Дамудың басты құжаты
Егемен Қазақстан: 03.10.2012
Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы
Қазақстан – өзін әлемге тәуелсіз мемлекет ретінде жария еткен сәттен бастап бірден бағытын бағамдап, алдына ұлы мақсаттар қойды. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты алыстан болжаған халықаралық деңгейдегі бастамалары бүгінде даму мен жаңа қарым-қатынастардың теңдессіз үлгісіне айналып отырса, елдің экономикасын өркендетуге қатысты реформалық бағдарламалары 20 жыл ішінде мемлекетімізді адам сенгісіз жаңа деңгейге көтерді. Бұл орайда 1997 жылы еліміз гиперинфляция мен экономикадағы алапат рецессияны жаңа ғана тежеген кезеңде қабылдаған “Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдарламасы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты құжаты екенін атап айтуға тиіспіз.
Алдағы отыз жылдықтағы еңбек және даму жолымызды айқындаған «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасы қабылданған кезеңде ел тұрғындарының негізгі бөлігінің басты күнкөріс көзі саналатын отандық индустрия саласы түгел дерлік күйзелісті бастан кешіп жатқан еді. Өйткені, Қазақстан индустриясының 70-80 пайызға жуығы, негізінен, КСРО державасының әскери және ғарыштық бағдарламаларына қызмет ететін кәсіпорындар болатын. КСРО ыдыраған кезде оның стратегиялық бағдарламасына тапсырыстар тоқтап, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалды. Ірі кен орындары да жұмысын тоқтатып, ел халқының басым бөлігі нанын тауып жеп отырған ауыл шаруашылығында да кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап кетті. Осындай ауыр күндерде мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасын қабылдау арқылы ел экономикасын 1997 жылғы рецессиялық тежелу сәтінен жоспарлы, кезеңді даму жолына бағыттады. Экономист ғалымдар «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасының алғашқы онжылдығын «қор жинау және шикізаттық саладағы тұрақты дамуды жолға қою нәтижесінде жұмыссыздықты тежеп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қалыпты деңгейге жеткізу кезеңі болды» деп бағалайды.
Дер кезінде қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде бүгінде Қазақстан – әлемдік экономикалық байланыстарда салмақты үлесі бар және өз азаматтарын әлеуметтік қамсыздандыру саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізген қуатты өңірлік мемлекет.
Біздің республика уран өндіру, бидай мен ұн экспорттау бойынша жаһандық көшбасшылар қатарына кіреді, сыртқы нарықтарға мұнайдың, көмірдің, ферроқорытпалардың, мыстың және басқа да сұранысқа ие өнімнің ірі көлемін беруші болып табылады. Әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде Қазақстанның дамудың оң серпінін сақтап қала алғаны, дағдарыстан кейінгі кезеңде жыл сайынғы экономикалық өсу 7-7,5 пайыздық болатын деңгейге қайтадан шығу фактісі де отандық экономиканың орнықтылығын айғақтайды.
Үстіміздегі жылы да ел экономикасында дамудың оң үрдістері сақталуда. Үкіметтің болжамдары бойынша, Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің жалпы көлемі биылғы жылы 210,8 млрд. долларға дейін (2011 жылы – 184 млрд. доллар), ал жан басына шаққанда ІЖӨ 12,5 мың долларға дейін (2011 жылы – 11,3 мың доллар) өседі деп күтілуде.
2010 жылы қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы елдің экономикалық жаңғыртылуының аса маңызды факторы болып табылады. Мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастаған екі жарым жыл ішінде қажетті заңнамалық база құрылды, салалық бағдарламалар, бизнесті қолдау бағдарламалары және 700-ден аса жобаны қамтитын Индустрияландыру картасы қабылданды.
Осы кезең ішінде республикамызда 443 жоба іске қосылып, 46 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Бұрын Қазақстанда өндірілмеген 100-ден астам өнімді өндіру игерілді, оның ішінде теңіз металл құрастырмалары, турбиналық эстакадалар, композиттік металл пластикалық түтіктер, энергия үнемдейтін жарық-диод шамдары, түйірленген дәрілік препараттар, минералдар қосылған құрама жем, тағы басқалар бар.
Инновациялық бизнеске бағдарланған ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы елде еркін кәсіпкерлік пен өндірістік жаңашылдық рухын ұстанатын өршіл таптың қалыптасуына ықпал етеді. Елде жүргізіліп жатқан қайта құрулардың негізгі әлеуметтік базасы нақ сол болуға тиіс. Осылайша Қазақстанда құрылып жатқан қазіргі заманғы экономика, бір жағынан, әлеуметтік реформалау үдерістері үшін орнықты материалдық тұғырнаманы қамтамасыз етеді, ал екінші жағынан, олардың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет жасайды.
Мемлекет басшысы үнемі басым көңіл бөліп отыратын әлеуметтік саладағы жетістіктеріміздің қоғамдық жаңғыртудың табысты болуы үшін маңызы зор. Елдегі жұмыссыздықты 2000 жылғы 12,8%-дан 2012 жылғы шілдеде 5,2%-ға дейін азайтуға қол жеткізілді. Осы кезең ішінде табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындардың үлесі 4 еседен астам азайып, зейнетақы мөлшері 6 еседен көп өсті. Тіптен, көптеген елдер халықты әлеуметтік қолдауға жұмсалатын қаржы көздерін айтарлықтай шектеуге мәжбүр болған жаһандық әлемдік қаржы дағдарысы жағдайының өзінде Қазақстанда зейнетақы, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы мен халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына төленетін төлемдердің мөлшері көбейтілді. Азаматтарымыздың материалдық әл-ауқатын нығайтудың ілгерінді серпіні бүгін де байқалып отыр. 2012 жылдың бірінші жарты жылдығы ішінде халықтың нақты ақшалай табыстары 7,5 пайызға, орташа айлық жалақы маусым айында 104 896 теңгені құрай отырып, 13,3 пайызға ұлғайды.
Жұмыссыздық деңгейін азайту және қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөнінде белсенді шаралар қолданылып келеді, бұл мақсатта «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы, Бизнестің жол картасы, жергілікті даму бағдарламалары қолға алынып отыр. Оларды жүзеге асыру барысында 2015 жылға дейін-ақ 1,5 миллион жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда.
Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жылдан жылға өсіп келеді. 2005 жылы бірінші мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қабылданған кезден бастап жыл сайын шамамен 6-8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. Осы саясаттың жалғасы ретінде ағымдағы жылы «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» жаңа ауқымды тұрғын үй бағдарламасын іске асыру басталды, жалға берілетін тұрғын үй нарығын дамыту бойынша да бірқатар шаралар қабылданды.
Мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерінің жоғарылауы арқасында ғылым-білім беру және денсаулық сақтау салаларына баса назар аударыла бастады. 2000-2011 жылдар ішінде ҚР БҒМ жүйесі бойынша ғылым мен білім беруге жұмсалатын қаражат 20,8 есеге (12,5 млрд. теңгеден 260 млрд. теңгеге дейін), денсаулық сақтауға инвестициялар салу 11,6 есеге (54,3 млрд. теңгеден 401 млрд. теңгеге дейін) өсті.
Әлеуметтік саясаттың осы бағыттарының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, елді дамыту үшін мемлекет тарапынан болатын қолдауды одан әрі арттыру көзделген. 2012 жылы білім беру мен ғылымға арналған шығыстар 365 млрд. теңгені, ал 2012-2014 жылдарға 1 триллион 132 млрд. теңгені құрайды.
2012-2014 жылдары денсаулық сақтау жүйесіне арналған жалпы шығыстар 1 трлн. 303 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. Олардың ішінде 437 млрд.-ы 2012 жылға тиесілі. Денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2012-2014 жылдарға 233 млрд. теңге көзделген.
Сөз жоқ, Қазақстанның қол жеткізген экономикалық және әлеуметтік табыстары шын мәнінде көңіл қуантады. Алайда, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттердің әлемдік рейтингінде еліміздің лайықты орынға берік орнығуына, ел азаматтарының әлеуметтік бақуаттылығы деңгейін көтеруге жұмылдыратын жаңа міндеттерді алға қойып отыр. Осы орайда Елбасы ұсынып отырған жаңғырту моделі әлеуметтік қатынастардың бүкіл жүйесін және қоғамның құндылық бағдарларын түпкілікті қайта құруды көздейді.
Әлеуметтік реформаларды жүргізу кезінде мемлекетке басты рөл берілетінін атап көрсеткен жөн. Бұл заңды да. Жоғары заңнамалық және ұйғарымдық күші бар, ең бастысы әлеуметтік жаңғырту үдерістерін іске асыру құралдары мен тетіктеріне ие мемлекет Президент белгілеп берген міндеттерді шешу үшін қоғамның барлық ресурстарын жұмылдыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыра алады және осылай жасауға міндетті де.
Бірінші кезекте, әңгіме жоспарлау негізін, яғни Қазақстан Республикасының Әлеуметтік дамуының жалпыұлттық тұжырымдамасын әзірлеу туралы болып отыр, бұл жұмысқа барлық мүдделі тараптар атсалысуға тиіс.
Жұмыспен, тұрғын үймен, таза сумен қамтамасыз ету, тұтыну себеті, білім алуға, денсаулық сақтауға, мәдени-тұрмыстық қызметтерге қолжетімділік, әлеуметтік төлемдер, басқа да маңызды көрсеткіштерді білдіретін өмір сапасының қайта қаралып, жоғарылатылған жаңа стандарттары әлеуметтік жаңғыртудың нысаналы индикаторлары болмақ. Оларды заңнамалық тұрғыдан бекіту стандарттарды мемлекеттік органдардың сақтау міндеттілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өмір сапасының жалпықазақстандық стандарттары жүйесін өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, өңірлер арасында да, қала мен ауыл арасында да тұрмыс деңгейін теңестіруге ықпал ететін реттегіштермен толықтыру мүмкіндігін қараған жөн.
Өмір сүру сапасын арттыру әлеуметтік патернализмнен және масылдықтан бас тартуға, азаматтардың өз еңбегінің нәтижелері үшін тікелей жауапкершілігін күшейтуге, іскерлік бастамаларды жандандыруға негізделген әлеуметтік-еңбек қатынастарының жаңа моделін құруды көздейді. Бұл модель шеңберінде жұмыспен қамтамасыз етуге, адам капиталының сапасын жақсартуға, әлеуметтік-еңбек шиеленісін төмендету тетігін қалыптастыруға мемлекеттік көзқарасты өзгерту ұсынылады.
Мемлекет жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыс күші болып табылатын адамдарды оқыту және қайта мамандандыру, өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатын нақты экономикаға тарту, шағын және орта бизнес саласындағы іскерлік белсенділікті ынталандыру жөніндегі менеджер қызметін өз мойнына алады. Бұл ретте, Президенттің сөзімен айтқанда, мемлекет донор болмауы керек, қайта азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес болуға тиіс. Мұның өзі негізгі екпіннің әлеуметтік қорғау саясатынан азаматтардың өз еңбегімен жасалатын әлеуметтік прогреске көшірілуі тиіс дегенді білдіреді.
Осыған орай халықты еңбек үдерісіне тарту, жұмыссыздық проблемасын шешу әлеуметтік-экономикалық саладағы мемлекеттік саясаттың басты міндетіне айналып отыр. Оның үстіне бұл тренд Қазақстанның сыртқы әлем үшін ашықтығы, яғни сырттан әсер ету факторларына ұшырау ықтималдығы жағдайларында ерекше өзектілікке ие болып отыр.
БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік кеңесінің деректері бойынша 2012 жылы әлемде шамамен 1,1 млрд. адам кедейшілікте өмір сүруде. Қазіргі уақытта әлемде шамамен 200 млн. жұмыссыз бар, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 27 миллионға артық.
Әлемде жастар арасында жұмыссыздық деңгейі қарыштап өсуде: бағалау бойынша, 2011 жылы 75 млн. жас адам жұмыс таба алмаған, бұл 2007 жылға қарағанда 6 пайызға көп. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ересек халық арасындағы жұмыссыздықпен салыстырғанда үш есе дерлік жоғары.
Бұдан басқа, болжам бойынша, еңбек нарығына тағы 400 млн. жұмыскердің, негізінен жас адамдардың шығатынын ескере келгенде, келесі онжылдықта жұмыспен қамту проблемасы ушыға түседі деп күтілуде.
Қазақстан әлемдік экономикалық жүйеге тығыз кіріге отырып, осы үрдістерді, сондай-ақ әлемдік еңбек нарығында қалыптасқан жағдайдан туындайтын тәуекелдер мен сын-тегеуріндерді назардан тыс қалдыра алмайды. Осы тұрғыдан әлеуметтік жаңғырту елімізде экономиканың орнықты дамуын және осының негізінде – қоғамның әрі өзінің әл-ауқатын қамтамасыз ете алатын бәсекеге қабілетті, жоғары кәсіби адам капиталын қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатқа қол жеткізудің маңызды факторлары білім беру мен денсаулық сақтау болып табылады.
Бізге білім алудың бүкіл жүйесін сапалы реформалауды жүргізуге тура келеді, соның нәтижесінде әлемдік білім беру стандарттарына шығуымыз керек. Оқытудың барлық деңгейлерінде қатар алып жүру қағидатын енгізу қажет, бұл жастардың бойында теориялық білімді ғана емес, өндірістегі, оның ішінде жоғары технологиялы және инновациялық сипаттағы өндірістегі жұмыстың практикалық дағдылары мен машықтарын орнықтыруға ықпал ететін болады. Төменгі және орта буындағы білікті жұмысшы кадрларды дайындауға бағдарланған арнайы орта және кәсіптік-техникалық оқу орындарының жүйесін түбегейлі кеңейту мәселесі шұғыл шешуді талап етеді. Ауылда білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет, онда тиісті инфрақұрылым мен жас педагог кадрлар үшін тартымды жағдайлар жасалуы әрдайым бірінші кезекте тұру керек.
Адам капиталының жай-күйін сипаттайтын әлеуметтік-экономикалық санаттарға бүгінгі күні ұлттың денсаулығы да жатқызылып жүр. Әрбір азаматтың есінде жүруге тиіс: саламатты өмір салтын сақтай отырып, ол өзінің жұмысқа қабілеттілік, яғни ауқаттылық әлеуетін де арттырады. Мемлекеттің міндеті – осы үшін тиісті жағдайлар жасау. Профилактикалық медицина одан әрі дамытылады, жоғары медициналық технологияларды енгізу нәтижесінде Қазақстанда күрделі ауруларды емдеу мүмкіндігі де айтарлықтай жақсарады.
Қазақстандық еңбек нарығын бес жылдық Жалпыұлттық болжау және Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі сияқты құралдар жұмыспен қамту үдерістерін басқаруға көмектесетін болады. Оларда белгіленген тетіктерді пайдалана отырып, мемлекет және онымен бірге халық та еңбек ресурстары нарығының конъюнктурасына икемді ден қоя алатын мүмкіндікке ие болады. Азаматтарымыз қай жерде қандай мамандық талап етілетінін біліп отырады, өзіне кәсіпті ұтымды таңдап, сондай-ақ өзінің кәсіби тұрғыдан өсу қадамдарын жоспарлай алады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта БСҰ-ға кіру және Біртұтас экономикалық кеңістік аймағының жұмыс істеу жағдайларында Қазақстан үшін ішкі еңбек нарығын қорғау, ең алдымен, өз азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Осы мақсаттарда ел Президентінің тапсырмасы бойынша жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтау және жаңаларын ашу арқылы орнықты жұмыспен қамтуға көмектесуге бағытталған, жүйелі сипаттағы бірқатар шаралар: «Жұмыспен қамту-2020», Бизнестің жол картасы, жергілікті іс-қимыл бағдарламалары әзірленіп, іске асырылуда.
Алайда, халықты жұмыспен қамту құрылымын жақсартудың проблемалық мәселелері әзірше толығымен шешілген жоқ. Атап айтқанда, өзін өзі еңбекпен қамтығандардың қоғамдық өндіріс саласына қатысуына байланысты мәселе едәуір өткір күйінде тұр, олар экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігінен астамын (32%) құрайды. Өңірлерде бұл көрсеткіш 7%-дан 52%-ға дейінгі шекте. Өзін өзі еңбекпен қамтыған адамдардың негізгі бөлігі (шамамен 60%-ы) өз қызметін ауыл шаруашылығында, төрттен бір бөлігі (23%-ы) сауда саласында жүзеге асырады.
Өзін өзі еңбекпен қамтығандардың көпшілігінің қызметі экономикалық және салықтық заңнаманың жетілмегендігіне байланысты көлеңкелі экономика саласында қалып отырғаны құпия емес. Сондықтан мемлекет өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты заңды табыспен қамтамасыз ету, азаматтардың осы санатын нақты экономикаға қосу жөнінде шаралар қолдануы керек. Өзін өзі еңбекпен қамтығандардың материалдық жағдайының айрықша «сезілімділігін» ескере отырып, оларды заңды еңбек қатынастарының аясына тарту, жалпымемлекеттік экономикалық жүйенің бойына сіңіру, әлеуметтік бейімдеу жөніндегі қадамдарды тереңнен ойластыру қажет.
Өзін өзі жалдамалы жұмыспен қамтыған жұмыскерлерді қайта оқыту, оларды қоғамдық өндіріс саласына оралту процесі өзін табысты дара кәсіпкер ретінде танытып үлгерген немесе өзін осы істе сынап көруге дайын тұрған өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын белсенді қолдаумен қатар жүргізілуге тиіс.
Әлеуметтік жаңғыртудың келешегі көбіне қазақстандық жас ұрпақтарды қолдауға байланысты. Біздің елімізде халықтың жартысынан астамы 30-ға дейінгі жастар, осы жастағы жұмыс істейтіндер халықтың экономикалық белсенді тобының үштен бір бөлігін құрайды. Сонымен қатар, 15-24 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздар санындағы үлесі 10,4 %-ды, ал 25-34 жас аралығындағылар 37,5 пайызды құрайтыны алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Сондықтан жастарды лайықты жұмыспен және жақсы өмірлік перспективалармен қамтамасыз ету қазіргі кезде ерекше өзекті мәселе болып отыр. Осы орайда, индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламаларына қатысу кең мүмкіндіктерге жол ашады. Екінші жағынан жастардың өздері де жеке еңбек бастамашылығы мен әлеуметтік икемділігін дамытуға күш-жігерлерін жұмылдыра түсуге тиіс.
Таяу арада еліміздің мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша, оның ішінде еңбекке орналастыру мен жұмыс істеуге қатысты заңнамасы жаңартылатын болады. Жоспарланып отырған өзгерістер кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жақсартуға, жас мамандардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын кеңейтуге бағытталатын болады.
Мемлекеттік жастар саясатының заңнамалық базасын жетілдіру қоғамдық-экономикалық өмірдің түрлі сегменттерінде жастарды қолдаудың жаңа бағдарламаларын әзірлеуге кірісуге мүмкіндік береді. Жастардың сапалы білімі, олардың арасында еңбек пен кәсібиліктің қайтадан мәртебелі бола түсуі, өздеріне тән күш-қуаты мен оралымды инновациялық ой-өрісі экономикалық және әлеуметтік жаңғырту барысында іс жүзінде сәтті кәдеге асады деп ойлаймын. Алайда, ауылды жандандыру әлеуметтік жаңғыртудың басты объектісі болуға тиіс. Принципінде, бұл проблеманы шешпейінше қазақстандық қоғамды қайта құрылымдаудың басты бетбұрысына қол жеткізу мүмкін емес.
Бүгінде ауылдық жерлерде бүкіл ел халқының 47%-ы тұрады. Ауыл проблемасына жеткілікті назар аударылмауы ауыл тұрғындарының қалаларға үдере көшіп-қонуына, әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымдардың құлдырауына, ауыл тұрғындары табысының қала халқының табысынан 2 және одан да көп есе артта қалуына алып келді. Халықтың еңбекке жарамды санаттары арасында жұмыссыздықтың ең жоғары пайыздық көрсеткіші де ауылда. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірісі көлемінің қысқаруы салдарынан өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі 30%-ға дейін төмендеді, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Ауылдарымыз бен селоларымызда өмір сүру мен жұмыс істеу тартымды болып, өркендей түсуі үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек.
Мемлекет, бизнес және азаматтар арасында тараптар мүдделерінің ұтымды теңгерімін сақтауды көздейтін әріптестік қатынастар орнату – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Мұндай өзара іс-қимыл өзара қарым-қатынастардың қағидаттары мен тетіктері, үш жақты әріптестікке қатысушылардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттері, жауапкершілік саласы мен деңгейі нақты регламенттелетін тиісті нормативтік-құқықтық базаға негізделуі тиіс. Қазақстандық қоғам дамуының жаңа жағдайларына қарай жетілдірілген осындай заңнамалық бекітілімдер мен құқық қолдану практикасы қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің негізінде Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық ілгерілеу жолымен қарышты қадам басуының кепіліне айналады.
Ауқымды қоғамдық реформалардың табысты болуы олардың заңнамалық қамтамасыз етілумен ұштастырылуының және тиімділігінің дәрежесіне байланысты болмақ. Сондықтан барлығымызды – Парламентті, Үкіметті, барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттарды, партиялық құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі үлкен жұмыс күтіп тұр.
Алдымызға 2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік саладағы ұлттық заңнамаға түгендеу жүргізу, әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес оны реформалау тұжырымдамасының жобасын, сондай-ақ бесінші шақырылған Парламенттің бүкіл жұмыс кезеңіндегі заң шығару қызметінің Тұжырымдамалық жоспарын әзірлеу және енгізу міндеті қойылған.
Президент енгізген ұсыныстар мен ескертпелерді ескере отырып, әлеуметтік бағыттағы бірқатар жаңа заңдарды, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік және қылмыстық заңнамаға, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамаға түзетулерді талқылап, қабылдауымыз қажет. Бірінші кезекте бұл – бүкіл қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен қарышты дамуын қамтамасыз ететін әлеуметтік және еңбек қатынастарының тиімді үлгісін құруға бағытталған заң жобалары.
Еңбек қатынастары саласында кәсіподақтардың өндірісті басқарудағы рөлін күшейту туралы ережені көздеп, сондай-ақ ұжымдық шарттар жасасу және олардың орындалуы үшін тараптардың жауапкершілігі жөніндегі тармақтарды нақтылап, кәсіптік одақтар туралы заңнаманы жаңарту қажет. 2010 жылы басталған Ұлттық кәсіби біліктілік жүйесі туралы заңнама бойынша жұмыс та жалғасатын болады.
Еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақы деңгейін, кепілдендірілген медициналық қызметтер көлемін қоса алғандағы өмір сапасының төменгі шешуші индикаторларын қамтитын, сондай-ақ әлеуметтік стандарттарды бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың, жұмыс берушілердің жауапкершілігін белгілейтін әлеуметтік стандарттар және әлеуметтік құқықтар кепілдіктері туралы заңды әзірлеудің маңызы зор.
Ағымдағы сессия барысында «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңға және Еңбек кодексіне кәсіпорындарда тексеру жүргізу бөлігінде ратификацияланған ХЕҰ Конвенциясына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізу; Еңбек, Әкімшілік кодекстеріне және Қылмыстық кодекске еңбек дауларын әдейі туындатқаны үшін жауапкершілік туралы ережелерді енгізу; әлеуметтік араздық туғызғаны, ереуілге шығуға мәжбүрлегені, еңбекақыны уақтылы төлемегені, ұжымдық шарттарды орындамағаны және басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы Үкімет ұсыныстарын қарайтын боламыз.
Азаматтық қызмет саласындағы қызметкерлердің мәртебелік жағдайын көтеруді, материалдық ынталандыруды, сонымен қатар, олардың өз қызметінің нәтижелеріне жауапкершілік деңгейін күшейтуді көздей отырып, осы саланы заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесіне қайта оралуымыз қажет.
Таяуда халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз санаттарына жататын азаматтарды еңбекке бейімдеу тетіктерін жасауға бағытталған «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» заң жобасы қарауға келіп түседі. Балаларының балабақшаларда болуына ақы төлеу жөніндегі ата-аналар шығындарының бір бөлігіне отбасындағы бала санына қарай өтемақы төлеуді регламенттеуді жетілдіру, бала күтімі бойынша демалыстан соң жұмысқа қайта шығатын әйелдерге мемлекет есебінен біліктілігін арттыру мен сұранысқа ие жаңа мамандық алу мүмкіндіктерін беру, Салық кодексіне көп балалы отбасылар үшін табыс салығы бойынша жеңілдіктер туралы ережелер енгізу бойынша заң шығару жұмысы жалғасатын болады.
Мемлекеттің жастар саясаты туралы заңнамасын жаңарту барысында келелі мәселелерді шешу міндеті тұр. Жас қазақстандықтардың мүдделерін іске асыруға бағытталған жүйелі әлеуметтік-экономикалық және құқықтық шаралардың пакетін қалыптастыру көзделіп отыр. Осы бағыттағы норма шығару жұмыстарының аясында жас маманның мәртебесін, оның кепілдендірілген ең төменгі әлеуметтік пакетін құқықтық тұрғыдан айқындау, қазақстандық жастар үшін кәсіптік және әлеуметтік баспалдақтар тетіктерін құру ісі жүзеге асырылатын болады.
Заңнамалық жаңғыртулар қатарында «Бұқаралық іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасын әзірлеу, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік, ұлттық, кәсіптік және басқа да мерекелер туралы заңнамаға түзетулер енгізу бар. Олардың мақсаты қазақстандықтарды отаншылдыққа тәрбиелеу, еңбектің беделін арттыру, азаматтарды қоғамымыздың құндылықтары аясында топтастыру болып табылады.
Үстіміздегі жылдың аяғына дейін «Мемлекеттік қызметтерді электронды пішінде көрсету туралы» заң жобасы Парламент қарауына келіп түседі деп күтілуде, бұл құжаттың қабылдануымен мемлекеттік органдардың он-лайн қызмет көрсету саласы кеңейтіліп, халықпен интерактивті кері байланысы жақсара түседі.
Жалпы алғанда, Парламент депутаттары өз қызметін айтарлықтай жандандырып, заң жобасын әзірлеушілермен өзара тығыз іс-қимыл жасауға тиіс. Құқықтық алаңның тиімділігін арттыру мақсатында заң шығару жұмысына азаматтық сектор өкілдерін кеңінен тарту керек. Қазақстанда тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жасап, азаматтардың проблемаларын жақсы білетін мыңдаған қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар бар. Депутаттар сайлаушылармен жеке кездесулер өткізуге, салалық сарапшылар мен ғылыми орта өкілдерін тарта отырып, дөңгелек үстелдерге қатысу тетіктерін пайдалануға, хат-хабармен жеке жұмыс жасауға тиіс. Халықпен кері байланыстың осы түрін толық көлемде қолдану қажет. Өйткені, қабылданатын заңдар, Президент атап өткендей, мәселелерді кешенді түрде шешіп, тікелей пәрмені болуға, қазақстандықтардың күткен үміттеріне сай келіп, түсінікті де қолжетімді болуға, халықтың өмірін қолайлы да жайлы етуге тиіс.
* * *
Елбасының дана басшылығымен тәуелсіз Қазақстан 20 жылдан асқан уақыт бойы экономикалық және әлеуметтік ілгерілеу жолымен қарышты қадам басып келеді. Біздің еліміз бұдан былай да өз азаматтарының бірлігі, татулығы мен жарасымы, олардың еңбекке жауапкершілікпен қарауы жалпыға ортақ өркендеу мен игілікті көздейтін әлеуметтік қоғамның табысты да тұрақты дамуының үлгісі бола береді деп кәміл сенемін.