттік тілде даярланатын халықаралық құжаттардың, заңдардың сапасын арттыру бойынша сараптамалық топ құру туралы мәселе көтерген едіңіз. Оған не түрткі болды? Қазір бұл бастама қаншалықты жүзеге асуда?
- Халықаралық құжаттардың мәтіні жалпы заңдарға қарағанда ықшам болып келетіні белгілі. Сол құжаттардың ары кетсе он шақты-ақ баптан тұратынына қарамастан, қазақшасында қате кетуі жиілеп, шарт жасасқан елдерге қайта-қайта нота жіберілуі осындай шешім қабылдауды қажет етті. Өйткені бұл келеңсіз жағдайдың орын алуы еліміздің беделіне нұқсан келтіретіні анық.
Әрине, мұның түп-тамырында құжаттың әу баста орыс немесе ағылшын тілінде даярланып, содан соң барып оны маман емес аудармашылардың терең түсінбей, жолма-жол аударуы сияқты кемшілік жатыр. Бұл мәселені біз алдымен Сенат бюросында, Палата комитеттерінің төрағаларымен арнайы қарадық. Кейін Мәжіліс төрағасымен келісе отырып, Үкіметке халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы заңдарды қол қойылмай тұрып қарауы үшін Сенаттың, Мәжілістің, Үкіметтің және тиісті министрліктің аудармашыларынан арнайы топ құру туралы мәселе қойдық. Олай болмаса, жағдай өздеріңізге белгілі, әуелі тиісті министрлік өзінше аударады, Үкімет аудармашылары өз түсінуімен өзгерістер енгізеді, соңында Мәжілістің, Сенаттың аудармашыларына аударма мәтіні түпнұсқадан ауытқыған қалыпта жетеді. Соның кесірінен олар оны кері қайтарып, ратификациялауға жетпей қалады. Міне, осындай кемшіліктерді болдырмау мақсатында сараптамалық топ құру мәселесі ұсынылған болатын.
- Мемлекеттік тілдегі құжаттар сапалы болуы үшін олардың түпнұсқасын неліктен қазақ тілінде дайындамасқа?
- Парламент қабылдайтын заңдарының 50 пайызы - ратификациялауға жататын заңдар. Біз ең бірінші осы шарттарды қазақ тілінде жазуды алға қойдық. Сонда ғана қазақ тіліндегі құжаттарға қатысты кемшіліктері аз болады немесе болмайды.
- Ал басқа ауқымды заңдар ше? Олар қашан қазақша даярлана бастайды?
- Олардың бәрімен тек қана Сенаттың немесе Мәжілістің қазақ тілі бөлімдері айналысуы мүмкін емес. Әрине, бұл заңдар да алдымен қазақ тілінде әзірленсе, жақсы болар еді. Бірақ әр заңның өз спецификасы мен ерекшелігі бар. Сондықтан бұл - болашақтың мәселесі, келесі кезең. Бірақ былтыр келе сала депутаттар мәселе көтеріп, Үкімет басшысы К.Мәсімов жалпы заңдардың сапасы, оның ішінде қазақ тіліндегі заңдардың бір-біріне сәйкестілігі жөнінде арнайы жиналыс өткізген. Осыған орай арнайы лингвистикалық топ құрылып, оған жауапкершілік Әділет министрлігіне жүктелген.
- Қазақ тіліндегі заңдардың сапасын арттыру дегенде олардың қазақша аудармасын жетілдіру деген түсінік бар. Ал шын мәнісінде, түпкі мақсат мемлекеттік тілде сапалы құжаттар дайындау болып тұр ғой?
- Дұрыс айтасыз. Бірінші талап - ықшам шарттарды қазақ тілінде дайындау. Тіпті мынандай бір абсурд жағдай болған. Биылғы жылдың бас кезінде Қазақстан мен Түркия арасында Қожа-Ахмет Йассауи атындағы университетке қатысты бір құжатты ратификациялаған едік. Сонда Анкарада екі елдің білім министрліктерінің қолдары қойылған шарттары орыс, түрік және қазақ тілдерінде жасалыпты. Дәл осы жағдайда орыс тілін пайдалануға қандай қажеттілік болды?! Оның үстіне екі тілдегі құжатқа қатысты дау туындаған жағдайда соған жүгінетіндей орыс тіліндегі құжат негізгі, түпнұсқа ретінде алыныпты. Сыртқы істер министрлігіне жазылған хатта бұл мәселе де қарастырылған.
- Заңгер ретінде Сіз үлкен белестерді бағындырдыңыз, артыңызда жақсы пікір, жағымды із қалды. Соңғы бір жылда Сенат төрағасы немесе саясатшы ретінде не түйдіңіз? Парламенттің заң шығарушылық қызметін, халықаралық парламенттік ұйымдармен байланыстарын өрістетуде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айта кетсеңіз?
- Білдірген пікіріңізге рақмет. Мен саясаткер болуды мақсат қылған емеспін. Қандай қызмет атқарсам да ел аманатын, Президент сенімін ақтау үшін білімім мен күш-жігерімді аямауға тырыстым. Әрине, Сенат төрағасы қызметі саяси кескін беретін, биік лауазым болса, соған лайық көре отырып, жауапкершілік арқалатқан - Елбасының үлкен сенімі деп білем. Бұл лауазымда осыған дейін жинаған заңгерлік, басшылық тәжірибемді жұмсаймын. Сенат бір жыл ішінде ел өмірінің сан саласын қамтитын 150-ден астам заң қабылдады, халықаралық келісімдерді ратификациялады, өзге мемлекеттердегі әріптестерімен байланысын күшейтті. Қазіргі кезде Қазақстанның жоғары заң шығарушы органы беделді халықаралық парламенттік ұйымдармен байланыстарын өрістете түсті. Олардың ішінде Парламент Сенаты, Парламентаралық Одақ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, ТүркПА, Азия, Еуропа Кеңесі сияқты ұйымдардың Парламентаралық ассамблеясы, Еуропа Парламенті, Ислам ынтымақтастығы ұйымының парламенттік одағы (ИЫҰ ПО) секілді халықаралық парламенттік ұйымдар шеңберінде екіжақты және көпжақты парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтып келеді.
Күні кеше, 27 наурызда Алматыда ТМД-ның тоғыз мемлекетінің парламенттерін біріктіретін Парламентаралық ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы атап өтіліп, ТМД ПАА-ға қатысушы парламенттер басшыларының отырысында ұйым қызметінің қол жеткен нәтижелері паш етіліп, болашаққа бағдар құрылды.
- Әңгімеңізге рақмет, ел игілігі жолындағы қызметіңізге табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА