«Ақ жол» ҚДП фракциясы жеке пайдалануға арналған жеңіл автокөліктер мен мотоциклдер үшін техникалық байқаудан өтуді толықтай алып тастауды ұсынады.
«Ақ жол» ҚДП фракциясы жеке пайдалануға арналған және жолаушылар, жүк тасымалымен байланысты емес жеңіл автокөліктер мен мотоциклдер үшін техникалық байқаудан өтуді толықтай алып тастауды ұсынады.
Тиісті түзетулер «Ақ жол» фракциясымен дайындалды және «Рұқсат беру құжаттарын азайту және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Жұмыс тобының қарауына жіберілді.
ТМД елдерінің бірқатарында (Украина, Грузия, Қырғызстан) алынып тасталған, немесе жеке авто- және мото-транспорттардың техникалық байқаудан өтуін алып тастау туралы заң жобалары енгізілген.
Фракция депутаттарының пікірінше, «қазіргі кезде формальды түрде ғана өткізіліп отырған техникалық байқау көлік құралдарының техникалық жөндемділік деңгейінің артуына айтарлықтай ықпал етпейді. Көбіне бұл көрсеткіштер жеке транспортының техникалық жөндемділік жағдайы үшін қожайынның өзінің жеке мазасыздануы есебінен қамтамасыз етіледі».
Сонымен бірге, талдау жұмыстары жеке автокөліктің жеткіліксіз техникалық жөндемділігі салдарынан болған жол-көлік оқиғаларының фактілері бойынша статистиканың іс жүзінде жоқтығын көрсетеді. Есесіне техникалық байқау процедурасы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жағдай туғызатын формальді кейіп кешуде.
«Жеке пайдалануға арналған жеңіл автокөліктер мен мотоциклдер үшін техникалық байқаудан өтуді алып тастау туралы біздің ұсынысымыз әуесқой автомобильшілерді осы ауыртпалықты, пайдасыз процедурадан босатады және сонымен байланысты әкімшілік кедергілерді жояды», - деп санайды Фракция көшбасшысы Азат Перуашев.
2012 жылғы 12 маусым, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі