Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы
– Ұлыстың ұлы күні – адамның келер күннен тілеу тілеп, өткенге есеп беретін, дұшпаны болса кешіріп, көңілдің кірін кетіріп, бір ағынан ақтарылатын күн ғой. Өткен жылға өкпеңіз жоқ па?
– Өткен күн, ай, жыл – тарихтың еншісінде. Жыл санап еліміздің әлеуеті артып, экономикасы қуаттанып, жаңа белестерді бағындырып жатқаны, халқымыздың береке-бірлігі артып, ел тәуелсіздігін баянды ету жолында тұтаса, ынтымақпен еңбек етіп жатқаны – мақтан етуге тұрарлық жетістік. «Қазақтың нағыз Жаңа жылы – Наурыз!» деп Елбасы айтқандай, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында артта қалған жылға назар салсақ, өткен жыл – ел дамуының жаңа кезеңге өту жылы болғанын байқаймыз.
Бірінші, өткен жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанның, Беларусь пен Ресейдің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іс жүзіндегі кезеңі басталды.
Екінші, жылдың қорытындысы бойынша – ішкі жалпы өнімнің көлемі жөнінен дүниежүзінің 50 елі қатарына ендік. Бұл – әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсаттың орындалғанын көрсетеді.
Үшінші, өткен жылы «Халықтық IPO» бағдарламасын, нақтырақ айтқанда, «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын құнды қағаздар нарығына шығару жүзеге асырыла бастады.
Төртінші, тұңғыш рет Орталық Азия аймағында және ТМД елдері бойынша халықаралық «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесі Қазақстан пайдасына шешілді. Бұл көрме елімізге аса қажетті әрі тиімді жаңа технологияларды іске кірістіруге жол ашатын болады.
Бесінші, құқықтық саладағы реформалар аясында тұңғыш рет барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өтті.
Алтыншы, Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алып, жеңімпаз ірі державалар қатарынан көріндік.
Міне, бүкіл аталған жетістіктер мен оң нәтижелердің бастауында Елбасы Н.Назарбаев тұрғанын халық жақсы біледі. Сондықтан 2012 жылы тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні бүкіл ел болып және халықаралық деңгейде атап өтілгенін де жұртшылықтың жыл қуанышының бірі деп тануы заңды.
Жетінші және ең бастысы, 2012 жыл тарихқа Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы жарияланып, әлемнің бәсекеге қабілетті ең озық 30 елінің қатарына ену міндеті қойылды. Жергілікті әкімдердің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылданды. Ел дамуының жаңа кезеңі басталды.
– Республика халқының 43 пайызы ауылда тұратынын және олардың басым бөлігі мемлекет құрушы ұлт – қазақтар екенін ескерсек, әңгімені қарапайым халықтың жанына жақынырақ жай, осы халықтың әкімдерді өздері сайлауы мәселесінен бастасақ. Шешім қабылданды, алайда қоғам, ұлттық сана бұған дайын ба?
– Есіңізде болса, 2006 жылы әкімдерді сайлауға орай арнайы сынақ өткізіліп, елімізде 59 әкім сайлау арқылы қызметке тағайындалған болатын. Яғни бұл мәселеде ел ішінде ақ пен қараны ажырата алатын тәжірибе бар деуге болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Жолдауында: «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек. Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру», – дегенін білеміз. Бұл – жоғарыдан келетін пәрменнің азайып, әкімдердің шешім қабылдау құқығы кеңейіп, қажетті ресурстар орталықтан өңірлік биліктің қолына ауысуына қол жеткізуді көздейтін нақты әрекет. Сөйтіп, 2013 жылдан бастап 2533 әкім, соның ішінде селолық, ауылдық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімдері сайланатын болады. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 97 пайызы. Меніңше, қоғам да ұлттық сана да бұған дайын. Қазақ елінің ақыл-ойы, саяси саналылығы, сауаты қай елден кем? Басқа елдерде де солай, электорат үшін күреске түседі, сайлауға қанша үміткер түссін, озық ойлы, қолынан шаруа келетін, іскер, өзінің бағдарламасымен елді қызықтыра алған кандидат өтеді. Жалпы, осы саяси қадамдар нәтижесінде елімізде мемлекеттілікті одан әрі нығайту мен қазақстандық демократияны дамытудың жаңа кезеңі басталады.
– Білуімше, ауыл әкімінің кандидатурасын аудан әкімі ұсынады. Халық мақұлдайды. Мәслихат бекітеді. Неге халық ұсынбайды лайықты кандидатты? Неге әкім? Бұл тамыр-таныстыққа, рушылдыққа, өзіне жағымды, айтқанынан шықпайтын адамды тартуға жол ашып жүрмей ме?
– Жалпы, Елбасының мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру мақсатымен ұсынып отырған жаңа бағдары жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына тың серпіліс әкелері анық. Сондай-ақ демократиялық дамуға негізделген бұл үрдіс көптеген ұлт өкілдері тұратын елімізде халықтың топтық, рулық, тағы басқа ерекшеліктерімен емес, ортақ ұлттық мүдде төңірегінде ұйысуына жол ашатын болады. Неге үміткерді әкім ұсынады? Өйткені ол халықпен жұмыс істеп отыр ғой, кімнің елдің ісін алға апара алатынын жақсы біледі. Оның үстіне, біріншіден, мәслихат депутаттарын халық таңдайды. Ал әкімдерді мәслихат мүшелері сайлайды. Яғни сайланған әкім енді тағайындалған әкім тәрізді «жоғарыдағы тағайындаушы басшым мені қызметімнен алып тастар ма екен» деп қылпылдап отырмайды, керісінше, халықтың ойынан шығуға тырысады, билікке өз талаптарын халықтың атынан тіке қоя алады. Халық сенімінен шығу үшін белсене жұмыс істейтін болады. Бұл өз кезегінде жергілікті өзін-өзі басқарудың сапасын арттырады. Екіншіден, ауылдық, аудандық деңгейдегі әкімдердің өкілеттілігі кеңейеді. Үшіншіден, арнайы кеңестер арқылы қоғамдық бақылау күшейіп, халық әкімдіктердің шешімдеріне тікелей қатыса алады. Осы тәжірибе әбден орныққан соң болашақ әкімнің кандидатурасын халықтың өзі ұсынуы әбден мүмкін.
– Ауыл әкімінің ең жанды жері – әкімнің өз бюджетінің жоқтығы еді. Әкімшілік аумағында тұратын кәсіпкерлерге қол жайып, іс бітіретін. Енді оларға ақша қайдан, қалай бөлінеді. Оның көлемін кім белгілейді?
– Билікті орталықсыздандырудағы мақсаттың бірі – жергілікті жерлердің өзіндік бюджетін қалыптастыру, жұмыстарын жүйелі жоспарлауға мүмкіндік беру екені белгілі. Бұл орайда жергілікті мәслихаттарға зор жауапкершілік артылып отыр. Бұрын мәселе облыс, аудан орталықтарындағы кабинеттерде шешіліп, дайын шешім төменге тек орындалу үшін түсірілетін болса, енді жергілікті әкімшілік өз мәселесін, негізінен, сол жердің өзінде шешуге мүмкіндік алады. Енді оларға ақша қайдан, қалай бөлінеді, оның көлемін кім белгілейді деген мәселеге келсек, бұл әзірше кесіліп-пішілмеген мәселе. Елбасы Жолдауда ауыл әкімінің бюджетінің болуы туралы айтты. Ендігі жерде Үкімет ауыл әкімі бюджеті қалай, неден құралатыны жөнінде нақты ұсыныстарын әзірлеп, Парламентке ұсынуы күтілуде. Егер ауыл әкімінің өз бюджеті болса, орталыққа тәуелсіз, жалтақсыз өмір сүрер еді. Ал әкімнің сол құралған қаржыны және мемлекеттік бюджеттен 15 бағдарлама аясында бөлінетін ақшаны қай мақсатта пайдаланатынын қалай шешеді деген мәселеге келсек, мұнда да ауыл белсенділерімен, тұрғындарымен кеңесе, келісе отырып, қаржыны қай салаға бөлу ауыл әкімінің өз құзырында. Халық бюрократиядан құтылып, билік – адамдармен қоян-қолтық жұмыс істейтін болады.
– Сайланған әкімге халықтың азаматтық бақылауы күшейеді. Егер қандай да бір түсініксіз ахуал қалыптаса қалса, сайлаушылар әкімнен есеп беруін өздері талап ете ала ма, болмаса мәслихатқа немесе құқық қорғау, әділет органдарына жүгінуге тиісті ме?
– «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе округтегі тұрғындар оның мәселе шешуге қабілетсіз екендігін байқаса сайлаушылар есеп талап ете алады. Ал егер қандай да бір қылмыстық заңбұзушылыққа орын берсе, әрине, құқық қорғау, әділет органдары түсірілген шағым немесе тексерістер негізінде жауапқа тартылады.
Жалпы, ел аманатын арқалатқан әр әкім Президенттің «Әкім халқына жақын болуы керек. Елдің тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын, бес саусағындай біліп, оны шешетін шебер ұйымдастырушы болуы тиіс. Өркениетті елдердің көпшілігінде, жергілікті басқарушыларды сайлау арқылы қызметке тағайындау ертеректен енгізілген» деген сөзін есінде ұстаса, аманатқа қиянат жасамайды деп ойлаймын.
– Қоғамның ең басты кеселдерінің бірі – танысы, туысы немесе руласының артынан жөңкіліп көшіп жүретін басқарудағы командалық тәсіл еді. Жаңа Стратегияда Елбасы кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндетін қойды. Бағытымыз дұрыс. Бірақ біздің елдің менталитеті белгілі ғой, ертең басқарушы элитаның шен-шекпенділердің тұқым-тұқияны арасынан іріктелуіне жол беріліп кетпейтініне кепіл бар ма?
– Мемлекеттік қызметті түбегейлі реформалау ісі Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асырудың бір міндеті екені белгілі. 26 наурыздан бастап өткен жылдың соңында Президент қол қойған «Мемлекеттік қызмет істері туралы» заң белгіленген талапқа сәйкес күшіне енеді. Заңның талабына орай жиырмадан астам нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер жасалады.
Әкімшілік реформаның алғашқысы «А» корпусына, яғни, Ұлттық деңгейдегі тобына 500, аймақтық деңгейдегісіне 1500 лауазым иесі енеді. Бірінші топты министрліктердегі жауапты хатшылар, комитет төрағалары мен орынбасарлары, облыс әкімдігінің аппарат жетекшілері, қала-аудан әкімдері құрайды. Ұлттық деңгейдегі кадрларды іріктейтін комиссияға Президент әкімшілігінің басшысы төрағалық етеді, ал бірнеше мемлекеттік мекеме жетекшілерінен құрылатын аймақтық комиссияны облыс әкімі басқарады.
– Парламент депутаттары заңды қабылдағанда мемқызметкерді сұрыптау талаптары алғышарттарында білімі, заңды меңгеруі, іскерлігі, тәжірибесі әсіресе, тілді білуі мәселесін ескерді ме?
– Әрине, олардың іскерлігі, жұмыс тәжірибесі есепке алынады. Сонымен бірге арнайы дайындалған тест сынағын тапсыратын болады. «А» корпусына үміткерлер үш сынақтан өтуге міндеттеледі. Біріншісі, салаларға қатысты заңдар жиынтығын білу, екіншісі, мемлекеттік тілді меңгеру, үшіншісі, жеке іскерлік қабілеттілігін дәлелдеу.
– Әкім сайланды делік, енді ол тестке жақсы болғанымен істе шорқақ болса, оны кім және қандай критерийлер бойынша анықтайтын болады. Әлде қазіргі кейбір әкімдер сияқты мына облыстан алып тастаса, келесісіне әкім болып «оқшантайда» жүре бере ме?
– Мәселе, іскерлігін таныта алмаса ендігі жерде сайланбалы әкімнің сол «оқшантайдан» шығып қалатындығында. Өйткені енді әкімді халықтың өкілдері сайлайды. Ал егер үмітін ақтамаса, халық екінші қайта сенім білдірмейтіні анық. Ал әкім жұмысын бағалау критерийлеріне келсек, бұл, негізінен, үш талаппен – салық түсімдерін молайту, жаңа жұмыс орындарын құру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау негізінде жүзеге асатын болады.
– «Адам қанша қажетсінгенімен, ол өз үлесінен артық жей алмайды» депті Қорқыт бабамыз. Десе де жемқорлық, сыбайластық, парақорлық қоғамның кеселіне айналғаны аз айтылып жатқан жоқ. Ішіп-жеп, қашып кететін әкімқаралар саны да азаймай тұр. Су жаңа әкімдердің ішіне жымқырма «аурулары» барлары мен бұрын қылмыстық топ құрғандар еніп кетпеуін кім тексереді?
– Салық пен прокуратура органдарынан үміткерлердің қарызы мен соттылығына қатысты анықтама талап етілетін болады. Елбасы: «Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес. Бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет» дегені және Мемлекет басшысы ел Үкіметіне әлеуметтік тәжірибені ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарлама дайындауды тапсырғаны белгілі. Ал жалпы алғанда, соңғы онжылдықта елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында айтарлықтай құқықтық база қалыптастырылды. Алайда өмір бір орнында тұрмайды ғой, уақыт жаңа өзгерістерді талап етеді. Сондықтан бұл саладағы нормативтік-құқықтық база 17 заңмен жетілдірілді. Заман талабына сай, мүмкіндігінше жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған бұл заңдар ұлттық заңнаманы қолданыстағы халықаралық стандарттарға жақындата түсті.
– Жақында Бас прокуратура Парламентте құқық қорғау саласына жолбикелердің өтіп кетпеуін тексеру үшін жалғандық детекторын, яғни, полиграфты пайдалану мәселесін көтерді. Сіздіңше полиграфты пайдалану қаншалықты заңды және қаншалықты тиімді болады? Биік лауазымды мемлекеттік қызметтердегі шенеуніктерді жемқорлықтан, басқа да арамза әрекеттерден арылту үшін осы құрылғыны пайдаланса, нәтиже берер ме еді?
– Жалғандық детекторы бүгін пайда болған жаңалық емес. КСРО-ның кезінің өзінде де қолданылуға рұқсат етілгені мәлім. Тіпті америкалықтар полиграфты тергеу iсi бойынша 1921 жылдардан берi қолданады. Ал енді бұл құрылғыны пайдаланудың өрісіне келсек, бүгінгі күнде 60-қа жуық елде полиграфты ресми түрде пайдаланады. АҚШ-тың қылмыстық істерді тергеп-тексеретін полициясы осы полиграфтың көмегiмен жылына 30 мыңнан астам қылмысты әшкерелейді екен. Сондай-ақ жеке компаниялар, фирмалар, банк жүйесі осы құрылғыны өз қызметтерінде керекті кезде пайдаланады. Алайда мемлекеттік қызметтегі шенеуніктерді қызметке аларда бұл аппаратты жалпылама түрде қолдану әлі еш елде кіргізілген жоқ.
– Полиграфты құқық қорғау саласында қолдануға рұқсат етілді дейік. Оның нәтижесі іске бұлтартпас дәлел ретінде тіркеліп, сотта айғақ бола ала ма?
– Полиграфты тергеу ісіне қолдануға қатысты айтар болсақ, жалғандық детекторының қорытындысы бөлек айғақты дәлел ретiнде есепке алынбайды. Бірақ та полиграф нәтижесі оқиға бойынша күдіктінің қаншалықты шын жауап беріп отырғанын анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысында, ішкі істер органдарына қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған кезде полиграфты белсенді түрде қолдануды ұсынғаннан кейінгі жерде, Бас прокуратура, жақында осы мәселенің заңдылығы жағын реттеу мақсатында Парламентте «Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын таныстырғаны белгілі. Бұл Заң жобасы Парламенттің талқылауында. Мамандардың полиграфтық тест қорытындысының сенiмдi ақпарат беруi 99 пайызды құрайтыны туралы пікірін ескерсек, оны арнайы органдарда кеңінен қолдану қоғамға біршама пайда әкелуі мүмкін.
– Кешегі қазақ даласының парламеті, соты, прокуроры – билері еді. Үш кемеңгер – Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке би Тәуке ханның ақылшысы, сүйеніші болды. Абылай ханның тұсында Байдалы мен Қарауыл Қанай, Ескелді мен Балпық, тағы да басқа билер, өз дәуірінде түйіні қиын, күрделі істердің әділ шешімін тауып, жердің тұтастығы мен ел тыныштығы үшін қайраткерлік қызмет атқарғанын білеміз. Бүгінгінің билері – құқық қорғау, әділет саласының басшылары сондай қайраткерлік деңгейде ме, тарихи кезеңде Елбасы төңірегіне топтаса, сүйеніш бола алды ма?
– Билер институты дала демократиясының қайнары болғаны анық. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Парламент, әділет және құқық қорғау органдары елімізде әлемнің кез келген елімен тең терезелі мемлекетімен үзеңгі қағыстыра алатын деңгейде болуы үшін жаңа заңдар қабылдады, құқықтық реформаларды жүзеге асырды. Егемендік алғаннан берідегі 21 жыл ішінде ел өмірін сапалы заңмен қамтамасыз етуде қаншама депутаттар тер төкті. Парламент төрағалары, әділет саласы мен бүкіл құқық қорғау салаларының кешегі, бүгінгі басшылары, ең бірінші Конституцияны жасақтау үшін жинақталған арнайы комиссияның мүшелері тарихи кезеңде Елбасының төңірегіне топтасты, ел бірлігі, тыныштығы мен береке-дәулеті үшін күрескен қайраткерлік дәрежеде көріне білді. Егер біздің еліміз заман талабына сай заңдар қабылдауда көрші мемлекеттерден оқ бойы озық тұрса, бұл – кешегі билердің бүгінгі ізбасарларының бабалар мирасына лайықтылығын білдіреді деп ойлаймын.
– Қалтарыс-бұлтарысы сан қилы саясатта жүрген азаматтардың атаға нәлет келтірмей, адами қасиеттерін сақтап қалуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Өзіңіз жаңа ғана ғибратты сөзінен мысал келтірген Қорқыт бабамыз "Қонақ келмес үйдің қирағаны жақсы, жылқы жемес шөптің шықпағаны жақсы, адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды қумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы" деген екен. Десе де қоғам болған соң ақылгөй мен арамза, адал мен жемқор, діндар мен адасушы қатар өмір сүруге мәжбүр. Сол қоғамда кім қай жолды таңдаса, сол жолға лайық бағасын алады. Адам ең алдымен өз жолын дұрыс таңдай білу керек және сол жолды адал әрі таза жүріп өту керек деп ойлаймын.
– Наурыз – Ұлыстың ұлы күні – Жаңа жыл. Осы жылда ел-жұртымыздың неден арылуын, нені жоғалтпауын тілер едіңіз?
– Наурыз – жаңару күні. Ескі ауыртпалықтың барлығы қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылады. Барша қазақстандықтарға Ұлыстың ұлы күнінде бақ-береке, ынтымақ тілей отырып, мемлекеттігіміз бен ұлттығымызға титтей де зияны бар жаманшылық біткеннен арылуын, тәу етер Тәуелсіздігімізді мәңгі жоғалтпауын тілер едім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әділ Бек ҚАБА