Перуашев
Азат
Тұрлыбекұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы: Қолдан жасалған шиеленістер елдің экономикасына ңұқсан келтіріп қоймай, адамдардың билік институттарына деген сенімін жоғалтады/Алаш айнасы (Алматы).
Алаш айнасы (Алматы), № 37 (719), 02

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы: Қолдан жасалған шиеленістер елдің экономикасына ңұқсан келтіріп қоймай, адамдардың билік институттарына деген сенімін жоғалтады

 

 – «Ақ жол» ҚДП Парламентке өткеннен кейін-ақ ұлттық бизнесті қолдау мен дамыту ісін белсенді жалғастырып жатыр.

         Бұдан бірнеше апта бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында сіз сынға алған «Заңды тұлғалардың қылмыс­тық жауаптылығы туралы» заң жобасы кері қайтарып алынатын болды. Бұл туралы заңды әзірлеген ведомствоның басшылығы өткен аптада мәлімдеді.

         Азат Тұрлыбекұлы, партия аталған заң жобасына қатысты  қатаң ұстанымда жүр. Бұған не түрткі болды? Осы жайлы егжей-тегжейлі айтсаңыз.

 

 – Біз ұлттық кәсіпкерлер партиясы ретінде дүниежүзілік қаржы дағдарысының кезекті толқынының қатерін ескере отырып, жеке бизнес саласындағы заң жобаларын зерттеп, оның экономикаға ықтимал әсерін ерекше мұқият қарастыруға тиіспіз.

         Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы нақты осы жобаға  келетін болсақ, «Ақ жол» партиясы да, «Атамекен» де, менің өзім де аталған жобаға басынан түбегейлі  қарсы болдық. Жоба жаңадан сайланған Мәжілістің қарауына қабылданған кезде біз арнайы қорытынды әзірледік. Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінде, «Нұр Отан» партиясындағы әріптестеріміз де принципшілдік танытып, бізді қолдады. Бұл қорытындыда Қазақстан бизнесі мен экономикасына елеулі қатер төндіретін бірқатар ережелерге талдау жасалды. Мен мұны экономист ретінде де, кәсіпкер болған адам ретінде де қадап айтамын.

         Пікірсайысты тек партия жүргізіп қойған жоқ. Өткен жылдың өзінде бұл тақырып «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасында, сарапшы-экономистер арасында, өткен шақырылымдағы Парламенттің көптеген депутаттары тарапынан да күшті қарсылық туғызған.

         Ақыры өткен аптада ҚР Парламенті Сенатындағы дөңгелек үстелде ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі атынан заңды әзірлеген орган басшылығы бұл жобаны кері қайтарып алу ниеті туралы мәлімдеді. Осы мәселе бойынша әділет министрі Берік Имашевтің принципті позициясы да бізге үлкен көмек болды. Енді Үкіметтің ресми шешімін күтуіміз қажет, ал біз бұл жағдайды мұқият бақылап отыратын боламыз.

         Қалай болғанда да, мен ұзақ айтыс-тартыс барысында кәсіпқойлық пен жауапкершілік танытқан барлық әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Осы арқылы біз, сыбайлас жемқорлықты айтпағанның өзінде, көптеген кәсіпорындарды осы жобада тікелей көзделген қисынсыз қысым мен банкроттықтан сақтап қалғанымызға сеніңіздер дер едім.

 

– Өткір талқыланған осы заңға сіздердің негізгі қарсылықтарыңыздың мәні неде екенін таратып айтсаңыз...

 

 – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында  қаржы-экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту жөніндегі жұмысты одан әрі жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.

         Жеке бизнес, ең алдымен, шағын және орта бизнес еліміздің әл-ауқатының кепілі, орта таптың тірегі болып табылады. Оның үстіне Қазақстанда шағын және орта бизнес үнемі көптеген қиындықтарға, соның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан жасанды кедергілерге душар болып келеді. Осындай қиындықтардың бірі – экономикалық құқық бұзушылық үшін жазаны қатаңдату. Бизнесменді болмашы қылмыс үшін отырғызып қойғаннан гөрі ол келтірген залалының орнын толтырып, жұмысын одан әрі жалғастырса, одан келетін зиянның әлдеқайда аз болатынын біз үнемі айтып келеміз. Бизнесменді қамауда отырғызып қойған жағдайда кәсіпорын тоқтайды, жабдықтар бос тұрып қалады, адамдар жұмысынан айырылады, банкке несие төленбейді, мемлекет бюджетке түсімнен айырылады. Өзіңіз ойлаңыз, бұдан кімге, қандай пайда?

         Осындай қолдан жасалған шиеленістер елдің экономикасына ңұқсанын келтіріп қоймай, адамдардың билік институттарына деген сенімін жоғалтады, оның соңы жасанды әлеуметтік шиеленістерге апарып соқтырады.

         Мемлекет пен қоғамға нағыз қатерлі нәрсе осы.

         Жоғарыда аталған заң жобасы әуел бастан осындай ұстанымда болды, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жабуды және менеджерлердің кінәсі үшін олардың қызметкерлерін далаға шығарып тастауды көздейді. Бұдан басқа, жобада азаматтар мен жеке бизнестің конституциялық құқықтарын  бұзатын баптар бар. Бизнеске қысым жасаудың көптеген жаңа тетіктері жасалған. Ал бұл тетіктердің қалай жұмыс істейтіні жұрттың бәріне белгілі.

 

– Сіз қазір нақты не туралы айтып отырсыз?

 

 – Түсіндірейін. Мысалы, заң жобасында Қылмыстық кодексті қосымша баптармен толықтыру ұсынылады. Оған сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен ҚР аумағында өз қызметін жүзеге асыратын халықаралық органдарды қоспағанда, барлық ұйымдарды заңды тұлға деп түсіну ұсынылады. Яғни әңгіме мемлекеттік сектормен салыстырғанда жеке сектордың заңды құқығына көпе-көрінеу қысым жасау туралы болып отыр. Ұсынылған заң жобасы ҚР Конституциясына тікелей қайшы келеді. Конституцияда «Қазақстан Республикасында  мемлекеттік меншік пен жекеменшік танылады және бірдей дәрежеде қорғалады» делінген.

         Осы мәселелерді уақтылы және сауатты шешіп отыру құзырлы органдардың тікелей міндеті, ал олар болса жоғарыдағыдай  заң қабылдау арқылы адам құқықтарының басты принциптеріне қарсы келетін қадамдарға баратындығына таңғалуға болады.

 

– Сіз заңды тұлғаның құқыққа қайшы әрекеті үшін жеке тұлға  жауапты болуы мүмкін екендігі туралы да айттыңыз...

 

 – Заңды тұлғалар үшін қылмыстық жауаптылық енгізу осы заңның өзіндегі түсіндірме жазбаға қайшы келеді, онда былай делінген: «... заңды тұлға кінәлі деп танылуы мүмкін емес, өйткені жасалған қылмысқа өзінің субъективті қатынасын білдіруге қабілетсіз». Тиісінше, заңды тұлғалардың «кінәлілігін» жеке тұлғаның кінәлілігі арқылы белгілеу ұсынылды, яғни заңды тұлғаның қылмысында жеке кінәсі дәлелденбесе де, компанияның менеджерлері мен меншік иелерін жауапқа тарту көзделді. Бұл сот төрелігінің басты принципін бұзады: адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.

         Заң жобасына сәйкес, заңды тұлға кінәлі деп танылуға, ал қылмыстық жазаға жеке тұлға тартылуға тиіс, не керісінше: жеке тұлға кінәлі деп танылады, ал жауапкершілік заңды тұлғаға да жүктеледі. Ал оны әзірлеушілердің өздері «жасалған қылмысқа өзінің субъективті қатынасын білдіруге қабілетсіз» деп таниды. Бұл арада екі жағдайда да басқа адамның жасаған қылмысы үшін жеке басының кінәлілігін ешбір сот белгілемеген адамдарды жауапқа тартуды заңдастыру көзделеді.

         Бұдан басқа, Конституцияның «бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік  жауапқа тартуға болмайды» деген 77-бабы 3-тармағының 2-тармақшасында қайшылық орын алған. Өйткені заң жобасында бір мезгілде: кінәлі жеке тұлғаны және заңды тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту мүмкіндігіне жол беріледі. Заңды тұлғалардың көпшілігі шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады, көбінесе бір жеке тұлға өкілдік етеді, ол құрылтайшы (қатысушы) және сонымен бірге сол ұйымның қызметкері болып табылады. Осыны негізге алып, заңды тұлғаға қатысты қылмыстық санкция іс жүзінде кінәлі заңды тұлғаның «өзі үшін де», заңды тұлға үшін де қолданылуы мүмкін.

         Іс жүзінде бұл кәсіпкерлердің жеке басының кінәсіне жеткілікті дәлел болмаған кезде оларды қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі мүмкіндіктерді ұлғайтуға; не керісінше, заңды тұлға кінәлілігінің нақты дәлелдерін жеке тұлға әрекеттерінің заңға сыйымсыздығы дәлелдерімен ауыстыруға алып келеді, оның үстіне, әңгіме құқықтың әртүрлі субъектілері туралы болып отыр.

 

– Сонда заң жобасында кінәлары заң жүзінде дәлелденбеген бизнесмендерді жазалау ұсынылған ба?

 

 – Дәл солай. Оның үстіне, сол заң жобасында тағы бір бап енгізу ұсынылды. Оған сәйкес, заңды тұлғаларға айыппұл түрінде жаза қолдану, белігілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру және заңды тұлғаны тарату мүмкіндігі болды. Көптеген жағдайларда бұл жазалар кәсіпорынның тоқтауына және күйреуіне, оның барлық қызметкерлерінің жұмысын жоғалтуына, елдің бюджетіне салық түсімінің азаюына алып келеді. Сонымен, компанияның мүддесіне орай жұмыс істеген бір жеке тұлғаның заңсыз әрекеті үшін бұл құқық бұзушылыққа қатысы жоқ, заңды құрметтейтін азаматтар нақты материалдық жазаға (жұмыстан және табыстан айырылу түрінде) ұшырауға тиіс болды. Заң жүзінде де, іс жүзінде де сот кінәлі деп танымаса да, олар осындай санкцияларға ортақ жауап берушілерге айналатын еді, сот төрелігі тұрғысынан қарағанда бұл өте күмәнді жағдай.

         Бұл түсінбестік пе, әлде әдейі жасалып жатқан қадамдар ма – сұрақ көп.

 

– Сот үкімі шығарылғанға дейін кәсіпорынның жұмысын тоқтату қаншалықты заңды?

 

 – Кәсіпорынның қызметін тоқтату мерзімдері туралы тармақ та біздің айтарлықтай алаңдаушылығымызды туғызды. Заң жобасына сәйкес, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру оған қатысты қылмыстық іс қозғалған кезден бастап, түбегейлі іс жүргізу шешімі қабылданғанға дейін тоқтатылады. Бұл Конституцияға қайшы келеді, онда адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетіні нақты көрсетілген.

 

– Тағы қай тармақтар сіздің күмәніңізді туғызды? 

 

 – Заңда айыппұлдар туралы өте қатаң жазылған – белгіленген сомалар келе жатқан дағдарыстық құбылыс жағдайында шағын және орта бизнес субъектілеріне өте ауыр тиеді, олардың көпшілігі үшін бұл іс жүзінде күйреу деген сөз. Мысалы, 9 миллион теңге айыппұл салық салудың оңайлатылған жүйесімен жұмыс істейтін шағын кәсіпкердің ең жоғары тоқсандық айналымына тең. Басқа сөзбен айтқанда, мұндай айыппұл шағын бизнес субъектілерін таратумен бірдей.

 

– Яғни бұл заң жобасы тікелей шағын және орта бизнеске қарсы бағытталған ба?

 

 – Тек шағын және орта бизнеске ғана емес, кез келген жеке кәсіпкерге  ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамға қарсы. Ол іс жүзінде Президенттің заңнаманы ізгілендіру туралы нұсқауына қайшы келеді, өйткені ол бойынша азаматтарды қылмыстық жауапқа тарту негіздері кеңейе түседі. Бұл бақылаушы органдар тарапынан осындай жөнсіз қатаң өкілеттіктің, сыбайлас жемқорлықты айтпағанның өзінде, елде әкімшілік ауыртпалықтың ұлғаюына, кәсіпкерлерге қысым жасау құралдарының көбеюіне, соның салдарынан іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және бизнес-ахуалдың нашарлауына алып келген болар еді.

         Сондай-ақ Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы 27 қаңтарда Қазақстан халқына Жолдауында қаржы-экономикалық құқық бұзушылықтардың қылмыстық сипатын жою қажеттігі ерекше атап көрсетілді. Кеден және Салық комитеті, Қаржы полициясы өздерінің іс-әрекетінде және құқықтық нормаларды қолдануда дәйекті болуға тиіс.

 

– Басқа сөзбен айтқанда, кері қайтарып алынған заң жобасының Қазақстан бизнесі үшін зор салдары болуы мүмкін бе еді?

 

 – «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» ҚР Заңына сәйкес, мемлекеттік кірістерді азайтуды немесе мемлекеттік шығыстарды көбейтуді көздейтін, келісуге жіберілген нормативтік-құқықтық актілер жобаларына оларды қабылдаудың қаржы-экономикалық салдарларының есебі міндетті түрде қоса берілуге тиіс. Алайда бұл заң жобасын келісу кезінде әзірлеушілер оның қаржы-экономикалық әсерінің ешқандай есебін жасамаған. Заң жобасына қоса берілген «Қабылданатын заң жобасы қолданысының ықтимал экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және экологиялық салдарларының болжамында» қаржылық та, экономикалық та есептер жоқ. 

         Оның үстіне, заң жобасының мемлекеттік кірістердің азаюына (салық салынатын базаның азаюы есебінен), мемлекеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына (Индус­трияландыру бағдарламасы және Бизнес  жол картасы-2020 шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын алатын кәсіпорындар жұмысының тоқтауы) және мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына тікелей салдары болған болар еді.

 

– Интеграциялық жобалар аясында заң жобасы қабылдануының біздің бизнесмендерге әсері қандай болар еді?

 

 – Кедендік одақты және Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру шеңберінде Қазақстан кәсіпорындарының одақтық, ең алдымен, ресейлік әріптестерімен салыстырғанда, бәсекеге қабілетті болу факторы ерекше маңызға ие болады. Бұл тұрғыда аталған заң жобасы отандық экономиканың позициясын сөзсіз төмендеткен болар еді. Өйткені заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы осындай бастаманы Ресей Федерациясы өткен жылдың жазында қабылдамай тастады. Қазақстан заңнамасынан өзгеше көрші мемлекетте жалған кәсіпкерлік туралы бап алып тасталғанын; салық әкімшілігін жүргізуде талап қоюдың өту мерзімі үш жылмен шектелгенін (Қазақстанда бес жыл) және т.б. қосымша айтуға болады.

         Осылардың бәрі экономикаға әкімшілік және қаржы ауыртпалығының  (Ресеймен салыстырғанда) өсіп кетуіне және Қазақстан бизнесінің бәсекеге қабілеттілігінің төмен­деуіне әкеп соғар еді. Нәтижесінде отандық компаниялар, ең алдымен өндірістік компаниялар өз нарығы үшін бәсекелесу жағдайынан айырылып, онда ресейлік өндіріс тауарлары басымдыққа ие болар еді. Бұдан басқа, қазақстандық кәсіпкерлердің өздері шектен тыс қысымға төтеп бере алмай, көрші Ресейде тіркелуге мәжбүр болып, соның салдарынан бюджетке салықтық түсім азайған болар еді.

         Ұлттық,  қазақ бизнесін дамытуда осындай көпе-көрінеу аяқтан шалу болашаққа   қиянат екендігі анық.

 

– Азат Тұрлыбекұлы, қазіргі кезде сіздің партияның көңілінен шықпайтын басқа да заң жобалары бар ма? 

 

 – Әрине, ондай жобалар бар, біз дәл осы жағдай сияқты ол жобаларға қатысты да принципті позиция ұстанатын боламыз.

         Бірақ біз тек Үкімет енгізген жобаларды қараумен шектеліп қалмаймыз. Қазіргі кезде «Ақ жол» партиясы жұмыс барысындағы атауы «Парламенттік оппозиция туралы» деп аталатын заң жобасын әзірлеп жатыр. Онда біз билік партиясына оппозиция болатын саяси партиялардың мәртебесін, құқықтары мен мүмкіндіктерін заң жүзінде бекітуге ниеттеніп отырмыз. Бұдан басқа, қолданыстағы заңнамаға мемлекеттік тіл, халықты әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Басқа да бірқатар бастамалар пысықталуда.

         Қысқасы, «Ақ жол» партиясынан сайланған депутаттар отандық бизнесті қолдап, тұтастай алғанда ұлттық мүддені қорғау және отандастарымыздың тұрмысын жақсарту үшін өз сайлаушыларының сенім мандатын барынша тиімді пайдаланады деп сендіре аламын.